17-бап. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адамның құқықтары мен міндеттері Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы Заңы
1. Адам саудасының ықтимал құрбанының адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендіруден өтуге жүгінуге құқығы бар.
2. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адамның:
1) құқықтары мен міндеттері, қорғалуы және адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері және адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер көрсететін көмек туралы ақпарат алуға;
2) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректер құпиялылығының сақталуына және олардың қорғалуына;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алуға жүгінуге;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адам (отбасы) ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша берілетін әлеуметтік көмекке жүгінуге;
5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын медициналық көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық консультация беру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға, сондай-ақ кешенді әлеуметтік заң көмегін қабылдауға;
7) қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орган "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен қылмыстық процесс барысында мемлекеттік қорғауға жататын адам деп таныған кезде мемлекеттік қорғалуға;
8) сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық істі сотта қарау шеңберінде кәмелетке толмаған адамнан куә немесе жәбірленуші ретінде жауап алу кезінде педагогтың және (немесе) психологтың қатысуына;
9) Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасына сәйкес өтемақы алуға;
10) шыққан елінің (өзі азаматы болып табылатын елдің) өкілдіктері мен консулдықтарына кіруін ұйымдастыру тұрғысынан жәрдем алуға;
11) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін алу үшін Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұруға;
12) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны болып анықталған және сәйкестендірілген көшіп келуші ретінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес өзіне арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынылған, бірақ күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын кезең ішінде құқық қорғау органдарына жүгіну және олармен ынтымақтасу туралы шешім қабылдауға;
13) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес шетелдіктің өзі азаматы болып табылатын елге немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге Қазақстан Республикасынан кетуге виза алу үшін ішкі істер органдарына жүгінуге;
14) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адам саудасына байланысты нақты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруға;
15) пана іздеген адам ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен босқын не азаматтығы жоқ адам мәртебесін алуға жүгінуге;
16) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әкімшілік актіге, әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдануға;
17) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адам:
1) Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауға;
2) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау кезінде қорғалу және көмек алу үшін психологиялық жай-күйі мен денсаулық жағдайын ескере отырып, өзі туралы толық және анық ақпарат беруге міндетті.
Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 5 шілдедегі № 110-VIII ҚРЗ.
Осы Заң адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы