1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімнің 5-бабын және 7-бабының бірінші бөлігін түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының 2009 жылғы 28 қыркүйектегі № 01-1/1-09 консультативтік қорытындысы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай құрамда:
ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы, төрағалық етуші Ф. Абдуллоев,
ТМД Экономикалық Сотының судьялары: С.Ж. Жолдыбаев, Л.Э. Каменкова, А.Ш. Керімбаева, Т.Н. Молчанова,
ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі В.Н. Чаушниктің, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің өкілдері В.Н. Вежновецтің, В.В. Гирейконың қатысуымен,
сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведеваның қатысуымен,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімнің (5-бабын және 7-бабының бірінші бөлігін) (бұдан әрі – 1992 жылғы 13 наурыздағы келісім, Келісім) түсіндіру туралы сұраумен жүгінді.
Сұрау салуға Қазақстан Республикасында тұрып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісі ретінде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алған азамат Ю.В. Гремяченскийдің хаты негіз болды. Тұрақты тұру үшін көшіп барған Ресей Федерациясының құзыретті органдары оған мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақысын төлеуден бас тартып, жасына байланысты еңбек зейнетақысын тағайындаған.
Осыған байланысты ТМД Атқарушы комитеті мыналарды түсіндіруді сұрайды:
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекетте мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алған және басқа қатысушы мемлекетке тұрақты тұруға көшкен азаматтың жаңа тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеу құқығы сақтала ма;
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы, азаматқа мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындаған мемлекет, егер жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасында осындай түрдегі зейнетақы төлеу көзделмесе, осы Келісімге қатысушы басқа мемлекетке тұрақты тұруға кеткен азаматқа мұндай зейнетақыны төлеуді жалғастыруға міндетті ме.
Баяндамашы судья Т.Н. Молчановты, ТМД Атқарушы комитетінің өкілі В.Н. Вежновецті тыңдап, Бас кеңесші В.Н. Чаушниктің қорытындысын талқылап, 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің нормаларын, қатысушы мемлекеттердің зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы заңнамасын және іс бойынша қолда бар өзге де материалдарды зерделеп әрі талдай келе, ТМД Экономикалық Соты мынаны атап өтеді.
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің 5-бабын және 7-бабының бірінші бөлігін түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабында бекітілген шартты түсіндірудің жалпы қағидасына сәйкес жүзеге асырылады, оған сәйкес шарт «адал ниетпен, шарттың мәнмәтінінде терминдерге берілуге тиіс әдеттегі мағынаға сәйкес, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттары тұрғысынан» түсіндіріледі.
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттер: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы, Украина болып табылады. Келісім оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енді. Молдова Республикасы Келісімге «бұл мәселелер екіжақты келісімдермен реттеледі» деген ескертпемен қол қойды.
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің мақсаты, оның атауы мен преамбуласынан туындайтындай, КСРО құрамында болған кезеңде өз аумағында немесе басқа республикалардың аумағында зейнетақымен қамсыздандыру құқығына ие болған және осы құқықты Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында іске асыратын еңбекке қабілетсіз адамдарға қатысты қатысушы мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындауы болып табылады.
Келісімнің 1-бабына сәйкес, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтары мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру олар тұратын мемлекеттің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл норма зейнетақы тағайындау және төлеу мәселелерінде ұлттық заңнамаға сілтеме жасайды және аумақтық қағидатты бекітеді.
Келісімнің 5-бабы Келісімнің қолданылу аясын айқындайды және оның Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген немесе белгіленетін зейнетақымен қамсыздандырудың барлық түрлеріне қолданылатынын көздейді.
Аталған норма ТМД Экономикалық Сотына қатысушы мемлекеттердің Келісімнің қолданылуын ол күшіне енгенге дейін де, одан кейін де туындаған зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі құқықтық қатынастарға таратуды көздеген деп есептеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге Келісімнің қолданылу аясынан (2-бап) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі, арнайы Келісіммен реттелетін қатынастар алынып тасталған. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты Келісімде мұндай сілтемелік норма жоқ. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде көпжақты немесе екіжақты деңгейде мемлекеттік қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне арналған халықаралық шарттар жасалмаған.
Осыны ескере отырып, Келісімнің зейнетақымен қамсыздандырудың барлық түрлеріне қолданылуы мемлекеттік қызметшілер сияқты адамдар санатын зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі құқықтық қатынастардың да Келісімнің қолданылу аясына кіретінін білдіреді.
Келісімнің 7-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, «Келісімге қатысушы мемлекеттердің шегінде зейнеткер басқа жерге қоныс аударған кезде, егер зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері мемлекеттің заңнамасында дәл осындай түрдегі зейнетақы көзделсе, бұрынғы тұрғылықты жері бойынша зейнетақы төлеу тоқтатылады».
Бұл норманың талдауы ТМД Экономикалық Сотының 2008 жылғы 26 наурыздағы № 01-1/2-07 шешімінде қамтылған. Онда Келісімге қатысушы мемлекеттердің шегінде зейнеткер басқа жерге қоныс аударған кезде азаматтың жаңа тұрғылықты жері бойынша заңнамада көзделген дәл осындай түрдегі зейнетақыға (мысалы, жасына байланысты, мүгедектігі бойынша, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы және т.б.) құқығы сақталатыны; егер жаңа тұрғылықты жері мемлекеттің заңнамасында дәл осындай түрдегі зейнетақы көзделмесе, зейнеткер кеткен мемлекет зейнетақы төлеуді жалғастыратыны атап көрсетілген.
Осылайша, жаңа тұрғылықты жері мемлекетінде зейнетақы алу құқығының сақталуын немесе оны тағайындаған мемлекеттің зейнетақы төлеуді жалғастыруын Келісімнің 7-бабының бірінші бөлігі азамат тұрақты тұруға көшкен мемлекеттің заңнамасында дәл осындай түрдегі зейнетақының болуымен байланыстырады. Осыған орай, «дәл осындай түрдегі зейнетақы» терминінің мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы сияқты зейнетақы түріне қатысты мәнін анықтау қажет. Бұл мән 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасының нормалары, оларды қолдану практикасы, сондай-ақ мемлекеттердің Келісімнің 8-бабына сәйкес жасасқан екіжақты халықаралық шарттары негізінде ашылуы мүмкін.
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің зейнетақы заңнамасын талдау белгілі бір түрдегі зейнетақы алу құқығы азаматтарда осы зейнетақы түрі үшін заңда көзделген барлық шарттар болған жағдайда туындайтынын көрсетеді. Мұндай шарттардың жиынтығы зейнетақы тағайындаудың құқықтық негізі болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ТМД Экономикалық Соты Келісімнің 7-бабының бірінші бөлігінде қамтылған «дәл осындай түрдегі зейнетақы» терминін түсіндіре отырып, зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасында осы зейнетақыны тағайындаудың дәл осындай негіздері (шарттары) белгіленген жағдайда ғана зейнетақыны «дәл осындай түрдегі зейнетақыға» жатқызуға болады деп есептейді.
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасын зерделеу Армения Республикасында, Қазақстан Республикасында, Қырғыз Республикасында, Тәжікстан Республикасында мемлекеттік қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы көзделмегенін және осы санаттағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруда қандай да бір ерекшеліктер жоқ екенін көрсетті.
Беларусь Республикасында мемлекеттік қызметшілер 2003 жылғы 14 маусымдағы № 204-З «Беларусь Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Беларусь Республикасының Заңына сәйкес, ер адамдар 60 жасқа, әйел адамдар 55 жасқа толғанда және мемлекеттік қызмет өтілі кемінде 20 жыл болғанда (бұл ретте 1994 жылғы 1 наурыздан кейін мемлекеттік лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс істеуі тиіс) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алуға және оны толық көлемде төлеуге құқылы. Аталған зейнетақы тек Беларусь Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне ғана тағайындалады. Оларға Беларусь Республикасының мемлекеттік органдарында заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымдарды атқаратын Беларусь Республикасының азаматтары жатады (5, 7-баптар).
Ресей Федерациясында 2003 жылғы 27 мамырдағы № 58-ФЗ «Ресей Федерациясының мемлекеттік қызмет жүйесі туралы» Федералдық заңға сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесі мемлекеттік қызметтің мынадай түрлерін қамтиды: мемлекеттік азаматтық қызмет, әскери қызмет, құқық қорғау қызметі. Бұл ретте мемлекеттік азаматтық қызмет федералдық мемлекеттік азаматтық қызметке және Ресей Федерациясы субъектісінің мемлекеттік азаматтық қызметіне бөлінеді.
Федералдық мемлекеттік азаматтық қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы 2001 жылғы 15 желтоқсандағы № 166-ФЗ «Ресей Федерациясындағы мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Федералдық заңға сәйкес, 2009 жылғы 18 шілдедегі № 187-ФЗ «Ресей Федерациясындағы мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Федералдық заңға және «Ресей Федерациясының мемлекеттік азаматтық қызметі туралы» Федералдық заңның 39-бабына өзгерістер енгізу туралы» Федералдық заңмен енгізілген өзгерістерді ескере отырып тағайындалады.
Ресей Федерациясының федералдық мемлекеттік азаматтық қызметшілері аталған Заңда көрсетілгендей, мынадай шарттар сақталған кезде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу құқығына ие болады:
мемлекеттік азаматтық қызмет өтілі кемінде 15 жыл болуы;
федералдық мемлекеттік азаматтық қызмет лауазымында кемінде 12 толық ай жұмыс істеуі;
Заңда айқындалған белгілі бір негіздер бойынша федералдық мемлекеттік азаматтық қызметтен босатылуы.
Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы «Еңбек зейнетақылары туралы» Федералдық заңға сәйкес тағайындалған жасына байланысты (мүгедектігі бойынша) еңбек зейнетақысына белгіленеді және онымен бір мезгілде төленеді.
Ресей Федерациясының мемлекеттік азаматтық қызметі – Ресей Федерациясының мемлекеттік азаматтық қызметі лауазымдарындағы Ресей Федерациясы азаматтарының кәсіби қызметтік қызметін білдіретін мемлекеттік қызметтің түрі екенін атап өткен жөн (Ресей Федерациясының 2004 жылғы 27 шілдедегі № 79-ФЗ «Ресей Федерациясының мемлекеттік азаматтық қызметі туралы» Федералдық заңының 12-бабы).
Украинаның 1993 жылғы 16 желтоқсандағы № 3724-XII «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында мемлекеттік қызметшілердің зейнетақы алу құқығы заңнамада белгіленген зейнеткерлік жасқа толған, ер адамдар үшін кемінде 25 жыл, әйел адамдар үшін кемінде 20 жыл сақтандыру өтілі бар, оның ішінде кемінде 10 жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар және зейнеткерлік жасқа толған кезде мемлекеттік қызметшілер лауазымдарында жұмыс істеген адамдарға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының санаттарына жатқызылған лауазымдарда кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар адамдарға, олардың зейнеткерлік жасқа толған кездегі жұмыс орнына қарамастан, берілетіні белгіленген.
ТМД Экономикалық Соты мемлекеттік қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы атауында ұқсастық болғанына қарамастан, қатысушы мемлекеттердің заңнамасы бойынша оны тағайындау негіздері (шарттары) әртүрлі болуы мүмкін екенін атап өтеді.
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы, өз заңнамасында мемлекеттік қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы белгіленген мемлекеттер Келісімнің 7-бабының бірінші бөлігін қолданған кезде зейнетақымен қамсыздандырудың тиісті түріне құқық беретін негіздердің болуын басшылыққа алады.
Мәселен, Беларусь Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Келісімнің 7-бабының бірінші бөлігінің ережелерін іске асыру кезінде «дәл осындай түрдегі зейнетақы» термині зейнеткер қоныс аударған мемлекетте ұқсас шарттармен (негіздермен) тағайындалуы мүмкін зейнетақы деп түсінілуге тиіс екенін хабарлады.
Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараты бойынша, Келісімнің 7-бабына сәйкес азаматқа зейнетақы төлеуді тоқтату мәселесін шешу кезінде қоныс аударған мемлекет аумағында көзделген зейнетақымен қамсыздандыру түріне құқық алу негіздерінің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ретте зейнетақымен қамсыздандыру түрінің атауының бірдей болуына емес, оның құқықтық мәні мен құқықтың өзін айқындайтын шарттарға сүйену керек.
Екіжақты халықаралық шарттардың нормаларының мазмұнынан 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттер осы Келісімнің 7-бабының бірінші бөлігінде қамтылған қағиданы мәні бойынша нақтылағаны туындайды және ТМД Экономикалық Сотының пікірінше, «дәл осындай түрдегі зейнетақы» термині «дәл осындай негіздер бойынша тағайындалған зейнетақы» мағынасында түсіндіріледі.
1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімнің 8-бабына сәйкес жасалған Беларусь Республикасының Әлеуметтік қорғау министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы 1998 жылғы 3 маусымдағы Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімде «зейнеткер бір Уағдаласушы Тараптың аумағынан екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына қоныс аударған кезде, егер жаңа тұрғылықты жері Уағдаласушы Тараптың заңнамасында зейнетақы тағайындаудың дәл осындай негіздері көзделсе, бұрынғы тұрғылықты жері бойынша зейнетақы төлеу тоқтатылады» деп белгіленген (5-баптың бірінші бөлігі).
Ресей Федерациясының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы 1995 жылғы 10 ақпандағы Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы азаматтардың құқықтарының кепілдіктері туралы келісімде зейнеткер бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттің аумағына қоныс аударған кезде, егер жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасында зейнетақы тағайындаудың дәл осындай негіздері көзделсе, бұрынғы тұрғылықты жері бойынша зейнетақы төлеу тоқтатылатыны бекітілген (7-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі).
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ТМД Экономикалық Соты азаматтың 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінде алған мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақысын төлеу құқығы оның басқа қатысушы мемлекетке тұрақты тұруға көшкен кезде жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасында осы зейнетақыны тағайындаудың дәл осындай негіздері (шарттары) көзделген жағдайда ғана сақталады деп есептейді.
Егер зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері болып табылатын қатысушы мемлекеттің заңнамасында оған аталған зейнетақы тағайындалған негіздермен (шарттармен) дәл осындай негіздер (шарттар) белгіленбесе, мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны төлеуді бұрынғы тұрғылықты жері мемлекеті жалғастырады.
Сонымен бірге зейнеткер басқа жерге қоныс аударған кезде оны тағайындаған қатысушы мемлекеттің мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеу міндеті зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасына сәйкес зейнетақы алу құқығы (оның ішінде басқа түрдегі зейнетақы алу құқығы) туындағанға дейін сақталады (Беларусь Республикасы мен Украина Үкіметтері арасындағы 1995 жылғы 14 желтоқсандағы Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы азаматтардың құқықтарының кепілдіктері туралы келісімнің 8-бабының үшінші бөлігі, Беларусь Республикасының Әлеуметтік қорғау министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы 1998 жылғы 3 маусымдағы Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 5-бабының екінші бөлігі).
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты Регламентінің 127¹, 139, 143-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.
1. 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінде алған мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақысын төлеу құқығы азаматтың басқа қатысушы мемлекетке тұрақты тұруға көшкен кезде, егер жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасында осы зейнетақыны тағайындаудың дәл осындай негіздері (шарттары) көзделсе, сақталады.
2. Азаматқа мемлекеттік қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындаған 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісімге қатысушы мемлекет, егер жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасы бойынша азамат зейнетақының осы түрін алу құқығына ие болмаса, басқа қатысушы мемлекетке тұрақты тұруға кеткен азаматқа осы зейнетақыны төлеуді жалғастыруға міндетті.
3. Консультативтік қорытындының көшірмесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетіне және мәлімет үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне жіберілсін.
4. Консультативтік қорытынды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесі туралы 1992 жылғы 6 шілдедегі келісімге қатысушы мемлекеттердің басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады.
Төраға Ф. Абдуллоев
* Дұрыс:*
* Ұйымдастыру жұмысы және қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Д. Апостол*
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар