19-бап. Банк ашуға рұқсат беру жөнiндегi өтiнiш Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Заңды тұлға немесе жеке тұлға банк ашуға рұқсат беру жөнiнде уәкiлеттi органға өтiнiш жасауға құқылы.
2. Банк ашуға рұқсат беру туралы өтініш уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша беріледі.
3. Банк ашуға рұқсат беру туралы өтінішке мынадай құжаттар мен мәліметтер:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген құрылтай жиналысы хаттамасының (жалғыз құрылтайшы шешімінің) көшірмесі;
2) банктің жарғылық капиталындағы қатысу үлесі он пайыздан аз болатын құрылтайшылар – жеке және заңды тұлғалар (уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша) туралы мәліметтер, оның ішінде құрылтайшы – заңды тұлғаның аудиторлық есептермен расталған соңғы екі қаржы жылындағы жылдық қаржылық есептілігінің (құрылтайшы – заңды тұлғада еншілес ұйымдар болған жағдайда шоғырландырылған қаржылық есептіліктің) көшірмелері, сондай-ақ өтініш беру күнінің алдындағы соңғы аяқталған тоқсандағы құрылтайшы – заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің көшірмесі қоса берілуге тиіс.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 маусымы аралығындағы кезеңде соңғы аяқталған қаржы жылындағы қаржылық есептілікті растайтын аудиторлық есеп болмаған жағдайда, құрылтайшы – заңды тұлға өтініш беру күнінің алдындағы соңғы аяқталған қаржы жылындағы және соңғы аяқталған тоқсандағы қаржылық есептіліктің (құрылтайшы – заңды тұлғада еншілес ұйымдар болған жағдайда шоғырландырылған қаржылық есептіліктің) көшірмелерін, сондай-ақ соңғы аяқталған қаржы жылының алдындағы екі жылдағы аудиторлық есептермен расталған жылдық қаржылық есептіліктің (құрылтайшы – заңды тұлғада еншілес ұйымдар болған жағдайда шоғырландырылған қаржылық есептіліктің) көшірмелерін ұсынады.
Осы тармақшада көрсетілген қаржылық есептілік:
қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында осы қаржылық есептілік немесе уәкілетті органның оны "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алуға мүмкіндігі болған кезде;
құрылтайшы – заңды тұлға Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымы болып табылған және осы қаржылық есептілік Қазақстан Республикасының бейрезидент – қаржы ұйымының немесе шетелдік қор биржасының интернет-ресурсында қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде орналастырылған және қолжетімді болған жағдайларда ұсынылмайды;
3) осы Заңның 11-1-бабында көзделген тәртіппен құжаттар мен мәліметтер;
4) осы Заңның 17-1-бабының 3-тармағында көрсетілген банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін иелену туралы өтінішті және осы Заңның 17-1-бабының 4-тармағының 1) тармақшасында, 5-тармағының 1) тармақшасында және 7-1-тармағында көрсетілген құжаттарды қоспағанда, өтініш берушінің банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін алуы қажет болған жағдайда, осы Заңның 17-1-бабында көзделген тәртіппен құжаттар мен мәліметтер;
5) құрылатын банктің акцияларын сатып алу (жарғылық капиталын төлеу) үшін жеке тұлға пайдаланатын қаражат көздерін (пайда болуын) растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
Құрылатын банктің акцияларын сатып алу (жарғылық капиталын төлеу) үшін жеке тұлға пайдалануы мүмкін қаражат көздері осы Заңның 17-1-бабының 3-1-тармағында көрсетілген;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген құрылтай шартының нотариат куәландырған көшірмесі;
7) адамның өтініш беруге өкілеттігін растайтын құжаттардың және оған қоса берілетін құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
4. Аудиторлық ұйымның есебi:
ол акционерлер мен олардың лауазымды адамдарынан тәуелсiз екендiгiн;
ол аудиторлық қызмет саласында мемлекеттік реттеу мен аудиторлық және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның қаржы ұйымдарының міндетті аудитін жүргізу жөніндегі лицензиясына және біліктілік талаптарына сәйкес не резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының аудиторлық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясына сәйкес аудиторлық қызметті жүзеге асыруға уәкілетті екенін растайтын құжаттарды табыс еткен жағдайда ғана жарамды деп танылады.
5. Уәкiлеттi орган банк ашуға рұқсат беру жөнiнде шешiм қабылдау үшiн қажеттi қосымша ақпарат немесе құжаттар сұратуға құқылы.
6. Өтiнiш берушi банк ашуға рұқсат беру жөнiндегi өтiнiштi ол уәкiлеттi органда қаралып жатқан кез келген сәтте қайтарып алуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы