14-бап. Атқарушы орган Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы Заңы
1. Атқарушы орган нысаналы капитал қорының ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асырады.
Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган осы Заңмен және нысаналы капитал қорының жарғысымен қамқоршылық кеңестің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, нысаналы капитал қорының қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады және қамқоршылық кеңеске есеп береді.
Алқалы атқарушы органның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған атқарушы органның отырысқа қатысып отырған барлық мүшесі қол қоюға және онда дауысқа салынған мәселелер, атқарушы органның әр мүшесінің әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетілген, осы мәселелер бойынша дауыс беру қорытындылары қамтылуға тиіс.
Атқарушы орган мүшесінің дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде атқарушы органның басқа мүшесіне беруіне жол берілмейді.
Атқарушы орган қамқоршылық кеңестің шешімдерін орындауға міндетті.
2. Атқарушы органның басшысы:
1) қамқоршылық кеңес шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда нысаналы капитал қоры атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) өз құзыреті шегінде үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда нысаналы капитал қоры атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
4) атқарушы органның құрамына кіретін жұмыскерлерді және ішкі аудит қызметінің жұмыскерлерін қоспағанда, нысаналы капитал қорының жұмыскерлерін (осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жаза қолданады, штат кестесіне және нысаналы капитал қоры жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу және оларға сыйлықақы беру туралы ережеге сәйкес, нысаналы капитал қоры жұмыскерлерінің лауазымдық жалақыларының және жалақыға дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді;
5) өзі болмаған жағдайда алқалы атқарушы орган жанындағы өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттіктер саласын және жауапкершілікті бөледі;
7) пайда алушылардың ұсыныстарын ескере отырып, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
8) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын қамқоршылық кеңеске бекітуге енгізеді;
9) қамқоршылық кеңес бекіткен эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын орындайды;
10) қамқоршылық кеңес бекіткен нысаналы капитал қорының қызмет бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының жоспарын әзірлейді және орындайды;
11) осы Заңда, нысаналы капитал қорының жарғысында және қамқоршылық кеңестің шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Нысаналы капитал қорының жұмыскерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.
Атқарушы органның мүшесі қамқоршылық кеңестің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Атқарушы органның басшысы не атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам атқарушы орган басшысының не атқарушы органның, басқа заңды тұлғаның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның лауазымын атқаруға не шетелдік заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі басшысының лауазымын атқаруға құқылы емес.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, нысаналы капитал қорының жарғысында, сондай-ақ атқарушы орган мүшесі мен нысаналы капитал қоры арасында жасалатын еңбек шартында белгіленеді.
Нысаналы капитал қоры атынан атқарушы органның басшысымен жасалатын еңбек шартына қамқоршылық кеңестің төрағасы немесе осыған қамқоршылық кеңес уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен жасалатын еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
4. Атқарушы органның басшысы мен мүшелері қамқоршылық кеңестің құрамына кірмейді.
5. Салымшы мен оның өкілдерінің, сондай-ақ нысаналы капитал қорының үлестес тұлғаларының атқарушы орган басшысының немесе мүшелерінің лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ.
6. Атқарушы органның басшысы мен мүшелері өз міндеттерін орындау кезінде нысаналы капитал қорының мүддесінде әрекет етуге тиіс.
Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 30 маусымдағы № 199-VIII ҚРЗ
Осы Заң нысаналы капитал қорларын құру, басқару және тарату, эндаумент-қорларды (нысаналы капиталдарды) қалыптастыру, толықтыру, таратып жіберу және олардың инвестициялық кірістерін пайдалану, эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін сенімгерлік басқару кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы