19-1-бап. Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымды құру Коллекторлық қызмет туралы Заңы
1. Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым деп коллекторлық агенттіктердің міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген, өз мүшелерінің (қатысушыларының) коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауы бөлігінде олардың қызметін бақылау үшін құрылған, коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның тізіліміне енгізілген өзін-өзі реттейтін ұйым танылады.
2. Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым коммерциялық емес ұйым болып табылады және қауымдастық (одақ) нысанында құрылады.
3. Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметі осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысымен, стандарттарымен және қағидаларымен, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін жүзеге асыру тәртібімен реттеледі.
Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін жүзеге асыру тәртібі мыналарды:
1) коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның бюджетті жасауына қойылатын талаптарды;
2) коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерлері туралы мәліметтерді;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен шығарылған коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның өз қызметі барысында пайда болған, сондай-ақ мүшелердің (қатысушылардың) қызметіне қатысты құжаттар мен мәліметтерді коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін басқа ұйымға немесе уәкілетті органға беру тәртібін белгілейді.
4. Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым құрамында мүшелері (қатысушылары) ретінде коллекторлық агенттіктердің жалпы санының кемінде жиырма бір пайызын біріктіруге тиіс. Коллекторлық агенттіктердің жалпы саны уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылатын ақпараттың негізінде айқындалады.
Коллекторлық агенттік коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін бір ұйымның ғана мүшесі (қатысушысы) бола алады.
5. Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның атауында "коллекторлық агенттіктердің өзін-өзі реттейтін ұйымы" деген сөздер міндетті түрде болуға тиіс.
Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның атауында "ұлттық", "мемлекеттік", "республикалық" немесе "орталық" деген сөздерді кез келген тілде толық немесе қысқартылған түрде пайдалануға тыйым салынады.
Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның атауы ретінде коллекторлық агенттіктердің атауымен бірдей немесе оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілерді пайдалануға жол берілмейді.
6. Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым "Өзін-өзі реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Өзін-өзі реттеу туралы заң) 9-бабы 4-тармағының үшінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде уәкілетті органға мынадай мәліметтер мен құжаттарды ұсынады:
1) коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның жалпы жиналысы бекіткен жарғының көшірмесі;
2) Өзін-өзі реттеу туралы заңда, осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес әзірленген және коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы бекіткен коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары;
3) коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымда мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз етудің бір немесе бірнеше тәсілдерінің бар екенін растайтын мәліметтер мен құжаттар;
4) атқарушы басқару органының басшысы қол қойған, коллекторлық агенттіктердің жалпы санының кемінде жиырма бір пайызын қамтитын коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) тізілімінен үзінді көшірме;
5) коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның осы Заңға сәйкес өз өкілеттіктерін орындау мүмкіндігін растайтын бюджеті.
Коллекторлық қызмет саласындағы өзін өзі реттейтін ұйымның бюджетті жасауына қойылатын талаптар уәкілетті органның осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді;
6) коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерлерінің осы Заңның 12-бабының 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттар. Коллекторлық қызмет саласындағы өзін өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерлері туралы мәліметтер уәкілетті органның осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісіне сәйкес ұсынылады.
Коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерлері болып алқалы басқару органының басшысы, оның орынбасары және мүшелері, атқарушы басқару органының басшысы, оның орынбасары және атқарушы басқару органының мүшелері танылады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 6 мамырдағы № 62-VІ ҚРЗ.
Осы Заң коллекторлық қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, коллекторлық агенттіктерді құрудың, олардың қызметінің ерекшеліктерін белгілейді, сондай-ақ коллекторлық агенттіктерді мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың ерекшелiктерiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы