19-бап. Зиянның мөлшерiн айқындау тәртібі. Қызметкердiжазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерi Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы Заңы
1. Қызметкердiң қайтыс болуына немесе оған кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн белгiлеуге байланысты табысты (кiрiсті) жоғалтуға қатысты зиянның мөлшерi Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң талаптарына сәйкес айқындалады.
Өзіне кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн бестен жиырма тоғыз пайызды қоса алғанға дейін белгiлеуге байланысты қызметкердің табысты (кiрiсті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеуді сақтанушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Өзіне кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн отыздан бір жүз пайызды қоса алғанға дейін белгiлеуге байланысты қызметкердің табысты (кiрiсті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеу ретінде қызметкерге тиесілі ай сайынғы сақтандыру төлемін сақтандырушы жүзеге асырады.
Өтеуге жататын жоғалтылған табысты (кірісті) есептеу үшін ескерілетін орташа айлық табыстың (кірістің) мөлшері қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартын жасасу күні тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінен аспайды.
Сақтандыру төлемінің мөлшері еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем шегеріліп жүзеге асырылады.
Өзіне кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн бір жылдан аспайтын мерзiмге белгiлеуге байланысты қызметкердің табысты (кiрiсті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеу ретiнде тиесiлi сақтандыру төлемiн сақтандырушы ай сайын аннуитет шарты негізінде жүзеге асырады. Бұл ретте, сақтандырушы бірінші сақтандыру төлемін осы Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған кезден бастап жетi жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
Өзіне кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн бір жыл және одан да көп мерзiмге белгiлеуге байланысты қызметкердің табысты (кiрiсті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеу ретiнде тиесiлi сақтандыру төлемi осы Заңның 23-бабына сәйкес сақтанушымен жасалған аннуитет шартына сәйкес қызметкердiң кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн белгiлеу не ұзарту (қайта куәландыру) мерзiмiне тең, бірақ қызметкердің Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуі мерзімінен аспайтын мерзiм бойы қызметкердiң пайдасына аннуитеттiк төлемдер түрiнде жүзеге асырылады.
Табысты (кiрiсті) жоғалтуға байланысты зиянды өтеу ретiнде сақтандырушы жүзеге асыратын сақтандыру төлемдерінен міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.
Жазатайым оқиға болған кезде қызметкердiң қайтыс болуына байланысты, сондай-ақ орын алған жазатайым оқиғаның салдарынан оның денсаулығының нашарлау себебi бойынша зиянды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтету құқығы бар тұлғалардың пайдасына аннуитеттiк төлемдер түрiнде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген мерзiм бойы жүзеге асырылады.
Осы Заңда көзделген жағдайларда, пайда алушылар болып табылатын өзге де тұлғалардың сақтандыру төлемiн алуға құқығы бар.
Аннуитет шарты бойынша аннуитеттiк төлемдерді есептеу тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.
Өмiрi мен денсаулығына келтiрген зиян үшiн белгiленген тәртiппен жауапты деп танылған заңды тұлға таратылған жағдайда, зардап шеккен қызметкермен не қызметкердiң қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес құқығы бар адаммен осы Заңда көзделген тәртiппен аннуитет шарты жасалады.
2. Осы баптың 2-1-тармағына сәйкес бір санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлеуге жұмсалған шығыстарды қоспағанда, жұмыскерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда оның денсаулығының зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеуді сақтандырушы осы шығыстарды шеккен жұмыскер не тұлға ұсынған, осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде жүзеге асырады. Бұл ретте, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық көмекке жұмсалатын шығыстар өтелуге жатпайды.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемдерінің жиынтық мөлшері мынадай мөлшерлерден (республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштерде) аспауға тиіс:
1) кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесi отыздан елу тоғыз пайызды қоса алғанға дейiн белгiленген кезде – 500;
2) кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесi алпыстан сексен тоғыз пайызды қоса алғанға дейiн белгiленген кезде – 750;
3) кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесi тоқсаннан бір жүз пайызды қоса алғанға дейiн белгiленген кезде – 1000.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемдерiн сақтандырушы осы шығыстарды шеккен қызметкер не тұлға осы шығыстарды растайтын құжаттарды ұсынған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде, осы тармақта белгіленген мөлшерлер шегінде жүзеге асырады.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеу жөніндегі жиынтық сақтандыру төлемдерін сақтандырушы осы тармақтың екінші бөлігінде айқындалған мөлшерлер шегінде, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылудың алғаш рет белгіленген тиісті дәрежесі бойынша жүзеге асырады.
2-1. Кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі бастапқы белгіленгеннен кейін зардап шеккен жұмыскердің зардап шеккен жұмыскерді оңалтудың жеке бағдарламасына қарамастан бір санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлеуге жұмсалған шығыстарды өтеттіріп алуға құқығы бар.
Жұмсалған шығыстарды өтеу осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшерде жүзеге асырылады.
2-2. Кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 2015 жылғы 10 мамырға дейін отыздан бір жүз пайызды қоса алғандағы мөлшерде бастапқы рет белгіленген және 2015 жылғы 10 мамырдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде куәландыру мерзімінсіз ұзартылған (қайта куәландырылған) жұмыскерлер жұмыскердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін ұзарту (қайта куәландыру) мерзіміне тең мерзім ішінде сақтандыру төлемдерін алуға құқылы.
Осы тармақта көрсетілген сақтандыру төлемдері сақтанушы (пайда алушы) осы Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды ұсына отырып жүгінген күннен бастап тағайындалады.
3. Зардап шеккен қызметкер қайтыс болған жағдайда, оны жерлеудi жүзеге асырған тұлғаға сақтандырушы жерлеуге жұмсалған шығыстарды республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінде өтейдi.
4. Егер осы бапта көзделген сақтандыру төлемiнiң (сақтандыру төлемдерiнiң) және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстардың мөлшерi жұмыскердi жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасының мөлшерiнен асып түскен жағдайда, айырма сақтандырушыға сақтанушының есебiнен төленедi.
Егер сақтандыру төлемінің (сақтандыру төлемдерінің) және жерлеуге жұмсалған шығыстардың, оңалту шараларын жүргізуге, санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығындардың сомасын (сомаларын) ескере отырып, алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындар жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасының мөлшерінен асып түскен жағдайда, алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындар жүзеге асырылмайды.
5. Сақтандыру төлемiн аударуға байланысты шығыстар сақтандырушының есебiнен жүргiзiледi.
6. Сақтанушыға алдын алу шараларын жүргізуге нақты жұмсаған шығындарын өтеуді сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысы толық көлемде төленген жағдайда және сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ғана, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сақтандыру сыйлықақысының алты пайызынан аспайтын мөлшерде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы N 30 Заңы.
Осы Заң қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны өткiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы