163-бап. Мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі
1. Мүгедектігі бар адамдарға жеке бағдарламаға сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жеке көмекшінің және (немесе) ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады.
2. Жеке көмекшінің қызметтері жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен күніне сегіз сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.
Жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам үшін жеке көмекшінің қызметтері оған күтім жасайтын адамға осы Кодекстің 187-бабында көзделген тәртіппен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған және төленген кезде ұсынылмайды.
Жеке көмекші қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.
Мыналар:
1) психикалық саулық саласында медициналық көмек көрсететін мамандандырылған ұйымдарда есепте тұрған;
2) медициналық қорытынды негізінде денсаулық жағдайы бойынша қызмет көрсетуге қарсы көрсетілімдері бар;
3) он сегіз жасқа толмаған;
4) жұмыспен қамтудың белсенді шаралары шеңберінде кәсіптік оқытудан өтпеген адам;
5) бірінші топтағы мүгедектігі бар адам үшін жеке көмекші оның жақын туысы немесе жұбайы (зайыбы) болып табылатын жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
6) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
7) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам жеке көмекші бола алмайды.
3. Есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтері уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жылына алпыс сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.
4. Мүгедектігі бар адамдар жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жеке көмекшіні және (немесе) ымдау тілі маманын таңдауды жүзеге асырады.
Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтеріне ақы төлеуді жергілікті атқарушы органдар кепілдік берілген сома шегінде жүргізеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы