12-бап. Радиожиілік спектрін бөліп беру, қайта бөліп беру (пайдалануды қайта құрылымдау), жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлектеу және иелікке беру (тағайындау) жөніндегі жалпы ережелер Байланыс туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасында радиожиіліктер спектрін пайдалану:
1) пайдаланушылардың радиожиілік спектріне қол жеткізуінің рұқсаттық тәртібі;
2) мемлекеттік басымдықтар ескеріле отырып, барлық пайдаланушылардың радиожиілік спектріне тең қол жеткізу құқығы;
3) радиожиілік спектрін пайдаланудың ақылы болуы;
4) жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) мерзім белгілемей бөлектеуге, иелікке беруге (тағайындауға) жол бермеу;
5) осы іс-шараларға жұмсалатын шығыстардың орны толтырыла отырып, радиожиілік спектрін пайдалануды конверсиялау;
6) радиожиілік спектрін бөліп беру және пайдалану рәсімдерінің айқындығы және ашықтығы принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Радиожиілік спектрін бөліп беру Халықаралық электр байланыс одағының Радиобайланыс регламентіне сай, уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының радио қызметтері арасында барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдарға арналған 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі жиіліктер диапазонында жиілік белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беру, бөлектеу және иелікке беру тәртібін радиожиілік органдары әзірлейді.
Бұдан бұрын конкурстық негізде берілген жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) беру жағдайларын қоспағанда, телевизия және радио хабарларын тарату мақсаттары үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар арасында бөліп беру олардың телерадио хабарларын тарату үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалану мақсаттары өзгертілмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес конкурстық негізде өткізіледі.
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды қамтамасыз ету мақсатында ұлттық телерадио хабарларын тарату операторына жиіліктер белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) конкурс өткізбей бөлінеді.
4. Жиіліктерді иелікке беру Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды, қорғанысты, қауіпсіздікті және құқық тәртібін қорғауды қамтамасыз ету мүддесіне орай, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің басқа жиіліктерге көшуіне байланысты залалдарын бір мезгілде өтей отырып өзгертілуі мүмкін.
5. Радиожиілік спектрін пайдалану құқығы уәкілетті орган азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін және Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау қажеттерін қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар үшін беретін рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
5-1. Жеке және заңды тұлғаларға өздеріне иелікке берілген жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) уақытша немесе тұрақты пайдалану құқығын басқа жеке немесе заңды тұлғаларға беруге, мына жағдайларды:
1) радиожиілік спектрін негізгі пайдаланушы келісім берген жағдайда, өндірісішілік қызмет үшін радиожиіліктерді бірлесіп пайдалануды қоспағанда, тыйым салынады. Әрбір пайдаланушыға радиожиілік спектрін пайдалануға арналған жеке рұқсат ресімделеді;
2) ұялы байланыс қызметтерін көрсету және байланыс қызметтеріне кең жолақты қолжетімділік үшін, оның ішінде ұялы байланыстың виртуалды операторының қызметі үшін бөлінген радиожиіліктерді бірлесіп пайдалануды қоспағанда, тыйым салынады. Радиожиіліктерді және байланыс желілерін бірлесіп пайдалану шартпен ресімделеді.
Ұялы байланыс операторы техникалық мүмкіндік болған және байланыс желісінің жүктемесі болмаған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген ұялы байланыстың виртуалды операторына өзінің байланыс желісі инфрақұрылымын пайдалануға мүмкіндік береді.
Ұялы байланыс операторы осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген шартты жасасу кезінде виртуалды оператор ұялы байланыс қызметтерін ұсына алатын технология түрін көрсетеді.
6. Байланыс операторларына және радиожиiлiк спектрiн өндiрiсiшiлік қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдалануды көздейтiн тұлғаларға радиожиiлiк спектрiн пайдалануға арналған рұқсаттар белгiленген үлгiдегi өтiнiмдер уәкiлеттi органға келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрмей берiледi.
Радиожиiлiк спектрiн пайдалануға арналған рұқсатта байланыс түрі немесе стандарты, пайдаланудың аумағы, пайдаланылатын радиоэлектрондық құралдардың типі мен техникалық өлшемдері, радиожиілік спектрін перспективалық пайдалану жоспарына сәйкес рұқсаттың қолданылу мерзімі, сондай-ақ елді мекендерді және (немесе) аумақтарды байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер көрсетіледі.
Конкурс қорытындылары бойынша берілетін радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттардан басқа, радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі радиожиілік спектрін перспективалық пайдаланудың қолданыстағы жоспарының кезеңіне сәйкес келуге тиіс.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің талабы уәкілетті орган берген радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттар шеңберінде өзіне осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес елді мекендерді және (немесе) аумақтарды көрсетілетін байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер қабылдаған байланыс операторларына қолданылмайды. -Алынып тасталды Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 19 маусымдағы № 320-VIII ҚРЗ
Байланыс операторының Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатта көрсетілген елді мекендерді және (немесе) аумақтарды көрсетілетін байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамауы, сондай-ақ радиожиілік спектрін бір жыл ішінде пайдаланбауы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
Уәкілетті орган байланыс операторларының мүгедектігі бар адамдарға жеңілдікті тарифтер ұсыну жөніндегі қосымша міндеттемелерін белгілей алады.
7. Өтінім берушіге азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беруден мынадай негіздер бойынша:
1) мәлімделген жиіліктер белдеуі, радиожиіліктер (радиожиілік арнасы) Жиіліктер белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне сәйкес келмесе;
2) мәлімделген радиоэлектрондық құралдардың сәулелену және қабылдау параметрлері радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету саласындағы талаптарға, нормаларға сәйкес келмесе;
3) қолданыстағы және пайдалану үшін жоспарланып отырған радиоэлектрондық құралдармен электромагниттік үйлесімділік сараптамасының оң қорытындысы болмаса;
4) пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бұрын иелікке берілген, мәлімделген жиілік белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арнасы) азаматтық пайдаланушылардың қарамағында болса;
5) радиожиілік пайдаланылатын, байланыс саласындағы кәсіпкерлік қызмет түріне лицензиар Қазақстан Республикасының заңдарына белгіленген тәртіппен беретін тиісті лицензия болмаса;
6) жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арнасы) Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органымен келісу жүргізудің оң нәтижелері болмаса;
7) алып тасталды – ҚР 15.11.2021 № 72-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
8) мәлімделген жиіліктер белдеуі, радиожиілік (радиожиілік арнасы) радиожиілік спектрін перспективалық пайдалану жоспарына сәйкес келмесе;
9) уәкілетті органның:
байланыс саласындағы перспективалы технологияларды іске асыру мақсатында, оның ішінде радиожиілік спектрін перспективалы пайдалану жоспарына сәйкес жиілік белдеулері перспективалы технологияларға ауысқан жағдайда;
радиожиілік спектрін перспективалық пайдалану жоспарларына сәйкес радиожиілік спектрін, жиілік белдеулерін тиімді пайдалану мақсатында радиожиілік спектрін қайта бөлуді жүргізу туралы шешімі бойынша бас тартылады.
8. Мемлекеттің қорғанысы және қауіпсіздігі қажеттерін қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беруден бас тарту Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
8-1. Радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттың қолданысы мынадай негіздер бойынша:
1) пайдаланушының радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатты ерікті қайтару туралы өтініші бойынша;
2) радиожиілік спектрі бір жыл бойы пайдаланылмағанда;
3) байланыс операторы Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатта көрсетілген елді мекендерді және (немесе) аумақтарды көрсетілетін байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамағанда;
4) радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес үш тоқсанға мемлекеттік бюджетке төлемақы төлемегенде;
5) радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсат берілгеннен кейін екі жыл өткен соң ол пайдаланылатын әрбір елді мекендегі және (немесе) аумақтағы халықтың кемінде отыз пайызына көрсетілетін байланыс қызметтеріне кең жолақты қолжетімділік беру үшін жағдайларды қамтамасыз ететін техникалық инфрақұрылым болмағанда;
6) уәкілетті органның:
байланыс саласындағы перспективалық технологияларды іске асыру;
радиожиілік спектрін перспективалық пайдалану жоспарларына сәйкес радиожиілік спектрін, жиілік белдеулерін тиімді пайдалану мақсатында, оның ішінде радиожиілік спектрін перспективалық пайдалану жоспарына сәйкес жиілік белдеулері перспективалық технологияларға ауыстырылған жағдайда радиожиілік спектрін қайта бөлуді жүргізу туралы шешімі бойынша;
7) дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылғанда немесе заңды тұлға таратылғанда;
8) байланыс операторы Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алған күннен бастап алты ай ішінде радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану туралы хабарламаны және азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігінің есептемесін ұсынбағанда, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тоқтатылады.
9. Жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) радиожиілік органдарымен келісу жүргізілген жағдайда, келісу жүргізу мерзімі сұрау салу алынған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс, бұл ретте өтінімді қарау мерзімі қажетті келісулерді жүргізу уақытына, бірақ күнтізбелік отыз күннен асырмай ұзартылуы мүмкін.
Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес іргелес жатқан мемлекеттермен (Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аймақтарында) радиожиіліктерді халықаралық үйлестіруді жүргізу қажет болған жағдайда өтінімді қарау мерзімі, бірақ алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін, бұл жөнінде өтінім беруші алдын ала электрондық нысанда хабардар етіледі.
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі N 567 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттіктерін, байланыс қызметтерін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы