17-бап. Банкiнiң құрылтайшылары мен акционерлерi Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резиденттерi емес заңды және жеке тұлғалар (осы баптың 5-тармағында және осы Заңның 18-бабында белгiленген шектеулердi ескере отырып) банкiнiң құрылтайшылары мен акционерлерi бола алады.
2. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы ғана банктің құрылтайшысы және акционері бола алады. Ұлттық басқарушы холдингті, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымды және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдарын қоспағанда, жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің не орналастырылған акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар банктің құрылтайшылары және акционерлері бола алмайды.
Уәкілетті орган банктің осы Заңның 61-12-бабында көзделген, активтері мен міндеттемелерін беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру мақсатында тұрақтандыру банкінің жалғыз құрылтайшысы болуы мүмкін.
3. (алып тасталды)
4. Банк кредиторларының мүддесін қорғау және Қазақстан Республикасының банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, егер уәкілетті орган қолданған шаралар банктің қаржылық жай-күйін жақсартуға әкелмесе:
1) банк меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициентін және (немесе) өтімділік коэффициентін бір рет бұзған не өзге де пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі рет және одан да көп бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның ұсынысы бойынша осы Заңның 17-2-бабында көзделген тәртіппен, банктің қаржылық жай-күйін жақсартуға және оның пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді орындауы үшін қажетті мөлшерде банктің жарияланған акцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің сатып алатыны туралы шешім қабылдауға құқылы;
2) банкте капиталдың теріс мөлшері болған кезде, уәкілетті орган банктің қаржылық жағдайын қажетті жақсартуға кепілдік беретін жаңа инвесторға сатып алу бағасы бойынша кейіннен міндетті түрде дереу өткізу шартымен банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алуды жүзеге асыруға құқылы.
5. Оффшорлық аймақтарда тіркелген, тізбесін уәкiлеттi орган белгілейтін заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының резидент банктерінің дауыс беретiн акцияларын тiкелей немесе жанама иелене және (немесе) пайдалана алмайды және (немесе) оларға билiк ете алмайды.
Көрсетілген шектеу Қазақстан Республикасының резидент емес банктерінің еншілес ұйымдары болып табылатын, рейтинг агенттіктерінің бірінің талап етілетін ең төменгі рейтингі бар банктерге қолданылмайды.
Рейтинг агенттіктерінің тізбесін және талап етілетін ең төменгі рейтингті уәкілетті орган айқындайды.
Осы тармақтың талаптары төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін осы Заңның 61-10-бабына сәйкес мәжбүрлеп қайта құрылымдау жағдайларына қолданылмайды.
5-1. Акционерлердің жалпы жиналысына қатысатын акционер, егер оның өз акционерлерінің (қатысушылардың) тіркелген елі туралы ақпарат банкте жоқ болса, өтінішті табыс етеді, онда осындай акционерлердің (қатысушылардың) осы баптың 5-тармағының талаптарын орындағаны туралы көрсетеді.
Көрсетілген өтінішті табыс етпеген акционер акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға жіберілмейді.
Өтініште көрсетілген ақпараттың дәйексіздігі анықталған не осы баптың 5-тармағының талаптарының бұзылуы анықталған кезде:
1) егер шешім үшін дауыс беретін акциялардың көпшілігі (өтінішті табыс еткен акционердің дауыс беретін акцияларын есепке алмағанда) дауыс берсе, акционерлердің жалпы отырысының шешімі осы акционердің дауысы есепке алынбай қабылданды деп есептеледі;
2) егер өтінішті табыс еткен акционердің дауысы шешуші болса, аталған мән-жай уәкілетті органның не өзге де мүдделі тұлғалардың талабы бойынша акционерлердің жалпы отырысының шешімін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жарамсыз деп тану үшін негіз болады.
6. алып тасталды - 2005.12.23. № 107 Заңымен.
7. Ұлттық басқарушы холдингті қоспағанда, тiкелей немесе жанама түрде банктiң акцияларын иеленетiн не банк акционерi қабылдайтын шешiмдерге ықпал ететiн тұлғалар уәкiлеттi органның талап етуі бойынша банктің ірі қатысушыларын және олардың қаржылық жай-күйiн айқындау үшін құрылтай құжаттарын және басқа да қажетті ақпарат беруге міндетті.
Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентiнiң 1996.01.27 № 2830, 1996.12.07 № 50, 1997.07.11 № 154, 1998.06.29 № 236, 1998.07.10 № 282, 1999.07.16 № 436, 2001.03.02 № 162, 2001.04.25 № 179, 2003.07.10 № 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.07.07 № 178, 2007.02.19 № 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.10.23 № 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.12 № 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.13 № 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2009.07.11. № 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 № 414-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы