15-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Ғылым және технологиялық саясат туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясын (бұдан әрі – Ұлттық ғылым академиясы) Қазақстан Республикасының Үкіметі жоғары ғылыми ұйым нысанында құрады.
2. Ұлттық ғылым академиясы өз құрамында уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сайланатын Ұлттық ғылым академиясына мүше жеке тұлғаларды біріктіреді.
3. Ұлттық ғылым академиясы:
1) әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдайды;
2) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңеске уәкілетті орган ұсынған ғылым мен технологияларды дамытудың стратегиялық басым бағыттарына талдау жүргізеді;
3) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үшін Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға ұсынылған ғылыми-техникалық тапсырмаларға сараптама жүргізеді;
4) ғылымды дамыту бойынша форсайттық (болжамдық) зерттеулер дайындауды және жүргізуді жүзеге асырады;
5) ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізеді;
6) ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізеді;
7) ғылыми журналдар шығарады;
8) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысады;
9) ғылымды танымал етуге қатысады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Ұлттық ғылым академиясының басқару органдары мыналар болып табылады:
1) жоғары орган – қамқоршылық кеңес (бұдан әрі – кеңес);
2) өкілді орган – Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің жалпы жиналысы (бұдан әрі – жиналыс);
3) консультативтік-кеңесші орган – төралқа (бұдан әрі – төралқа);
4) атқарушы орган – басқарма (бұдан әрі – басқарма).
Ұлттық ғылым академиясының басқару органдары, олардың құрылымы, құзыреті, басқару органдарын қалыптастыру тәртібі, олардың мүшелерінің өкілеттік мерзімдері, олардың шешімдер қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен Ұлттық ғылым академиясының жарғысында (бұдан әрі – жарғы) белгіленеді.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын адам кеңес төрағасы болып табылады.
Кеңестің айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) Ұлттық ғылым академиясының стратегиясы мен даму жоспарын бекіту, Ұлттық ғылым академиясының оларды іске асыру барысы туралы есептерін қарау;
2) ғылым және ғылыми-технологиялық саясат саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жәрдемдесу;
3) Ұлттық ғылым академиясы қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
4) Ұлттық ғылым академиясының қызметін жүзеге асыру, Ұлттық ғылым академиясының басқару органдары қабылдаған шешімдерді орындау мәселелері жөніндегі ақпаратты қарау, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының қамқоршылық кеңесінің отырыстарында (жиналыстарында) мәселелерді қараудың қорытындылары бойынша Ұлттық ғылым академиясының өзге де басқару органдарына арналған ұсынымдарды тұжырымдау;
5) Ұлттық ғылым академиясы қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты қарау, осындай ақпаратты қараудың қорытындылары бойынша ұсынымдарды тұжырымдау.
Кеңес Қазақстан Республикасының заңнамасында, кеңес туралы жарғы мен ережеде белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.
6. Кеңес мүшелерінің саны бес адамнан кем болмауға тиіс. Атқарушы органның мүшелері кеңеске сайлана алмайды.
7. Кеңес отырысы жылына кемінде бір рет өткізіледі. Кезектен тыс отырыс басқарманың шешімі бойынша не кеңес мүшелерінің кемінде жиырма пайызының талап етуі бойынша өткізіледі.
8. Кеңес мүшелері алдағы отырыс туралы кемінде үш күн бұрын хабардар етілуге тиіс.
9. Отырысқа қатысып отырған кеңес мүшелерінің кемінде жиырма пайызының талап етуі бойынша шешім қабылдау жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі.
10. Кеңес отырысын – төраға, ол болмаған кезде кеңес мүшелерінің бірі жүргізеді.
11. Кеңестің шешімі кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Кеңестің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады.
12. Жиналыс Ұлттық ғылым академиясының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
13. Ұлттық ғылым академиясының бірінші басшысы жиналыс төрағасы болып табылады.
Жиналыстың құрамына уәкілетті орган айқындайтын Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау қағидалары мен өлшемшарттарына сәйкес сайланған Ұлттық ғылым академиясының академиктері кіреді.
Жиналыстың сандық құрамы мен өкілеттік мерзімдері жарғыда белгіленеді.
14. Жиналыстың айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) өтпелі төралқа мүшелерін қоспағанда, Ұлттық ғылым академиясының академиктерін, Ұлттық ғылым академиясы төралқасының мүшелерін сайлау;
2) құрметті атақтар мен наградалар беру;
3) Ұлттық ғылым академиясының стратегиясы мен даму жоспары жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау;
4) Ұлттық ғылым академиясының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет жобаларына қатысуы жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
5) Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметі нәтижелерін, Ұлттық ғылым академиясының құрылымдық бөлімшелері басшылары мен жекелеген ғалымдардың баяндамаларын тыңдау және талқылау;
6) Ұлттық ғылым академиясы қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау.
Жиналыс Қазақстан Республикасының заңнамасында және жарғыда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.
15. Жиналысты төраға жарғыда белгіленген мерзімдерде шақырады.
16. Жиналыс отырысына жиналыс мүшелерінің көпшілігі қатысқан кезде ол құқықтық күші бар деп танылады.
17. Жиналыс төрағасының құқықтары мен міндеттері жарғыда белгіленеді.
18. Жиналыс мүшелерінің немесе оның төрағасының әрекеттеріне жиналыс отырысында шағым жасалуы мүмкін.
Жиналыс ұсынымдарын төралқа мен басқарма қарауға міндетті болып табылады.
19. Жиналыстың қызметін төралқа қамтамасыз етеді.
Ұлттық ғылым академиясының бірінші басшысы төралқа төрағасы болып табылады.
Төралқа жиналыс отырысында кемінде үш жыл мерзімге сайланады және қызметін жиналыс атынан жүзеге асырады.
Өтпелі төралқаны қоспағанда, төралқа жиналыстың шешімімен құрылады.
20. Төралқаның айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау рәсімдерін ұйымдастыру;
2) кеңес, жиналыс қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету;
3) Ұлттық ғылым академиясының академигі бағдарламасының орындалуына мониторингті жүзеге асыру;
4) Ұлттық ғылым академиясы басылымдарының (журналдарының, монографияларының) жоспарын қарау және бекіту;
5) Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің төсбелгілерін, ғылыми сыйлықтар, құрметті атақтар, наградалар (медальдар) және куәліктер бекітуге ұсынымдарды тұжырымдау;
6) ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманың орындалуын үйлестіру.
Төралқа Қазақстан Республикасының заңнамасында және жарғыда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.
21. Төралқа құрамына сайланған адамдар қатарынан екі реттен артық қайта сайлана алмайды.
Төралқа отырыстары тоқсанына кемінде бір рет шақырылады.
Отырыс кеңестің, жиналыстың бастамасы бойынша не талап етуі бойынша шақыру туралы талап келіп түскен күннен бастап үш күннен кешіктірілмей шақырылуы мүмкін.
Төралқа отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды және оның шешімдерінің орындалуын басқарма қамтамасыз етеді.
22. Ұлттық ғылым академиясының ағымдағы қызметіне басшылықты басқарма жүзеге асырады. Ұлттық ғылым академиясының бірінші басшысы басқарма төрағасы болып табылады.
Басқарма кеңес, жиналыс және төралқа шешімдерінің негізінде және оларды орындау үшін әрекет етеді және оларға есеп береді.
23. Басқарманың сандық құрамы мен өкілеттік мерзімі жарғыда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
Басқарма отырысын төраға жарғыда белгіленген мерзімдерде шақырады.
24. Басқарма отырысына басқарма мүшелерінің көпшілігі қатысқан кезде ол құқықтық күші бар деп танылады.
25. Басқарма төрағасының құқықтары мен міндеттері жарғыда белгіленеді.
26. Басқарманың айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) Ұлттық ғылым академиясының ұйымдық құрылымы мен штат санын әзірлеу және кеңестің бекітуіне ұсыну;
2) Ұлттық ғылым академиясының даму жоспарын және оның орындалуы туралы есептерді әзірлеу және кеңестің бекітуіне ұсыну;
3) кеңестің, жиналыстың, төралқа шешімдерінің орындалуын ұйымдастыру;
4) Ұлттық ғылым академиясының ғылыми жетістіктері және қызметінің өзге де нәтижелері туралы басқарма есебін бекіту;
5) Ұлттық ғылым академиясының филиалдары мен өкілдіктерін құру және жабу туралы шешімдер қабылдау және олардың қызметі туралы ережелерді бекіту.
Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасында және жарғыда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.
27. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған Ұлттық ғылым академиясының академигіне Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мөлшерде және тәртіппен өмір бойғы ай сайынғы стипендия белгіленеді.
28. Ұлттық ғылым академиясының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
Осы Заң ғылым, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми жүйесінің жұмыс істеуі мен оны дамытудың негізгі қағидаттарын және тетіктерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы