1992 жылғы 15 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру және әскери қызметшілерді мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімнің 1-бабын түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының 2014 жылғы 27 мамырдағы № 01-1/5-13 консультативтік қорытындысы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының құрамы: төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Л.Э. Каменкова, ТМД Экономикалық Сотының судьялары: Э.Н. Нагорная, В.Х. Сейтимова,
сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведева,
Бас кеңесші В.Н. Чаушниктің,
ТМД Атқарушы комитетінің өкілі П.С. Юркевичтің қатысуымен,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына (бұдан әрі – Экономикалық Сот, Сот) 1992 жылғы 15 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру және әскери қызметшілерді мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – 1992 жылғы 15 мамырдағы келісім, Келісім) 1-бабын түсіндіру туралы сұраумен жүгінді.
Сұрауға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлерінің бұрынғы әскери қызметшісінің өтініші негіз болған. Онда тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің құзыретті органдары оған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны алғаш рет тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаны, бұл ретте мұндай зейнетақы әскери қызметшіні қызметтен босатқан мемлекетте тағайындалуға тиіс екеніне және Келісімге қатысушы басқа мемлекеттен тұрақты тұруға келген, қызметтен босатылған кезде зейнетақы тағайындалмаған адамның еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындауға негіздері жоқ екеніне сілтеме жасағаны көрсетілген.
ТМД Атқарушы комитеті Келісімге қатысушы мемлекеттердің әскери қызметтен босатылған және Келісімге қатысушы басқа мемлекетке тұрақты тұруға келген әскери қызметшілерінің, егер қызмет өткерген мемлекетінің заңнамасы бойынша олар еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау құқығына ие болмаған болса, жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны алғаш рет тағайындау құқығы бар-жоғын түсіндіруді сұрайды.
Судья-баяндамашы В.Х. Сейтимованы, ТМД Атқарушы комитетінің өкілі П.С. Юркевичті тыңдап, Бас кеңесші В.Н. Чаушниктің қорытындысын талқылап, 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің нормаларын, Достастықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы өзге де халықаралық-құқықтық актілерін, ұлттық заңнаманы, сондай-ақ 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің құқық қолдану практикасын талдап, іс материалдарын зерттей келе, Экономикалық Сот мынаны атап өтеді.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 1-бабын түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабына (бұдан әрі – 1969 жылғы Вена конвенциясы) сәйкес жүзеге асырылады. Аталған бапқа сәйкес шарт оның мәтініндегі терминдерге олардың мәнмәтінінде берілетін әдеттегі мағынаға сай, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттары ескеріле отырып, адал ниетпен түсіндірілуге тиіс.
Сот түсіндіру мақсатында әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандырудың жекелеген мәселелері бойынша бұрын қабылданған шешімдерде тұжырымдалған құқықтық ұстанымдарды ескереді (1996 жылғы 4 қыркүйектегі № С-1/11-96, 2000 жылғы 20 қаңтардағы № 01-1/5-99, 2007 жылғы 13 сәуірдегі № 01-1/5-06, 2009 жылғы 6 ақпандағы № 01-1/2-08 шешімдер).
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттер: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы, Украина болып табылады. Молдова Республикасы Келісімге «3-баптан басқа, өзге редакцияда» деген ескертпемен қол қойған.
Сот Келісім әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері болып табылатын белгілі бір тұлғалар тобына зейнетақымен қамсыздандыру тәртібін белгілейтін арнайы халықаралық шарт болып табылатынын негізге алады (2007 жылғы 13 сәуірдегі № 01-1/5-06 шешім).
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісім оның кіріспесіне сәйкес 1992 жылғы 14 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы келісімге (бұдан әрі – 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісім) негізделеді. Осыған байланысты Сот Келісімнің 1-бабының ережелерін әскери қызметтен босатылғаннан кейін әскери қызметшілерге басқа тұрғылықты жерді таңдау және заңнамада белгіленген зейнетақыны алу құқығын беретін 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімнің нормаларымен өзара байланыста түсіндіреді.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 1-бабында «Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштерінің және осы мемлекеттердің заң шығарушы органдары құрған басқа да әскери құралымдардың, Достастықтың Біріккен Қарулы Күштерінің, бұрынғы КСРО Қарулы Күштері мен өзге де әскери құралымдарының әскери қызметшілерін зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті мемлекеттік сақтандыру, сондай-ақ осы әскери қызметшілердің отбасыларын зейнетақымен қамсыздандыру аталған әскери қызметшілер мен олардың отбасылары тұратын мемлекеттердің заңнамасында белгіленген немесе белгіленетін шарттармен, нормалармен және тәртіппен, ал осы мемлекеттер аталған мәселелер бойынша заңнамалық актілер қабылдағанға дейін бұрынғы КСРО заңнамасында белгіленген шарттармен, нормалармен және тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте 1992 жылғы 14 ақпандағы Әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы келісімге сәйкес қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленетін әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын зейнетақымен қамсыздандыру деңгейі бұрынғы КСРО-ның заңнамалық және өзге де нормативтік актілерінде белгіленген деңгейден төмен болмауға тиіс» деп көзделген.
Көрсетілген нормада аумақтық қағидат бекітілген, ол әскери қызметшілерді тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасы бойынша зейнетақымен қамсыздандыруды білдіреді (2009 жылғы 6 ақпандағы № 01-1/2-08 шешім). Бұл ретте зейнетақымен қамсыздандыру деп мемлекет пен әскери қызметші (оның отбасы мүшесі) арасындағы қатынастардың бүкіл кешені, оның ішінде зейнетақы алуға құқығы бар адамдар тобын айқындау, зейнетақы тағайындауға қажетті еңбек сіңірген жылдарын есептеу, зейнетақы тағайындау, есептеу, төлеу және қайта есептеу түсініледі (1996 жылғы 4 қыркүйектегі № 01-1/11-96 шешім).
Экономикалық Сот 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісім еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасы бойынша тағайындауды қызмет өткерген мемлекетінің заңнамасы бойынша осындай зейнетақы түріне құқықтың туындауымен байланыстырмайтынын атап өтеді. Аумақтық қағидат (тұрақты тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасы бойынша) зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі мемлекет пен әскери қызметші арасындағы қатынастардың бүкіл кешеніне қолданылады, бұл ретте зейнетақымен қамсыздандырудың зейнетақы тағайындауға қажетті еңбек сіңірген жылдарын есептеу сияқты құрамдас бөлігінің ерекшеліктері ескеріледі.
Сот 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының бірінші бөлігінің ережелерін назарға алады. Аталған нормаға сәйкес «әскери қызметшілерге зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдардағы қызмет (оның ішінде жеңілдікпен есептелетін шарттардағы қызмет) әскери қызметшілер қызмет өткерген қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен есептеледі».
Баяндалғандар 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 1-бабында белгіленген жалпы қағидадан жалғыз ерекшелік болып табылады.
Экономикалық Сот еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу құқығының бар-жоғы туралы мәселе Келісімнің 1-бабында белгіленген аумақтық қағидатты ескере отырып, яғни тұрақты тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасы бойынша қаралуға тиіс деп есептейді.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында тұрақты тұратын, бұрын басқа қатысушы мемлекеттердің заң шығарушы органдары құрған қарулы күштер мен өзге де әскери құралымдарда әскери қызмет өткерген азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін реттейтін ұлттық заңнаманы зерделеу мынадай жағдайларды көрсетті.
1992 жылғы 17 желтоқсандағы № 2050-XII «Беларусь Республикасының әскери қызметшілерін, ішкі істер органдарының, Беларусь Республикасының Тергеу комитетінің, төтенше жағдайлар жөніндегі органдар мен бөлімшелердің және қаржылық тергеп-тексеру органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Беларусь Республикасы Заңының кіріспесіне сәйкес, «осы Заңда көзделген зейнетақымен қамсыздандыру шарттары, нормалары мен тәртібі Беларусь Республикасының аумағында тұрақты тұратын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштерінің, ішкі, шекара, теміржол әскерлерінің ... әскери қызметшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне де қолданылады».
1993 жылғы 12 ақпандағы № 4468-1 «Әскери қызмет өткерген, ішкі істер органдарында, Мемлекеттік өртке қарсы қызметте, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымын бақылау жөніндегі органдарда, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері мен органдарында қызмет өткерген адамдарды және олардың отбасыларын зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Ресей Федерациясы Заңының 1-бабына сәйкес, осы Заңда көзделген зейнетақымен қамсыздандыру шарттары, нормалары мен тәртібі «осы Заңның 4-бабында көрсетілген, басқа мемлекеттерде әскери қызмет, ... ішкі істер органдарында, ... қылмыстық-атқару жүйесінің органдарында қызмет өткерген адамдарға – Ресей Федерациясы не бұрынғы КСРО осы мемлекеттермен жасасқан әлеуметтік қамсыздандыру туралы шарттарда (келісімдерде) оларды зейнетақымен қамсыздандыру өздері тұратын мемлекеттің заңнамасы бойынша жүзеге асырылуы көзделген жағдайда» қолданылады.
1994 жылғы 1 желтоқсандағы № 1106 «Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Тәжікстан Республикасы Заңының кіріспесінде және 4-бабында басқа мемлекеттерде әскери қызмет, ішкі істер органдарында, қылмыстық жазаларды орындау жүйесінің мекемелері мен органдарында қызмет өткерген, осы мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру құқығын қамтамасыз етуде Ресей заңнамасына ұқсас тәсіл бекітілген.
1992 жылғы 9 сәуірдегі № 2262-XII «Әскери қызметтен босатылған адамдарды және кейбір басқа адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Украина Заңында осы Заңның талаптары бойынша зейнетақымен қамсыздандыру құқығы қызметтен босатылған «осы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған қарулы күштер мен өзге де әскери құралымдардың әскери қызметшілері қатарындағы, Украинада тұрақты тұратын басқа мемлекеттердің азаматтарына, сондай-ақ міндеттілігіне келісім берген Украина Жоғарғы Радасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес оларды зейнетақымен қамсыздандыру өздері тұратын мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын адамдарға» берілетіні көзделген (Заңның 1–2-бабының д) тармақшасы).
1993 жылғы 23 маусымдағы № 1544-XII «Әскери қызметшілерді және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Молдова Республикасы Заңының 11-бабының 2-тармағына сәйкес, «басқа мемлекеттердің қарулы күштерінің, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін, сондай-ақ олардың отбасыларын зейнетақымен қамсыздандыру әлеуметтік қамсыздандыру туралы екіжақты шарттар (келісімдер) негізінде жүзеге асырылады».
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы жекелеген мемлекеттердің әскери зейнетақы мәселелерін реттейтін заңнамалық актілерінде (2010 жылғы 22 желтоқсандағы № ЗР-243 «Мемлекеттік зейнетақылар туралы» Армения Республикасының Заңы), әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін реттейтін актілерінде (2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы), еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы мәселелері бойынша (2012 жылғы 19 қазандағы Түрікменстанның Халықты әлеуметтік қорғау кодексі) жалпыазаматтық зейнетақы жүйелері шеңберінде осы мемлекеттердің аумағында тұрақты тұратын және басқа мемлекеттердің қарулы күштері мен өзге де әскери құралымдарында әскери қызмет өткерген әскери қызметшілердің зейнетақы құқықтарына қатысты тікелей (арнайы) нормалар жоқ.
Аталған актілерде «мемлекет аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, азаматтармен тең дәрежеде зейнетақымен қамсыздандыру құқығын пайдаланады» (2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 2-тармағы), «осы Заңда белгіленген талаптар орындалған жағдайда, егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, Армения Республикасының азаматы, шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам зейнетақы алу құқығына ие болады. Шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам Армения Республикасында тұру құқығы болған кезең үшін зейнетақы алу және зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болады» (2010 жылғы 22 желтоқсандағы № ЗР-243 «Мемлекеттік зейнетақылар туралы» Армения Республикасы Заңының 7-бабының 1-тармағы), «Түрікменстан аумағында тұрақты тұратын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Түрікменстанның халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттармен Түрікменстан азаматтарымен тең дәрежеде зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау құқығын пайдаланады» (2012 жылғы 19 қазандағы Түрікменстанның Халықты әлеуметтік қорғау кодексінің 5-бабының 2-тармағы) деген жалпы ережелер бар.
Осылайша, 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттерде әскери қызметтен босатылған әскери қызметшілердің Келісімге қатысушы басқа мемлекеттен тұрақты тұруға көшкен кезде тұрақты тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасы бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу құқықтарын іске асыруға негіз қалыптасқан.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің әскери қызмет туралы заңнамасы еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алуға құқығы бар әскери қызметшілер қатарына қарулы күштерде және басқа да әскери құралымдарда әскери қызмет өткерген азаматтарды, оның ішінде ішкі әскерлерде қызмет өткерген адамдарды жатқызатынын негізге ала отырып, Экономикалық Сот 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрліктерінің, ішкі істер министрліктерінің және басқа да ведомстволарының жауаптарын талдады.
Жауаптардан Келісімге қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдары қарулы күштерде, ішкі әскерлерде әскери қызмет өткеріп, әскери қызметтен босатылған және қызмет өткерген мемлекетінің заңнамасы бойынша зейнетақының осы түрін алу құқығына ие болмаған әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындауға жол беретіндігі байқалады. Бұл ретте мұндай адамдарға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындаудың қажетті шарты – тұрақты тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасында белгіленген еңбек сіңірген жылдарына қойылатын талаптарға сәйкестік. Мұндай ұстанымды Әзербайжан Республикасының Ішкі істер министрлігі (2014 жылғы 29 қаңтардағы № 001-3176-1224 хат), Беларусь Республикасының Қорғаныс министрлігі (2014 жылғы 24 қаңтардағы № 1/154 хат), Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және Ішкі істер министрлігі (2014 жылғы 16 қаңтардағы № 6/39-151, 2014 жылғы 27 ақпандағы № 1-20-13-120/1-1862 хаттар), Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігі (2014 жылғы 23 қаңтардағы № 30/163 хат), Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі (2014 жылғы 14 наурыздағы № 180/6/1950, 2014 жылғы 31 наурыздағы № 180/6/2762 хаттар), Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және Ішкі істер министрлігі (2014 жылғы 27 қаңтардағы № 17/67, 2014 жылғы 25 қаңтардағы № 29/5-94 хаттар), Түрікменстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі (2014 жылғы 28 қаңтардағы № 06/191 хат), Украина Зейнетақы қоры (2014 жылғы 14 ақпандағы № 4228/02-30 хат) ұстанады.
Бірқатар мемлекеттер мұндай зейнетақыны тағайындау талабы ретінде осы мемлекеттердің заңнамасында көзделген құжаттарды ұсынуды көрсетеді: Беларусь Республикасының Ішкі істер министрлігі (2014 жылғы 24 қаңтардағы № 45/1682 хат), Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігі (2014 жылғы 5 ақпандағы № 1/796 хат).
Армения Республикасының Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес (2014 жылғы 15 ақпандағы № ПН/510-192 хат), «...егер Келісімге қатысушы мемлекеттің қарулы күштерінің бұрынғы әскери қызметшісіне қызметтен босатылған жері бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындалмаған болса, онда Армения Республикасына тұрақты тұруға көшкен кезде оған мұндай зейнетақы тағайындауға негіздер жоқ».
Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге сілтеме жасай отырып, әскери қызметшілерге зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары ТМД-ға қатысушы әскери қызметшілер қызмет өткерген мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен есептелетінін хабарлады. Осыған сүйене отырып, Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі әскери қызметшінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау құқығы бар адам ретіндегі мәртебесі әскери қызмет өткерген мемлекетінің заңнамасы бойынша айқындалатынын көрсетті. Осыған байланысты Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі әскери қызмет өткерген жері бойынша зейнетақы алу құқығынсыз босатылып, Ресей Федерациясына тұрақты тұруға келген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі әскерлерінің бұрынғы әскери қызметшілеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны алғаш рет тағайындауды жүзеге асырмайды (2014 жылғы 7 ақпандағы № 1/996 хат).
Мемлекеттердің құзыретті органдарынан келіп түскен ақпаратты талдау негізінде Экономикалық Сот 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің көпшілігінде әскери қызметтен босатылып, басқа мемлекетке тұрақты тұруға келген әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы қызмет өткерген мемлекетінің заңнамасы бойынша осындай зейнетақы алу құқығының бар-жоғына қарамастан, тұрақты тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасы бойынша тағайындалатыны туралы қорытындыға келді. Бұл ретте 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 1-бабында белгіленген қағидалар, яғни әскери қызметшілерді олар тұратын қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген шарттармен, нормалармен және тәртіппен зейнетақымен қамсыздандыру қағидалары сақталады.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімді іске асырудың қалыптасқан практикасына қатысты Экономикалық Сот 1992 жылғы 14 ақпандағы Келісімнің 1-бабына сәйкес «әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың ... құқықтары мен жеңілдіктерін біржақты шектеуге жол берілмейтінін» атап өтуді қажет деп санайды. 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 4-бабына сәйкес қатысушы мемлекеттер «...зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін уақтылы және дұрыс шешу үшін маңызы бар міндеттемелерді анықтау кезінде тұрақты ынтымақтастықты жүзеге асыруға» міндеттенген.
Осылайша, Экономикалық Сот жүргізілген зерттеуге сүйене отырып, 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерінен, ішкі әскерлерінен босатылған және осы Келісімге қатысушы басқа мемлекетке тұрақты тұруға келген әскери қызметшілердің, тіпті қызмет өткерген мемлекетінің заңнамасы бойынша мұндай құқыққа ие болмаған жағдайдың өзінде, тұрақты тұратын мемлекетінің аумағында қолданыстағы заңнамада белгіленген шарттармен, нормалармен және тәртіппен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындауға құқығы бар екенін констатациялайды.
Баяндалғандардың негізінде, ТМД Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын, ТМД Экономикалық Соты Регламентінің 134¹, 150-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.
1. 1992 жылғы 15 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру және әскери қызметшілерді мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің әскери қызметтен босатылған және осы Келісімге қатысушы басқа мемлекетке тұрақты тұруға келген әскери қызметшілерінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны тұрақты тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасында көзделген шарттармен, нормалармен және тәртіппен, әскери қызмет өткерген мемлекетінің заңнамасы бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу құқығының бар-жоғына қарамастан, тағайындауға құқығы бар.
2. Консультативтік қорытындының көшірмесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетіне жіберілсін, мәлімет үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне, қорғаныс министрліктеріне және ішкі істер министрліктеріне, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесіне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрлері кеңесіне жолдансын.
3. Консультативтік қорытынды 1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің Достастық басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады.
Төраға Л.Э. Каменкова
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар