15-23-бап. Қаржы өнімдерін басқару Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы Заңы
1. Іс-қимылды қадағалау субъектісі қаржы өнімін әзірлеу, ілгерілету (жарнамалау), ұсыну, мониторингтеу және ұсынуды тоқтату кезеңдерінде қаржы өнімін басқарудың үздіксіз процесін жүзеге асырады.
Іс-қимылды қадағалау субъектісі қаржы өнімін әзірлеу кезінде:
1) қаржы өнімінің сипаттамаларын және оны ұсыну шарттарын айқындайды;
2) мақсаттарына (қажеттіліктеріне) қаржы өнімі сәйкес келетін қаржылық көрсетілетін қызметтерді ықтимал тұтынушылар санатын айқындайды;
3) қаржы өніміне ие болуына (оны алуына) және оны пайдалануына байланысты қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар үшін тәуекелдерді бағалайды;
4) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар үшін қаржы өнімінің тәуекелдерін төмендетуге бағытталған өзге де іс-шараларды жүзеге асырады.
Қаржы өнімін ілгерілету (жарнамалау) кезінде іс-қимылды қадағалау субъектісі "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабында, "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 52-2-бабында, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 53-1-бабында, "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабында көзделген талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының талаптарын сақтайды.
Қаржы өнімін ұсыну кезінде іс-қимылды қадағалау субъектісі қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыға қаржы өнімінің жарамдылығы өлшемшарттарын негізге ала отырып, қаржы өнімдерін ұсынады.
Қаржы өнімін мониторингтеу кезінде іс-қимылды қадағалау субъектісі қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар үшін қаржы өнімінің тәуекелдерін, оның ішінде қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржы өнімін пайдалануы туралы ақпаратты және қаржы өніміне қатысты қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың жолданымдарын талдау негізінде анықтауға міндетті.
Іс-қимылды қадағалау субъектісі қаржы өнімін басқару шеңберінде қаржы өнімін ұсынуды тоқтату үшін әлеуетті негіздерді, сондай-ақ қаржы өнімін ұсынуды тоқтатқан кезде қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға хабар беру және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар алдындағы міндеттемелерді орындау жөніндегі іс-қимылдарды айқындауға тиіс.
Іс-қимылды қадағалау субъектісі уәкілетті органды іс-қимылды қадағалау субъектісі тиісті шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаржы өнімін бекіту, өзгерту және ұсынуды тоқтату туралы хабардар етеді.
Қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптар, іс-қимылды қадағалау субъектісі уәкілетті органды бекіту, өзгерту және ұсынуды тоқтату туралы хабардар ететін қаржы өнімдерінің тізбесі (мөлшерлемелері мен тарифтерін көрсете отырып), осындай хабардар ету тәртібі, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Уәкілетті орган қаржылық көрсетілетін қызметтерін тұтынушылар үшін тәуекелдер туғызатын және (немесе) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптарға сай келмейтін қаржы өнімін анықтаған кезде іс-қимылды қадағалау субъектісінен анықталған тәуекелдер жойылғанға дейін және мұндай қаржы өнімі көрсетілген талаптарға сәйкес келтірілгенге дейін қаржылық көрсетілетін қызметтерін тұтынушыларға оларды ұсынуды тоқтата тұруды талап етеді.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 474-II Заңы.
Осы Заң қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын арттыруға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына жол бермеуге жағдайлар жасауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы