Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / 17-1-бап. Банк холдингі және банктің ірі қатысушысы Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы

17-1-бап. Банк холдингі және банктің ірі қатысушысы Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

17-1-бап. Банк холдингі және банктің ірі қатысушысы Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы  

     1. Бірде-бір тұлға уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімін алмастан, дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызын тікелей немесе жанама иелене, пайдалана және (немесе) оған билік ете алмайды, сондай-ақ банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызы мөлшерінде банк қабылдайтын шешімді бақылау немесе оған ықпал ету мүмкіндігіне ие бола алмайды. Бұл талап мемлекетке немесе ұлттық басқарушы холдингке, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымға, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдарына, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызын зейнетақы активтерінің есебінен иеленген жағдайда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, инвестициялық портфельді басқарушы банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызын зейнетақы активтерінің есебінен иеленген, пайдаланған және (немесе) оған билік еткен жағдайда инвестициялық портфельді басқарушыға, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларға қолданылмайды.

      Қазақстан Республикасының бейрезидент-заңды тұлғалары өздерінде не өздерінің бас ұйымында рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төменгі рейтингі болған кезде банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін алу үшін уәкілетті органның келісімін ала алады. Ең төменгі рейтинг және рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.

      Банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі болып табылатын, банктің акцияларына тікелей иелік ететін және талап етілетін ең төмен рейтингі бар Қазақстан Республикасының басқа бейрезидент – заңды тұлғасының акцияларын (қатысу үлестерін) иелену (олармен дауыс беру) арқылы банктің орналастырылған акцияларының он немесе одан көп пайызын жанама иеленуді немесе банктің дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп акцияларымен жанама дауыс беруді көздейтін Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғасы үшін осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген рейтингтің болуы талап етілмейді.

      Банктің ірі қатысушылары – жеке тұлғалар банктің акцияларын өзіне меншік құқығымен тиесілі мүліктің құнынан аспайтын мөлшерде төлейді. Бұл ретте мүліктің құны (банктің бұрын иеленген акцияларының құны шегеріле отырып) банктің бұрын иеленген және иеленетін акцияларының жиынтық құнынан кем болмауға тиіс.

      1-1. Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымы ғана мынадай талаптар орындалған жағдайда:

      1) Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымында өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасы бойынша қаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған қолданыстағы лицензия (қолданыстағы рұқсат) осындай мемлекеттің заңнамасы бойынша талап етілетін жағдайларда, мұндай лицензия (осындай рұқсат) болса;

      2) Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын банктің акцияларын иеленуге келісім (рұқсат) осындай мемлекеттің заңнамасы бойынша талап етілетін жағдайларда, мұндай келісім (рұқсат) болса;

      3) Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымында немесе оның бас ұйымында тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төмен рейтингі болса;

      4) Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымы өзі резиденті болып табылатын мемлекетте шоғырландырылған қадағалауға жатса, банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес немесе одан көп пайызын тікелей иеленетін немесе банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызымен тікелей дауыс беру мүмкіндігі бар Қазақстан Республикасының бейрезидент – банк холдингі бола алады.

      2. Банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін алуға келісім беру, оны кері қайтарып алу ережелерін, осы келісімді алу үшін табыс етілетін құжаттарға қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.

      2-1. Банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін иелену жөніндегі талаптар өзі орналасқан елінде шоғырландырылған қадағалауға жататын және көрсетілген банктің ірі қатысушысы (банк холдингі) мәртебесі бар Қазақстан Республикасының резиденті емес басқа қаржы ұйымының акцияларын иелену (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі болуы) арқылы банктің акцияларын жанама иеленуші (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі бар) Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғаға қолданылмайды.

      Егер осы Заңға сәйкес өзіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген банк қайта ұйымдастырылатын банктердің біреуі болып табылса, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен біріктіру нысанында қайта ұйымдастыруды жүргізген кезде, банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін алу жөніндегі талаптар банктің басқа банк акцияларын сатып алуы жағдайларына қолданылмайды.

      2-2. Банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім алу үшін мөлшері мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалатын алым төленеді.

      3. Банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы болуға ниет білдірген тұлға банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім алу үшін уәкілетті органға осы баптың 4, 4-1, 5, 6, 7 және 7-1-тармақтарында айқындалған құжаттар мен мәліметтерді қоса бере отырып, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін иелену туралы өтінішті ұсынуға міндетті.

      3-1. Өтініш берушінің банктік шотындағы, өтініш беруші:

      1) жеке тұлға үшін:

      кәсіпкерлік, еңбек және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шет мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызметтен түсетін кірістер ретінде;

      сыйға тарту, мұра, ұтыстар түріндегі және (немесе) өтеусіз алынған мүлікті, мұра ретінде алынған мүлікті сатудан – банктің сатып алынатын акциялары құнының жиырма бес пайызынан аспайтын мөлшерде;

      2) заңды тұлға үшін:

      кәсіпкерлік және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шет мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызметтен түсетін кірістер ретінде;

      өтініш берушінің жарғылық капиталына салым түрінде алған ақша банк акцияларын сатып алу үшін пайдаланылатын қаражат көздері болып табылуы мүмкін.

      Қаржы ұйымы болып табылатын заңды тұлға үшін банктің акцияларын сатып алу қаржы ұйымының меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенттерін, өтімділік коэффициенттерін немесе қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген өзге де нормативтерді (лимиттерді) бұзуына алып келмейтін жағдайда, қаржы ұйымының активтері банктің акцияларын сатып алу үшін пайдаланылатын қаражат көздері болып табылуы мүмкін.

      4. Банктің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім алу үшін жеке тұлға мынадай құжаттарды және мәліметтерді:

      1) банк акцияларын сатып алу шарттары мен тәртібін растайтын құжаттардың көшірмелерін;

      2) банк акцияларын сатып алу үшін пайдаланылатын қаражат көздері (пайда болуы) туралы мәліметтерді, сондай-ақ осы мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

      Жеке тұлға сыйға тарту, өтеусіз алынған мүлікті сатудан түскен кіріс түрінде алынған қаражат есебінен банктің акцияларын сатып алған жағдайда, өтініш беруші сыйға тартушы және осы қаражаттың, мүліктің сыйға тартушыда пайда болу көздері туралы мәліметтерді де ұсынады;

      3) өтініш беруші ірі қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша ұсынады. Егер өтініш беруші Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғасының акционері (қатысушысы) болып табылса, өтініш берушінің Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғасында ірі қатысуын растайтын құжаттардың көшірмелері қосымша ұсынылады.

      4) банктің қаржылық жағдайының ықтимал нашарлауы жағдайларында банкті қайта капиталдандыру жоспарын;

      5) кірістер мен мүлік туралы мәліметтерді, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша өтініш берушінің барлық міндеттемелері бойынша орын алған берешек туралы ақпаратты, ал Қазақстан Республикасының резидент – жеке тұлғасы банктің ірі қатысушысы мәртебесін иелену туралы өтінішті уәкілетті органға берген күннің алдындағы күнтізбелік отыз күн ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынылған, нотариат куәландырған немесе мемлекеттік кірістер органы растаған активтер мен міндеттемелер туралы декларацияның көшірмесі мен Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде ұсынылған, кірістер және мүлік туралы декларацияның нотариат куәландырған немесе мемлекеттік кірістер органы растаған көшірмесін де ұсынады.

      Активтер мен міндеттемелер туралы декларациядағы мәліметтер активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылатын айдың бірінші күніне көрсетіледі.

      Көрсетілген мәліметтерге өтініш берушінің қаржылық жағдайын талдау үшін қажетті құжаттар, сондай-ақ өтініш берілген күннің алдындағы соңғы алты ай ішінде бағалаушы айқындаған мүліктің құнын растайтын құжаттар қоса беріледі;

      6) білімі, еңбек қызметі, мінсіз іскерлік беделі туралы мәліметтерді қоса алғанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген нысан бойынша өтініш беруші туралы мәліметтерді ұсынады. Қазақстан Республикасының бейрезидент – жеке тұлғалары өздерінің мінсіз іскерлік беделін растау үшін өздері азаматы болып табылатын елдің және өздері тұрақты тұратын елдің, ал азаматтағы жоқ адамдар – өздері тұрақты тұратын елдің құзыретті мемлекеттік органы берген алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының жоқ екенін растайтын құжаттарды ұсынады (көрсетілген құжаттарды беру күні өтініш берілген күннің алдындағы алты айдан аспауға тиіс);

      7) "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы төлеу жағдайларын қоспағанда, келісім берілгені үшін алым төленгенін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады.

      4-1. Егер жеке немесе заңды тұлға уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімін алмай, сыйға тарту шарты, сенімгерлік басқару шарты негізінде немесе мұраны қабылдау нәтижесінде банктің, банк холдингінің ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келсе, ол осы баптың 16-тармағында белгіленген талапқа сәйкес тиісті мәртебені иелену туралы өтінішті ұсынған кезде мыналар:

      1) банк акцияларына қатысты сыйға тарту, сенімгерлік басқару, мұрагерлік талаптары мен тәртібін растайтын құжаттардың көшірмелері;

      2) осы баптың 4-тармағының 3), 4), 5), 6 және 7) тармақшаларында көзделген құжаттар мен мәліметтер;

      3) егер өтініш беруші заңды тұлға болып табылса, осы баптың 5-тармағының 7) тармақшасында көзделген құжаттар;

      4) егер өтініш беруші Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғасы болып табылса, осы баптың 6-тармағының 3) тармақшасында көзделген құжат;

      5) растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалаушы айқындаған сыйға тарту шартының, сенімгерлік басқару шартының, мұрагерліктің нысанасы болып табылатын акциялардың құны туралы мәліметтер қосымша ұсынылады.

      Сыйға тарту немесе мұрагерлік нәтижесінде банктің акцияларын меншікке алған өтініш беруші банктің, банк холдингінің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім алу үшін нарықтық құны банктің бұрын алынған (сатып алынған) акцияларының құнын шегергенде өтініш берушіден банкті қайта капиталдандыру жоспарына сәйкес банктің қаржылық жағдайын қалпына келтіру үшін талап етілуі мүмкін қаржы салымдарының сомасынан кем болмауға тиіс мүліктің меншік иесі болып табылуға тиіс.

      5. Банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім алу үшін Қазақстан Республикасының резидент – заңды тұлғасы мынадай құжаттар мен мәліметтерді:

      1) өтініш берушінің тиісті органының банк акцияларын сатып алу туралы шешімінің көшірмесін (қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында шешім болмаған немесе уәкілетті органның оны "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда);

      2) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген, өтініш берушінің акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он немесе одан көп пайызына тікелей немесе жанама иелік ететін тұлғалар және өтініш берушіге қатысты бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар туралы мәліметтерді, сондай-ақ осы мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелерін;

      3) өтініш берушінің үлестес тұлғаларының тізімін (қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында тізім болмаған немесе уәкілетті органның оны "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда);

      4) осы баптың 4-тармағының 1), 3), 4) және 7) тармақшаларында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді;

      5) білімі, еңбек қызметі, мінсіз іскерлік беделі туралы мәліметтерді қоса алғанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысан бойынша өтініш берушінің басшы қызметкерлері туралы қысқаша деректерді ұсынады.

      Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын өтініш берушінің басшы қызметкерлері бойынша өтініш беруші уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген нысан бойынша олардың мінсіз іскерлік беделін растайтын мәліметтерді ұсынады;

      6) аудиторлық есептермен расталған, өтініш берушінің соңғы екі қаржы жылындағы жылдық қаржылық есептілігінің (өтініш берушіде еншілес ұйымдар болған жағдайда шоғырландырылған қаржылық есептіліктің) көшірмелерін, сондай-ақ өтініш берушінің өтінішті беру алдындағы аяқталған соңғы тоқсандағы қаржылық есептілігінің көшірмесін ұсынады.

      Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 маусымы аралығындағы кезеңде соңғы аяқталған қаржы жылындағы қаржылық есептілікті растайтын аудиторлық есеп болмаған жағдайда, өтініш беруші өтініш беру алдындағы соңғы аяқталған қаржы жылы мен соңғы аяқталған тоқсандағы қаржылық есептіліктің (өтініш берушіде еншілес ұйымдар болған жағдайда шоғырландырылған қаржылық есептіліктің) көшірмелерін, сондай-ақ соңғы аяқталған қаржы жылының алдындағы екі жылдағы аудиторлық есептермен расталған жылдық қаржылық есептіліктің (өтініш берушіде еншілес ұйымдар болған жағдайда шоғырландырылған қаржылық есептіліктің) көшірмелерін ұсынады.

      Осы тармақшада көрсетілген қаржылық есептілік қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында осы қаржылық есептілік орналастырылған немесе уәкілетті органның оны "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алу мүмкіндігі болған жағдайда ұсынылмайды;

      7) адамның өтініш беруге өкілеттігін растайтын құжаттардың және оған қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

      6. Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғасы банктің немесе банк холдингінің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім алу үшін мынадай құжаттар мен мәліметтерді:

      1) осы баптың 5-тармағында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді;

      2) құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін;

      3) өтініш беруші резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын банктің акцияларын иеленуге келісімнің (рұқсаттың) көшірмесін не өтініш беруші резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органынан осындай келісімнің (рұқсаттың) талап етілмейтіні туралы растаманың көшірмесін;

      4) өтініш беруші резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасы бойынша өтініш берушінің қаржылық қызметті жүзеге асыруына арналған лицензияның (рұқсаттың) көшірмесін не егер өтініш беруші Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымы болып табылса, лицензияның (рұқсаттың) талап етілмейтіні туралы өтініш беруші резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген растаманың көшірмесін ұсынады.

      6-1. Осы баптың 4-тармағы 3) тармақшасының өтініш берушінің Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғасына ірі қатысуын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсыну бөлігіндегі және осы баптың 5-тармағы 2) тармақшасының өтініш берушінің акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он немесе одан көп пайызын тікелей немесе жанама иеленетін тұлғалар және өтініш берушіге қатысты бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсыну бөлігіндегі талаптары мынадай талаптардың бірі орындалған кезде:

      1) өтініш берушіде тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін рейтингтік агенттіктердің бірінің "А-" кредиттік рейтингінен төмен емес рейтингі болса;

      2) өтініш беруші резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органының интернет-ресурсында өтініш беруші ірі қатысушысы болып табылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғалары туралы, өтініш берушінің ірі қатысушылары туралы, сондай-ақ өтініш берушіге қатысты бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар туралы мәліметтер болса, Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғасы болып табылатын өтініш берушіге қолданылмайды.

      Осы баптың 5-тармағы 5) тармақшасының мақсаттары үшін басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері, атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері, бас бухгалтер Қазақстан Республикасының бейрезидент – заңды тұлғасының (Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымының) басшы қызметкерлері болып танылады.

      Осы баптың 5-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген қаржылық есептілік өтініш беруші Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымы болып табылған және осы қаржылық есептілік Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымының немесе шетелдік қор биржасының интернет-ресурсында қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде орналастырылған және қолжетімді болған жағдайларда ұсынылмайды.

      7. Банк холдингі мәртебесін иеленуге келісім алу үшін Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкінде тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін рейтингтік агенттіктердің бірінің "А-" кредиттік рейтингінен төмен емес рейтингі болған кезде, ол осы баптың 4-тармағының 4) және 7) тармақшаларында, 5-тармағының 1), 2), 6) және 7) тармақшаларында және 6-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.

      7-1. Орналастырылған акциялардың (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес немесе одан көп пайызына иелік ету үлесі бар банктің ірі қатысушысы мәртебесін иеленгісі келетін жеке тұлғалар, сондай-ақ банк холдингі мәртебесін иеленгісі келетін заңды тұлғалар осы бапта көрсетілген құжаттар мен мәліметтерге қосымша таяу бес жылға арналған бизнес-жоспарды ұсынады, оған қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.

      8. Жиынтығында банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) он және одан астам пайызын иеленетін немесе банк акцияларының он немесе одан астам пайызымен тікелей немесе жанама дауыс беруге мүмкіндігі бар және:

      1) банк қабылдайтын шешімдерге өздерінің арасында жасалған шартқа орай не өзгеше түрде бірлесіп ықпал ететін;

      2) жеке алғанда немесе өзара бір-бірінің ірі қатысушылары болып табылатын;

      3) олардың бірі лауазымды тұлға немесе басқа тұлғаның өкілі болып табылатын;

      4) олардың бірі өздерінің арасында жасалған шартқа сәйкес екінші тұлғаға банк акцияларын сатып алу мүмкіндігін берген;

      5) жақын туыстар немесе ерлі-зайыптылар болып табылатын тұлғалар;

      6) олардың бірі екінші тұлғаға оның сыйға берген ақшасы немесе өтеусіз алған мүлкі есебінен банктің акцияларын сатып алуға мүмкіндік жасаған тұлғалар бірлесіп банктің ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалар деп танылады.

      9. Уәкілетті органның банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі болғысы келетін тұлғаларға келісім беруден бас тартуына:

      осы Заңның 20-бабы 3-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында белгіленген талаптардың (жеке тұлғаға немесе өтініш беруші заңды тұлғаның басшы қызметкерлеріне қатысты) сақталмауы;

      өтініш берушінің қаржылық жай-күйінің тұрақсыздығы;

      уәкілетті органның ұсынылған құжаттар бойынша ескертулерін жоймау;

      өтініш берушінің банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін алуы нәтижесінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуы;

      осы Заңның 17-бабының 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін иелену жөніндегі мәміледе тізбесін уәкілетті орган белгілейтін оффшорлық аймақтарда тіркелген заңды тұлға (оның ірі қатысушысы (ірі акционері) сатып алушы тарап болып табылатын жағдайлар;

      өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген банктің ірі қатысушыларына және банк холдингтеріне қойылатын өзге де талаптарды сақтамауы;

      өтініш берушінің банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін алуының қаржылық салдарларын талдау банктің қаржылық жай-күйінің нашарлайтынын болжауы;

      өтініш берушіде - Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымында өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасы бойынша қаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия (рұқсат) осындай мемлекеттің заңнамасы бойынша талап етілетін жағдайларда, мұндай лицензияның (осындай рұқсаттың) болмауы;

      өтініш берушіде - Қазақстан Республикасының бейрезидент-заңды тұлғасында не оның бас ұйымында, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тізбесін уәкілетті орган айқындайтын халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі қажетті рейтингінің болмауы;

      банктің қаржы жағдайының ықтимал нашарлауы жағдайларында банкті қайта капиталдандырудың ұсынылған жоспарының тиімсіздігі;

      өтініш берушіде - жеке тұлғада, өтініш берушінің басшы қызметкерінде - заңды тұлғада мінсіз іскерлік беделдің болмауы;

      бұрын уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу не оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымын таратуға және (немесе) олардың қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруын тоқтатуға алып келген, оларды лицензиядан айыру туралы шешім қабылдағанға дейін не Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде тұлға ірі қатысушы-жеке тұлға не ірі қатысушы-заңды тұлғаның бірінші басшысы және (немесе) қаржы ұйымының, оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-қаржы ұйымының басшы қызметкері болып табылған не табылатын жағдайлар негіз болып табылады. Көрсетілген талап уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу не оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымын таратуға және (немесе) олардың қаржы нарығындағы қызметін жүзеге асыруын тоқтатуға алып келген, оларды лицензиядан айыру туралы шешім қабылдағаннан кейін не Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бес жыл бойы қолданылады. Осы абзацтың мақсаттары үшін қаржы ұйымы деп Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы да, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы да, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы да түсініледі;

      банк холдингі мәртебесін иеленуге ниет білдірген Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымының осы баптың 1-1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмеуі;

      өтініш беруші – Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымы өзі тұрған елде шоғырландырылған негізде қадағалауға жатпайтын жағдайлар;

      Қазақстан Республикасының бейрезиденттері – банк конгломератының қатысушылары орналасқан елдердің заңнамалары олардың және банк конгломератының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарды орындауына мүмкіндік бермеуіне байланысты банк конгломератына шоғырландырылған қадағалау жүргізудің мүмкін болмауы;

      банк ашуға рұқсат беруден бас тарту үшін негіздердің болуы негіз болып табылады.

      Егер банк холдингі мәртебесін алғысы келетін тұлға еншілес қаржы ұйымын құратын немесе сатып алатын не қаржы ұйымының капиталына қомақты қатысуды сатып алатын жағдайда, уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды қарау кезінде осы Заңның 11-1-бабының 6-тармағында көзделген бас тарту негіздерін ескереді. Еншілес ұйым құруға (сатып алуға), ұйымдардың жарғылық капиталына қомақты қатысуға рұқсат беруден бас тартуға негіздері болған кезде, уәкілетті орган банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуға келісім беруден бас тартады.

      9-1. Осы баптың рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төменгі рейтингісінің және уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісімнің болуы жөніндегі талаптары өтініш берушінің-Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымының ұлттық басқарушы холдингтен Қазақстан Республикасының резидент-банкі акцияларының жүз пайызын сатып алуы жағдайларына қолданылмайды.

      10. Мына жағдайлардың бірінің болуы:

      өтініш беруші - заңды тұлға өтініш берген күнге дейін екі жылға жетпейтін уақытта құрылса;

      өтініш беруші міндеттемелері басқа заңды тұлғалардың акцияларына және жарғылық капиталдарына қатысу үлестеріне орналастырылған банк акцияларын сатып алуға көзделген активтерінің сомасын шегеріп тастағанда өзінің активтерінен асып кетсе;

      аяқталған әрбір соңғы екі қаржы жылының нәтижелері бойынша залал шексе;

      өтініш беруші міндеттемелерінің мөлшері банктің қаржылық жай-күйін айтарлықтай тәуекелге ұрындыратындай болса;

      өтініш берушінің банк алдында мерзімі өткен және (немесе) банк балансына жатқызылған берешегі болса;

      өтініш берушінің банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуының қаржылық салдарларын талдау банктің қаржылық жай-күйінің нашарлайтынын болжаса;

      өтініш беруші мүлкінің құны (өтініш берушінің міндеттемелерін шегере отырып) банктің акцияларын сатып алу үшін жеткіліксіз болса;

      өтініш берушінің орнықсыз қаржылық жағдайының бар екенін және (немесе) банкке және (немесе) оның депозиторларына нұқсан келтіру мүмкіндігін куәландыратын өзге де негіздер өтініш берушінің қаржылық жағдайының тұрақсыздық белгісі болып табылады.

      11. Тұлға уәкілетті органның жазбаша келісімінсіз банктің ірі қатысушысы не банк холдингі белгілерін иеленген жағдайда, уәкілетті орган осы тұлғаға осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шараларын, оның ішінде алты айдан аспайтын мерзімде банктің акцияларын өткізу жөніндегі талаптар тұрғысынан осы Заңның 47-1-бабында көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.

      12. Банк холдингі болғысы келетін тұлғаларға уәкілетті органның келісім беруі банктің ірі қатысушысы үшін айқындалған шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.

      12-1. Мынадай:

      1) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру немесе директорлар кеңесі акционерлердің жалпы жиналысын шақырудан бас тартқан жағдайда оны шақыру туралы сотқа талап-арызбен жүгіну;

      2) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қосымша мәселелер енгізу;

      3) директорлар кеңесінің отырысын шақыру;

      4) өз есебінен банкке аудиторлық ұйымның аудит өткізуі мәселелері бойынша акционерлердің шешім қабылдауын көздейтін олардың арасында жасалған келісім негізінде әрекет ететін және банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) немесе дауыс беретін акцияларының жиынтығы он және одан да көп пайызы өздеріне тиесілі акционерлер банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері болып табылмайды.

      13. Банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес және одан астам пайызын иеленетін немесе банк акцияларының жиырма бес және одан астам пайызымен тікелей немесе жанама дауыс беруге мүмкіндігі бар және:

      1) банк қабылдайтын шешімдерге өздерінің арасында жасалған шартқа орай не өзгеше түрде бірлесіп ықпал ететін;

      2) жеке алғанда немесе өзара бір-бірінің ірі қатысушылары болып табылатын;

      3) олардың бірі басқа тұлғаның өкілі болып табылатын;

      4) олардың бірі өздерінің арасында жасалған шартқа сәйкес екінші тұлғаға банк акцияларын сатып алу мүмкіндігін берген тұлғалар бірлесіп банк холдингі болып табылатын тұлғалар деп танылады.

      14. Осы баптың талаптарына сәйкес банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін иелену үшін берілген өтініш бойынша шешімді уәкілетті орган өтініш берілгеннен кейін елу жұмыс күні ішінде қабылдауға тиіс.

      Банк ашуға рұқсат алу шеңберінде берілген банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін беру туралы өтінішті уәкілетті орган банк ашуға рұқсат беруге арналған өтiнiшті қарау үшін белгіленген мерзімдерде қарайды.

      Микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат алу шеңберінде берілген банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін беру туралы өтінішті уәкілетті орган микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беруге өтінішті қарау үшін белгіленген мерзімдерде қарайды.

      Уәкілетті орган өтініш берушіні өз шешімінің нәтижелері туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті, бұл ретте тиісті мәртебені иеленуге келісім беруден бас тартылған жағдайда жазбаша хабарламада бас тарту негіздері көрсетіледі.

      Уәкілетті орган тұлғаның банк холдингі мәртебесін иеленуіне келісім берген кезде, бір мезгілде банк капиталына қомақты қатысуына не еншілес банк құруына (иеленуіне) рұқсат береді.

      15. Уәкілетті орган банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін иеленуге келісімді:

      1) келісім беруге негіз болған мәліметтердің анық еместігі;

      2) өтініш беруші ірі қатысушы немесе банк холдингі мәртебесін иелену нәтижесінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайларда кері қайтарып алуға құқылы.

      Банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін иеленуге келісімді кері қайтарып алу кезінде уәкілетті орган келісімді кері қайтарып алуға негіз болып табылатын факт анықталған күннен бастап екі ай ішінде бұрын берілген келісімнің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

      Келісім кері қайтарылып алынған жағдайда, мұндай шара қолданылатын тұлға осындай келісім кері қайтарылып алынған күннен бастап алты ай ішінде банктің өзіне тиесілі акцияларының санын ірі қатысушы мәртебесін иеленуге уәкілетті органның рұқсатын алу талап етілмейтін деңгейге дейін азайтуға және растайтын құжаттарды уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

      Осы бапқа сәйкес берілген келісім кері қайтарып алынған тұлға банктің акцияларын үшінші тұлғаға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы емес.

      Уәкілетті орган өздеріне қатысты тиісті келісімді кері қайтарып алу туралы шешім қабылдаған тұлғалар осы тармақтың талаптарын орындамаған жағдайда, уәкілетті орган осы тұлғалардың уәкілетті органның талаптарын орындауы үшін сотқа жүгінуге құқылы.

      16. Егер тұлға уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімін алмастан банк холдингі, банктің ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келген болса, ол банктің басшылығына немесе саясатына ықпал етуге бағытталған ешқандай әрекеттер жасауға және (немесе) осы баптың ережелеріне сәйкес уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімін алғанға дейін осындай акциялар бойынша дауыс беруге құқылы емес.

      Көрсетілген жағдайда банк холдингі, банктің ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетін тұлға оның банк холдингі, банктің ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетіні өзіне белгілі болған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

      Егер осы тұлға акцияларды көрсетілген мерзімде иеліктен шығарғысы келмесе ғана оның банк холдингі, банктің ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетіні оған белгілі болған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға тиісті мәртебені иелену туралы өтініш табыс етіледі. Акцияларды иеліктен шығару туралы шешім қабылдау туралы ақпарат осындай шешім қабылданған күннен бастап дереу уәкілетті органға ұсынылады.

      Уәкілетті орган банк холдингі, банктің ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетін тұлғаға келісім беруден бас тартқан жағдайда, көрсетілген тұлға жазбаша хабарлама алған кезден бастап алты айдың ішінде өзіне тиесілі банк акцияларының санын осы бапта белгіленгеннен төмен деңгейге дейін азайтуға міндетті.

      17. Егер уәкілетті органға тұлғаның банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы белгісіне сәйкес келетінін немесе банктің акцияларын тікелей, жанама иеленуші болып табылатынын немесе келісімнің негізінде немесе өзгеше түрде осы Заң талаптарына сәйкес уәкілетті органның келісімінсіз, банктің осы бапта белгіленген шектерге тең немесе одан асатын мөлшердегі акцияларымен дауыс беруге мүмкіндігі бар екенін көрсететін мәліметтер белгілі болса, ол жеке және заңды тұлғалардан ақпарат табыс етуді талап етуге құқылы. Ақпарат оны иеленетін кез келген тұлғадан, сондай-ақ осы тұлғалардың бақылауында болатын ұйымдардан талап етілуі мүмкін.

      18. Банктің ірі қатысушысы, банк холдингі банктің өзіне тиесілі тікелей немесе жанама иеленетін немесе тікелей не жанама дауыс беруге мүмкіндігі бар акциялары санының орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының және (немесе) дауыс беретін акцияларының санына пайыздық арақатынасын өзгерту туралы, мұндай өзгеріс банктің немесе банк холдингінің меншікті акцияларды өзге акционерлерден сатып алуы салдарларынан болған жағдайларды қоспағанда, шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, растайтын құжаттарды табыс ете отырып, уәкілетті органға хабарлауға міндетті.

      Банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне тиесілі банк акцияларының саны (пайыздық немесе абсолюттік мәнінде) банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының санына және (немесе) банктің дауыс беретін акцияларының санына қатысты ұлғаю жағына қарай өзгерген жағдайда банктің ірі қатысушысы, банк холдингі уәкілетті органға банктің акцияларын сатып алу үшін пайдаланылатын қаражаттың көздері туралы (пайда болуы туралы) мәліметтерді осы мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеп ұсынуға тиіс. Банктің ірі қатысушылары – жеке тұлғалар банктің акцияларын қосымша сатып алу үшін пайдалануы мүмкін қаражат көздері осы баптың 3-1-тармағында көрсетілген.

      Банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің өтініші бойынша банк акцияларының саны банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) санына және (немесе) дауыс беретін акцияларының санына пайыздық арақатынасы банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне тиесілі он немесе жиырма бес пайыздан кем болатын санға дейін өзгерген жағдайда не уәкілетті орган берілген келісімнің күшін жою үшін негіз болып табылатын фактілерді дербес анықтаған жағдайда, уәкілетті органның бұрын берілген жазбаша келісімінің күші уәкілетті орган көрсетілген өтінішті алған не уәкілетті орган берілген келісімнің күшін жою үшін негіз болып табылатын фактілерді анықтаған күннен кейінгі күннен бастап жойылды деп саналады.

      Жеке тұлға болып табылатын банктің ірі қатысушысы өзіне тиесілі акциялар санын банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк иеленген акциялар шегеріле отырып) жиырма бес немесе одан көп пайызына дейін ұлғайтқан жағдайда, құжаттарға қосымша ретінде және осы тармақта көрсетілген мерзімдерде таяудағы бес жылға арналған бизнес-жоспарды ұсынады, оған қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.

      19. Банк және банк холдингі өздерінің барлық ірі қатысушыларының немесе банк холдингтерінің (банк үшін) оларға тиесілі орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) немесе банктің немесе банк холдингінің жарғылық капиталына қатысу үлестерінің санын, сондай-ақ олардың пайыздық арақатынасын көрсете отырып, тізімін есепті тоқсаннан кейінгі айдың онынан кешіктірмей уәкілетті органға тоқсан сайын табыс етіп отыруға міндетті.

      20. Банктер өзінің дауыс беретін және (немесе) орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының он және одан астам пайызын иеленетін акционерлер құрамының өзгергені туралы осындай факт анықталған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

      21. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.      

     22. Банктің ірі қатысушылары болып табылатын резидент-жеке тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары жыл сайын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынуға міндетті.

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Заңы. 

Қазақстан Республикасының Президенті 

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК 

Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы