126-бап. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату:
1) осы Заңда көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалын операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыруға байланысты, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органының Қазақстан Республикасының бейрезидент банкін банк қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиядан (рұқсаттан) айыру және (немесе) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкін мәжбүрлеп тарату (қызметін тоқтату) туралы шешіміне байланысты уәкілетті органның шешімі бойынша;
2) уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа негіздер бойынша Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін тоқтату туралы арызына (талап қоюына) байланысты сот шешімі бойынша жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот шешімі осы бапта белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін тоқтату рәсімін жүргізу үшін уәкілетті органға жіберіледі.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген негіз бойынша Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылады.
2. Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылған күннен бастап:
1) мыналарға:
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтатуға байланысты уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға;
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының пайдасына түскен ақшаны есепке жатқызуға;
банктік шоттары жабылған тұлғалардың пайдасына түскен және түсетін ақшаны, сондай-ақ қате нұсқаулар бойынша түскен және түсетін ақшаны қайтаруға;
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына оны банк лицензиясынан айырғаннан кейін түсетін ақша аударымдары бойынша нұсқауларды осындай нұсқау беретін тұлғада және оның пайдасына аударым жүзеге асырылатын тұлғада Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің алдында берешегінің болмауы немесе аталған тұлғалардың Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының алдындағы берешегін өтеуі шартымен орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы клиенттерінің және филиалдың өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция тоқтатылады;
2) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлері, ал қажет болған кезде өзге де қызметкерлері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек міндеттерін орындаудан шеттетілуге және жұмыстан шығарылуға жатады;
3) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің құрылтайшылары (қатысушылары), органдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің осы Заңның 45-бабы 4-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген басшы қызметкерлері Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлкіне билік етуге құқылы емес;
4) кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органдарының талаптары, оның ішінде даусыз тәртіппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының банктік шоттарынан ақшаны өндіріп алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлкіне өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді;
5) Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына қатысты соттардың бұрын қабылданған шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады;
6) негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлдарды) өтеу жөніндегі міндеттемелерді жасалған банктік қарыз шарттарына және өзге де мәмілелерге сәйкес Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының борышкерлері орындайды.
3. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының шетел валютасымен көрсетілген міндеттемелері уәкілетті органның Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалын барлық операцияны жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы шешімі шыққан күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен есепке алынады.
4. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату рәсімі осы Заңның 120-бабының 3, 5, 6 және 7-тармақтарына және 123-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы кредиторларының талаптарын қанағаттандыру және Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтатуға байланысты барлық шығыстар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының резерв ретінде қабылданған активтерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің қаражаты есебінен ғана жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату комиссиясының құрамына кірген уәкілетті орган қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтатуға байланысты шығыстарды уәкілетті органның қаржыландыруына тыйым салынады.
5. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы кредиторларының талаптарын қанағаттандыру үшін қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының активтерін, оның ішінде резерв ретінде қабылданған активтерін және Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін жүзеге асыру үшін ашылған банктік шоттардағы ақшаны пайдалануға құқылы.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының активтері, оның ішінде резерв ретінде қабылданған активтері жеткіліксіз болған кезде Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы кредиторларының талаптарын осы Заңның 19-бабы 10-тармағының 3) тармақшасына сәйкес уәкілетті органға бұрын ұсынылған жазбаша міндеттемеге сәйкес қанағаттандырады.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін тоқтату туралы есепті бекітеді және Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату рәсімін аяқтау туралы шешім қабылдайды.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату рәсімі аяқталған кезде тарату комиссиясы архивке құжаттарды сақтау үшін белгіленген тәртіппен тапсыруға және бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы есептік тіркеуден шығарылғаннан кейін қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату комиссиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға филиалдың есептік тіркеуден шығарылғаны туралы анықтаманың көшірмесін ұсынады.
6. Уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі резиденті болып табылатын тиісті шет мемлекеттің қаржылық қадағалау органы арасында Қазақстан Республикасының бейрезидент банкін тарату рәсімінің барысы мен нәтижелері туралы ақпарат алмасу уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы арасындағы банктік қадағалау саласындағы ақпарат алмасу туралы келісімде, оның ішінде өзара түсіністік туралы меморандум, қадағалау ақпаратын алмасу туралы хаттар және (немесе) хат-хабар түріндегі келісімде көзделген негізде және тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы