1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттандыру объектілері – банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, оның ішінде "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген сәйкестендіру құралдарын қолдану арқылы клиентпен деректер (мәліметтер) алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;
2) әмбебап банк лицензиясы – уәкілетті органның банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға берілген лицензиясы;
3) базалық банк лицензиясы – уәкілетті органның банкке осы Заңда базалық банк лицензиясы бар банк үшін белгіленген шектеулер мен ерекшеліктер ескеріле отырып, банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға берілген лицензиясы;
4) бақылау – мынадай шарттардың бірі:
бір тұлға дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа да нысандарының елу пайыздан астамын тікелей және (немесе) жанама иеленген және (немесе) пайдаланған және (немесе) оларға билік еткен;
бір тұлғаның заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын тікелей немесе жанама сайлау мүмкіндігі болған;
Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнаулы қаржы компаниясының немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның қаржылық есептілігін қоспағанда, заңды тұлғаның қаржылық есептілігін аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның қаржылық есептілігіне қосқан;
шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті орган белгілеген жағдайларда өзгеше түрде заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлға бірлесіп айқындау мүмкіндігі болған кезде туындайтын, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін айқындау мүмкіндігі;
5) банк – коммерциялық ұйым болып табылатын, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, осы Заңға сәйкес банк лицензиясы негізінде банк қызметін жүзеге асыруға құқылы заңды тұлға;
6) банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңы – сауда-саттық өткізу үшін инфрақұрылымды қамтамасыз ететін, "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданылатын интернет-ресурс;
7) банк конгломераты – банк холдингінен (бар болса) және банктен, сондай-ақ банк холдингінің еншілес ұйымдарынан және (немесе) банктің еншілес ұйымдарынан және (немесе) капиталына банк холдингі және (немесе) оның еншілес ұйымдары және (немесе) банк қомақты түрде қатысатын ұйымдардан (бұдан әрі – банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдар) тұратын заңды тұлғалар мен заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар тобы.
Банк конгломератының құрамына ұлттық басқарушы холдинг, Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын еншілес ұйымдар және капиталына Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингі қомақты қатысатын ұйымдар кірмейді;
8) банк лицензиясы – әмбебап банк лицензиясы, базалық банк лицензиясы және (немесе) исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия;
9) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым – банк болып табылмайтын, уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы Заңда көзделген банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға құқылы заңды тұлға;
10) банктің ірі қатысушысы – уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес:
жиынтығында банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызын, оның ішінде Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздар арқылы тікелей және (немесе) жанама иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге;
шартқа (растайтын құжаттарға) орай не уәкілетті орган белгілеген жағдайларда өзгеше түрде банктің дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызымен банк қабылдайтын шешімдерге тікелей және (немесе) жанама ықпал етуге (дауыс беруге) құқылы жеке немесе заңды тұлға.
Мыналар банктің ірі қатысушысы болып танылмайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі;
ұлттық басқарушы холдинг;
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы;
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды номиналды ұстаушының функцияларын жүзеге асыратын тұлға, сондай-ақ аталған туынды бағалы қағаздардың эмитенті;
банк қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігінсіз банк акциялары бойынша дивидендтер және (немесе) өзге де кіріс алуға ғана құқығы бар тұлға;
"Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-5-бабының 19-тармағында көрсетілген өзге де тұлғалар;
11) банк холдингі – уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес:
жиынтығында банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызын, оның ішінде Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздар арқылы тікелей және (немесе) жанама иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге;
шартқа (растайтын құжаттарға) орай не уәкілетті орган белгілеген жағдайларда өзгеше түрде банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызымен банк қабылдайтын шешімдерге тікелей және (немесе) жанама ықпал етуге (дауыс беруге) құқылы заңды тұлға.
Мыналар банк холдингі болып танылмайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі;
ұлттық басқарушы холдинг;
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы;
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды номиналды ұстаушының функцияларын жүзеге асыратын тұлға, сондай-ақ аталған туынды бағалы қағаздардың эмитенті;
банк қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігінсіз банк акциялары бойынша дивидендтер және (немесе) өзге де кіріс алуға ғана құқығы бар тұлға;
"Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-5-бабының 19-тармағында көрсетілген өзге де тұлғалар;
12) басқару органы – акционерлік қоғамның директорлар кеңесі не заңды тұлғада тұрақты әрекет ететін, құзыреті бойынша өзге де ұқсас орган;
13) бас ұйым – басқа заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын басқа ұйымға бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлға (заңды тұлға болып табылмайтын ұйым);
14) депозит – бір тұлға (депозитор) басқа тұлға банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына, Ұлттық пошта операторына немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ақшаны алғашқы талап ету бойынша немесе қандай да бір мерзімнен кейін алдын ала келісілген үстемесімен (сыйақысымен) не онсыз, толық немесе бөліп-бөліп тікелей депозиторға не үшінші тұлғаларға қайтарылуға тиіс не тиіс емес екеніне қарамастан, көрсетілген ақшаны номиналды түрде (исламдық банк операциялары шеңберіндегі инвестициялық депозитті қоспағанда) қайтару талабымен беретін ақша;
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 15) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 135-бабы 1-тармағының 3) тармақшасымен.
15) деректер витринасы – уәкілетті органның талаптарына сәйкес ұйымдастырылған және жаңартылатын, банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін қадағалау және (немесе) есептілікті ұсыну жөніндегі талаптарды орындау мақсатында сақтауға және уәкілетті органға белгіленген форматта беруге арналған банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының құрылымдалған деректер жинағы;
16) еншілес ұйым – өзіне қатысты басқа заңды тұлға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйым бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлға (заңды тұлға болып табылмайтын ұйым);
17) жанама иелену – заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысының және (немесе) бірлесіп заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдеріне дауыс беретін акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың не басқа да нысандарын сатып алу арқылы ықпал ету мүмкіндігі;
18) жүйелік маңызы бар банк – тұтастай алғанда қаржы жүйесінің тұрақтылығы оның тұрақты жұмыс істеуіне байланысты болатын банк;
19) заңды тұлға болып табылмайтын ұйым – шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған (тіркелген), олардың шет мемлекетте заңды тұлға мәртебесіне ие болуына не болмауына қарамастан, дербес ұйымдық-құқықтық нысандар ретінде қаралатын қор, серіктестік, траст, компания, әріптестік, ұйым немесе басқа да корпоративтік құрылым;
20) ислам банкі – исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия негізінде көрсетілген банк үшін негізгі қызмет түрі болып табылатын исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы банк;
21) исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия – ислам банкіне, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалына, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына берілген, исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған уәкілетті органның лицензиясы;
22) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банк – әмбебап банк лицензиясы негізінде банк операцияларын және өзге де операцияларды, сондай-ақ исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияның негізінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы банк;
23) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы – заңды тұлға болып табылмайтын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында есептік тіркеуден өткен және банк лицензиясы негізінде банк операцияларын және өзге де операцияларды және (немесе) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің оқшауланған бөлімшесі;
24) Қазақстан Республикасының бейрезиденттері:
Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар және заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар;
халықаралық ұйымдар;
25) Қазақстан Республикасының резиденттері:
Қазақстан Республикасының азаматтары;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар;
"Астана" халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген заңды тұлғалар;
Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлерінің филиалдары;
26) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
27) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты – сервистік компания мен осы Заңның 63-бабының 1-тармағында көрсетілген тұлға немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлға немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы арасында жасалған, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты;
28) мінсіз іскерлік бедел – адамның, оның ішінде:
аталған адамның қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға алып келген төлем қабілетсіздігіне не банкке реттеу режимін қолдануға алып келген құқыққа қайшы әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау;
аталған адамның алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы, оның ішінде адамға қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері негізінде әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен үшінші тұлғалармен қарым-қатынасының (үшінші тұлғалардың бақылауы мен ықпалының) болуы фактілерінің жоқтығымен расталатын кәсіпқойлығы мен адалдығы;
29) нарықтық емес активтер кепілінің препозициясы – банктің "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген соңғы сатыдағы қарызды алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кепілге қабылдауы үшін қолайлы, көрсетілген банктің нарықтық емес активтерін алдын ала айқындауы жөніндегі рәсім;
30) сервистік компания – құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты шеңберінде банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша, құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару бойынша, оның ішінде:
банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуге;
өзімен құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаның мүдделерін сотта білдіруге;
борышкерден ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті қабылдауға;
осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және (немесе) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шартында көзделген өзге де өкілеттіктерге қатысты өкілеттіктерге ие, стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйым, коллекторлық агенттік;
31) таратылатын банк – банкті мәжбүрлеп тарату туралы заңды күшіне енген сот шешіміне не уәкілетті органның банкті ерікті түрде таратуға берген рұқсатына сәйкес тарату рәсімінде тұрған банк;
32) төлемге қабілетсіз немесе ықтимал төлемге қабілетсіз банк – қызмет қабілетін бағалау мынадай мән-жайлардың біреуінің болуын растайтын банк:
банк міндеттемелерінің банк активтерінен асып түсуі;
банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің және (немесе) өтімділік коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген ең төмен мәндерден төмен деңгейге дейін төмендеуі;
ақшаның болмауына немесе жеткіліксіз болуына байланысты банктің депозиторлар және (немесе) өзге кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерді орындауға қабілетсіздігі;
банктің қаржылық орнықтылығына айтарлықтай теріс әсер ететін банктің корпоративтік басқаруындағы және (немесе) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіндегі едәуір кемшіліктер;
банктің қаржылық орнықтылығына айтарлықтай теріс әсер ететін, банктің реттеу немесе қаржылық есептілігіндегі едәуір бұрмаланулар, оның ішінде ұсынылған ақпараттың банктің нақты қаржылық жағдайынан едәуір ауытқуына алып келген залалдарды әдейі бұрмалау немесе мойындамау, есептік саясатта айла-шарғы жасау;
банктің қаржылық орнықтылығының қауіп-қатерін куәландыратын мән-жайлардың болуы, оның ішінде банк активтері құнының едәуір нашарлауы;
банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру үшін осы Заңда белгіленген негіздердің болуы;
жоғарыда көрсетілген мән-жайлардың кез келгені банкке қатысты алдағы алты ай ішінде басталатынын көрсететін мән-жайлардың (мәліметтердің) болуы;
33) тұрақтандыру банкі – реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін өзіне беру мақсаты үшін құрылатын екінші деңгейдегі банк;
34) тұтынушылық банктік қарыз – ипотекалық қарызды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға және (немесе) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес өзге де мақсаттарға берілетін жеке тұлғаның банктік қарызы
35) ұйымның капиталына қомақты қатысу – шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті орган белгілеген жағдайларда өзгеше түрде дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа нысандарының жиырма және одан көп пайызын дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету.
Мыналар ұйымның капиталына қомақты қатысуы бар тұлға болып танылмайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі;
ұлттық басқарушы холдинг;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары;
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы;
осы Заңда көзделген жағдайларда өзге де тұлғалар;
36) ірі қатысушы – дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа нысандарының он немесе одан көп пайызын тікелей және (немесе) жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін жеке тұлға, заңды тұлға, заңды тұлға болып табылмайтын ұйым.
Мыналар заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысы болып танылмайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі;
ұлттық басқарушы холдинг;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары;
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Банктер және банк қызметі туралы Заңы күші жойылды Жаңа қабылданған 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы Заңымен.
1-бап. Банк, оның мәртебесi және тұрған жерi I Бөлiм Банкiлердi құрудың және олардың қызметiнiң негiздемесi мен шарттары 1-тарау. Жалпы ережелер Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Банк - осы Заңға сәйкес банк қызметiн жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға.
2. Банктiң ресми мәртебесi заңды тұлғаны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында (бұдан әрі – Корпорация) банк ретiнде мемлекеттiк тiркеумен (қайта тіркеумен) және банк операцияларын жүргiзуге қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) лицензиясының болуымен айқындалады.
3. Банкiнiң ресми мәртебесi жоқ бiрде-бiр заңды тұлға "банк" деп атала алмайды немесе өзiн банк қызметiмен айналысушы ретiнде сипаттай алмайды.
3-1. Қазақстан Республикасында қалқа-банктерді құруға немесе олардың қызметіне тыйым салынады.
4. Банк басқармасы тұрған жер (почта бойынша мекен-жайы) банк тұрған жер деп танылады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы