13-бап. Қамқоршылық кеңес Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы Заңы
1. Қамқоршылық кеңес:
1) нысаналы капитал қоры қызметінің жалпы стратегиясы мен бағыттарын айқындайды;
2) нысаналы капитал қоры осы Заңға сәйкес эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру арқылы қол жеткізетін мақсаттарды айқындайды;
3) қамқоршылық кеңестің құрамы мен мүшелерінің саны бойынша өзгерістерді бекітеді;
4) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру, эндаумент-қор (нысаналы капитал) қалыптастырылатын мерзім (егер мерзім нысаналы салым шартында айқындалмаса) және эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу туралы шешімдер қабылдайды;
5) нысаналы капитал қорының жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;
6) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нысаналы капитал қорының қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейтін ішкі құжаттарды бекітеді;
7) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару мен инвестициялаудың кәсіби әдеп қағидаларын бекітеді;
8) нысаналы капитал қорының есепке алу саясатын бекітеді;
9) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;
10) жыл сайын нысаналы капитал қорының қаржылық жоспарын (бұдан әрі – қаржылық жоспар) бекітеді;
11) қаржылық жоспардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
12) инвестициялық декларацияны, сондай-ақ оған өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды бекітеді;
13) егер көрсетілген талаптар қайырмалдық шартында айқындалмаса, нысаналы капитал қорының меншікті қаражатын және ерікті қайырмалдықтарды пайдаланудың арналымы мен мақсаттарын айқындайды;
14) басқарушы компанияларға (фидуциарийлерге) қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
15) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын бекітеді;
16) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
17) жыл сайын нысаналы капитал қорының қызметін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстардың мөлшерлерін бекітеді;
18) нысаналы капитал қоры атқарушы органының басшысын тағайындау немесе шеттету, атқарушы орган мүшелерінің (атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) сандық құрамы мен өкілеттіктер мерзімі, оларды (оны) тағайындау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі туралы шешімдер қабылдайды;
19) ішкі аудит қызметінің басшысын тағайындау немесе шеттету туралы шешімдер қабылдайды;
20) нысаналы капитал қорының консультативтік-кеңесші органдарын құру туралы шешімдер қабылдайды;
21) нысаналы капитал қорының консультативтік-кеңесші органдарының қызметі туралы ережені бекітеді;
22) басқарушы компания (фидуциарий) мен аудиторлық ұйымды, сондай-ақ олардың сыйақысының мөлшері мен нысандарын айқындайды;
23) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін ақша жинау туралы шешімдер қабылдайды және ақша жинау жөніндегі нысаналы салым шартының үлгілік нысанын бекітеді;
24) егер көрсетілген талаптар нысаналы салым шартында айқындалмаса, инвестициялық кірісті пайдаланудың арналымы мен мақсаттарын, сондай-ақ пайда алушыларды, пайда алушыларға инвестициялық кіріс есебінен төленетін төлемдердің көлемін, оларды жүзеге асырудың кезеңділігі мен тәртібін айқындайды;
25) атқарушы орган ұсынған, эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыруға және (немесе) толықтыруға негіз болатын нысаналы салым шартын келіседі;
26) жыл сайын нысаналы капитал қорының қызмет бағыттары бойынша оның ақпараттық-түсіндіру жұмысының жоспарын бекітеді;
27) нысаналы капитал қоры жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу және оларға сыйлықақы беру туралы ережені бекітеді;
28) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында және нысаналы капитал қорының жарғысында көзделген өзге де функцияларды орындайды.
2. Қамқоршылық кеңес нысаналы капитал қорының құрылтайшылары (олардың өкілдері), салымшылар (олардың өкілдері), қоғам алдында сіңірген еңбегі, нысаналы капитал қоры қызметінің мақсаттарына сай салада беделі және (немесе) жетістіктері бар азаматтар және заңды тұлғалардың өкілдері қатарынан құрылады.
Қамқоршылық кеңестің құрамына нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары болып табылатын бір заңды тұлғаның немесе әртүрлі заңды тұлғалардың өкілдері болып табылатын екі және одан да көп тұлға кіре алмайды. Бұл шектеу нысаналы капитал қоры құрылтайшыларының өкілдеріне қолданылмайды. Нысаналы капитал қорының құрылтайшылары немесе олардың өкілдері қамқоршылық кеңес құрамының үштен бірінен аспайтын бөлігін құрауы мүмкін.
Нысаналы капитал қоры өздеріне жүктелген функцияларды орындағаны үшін нысаналы капитал қорының қамқоршылық кеңесінің мүшелеріне және консультативтік-кеңесші органдарының мүшелеріне сыйақы төлеуді жүзеге асыруға құқылы емес.
3. Қамқоршылық кеңестің бастапқы құрамын нысаналы капитал қорының құрылтайшылары бекітеді және ол жеті мүшеден кем болмауға тиіс.
4. Эндаумент (нысаналы салым) мөлшері соңғы есепті күні эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) он пайызынан астамын құрайтын салымшы өзін немесе өз өкілін қамқоршылық кеңестің құрамына енгізуді талап етуге құқылы. Бұл жағдайда қамқоршылық кеңес осындай салымшыны немесе оның өкілін салымшының тиісті талабын алған күннен бастап бір ай ішінде, егер мұндай енгізу осы баптың 2-тармағына қайшы келмесе, қамқоршылық кеңестің құрамына енгізу туралы шешім қабылдауға міндетті.
Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 30 маусымдағы № 199-VIII ҚРЗ
Осы Заң нысаналы капитал қорларын құру, басқару және тарату, эндаумент-қорларды (нысаналы капиталдарды) қалыптастыру, толықтыру, таратып жіберу және олардың инвестициялық кірістерін пайдалану, эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін сенімгерлік басқару кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы