122-бап. Мәмілелерді жарамсыз деп тану және мүлікті қайтару Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Мәжбүрлеп таратылатын банктiң тарату комиссиясы, оның ішінде кредиторлардың өтінішхаты бойынша, соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күнге дейін үш жыл ішінде банк жасаған мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) осы бапта көзделген, мәмілелердің жарамсыздығына негіздер болған кезде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа, мыналар мәмілелердің жарамсыздығына негіз болып табылады:
1) егер мәміленің салдары банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), мәміле шарттарының салыстырмалы мән-жайларда ұқсас мәмілелер жасалатын шарттардан банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болуы;
2) егер мәміленің салдары банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), банктің мәмілені Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шараларында белгіленген талаптарды және (немесе) шектеулерді бұза отырып жасауы;
3) банк мүлкінің өтеусіз (оның ішінде уақытша пайдалануға) берілуі не салыстырмалы экономикалық жағдайлар кезінде ұқсас мүлікті беру (иеліктен шығару) шарттарынан банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болатын шарттарда не банк кредиторларының мүдделеріне нұқсан келтіретін негіздердің болмауынсыз иеліктен шығарылуы;
4) банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін алты ай ішінде жасалған мәміленің банктің бір кредиторының талаптарын басқалардың алдында артықшылықпен қанағаттандыруға алып келуі;
5) егер енгізілген өзгерістердің салдары банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), кепіл туралы шарттың талаптарына кепіл нысанасын банк үшін нашар жаққа қарай өзгерту көзделетін өзгерістердің енгізілуі.
3. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде жауапкер – мәміле бойынша алғанның бәрін қайтаруға, ал оларды заттай қайтару мүмкін болмаған кезде қайтарылуға жататын мүліктің, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын өтеуге міндетті.
Мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүліктің жоғалуына, бүлінуіне не оны кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты ол өтеусіз берілген кезде талап етілетін мүліктің бастапқы сатып алушылары осыған байланысты туындаған залалдарды жоғалған, бүлінген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде өтеу бойынша жауапты болады.
Бастапқы сатып алушылардың мүлік құнын өтеуі мүмкін болмаған кезде банктің мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған тұлға сот тәртібімен субсидиарлық жауапқа тартылуға тиіс.
4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелері банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне дивидендтерді есепке жазу және төлеу туралы банктің шешімдеріне де, сондай-ақ банктің басшы қызметкерлеріне сыйақы төлеу туралы келісімдер мен бұйрықтарға да және осындай төлемдердің өздеріне де қолданылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) уәкілетті орган:
банк акционерлеріне дивидендтерді;
банктің басшы қызметкерлеріне сыйақыларды есепке жазу және (немесе) төлеу тәртібіне және (немесе) негіздеріне қолданған, қадағалап ден қою шараларында белгіленген талаптарды және (немесе) шектеулерді бұзу банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне дивидендтерді есепке жазу және (немесе) төлеу туралы банк шешімдерінің, сондай-ақ банктің басшы қызметкерлеріне сыйақы төлеу туралы келісімдердің және (немесе) бұйрықтардың және осындай төлемдердің өздерінің жарамсыздығына негіз болып табылады.
5. Осы баптың 2-тармағының ережелері мынадай:
1) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті мәжбүрлеп тарату басталған күннен кейін немесе банкті мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін бір ай ішінде жасалған;
2) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған күнге дейін бір ай ішінде жасалған;
3) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін алты ай ішінде банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен немесе оның мүддесінде жасалған;
4) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін немесе банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру күніне дейін алты ай ішінде банктің қаржылық орнықсыздығы белгілерінің болуы туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен жасалған;
5) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша мынадай жағдайлардың бірінде:
банкті мәжбүрлеп тарату басталған күннен кейін немесе банкті мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін бір ай ішінде;
банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған күнге дейін бір ай ішінде;
банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталғанға дейін алты ай ішінде;
банктің қаржылық орнықсыздығы белгілерінің болуы туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін немесе банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған күнге дейін алты ай ішінде тараптарды ауыстыру (әмбебап құқық мирасқорлығы нәтижесінде тараптардың ауысуын қоспағанда) жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәмілеге (мәмілелерге) қатысты қолданылмайды.
6. Бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміленің жарамсыз болуы, егер бас қаржылық келісімге және қалған мәмілелерге қатысты оларды жарамсыз деп тануға негіздер болмаса, бас қаржылық келісімнің өзінің және бас қаржылық келісім шеңберіндегі қалған мәмілелердің жарамсыз болуына алып келмейді.
Бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміле нетто-міндеттемелер (нетто-талаптар) анықталғаннан кейін жарамсыз деп танылған жағдайда, нетто-міндеттемені (нетто-талапты) айқындаған мәміле тарапы одан жарамсыз деп танылған мәміленің немесе мәмілелердің нәтижелерін алып тастау арқылы нетто-міндеттемені (нетто-талапты) қайта есептеуге тиіс.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы