15-29-бап. Қаржы омбудсманы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы Заңы
1. Қаржы омбудсманы – осы Заңның 15-28-бабының 2-тармағында көзделген мәселелер бойынша қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың, сақтандыру ұйымының жолданымдарын қарау арқылы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы мен іс-қимылды қадағалау субъектісі арасында жасалған қаржы өнімін ұсыну туралы шарттан туындайтын дауларды, сондай-ақ сақтандыру ұйымдары арасындағы сақтандыру шартынан туындайтын дауларды сотқа дейін реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға.
2. Қаржы омбудсманы өз қызметінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
1) заңдылық;
2) дауды қарау кезінде тараптардың теңдігі;
3) дауды қарау кезінде қаржы омбудсманының тәуелсіздігі мен бейтараптығы;
4) дауды қарау барысында алынған, қызметтік, коммерциялық, банктік немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу;
5) қаралатын дау бойынша тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;
6) дауды қарау рәсімінің ашықтығы, сондай-ақ дау бойынша шығарылған шешімнің негізділігі;
7) дауды қарау кезінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын сақтау;
8) осы Заңның 15-33-бабында белгіленген талаптарды ескере отырып, қаралатын дау бойынша тараптар үшін қаржы омбудсманы шешімінің міндеттілігі.
3. Қаржы омбудсмандарының және қаржы омбудсманы қызметінің жұмысын жүзеге асыру, оның ішінде қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың келіп түскен және қаралған жолданымдары туралы ақпаратты уәкілетті органға беру тәртібі осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
4. Мыналар қаржы омбудсманы ретінде әрекет етеді:
1) бас қаржы омбудсманы;
2) қаржылық көрсетілетін қызметтердің тиісті салаларындағы қаржы омбудсмандары.
5. Қаржы омбудсманы болып сайлану үшін және қаржы омбудсманының қызметін жүзеге асыру кезеңінде адам мынадай талаптарға сәйкес келуге:
1) жоғары экономикалық және (немесе) заң білімі болуға;
2) мінсіз іскерлік беделі болуға;
3) қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну және (немесе) реттеу саласында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға;
4) қаржы омбудсманы лауазымына тұлғаның кандидатурасын ұсынудың алдындағы бес жыл ішінде тұлғаның:
банкке реттеу режимін қолданғанға;
қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымын, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалын, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалын, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерінің филиалын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруын тоқтатуға алып келген лицензиясынан айырғанға;
қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен банкрот деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енгенге;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот актісі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокері филиалының басшы қызметкері болып табылмағаны туралы мәліметтер болуға;
5) адамға қатысты оны әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің жоқ екендігі туралы мәліметтер болуға;
6) адамның психикалық тұрғыдан саулығын сақтау қызметі ұйымдарында психикалық мінез-құлқының бұзылуын (ауыруын), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудан туындаған бұзылуын (ауыруын) динамикалық байқау үшін есепте тұрмайтыны туралы мәліметтер болуға;
7) мемлекеттік тілді білуге тиіс.
Қаржы омбудсманы іс-қимылды қадағалау субъектілерінде, коллекторлық агенттіктерде, уәкілетті органда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде, іс-қимылды қадағалау субъектілері және (немесе) коллекторлық агенттіктер мүшелері болып табылатын ұйымдарда (қоғамдық бірлестіктерде, одақтарда, қауымдастықтарда) кез келген лауазымды атқаруға, сондай-ақ іс-қимылды қадағалау субъектісінің және (немесе) коллекторлық агенттіктің үлестес тұлғасы болуға құқылы емес.
6. Қаржылық көрсетілетін қызметтердің тиісті салаларында бас қаржы омбудсманын және қаржы омбудсмандарын сайлауды қаржы омбудсманы қызметінің кеңесі ұсынатын және осы баптың 5-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан уәкілетті органмен алдын ала келісілген кандидаттар арасынан қаржы омбудсманы қызметінің кеңесі жүзеге асырады.
Қаржы омбудсмандары үш жыл мерзімге сайланады. Бір адам қаржы омбудсманы болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.
Қаржы омбудсманын сайлау және оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
7. Бас қаржы омбудсманының айрықша құзыретіне мынадай мәселелер жатады:
1) қаржы омбудсманы қызметі басшысының өкілеттіктерін жүзеге асыру;
2) қаржы омбудсманы қызметі кеңесінің шешімдерін орындауды ұйымдастыру;
3) үшінші тұлғалармен қатынастарда қаржы омбудсманы қызметінің атынан өкілдік ету;
4) үшінші тұлғалармен қатынастарда қаржы омбудсманы қызметінің атынан өкілдік ету құқығына сенімхат беру;
5) қаржы омбудсманы қызметінің қызметкерлерін лауазымға тағайындау, оларды ауыстыру және қызметтен шығару туралы бұйрық шығару;
6) қаржы омбудсманы қызметінің қаржы омбудсмандары болып табылмайтын қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін айқындау;
7) қаржы омбудсманы қызметінің бюджетін қаржы омбудсманы қызметі кеңесінің бекітуіне ұсыну;
8) қаржы омбудсманы қызметінің жарғысында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Бас қаржы омбудсманы қаржылық көрсетілетін қызметтердің тиісті саласында қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың жолданымдары бойынша шешімдерді қарауды және қабылдауды жүзеге асыруға құқылы.
8. Көрсетілетін сақтандыру қызметтері саласында қаржы омбудсманының құзыретіне мыналар жатады:
1) көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру ерекшеліктерін ескере отырып, көлік құралына келтірілген залалдың мөлшерін бағалаудың пайдаланылатын әдістемесінің жекелеген ережелерін қолдану бойынша шешімдер қабылдау;
2) мүлікке келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды жүзеге асыру;
3) көрсетілетін сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарына нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін сақтандыру шарттарының талаптарын алып тастау (өзгерту) туралы орындалуы міндетті нұсқауларды іс-қимылды қадағалау субъектілеріне жіберу.
9. Қаржы омбудсмандарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімді қаржы омбудсманы қызметінің кеңесі мынадай негіздер:
1) осы баптың 5-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуінің анықталуы;
2) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзуы;
3) денсаулық жағдайы бойынша немесе өзге де себептер бойынша өз міндеттерін ұзақ уақыт бойы (қатарынан кемінде төрт ай) атқара алмауы бойынша қабылдайды.
Қаржы омбудсмандарының өкілеттіктерін өздерінің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату қаржы омбудсманы қызметінің ішкі қағидаларында айқындалған тәртіппен өкілеттіктері тоқтатылғанға дейін кемінде бір ай бұрын берілген қаржы омбудсманы қызметі кеңесінің жазбаша хабарламасы негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 474-II Заңы.
Осы Заң қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын арттыруға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына жол бермеуге жағдайлар жасауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы