11-бап. Конституциялық Сот судьяларына ешкімнің тиіспеушілігі Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы Конституциялық заңы
1. Қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, Конституциялық Соттың судьяларын өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін Конституциялық Соттың судьясына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін, ол Қазақстан Республикасының Парламентіне Конституциялық Сот судьясын қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру туралы ұсыну енгізеді. Конституциялық Соттың судьясы қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін. Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
3. Конституциялық Соттың судьялары тәртiптiк жауапкершілікке тартылмайды.
4. Конституциялық Сот судьясын, егер осы Конституциялық заңға сәйкес оның өкілеттігі тоқтатыла тұрмаса, Конституциялық Соттың отырысына қатысудан шеттетуге ешкім құқылы емес.
5. Конституциялық Соттың судьясын, оның ішінде оның өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін, істі Конституциялық Сотта қарау кезінде өзі білдірген позициясы үшін жауаптылыққа тартуға болмайды.
Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы