1992 жылғы 14 ақпандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы келісімді; 1997 жылғы 28 наурыздағы ТМД мемлекеттерінде әскери қызметшілерді, әскери қызметтен босатылған азаматтарды және олардың отбасы мүшелерін тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету туралы келісімді түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының 2002 жылғы 11 желтоқсандағы № 01-1/4-02 консультативтік қорытындысы
Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына 1992 жылғы 14 ақпандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы келісімнің 3-бабын, 1997 жылғы 28 наурыздағы ТМД мемлекеттерінде әскери қызметшілерді, әскери қызметтен босатылған азаматтарды және олардың отбасы мүшелерін тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету туралы келісімнің 1-бабын және 2-бабының бірінші бөлігін түсіндіру туралы сұрау салумен жүгінді.
Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы КСРО Қарулы Күштерінде бұрын әскери қызметте болған және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бірінің қарулы күштерінде қызметін жалғастырған әскери қызметшінің әскери қызметтен босатылғаннан кейін тұрақты тұру үшін көшіп барған мемлекетте тұрғын үй алаңымен қамтамасыз етілуге құқығы бар-жоғын түсіндіруді сұрайды.
Іс материалдарын зерттеп, Регламенттің 127-тармағына сәйкес Экономикалық Сот төмендегідей қорытынды береді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы 1992 жылғы 14 ақпандағы әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы келісім аталған санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудің жалпы қағидаттарын белгілейтін негіздемелік келісім болып табылады.
1-бапқа сәйкес осы Келісімнің құқықтық негізі бұрынғы КСРО-ның әскери қызметшілерге, әскери қызметтен босатылған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне белгілі бір құқықтар мен жеңілдіктер деңгейін бекітетін заңдары мен өзге де нормативтік актілері болып табылады. Келісімде КСРО нормативтік актілерімен белгіленген құқықтар мен жеңілдіктерді шектеуге жол берілмейді, сонымен бірге Достастыққа қатысушы мемлекеттерге әскери қызметшілерді, әскери қызметтен босатылған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауды күшейту жөнінде шаралар қабылдау құқығы беріледі.
Келісімнің 3-бабына сәйкес Достастыққа қатысушы мемлекеттер тұратын жері жоқ немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуды қажет ететін әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін болатын елдің заңнамасына сәйкес тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етеді. Бұл бап өзінің мазмұны бойынша да, тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету құқығы реттелетін субъектілер тобы бойынша да шектеулі сипатқа ие. Субъектілік аясы бойынша ол тек тұрғын үйі жоқ немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуды қажет ететін әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады. Мазмұндық тұрғыдан алғанда, ол мемлекеттерге халықаралық міндеттемелер жүктемейді, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін ұлттық заңнаманың қарауына қалдырады. Оның үстіне, бапта әскери қызметшілерді тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етудің нысандары да, кепілдіктері де көзделмеген. Көрсетілген ережелердің шектеулі сипаты Келісімнің 2-бабында да атап көрсетілген. Онда Достастыққа қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемесі ретінде әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің және әскери қызметтен босатылған адамдардың барлық саяси, әлеуметтік-экономикалық және жеке құқықтарын ұлттық заңнамаға сәйкес толық көлемде қамтамасыз ету белгіленген. Алайда тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы әлеуметтік құқықтардың ішінде тек алып отырған тұрғын үй-жайларда тұру құқығы ғана көрсетілген.
Келісімде әскери қызметтен босатылған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты арнайы бап жоқ. Келісімнің 4-бабы жалпы нысанда мемлекеттерді 1992 жылға дейін аталған санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі келісілген заңнамалық актілер әзірлеуге міндеттейді.
1997 жылғы 28 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде әскери қызметшілерді, әскери қызметтен босатылған азаматтарды және олардың отбасы мүшелерін тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету туралы келісім 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімді толықтыратын және нақтылайтын арнайы сипаттағы шарт болып табылады, бұл 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімнің преамбуласынан туындайды.
Келісімнің 1-бабы Келісімнің ережелері қолданылатын субъектілер тобын белгілейді. Оларға мыналар жатады: 1) Достастыққа қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері мен өзге де әскери құралымдарында кәсіби негізде әскери қызмет өткеріп жүрген (мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді қоспағанда), бұрын КСРО Қарулы Күштерінде және басқа да әскери құралымдарында, Достастықтың Біріккен Қарулы Күштерінде әскери қызметте болған әскери қызметшілер; 2) аталған әскери қызметшілер қатарынан шыққан, олардың болатын еліне қатысты шетел азаматтары болған не тұрақты тұратын жері ретінде таңдаған мемлекеттің аумағында азаматтық алуға құқығы бар азаматтар. «Шетел азаматтары» термині бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінде әскери қызметте болған және бұрын тұрған одақтас республиканың азаматтығын автоматты түрде алған бұрынғы әскери қызметшілерге, сондай-ақ Достастықтың Біріккен Қарулы Күштерінде әскери қызметте болған және басқа мемлекеттің азаматтығын алған адамдарға қатысты қолданылады. Достастыққа қатысушы, өздері жаңа тұрақты тұратын жері ретінде таңдаған мемлекеттің азаматтығын алуға құқығы бар адамдарға бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінде немесе өзге де әскери құралымдарында қызмет еткен және КСРО ыдырағаннан кейін одақтық азаматтығынан айырылып, азаматтығы жоқ адамдарға айналған бұрынғы әскери қызметшілер жатады.
Олардың шетел азаматы немесе азаматтық алуға құқығы бар азаматтығы жоқ адам мәртебесі әскери қызметтен босатылуына байланысты 1991 жылғы 31 желтоқсаннан кейін көшіп барған мемлекетке қатысты белгіленеді. Бұл кейінгі барлық баптарды (3, 4, 6-баптарды) талдаудан туындайды, олар аталған адамдарды бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттің аумағына тұрақты тұруға көшіп бара жатқан азаматтардың бірыңғай санатына жатқызады.
Келісімде әскери қызметтен босатылған азаматтардың ТМД-ның басқа мемлекетіне тұрақты тұруға көшкен кезде тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығы неғұрлым толық реттелген. Оның үстіне, Келісімде мұндай азаматтардың тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етілу құқығы ғана белгіленіп қоймай, бұрынғы қызмет өткерген мемлекеттері (тұрған жерлері) жүзеге асыратын бірқатар шаралар арқылы оған кепілдік те беріледі.
Келісімнің 3-бабына сәйкес әскери қызметтен босатылған азаматтар және олардың отбасы мүшелері Достастыққа қатысушы бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттің аумағына тұрақты тұруға көшкен кезде өздері таңдаған тұрғылықты жері бойынша келген мемлекеттің азаматтары үшін белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етіледі. Сол баптың екінші және үшінші абзацтарында аталған азаматтар әскери қызмет өткерген мемлекеттің қарулы күштері олар үшін өздері таңдаған тұрақты тұратын жері бойынша тұрғын үй-жайларды алдын ала сатып алатыны белгіленген. Бұл азаматтардың бұрынғы тұрғылықты жері бойынша алып отырған тұрғын үй-жайларын босату шартымен де, егер оларға тұрғын үй-жайлар берілмеген болса, мұндай тұрғын үй-жайларды босату болмаған жағдайда да жүзеге асырылады. Тұрғын үй-жайларды сатып алу тәртібі мен мерзімдері мемлекеттер үкіметтері арасындағы екіжақты келісімдер негізінде белгіленеді.
Жоғарыда баяндалған ережелерді дамыту мақсатында осы Келісімнің 4-бабы әскери қызметтен босатылған азаматтарға тұрақты тұру үшін бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттің аумағына көшкен кезде ведомстволық тиесілігіне қарамастан, алып отырған тұрғын үй-жайларын басқа мемлекетке қатысушы азаматтармен айырбастауға, сондай-ақ жекешелендірілген тұрғын үй-жайларын қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген нормалар мен тәртіп бойынша сатуға құқық береді, ал мұндай заңнама болмаған жағдайда, ол қабылданғанға дейін бұрынғы КСРО заңнамасында белгіленген нормалар мен тәртіп қолданылады.
6-бапта осындай азаматтарға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдары олардың алып отырған тұрғын үй-жайларына қатысты босату, жекешелендіру, айырбастау, сату немесе өзге де әрекеттер жасағанын растайтын құжаттар беруді көздейді.
1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімге Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы қол қойған. 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімге қатысушы болып табылатын Әзербайжан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан, Украина оған қол қойған жоқ. 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімге қатысушы және 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімге қол қойған мемлекеттердің ішінде тек Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасы өздерінің хабарламаларын депоненттеп, осылайша 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісім 2001 жылғы 19 сәуірде күшіне енді және аталған мемлекеттерге қатысты қолданылады.
Алайда Армения Республикасы мен Беларусь Республикасы Келісімге қол қою кезінде 3 және 4-баптарға ескертпелер жасады. Армения Республикасы 3-баптың екінші және үшінші абзацтарын, яғни қатысушы мемлекеттердің өздерінің қарулы күштерінде қызмет өткерген азаматтар үшін олар таңдаған тұрақты тұратын жері бойынша тұрғын үй-жайларды алдын ала сатып алу және осы мәселе бойынша қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасында екіжақты келісімдер жасасу міндетіне қатысты ережелерді, сондай-ақ 4-баптың бірінші абзацын, яғни әскери қызметтен босатылған азаматтардың тұрақты тұру үшін басқа қатысушы мемлекеттің аумағына көшкен кезде алып отырған тұрғын үй-жайларын ведомстволық тиесілігіне қарамастан басқа қатысушы мемлекеттің азаматтарымен айырбастау құқығын бекітетін ережені алып тастау туралы мәлімдеді. Алайда Армения Республикасы 2000 жылғы 25 қаңтарда 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімге Хаттамаға қол қойғанын ескеру қажет, оның 5-бабы 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімнің 4-бабы бірінші абзацының ережесін қайталайды. Хаттаманың 5-бабында Армения Республикасы бұрын ескертпе жасаған 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімнің 4-бабы бірінші абзацының ережесі қайталанатынын ескере отырып, 2001 жылғы 19 сәуірде Хаттамаға қол қою туралы хабарламаны депоненттеу арқылы Армения Республикасы әскери қызметтен босатылған азаматтардың Достастықтың басқа мемлекеттерінің азаматтарымен алып отырған тұрғын үй-жайларын жаңа тұрғылықты жеріне көшкен кезде айырбастау құқығын өзі үшін заңдық тұрғыдан міндетті деп таныды, бұл аталған ескертпенің заңдық күшін жойғанын білдіреді деген қорытынды жасауға болады.
Беларусь Республикасы 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімнің 3-бабының жоғарыда баяндалған екінші және үшінші абзацтарын алып тастау туралы ұқсас ескертпе жасады.
1969 жылғы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 21-бабын басшылыққа ала отырып, 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісім Армения Республикасы үшін 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімге Хаттама күшіне енгеннен кейін, өзі жасаған ескертпе күшін сақтайтын 3-баптың ережелерін қоспағанда, ал Беларусь Республикасы үшін де өзі 3-бапқа қатысты мәлімдеген ескертпені қоспағанда, заңдық тұрғыдан міндетті болып табылады деген қорытынды жасау керек.
Келісім осылайша ескертпелер жасаған мемлекеттердің басқа қатысушылармен қарым-қатынастарында да қолданылады, атап айтқанда, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасымен қатынастарда. Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы қатынастарда 1997 жылғы Келісім толық көлемде қолданылады.
Тек 1992 жылғы Келісімге қатысушы мемлекеттер мен 1992 және 1997 жылдардағы екі Келісімге де қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда 1992 жылғы 14 ақпандағы және 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімдердің қолданылуына қатысты 1969 жылғы Вена конвенциясының 30-бабын басшылыққа алу қажет. Конвенцияның 30-бабының 4-тармағының «b» тармақшасына сәйкес екі Келісімге де қатысушы мемлекеттер (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы) мен бір Келісімге ғана қатысушы мемлекеттер (Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Украина) арасындағы қатынастарда барлық мемлекеттер қатысушысы болып табылатын 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісім қолданылады. Конвенцияның 30-бабының 3-тармағына сәйкес екі Келісімге де қатысушы мемлекеттер үшін (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы) 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімнің ережелері тек 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімнің ережелерімен үйлесімді болған шамада ғана қолданылады.
1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімге Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Украина 2000 жылғы 25 қаңтарда қол қойған және 2001 жылғы 21 қыркүйекте күшіне енген Хаттамамен әскери қызметтен босатылған азаматтарға 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімге ұқсас түрде Достастықтың басқа мемлекеттерінің азаматтарымен алып отырған тұрғын үй-жайларын Достастықтың басқа мемлекетіне тұрақты тұруға көшуіне байланысты айырбастау құқығы бекітілді (5-баптың үшінші абзацы). 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімге өзгерістер енгізген Хаттама Армения Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Украина үшін заңдық тұрғыдан міндетті деп танылды.
1969 жылғы Вена конвенциясының 30-бабының 4-тармағының «b» тармақшасына және 40-бабының 4-тармағына сәйкес 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісім Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстанға қатысты бастапқы редакциясында қолданылады; Беларусь Республикасына қатысты – 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісім; Украинаға қатысты – 2000 жылғы 25 қаңтардағы Хаттамамен енгізілген өзгерістер ескерілген 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісім; Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасына қатысты – 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісім және 2000 жылғы 25 қаңтардағы Хаттама; Армения Республикасына қатысты – 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісім және 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімге 2000 жылғы 25 қаңтардағы Хаттама.
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасын талдау олардың ішінде 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімнің 3-бабында көзделгендей, әскери қызметтен босатылған адамдарды тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша келісілген ұлттық-құқықтық нормалардың жоқ екенін көрсетті.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және сұрау салудың мәнін ескере отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы 1992 жылғы 14 ақпандағы әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы Келісім осы санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғаудың жалпы қағидаттарын бекітетін және бұрынғы КСРО-ның заңдары мен басқа да нормативтік актілеріне негізделетін негіздемелік шарт болып табылады. Әскери қызметшілер мен олардың тұрғын үйі жоқ немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуды қажет ететін отбасы мүшелерінің тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етілу құқығын бекітетін Келісімнің 3-бабы субъектілік аясы жағынан да, мазмұндық тұрғыдан да шектеулі сипатқа ие. Субъектілік аясы бойынша ол тек әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады. Мазмұндық тұрғыдан алғанда, бап мемлекеттерге аталған санаттағы азаматтарды тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету міндетін жүктемейді, керісінше, болатын елдің заңнамасында белгіленген нормалар мен тәртіпке басымдық береді.
1997 жылғы 28 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде әскери қызметшілерді, әскери қызметтен босатылған азаматтарды және олардың отбасы мүшелерін тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету туралы Келісім 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімнің ережелерін толықтыратын, дамытатын және нақтылайтын, сондай-ақ аталған санаттағы адамдардың тұрғын үйге құқығын іске асырудың құқықтық кепілдіктерін бекітетін арнайы шарт болып табылады.
1-бапта Келісім қолданылатын субъектілер тобы белгіленеді. Оларға Достастық мемлекеттерінің қарулы күштері мен өзге де әскери құралымдарында кәсіби әскери қызметте жүрген, бұрын КСРО Қарулы Күштерінде немесе ТМД-ның Біріккен Қарулы Күштерінде әскери қызметте болған әскери қызметшілер, сондай-ақ мынадай шарттарға сәйкес келетін аталған әскери қызметшілер қатарынан шыққан азаматтар жатады: а) 1991 жылғы 31 желтоқсаннан кейін (яғни КСРО ыдырағаннан кейін) әскери қызметтен босатылған; б) болатын еліне қатысты шетел азаматтары болып табылатын; в) өздері тұрақты тұратын жер ретінде таңдаған мемлекетте азаматтық алуға құқығы бар. «Шетел азаматтары» термині бұрын ТМД-ның Біріккен Қарулы Күштерінде әскери қызметте болған және әскери қызметтен босатылғаннан кейін тұрғылықты жері ретінде таңдаған мемлекетке қатысты шетел азаматы болып табылатын адамдарға қатысты қолданылады. Жаңа тұрақты тұратын жерінің мемлекетінде азаматтық алуға құқығы бар адамдарға КСРО Қарулы Күштерінде бұрын әскери қызметте болған, КСРО ыдырағаннан кейін одақтық азаматтығынан айырылып, азаматтығы жоқ адамдарға айналған бұрынғы әскери қызметшілер жатады.
Бұрын КСРО Қарулы Күштерінде әскери қызметте болған және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерінде қызметін жалғастырған, кейін әскери қызметтен босатылып, ТМД мемлекеттерінің бірінің аумағына тұрақты тұру үшін көшіп барған әскери қызметшілердің тұрғын үй алаңымен қамтамасыз етілу құқығына 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісім кепілдік береді, атап айтқанда, мұндай адамдарға өздері тұрған тұрғын үй-жайды, оның ішінде ведомстволық үйлердегі және жекешелендірілген тұрғын үй-жайларды айырбастау, сату құқықтарын беру арқылы қамтамасыз етеді. Алайда Келісімді ТМД-ға мүше төрт мемлекет қана (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасы) мойындады. Аталған адамдарды қызмет өткерген жерінің мемлекеті тарапынан тұрғын үй-жаймен қамтамасыз етудің құқықтық кепілдіктеріне келетін болсақ, Келісім бұл бөлігінде тек екі мемлекетке – Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасына қатысты қолданылады және олардың арасында арнайы уағдаластықтың болуын көздейді.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің басым бөлігі қатысушысы болып табылатын, Армения Республикасы мен Грузияны қоспағанда, 1992 жылғы 14 ақпандағы әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы Келісім әскери қызметтен босатылған адамдарды олардың тұрақты тұратын жерінің мемлекеті тарапынан тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету мәселесін реттемейді. Келісім олардың өздері алып отырған тұрғын үй-жайларда тұру құқығын ғана растайды.
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің әскери қызметтен босатылған адамдардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты ұлттық заңнамасында осы мәселе бойынша келісілген бірдей ережелер жоқ, ал мазмұндық тұрғыдан алғанда, ол мемлекеттердің 1992 жылғы 14 ақпандағы немесе 1997 жылғы 28 наурыздағы Келісімдерге қатысушы болуына қарай реттеледі.
1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларында әскери қызметтен босатылған адамдарды тұрғын үй алаңымен қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін нормалардың болмауы немесе олардың осы саладағы құқықтарын әскери қызметшілер тұратын мемлекеттердің азаматтарының құқықтарымен теңестіру осы Келісімнің 1-бабының ережелерін орындамау болып табылады.
Төраға А.Б. Каженов
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар