940-бап. Азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi
1. Азамат қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдардың, қайтыс болған адамның ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сондай-ақ ата-анасының бiреуі, зайыбы не еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, жасы он төртке толмаған не аталған жасқа толса да, медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның күтуiне мұқтаж аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын (жас балаларды) күтумен айналысатын, отбасының басқа да мүшесiнiң зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
2. Қайтыс болған адамның асырауында болған және ол қайтыс болғаннан кейiн бес жылдың iшiнде еңбекке жарамсыз болып қалған адамдардың да зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
Ата-аналарының бiреуi, зайыбы не жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның осы баптың 1-тармағында көрсетiлген балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын және күтудi жүзеге асыру кезеңiнде еңбекке жарамсыз болып қалған отбасының басқа мүшесi осы адамдарды күту аяқталғаннан кейiн зиянды өтетiп алу құқығын сақтап қалады.
3. Зиян: кәмелетке толмағандарға - он сегiз жасқа толғанға дейiн, он сегiздегi және одан да ересек жастағы оқушыларға - күндiз оқыту нысанындағы оқу орындарындағы оқуы аяқталғанға дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа дейiн; Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған адамдарға - өмiр бойы; мүгедектігі бар адамдарға - мүгедектiк мерзiмiне; қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерін, аға-інілері мен апа-сіңлілерін (қарындастарын) күтумен айналысатын ата-анасының біреуіне, жұбайына не отбасының басқа мүшесiне - олар он төрт жасқа толғанға дейiн не денсаулық жағдайы өзгергенге дейiн өтеледi.
Ескерту. 940-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы