1992 жылғы 15 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамтамасыз ету және әскери қызметшілерді мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімнің 2-бабының ережелерін қолдануды түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының 2009 жылғы 9 желтоқсандағы № 01-1/2-09 консультативтік қорытындысы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай құрамда:төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Ф. Абдуллоев,ТМД Экономикалық Сотының судьялары: С.Ж. Жолдыбаев, Л.Э. Каменкова, А.Ш. Керімбаева, Т.Н. Молчанова,сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведеваның қатысуымен,ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі В.В. Логиновтың қатысуымен,Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына 1992 жылғы 15 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамтамасыз ету және әскери қызметшілерді мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – 1992 жылғы 15 мамырдағы келісім, Келісім) 2-бабының ережелерін қолдануды түсіндіру туралы сұраумен жүгінді.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабын түсіндіру қажеттілігі Келісімге қатысушы бір мемлекеттен екінші мемлекетке қоныс аударған кезде әскери қызметшілерге зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес (табыс) мөлшерін айқындауға қатысты мәселелерді әртүрлі түсінуге байланысты туындады.
Сұрау салуға бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі Я.Я. Скворцовтың ТМД Қорғаныс министрлері кеңесіне жасаған өтініші негіз болды. Әскери қызметтен босатылғаннан және Ресей Федерациясына тұрақты тұруға көшкеннен кейін оған 25 жыл 3 ай еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындалған. Бұл зейнетақы 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қызмет өткерген мемлекет заңнамасы бойынша белгіленген. Зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес мөлшерін айқындау кезінде еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстеме (бұдан әрі – пайыздық үстеме) Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес әскери қызметтегі еңбек сіңірген жылдарын ескере отырып есептелген.
Осыған байланысты ТМД Қорғаныс министрлері кеңесі 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттер әскери қызметтен босатылған адамдар басқа мемлекетке тұрақты тұруға көшкен жағдайда, оларға зейнетақы тағайындау кезінде 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әскери қызметші әскери қызмет өткерген мемлекеттің заңнамасы бойынша белгіленген әскери қызметтегі еңбек сіңірген жылдарын 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігіне сәйкес әскери қызметшілер немесе олардың отбасы мүшелері тұратын мемлекеттердің заңнамасында айқындалған тәртіппен зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес мөлшерін айқындау кезінде, оның ішінде еңбек сіңірген жылдары үшін үстемені есептеу барысында тануға (есепке алуға) міндетті ме деген мәселені түсіндіруді сұрайды.
Баяндамашы судья Л.Э. Каменкованы тыңдап, Бас кеңесші В.В. Логиновтың қорытындысын талқылап, 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің нормаларын, қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын және іс бойынша өзге де материалдарды зерделеп, талдаған ТМД Экономикалық Соты төмендегіні атап өтеді.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттер: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы, Украина болып табылады.
Бұған дейін ТМД Экономикалық Соты 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының бірінші бөлігін түсіндіру кезінде 2007 жылғы 13 сәуірдегі № 01-1/5-06 шешімінде түсіндірілетін Келісім әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері болып табылатын белгілі бір адамдар тобына зейнетақымен қамтамасыз ету тәртібін белгілейтіндіктен, арнайы халықаралық шарт болып табылатынын атап өткен. Кіріспеде көрсетілгендей, Келісім 1992 жылғы 14 ақпандағы Әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы келісімге және 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімге негізделген.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, «әскери қызметшілерге зейнетақы тағайындау үшін осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдардағы қызмет (оның ішінде жеңілдікті шарттармен) әскери қызметшілер қызмет өткерген қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек сіңірген жылдарына есептеледі».
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігіне сәйкес, «әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес (табыс) мөлшері әскери қызметшілер немесе олардың отбасы мүшелері тұратын қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады».
Экономикалық Сот 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының ережелеріне түсіндірме беру қажет деп есептейді. Бұл ретте 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 30 және 31-баптарын басшылыққа алып, ТМД Экономикалық Сотының 2007 жылғы 13 сәуірдегі № 01-1/5-06 шешімін назарға алады. Түсіндіру мақсатында Келісімнің 1-бабының ережелерін ескере отырып, бұрынғы КСРО заңнамасына және әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз етуді реттейтін қатысушы мемлекеттердің заңнамасына жүгіну қажет.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 1-бабына сәйкес, «Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштерінің және осы мемлекеттердің заң шығарушы органдары құрған басқа да әскери құрылымдардың, Достастықтың Біріккен Қарулы Күштерінің, бұрынғы КСРО Қарулы Күштері мен өзге де әскери құрылымдарының әскери қызметшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету және міндетті мемлекеттік сақтандыру, сондай-ақ осы әскери қызметшілердің отбасыларын зейнетақымен қамтамасыз ету аталған әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері тұратын қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген немесе белгіленетін шарттармен, нормалармен және тәртіппен жүзеге асырылады, ал осы мемлекеттер тиісті мәселелер бойынша заңнамалық актілер қабылдағанға дейін – бұрынғы КСРО заңнамасында белгіленген шарттармен, нормалармен және тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте қатысушы мемлекеттердің 1992 жылғы 14 ақпандағы Әскери қызметшілердің, әскери қызметтен босатылған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері туралы келісімге сәйкес заңнамасында белгіленетін әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейі бұрынғы КСРО-ның заңнамалық және өзге де нормативтік актілерінде бұрын белгіленген деңгейден төмен болмауға тиіс».
Көрсетілген норманың мазмұнынан әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұлттық заңнамаларды қалыптастырудың негізі бұрынғы КСРО-ның осы санаттағы адамдарды зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамасы болғаны көрінеді. Онда белгіленген зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейі қатысушы мемлекеттердің заңнамасы үшін ең төменгі міндетті әлеуметтік стандарт болып табылады және қабылданған халықаралық міндеттемелерді сақтау мақсатында қамтамасыз етілуге тиіс. Қатысушы мемлекеттер осы мәселелер бойынша заңнамалық актілер қабылдағанға дейін әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету бұрынғы КСРО заңнамасында белгіленген шарттармен, нормалармен және тәртіппен жүзеге асырылды.
1990 жылғы 28 сәуірдегі «Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» КСРО Заңының 46-бабының үшінші бөлігіне және КСРО Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 24 шілдедегі № 725 «Офицерлік құрам, прапорщиктер, мичмандар және мерзімнен тыс қызметтегі әскери қызметшілер, ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдары мен олардың отбасыларына еңбек сіңірген жылдарын есептеу, зейнетақылар мен жәрдемақылар тағайындау және төлеу тәртібі туралы» қаулысының 2-тармағына сәйкес зейнетақылар әскери қызметшілердің мынадай ақшалай үлес түрлерінен есептеледі: лауазымдық айлықақы, әскери атағы бойынша айлықақы және еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстеме. 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қол қойылған күні ақшалай үлестің аталған құрамдас бөліктерінің ішінде тек пайыздық үстеменің мөлшері ғана еңбек сіңірген жылдарына байланысты айқындалды. Әскери қызметшілерге пайыздық үстеменің мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу тәртібі (есепке алынатын кезеңдер, есептеу шарттары, мөлшерлері) КСРО Қорғаныс министрінің 1978 жылғы 14 тамыздағы № 075 бұйрығымен бекітілген Кеңес Армиясы мен Әскери-Теңіз Флоты әскери қызметшілерінің ақшалай үлесі туралы ережемен реттелді.
КСРО Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 15 желтоқсандағы № 1290 «Офицерлік құрам, прапорщиктер, мичмандар және мерзімнен тыс қызметтегі әскери қызметшілер, ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарына зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары және осы әскери қызметшілерге, басшы және қатардағы құрам адамдарына және олардың отбасыларына берілетін жәрдемақылар туралы» қаулысында зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары әскери қызметші әскери қызмет өткерген кезеңдердің, сондай-ақ әскери қызметке жатпайтын, бірақ зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына есептелетін өзге де кезеңдердің жиынтығы ретінде түсінілді. Әскери қызмет кезеңдері еңбек сіңірген жылдарына күнтізбелік және жеңілдікті (отыздан астам әртүрлі негіз бойынша) есептеу тәртібімен енгізілді.
Зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын және ақшалай үлес түрі ретінде пайыздық үстеменің мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеуді реттейтін бұрынғы КСРО заңнамасын талдау мынаны көрсетеді:
зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу және ақшалай үлес түрі ретінде пайыздық үстемені айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу әртүрлі құқықтық актілермен реттелген;
зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары мен ақшалай үлес түрі ретінде пайыздық үстемені айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарының өзіндік мақсаттары болған:
- зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алу құқығын белгілеу және осы зейнетақының мөлшерін пайызбен айқындау кезінде қолданылған;
- ақшалай үлес түрі ретінде пайыздық үстемені айқындау үшін еңбек сіңірген жылдары пайыздық үстеме алу құқығын белгілеу және оның мөлшерін пайызбен есептеу үшін қызмет еткен;
есепке алынатын кезеңдердің саны мен оларды жеңілдікті шарттармен есептеу тәртібі сәйкес келмеген.
ТМД Экономикалық Соты бұрынғы КСРО заңнамасында зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу мен ақшалай үлес түрі ретінде пайыздық үстеменің мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеуді реттеудің бөлінуі 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабында көрініс тапқанын атап өтеді.
2-баптың бірінші бөлігінің нормасында еңбек сіңірген жылдарын есептеу қандай мәселені шешу үшін жүргізілетіні, атап айтқанда, зейнетақы тағайындау үшін жүргізілетіні нақтыланған. Әскери қызметші қызмет өткерген қатысушы мемлекеттің заңнамасы бойынша есептелген еңбек сіңірген жылдары еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алу құқығын белгілеуге негіз болады.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының бірінші бөлігін бір қатысушы мемлекетте еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы тағайындалған бұрынғы әскери қызметші басқа қатысушы мемлекетке тұрақты тұруға көшкен жағдайға қатысты түсіндіру ТМД Экономикалық Сотының 2007 жылғы 13 сәуірдегі № 01-1/5-06 шешімінде берілген. Шешімде атап өтілгендей, мұндай жағдайда зейнетақы тағайындау кезінде қызмет өткерген мемлекет заңнамасы бойынша, оның ішінде жеңілдікті шарттармен есептелген еңбек сіңірген жылдары жаңа тұрғылықты жері бойынша қайта есептеуге жатпайды.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігі зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес мөлшері қандай тәртіппен айқындалатынын көздейді – әскери қызметшілер тұратын қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес. Екінші бөліктің нормасында пайыздық үстеменің мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарына тікелей сілтеме жасалмағанымен, ол ақшалай үлестің түрі болып табылатын пайыздық үстемені айқындау кезінде қажетті элемент ретінде мәтіннің мәнмәтінінен туындайды. Пайыздық үстемені есептеу тәртібі ақшалай үлеске қатысты белгіленген тәртіптен өзгеше болуы мүмкін емес. Осы себепті ақшалай үлеске қатысты қолданылуға тиіс заңнама туралы ереже пайыздық үстеменің мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарына да қолданылады.
Жоғарыда баяндалғандар ТМД Экономикалық Сотының пайыздық үстемені айқындау үшін еңбек сіңірген жылдары да осы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігіне сәйкес әскери қызметшілер тұратын қатысушы мемлекеттердің заңнамасы нормалары бойынша есептеледі деген қорытындыға келуіне мүмкіндік береді.
Осылайша, 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабында бір жағдайда – зейнетақы алу құқығын айқындау үшін (бірінші бөлік), екінші жағдайда – ақшалай үлес мөлшерін айқындау үшін (екінші бөлік) еңбек сіңірген жылдарын есептеуге қатысты қолданылатын ұлттық заңнама жөнінде жеке қағидалар белгіленген. Осы себепті әскери қызметшілер қызмет өткерген қатысушы мемлекеттердің заңнамасы бойынша есептелген зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алу құқығын белгілеу үшін қабылданады және зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес мөлшерін айқындау кезінде, оның ішінде еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстемені есептеу барысында ескерілмейді. Еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстеме әскери қызметшілер тұратын қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес есептеледі. Пайыздық үстеменің мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдары да дәл осындай тәртіппен есептеледі.
1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамалары зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары мен пайыздық үстемені айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарына қатысты жоғарыда баяндалған тәсілдерді ескереді.
Мәселен, Беларусь Республикасының, Қырғыз Республикасының, Молдова Республикасының, Ресей Федерациясының және Украинаның заңнамаларында бұрынғы КСРО заңнамасында белгіленген зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары мен пайыздық үстеменің мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарының сипаттамаларына қатысты ерекшеліктер сақталған. Әскери қызмет болып табылмайтын өзге қызмет кезеңдерінің есепке алынатын саны, сондай-ақ зейнетақы тағайындау үшін және пайыздық үстеменің мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеудің жеңілдікті шарттары еңбек сіңірген жылдарын есептеу негіздері мен шарттарының саны бойынша ерекшеленеді. 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттерден аталған мемлекеттердің аумағына тұрақты тұруға келген бұрынғы әскери қызметшілер-зейнеткерлерге зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес мөлшері, оның ішінде пайыздық үстеменің мөлшерін айқындауға арналған еңбек сіңірген жылдары аталған мемлекеттердің ұлттық заңнамасында белгіленген шарттар мен нормалар бойынша айқындалады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстеме төлеу көзделмеген. Сонымен бірге зейнетақы тағайындау үшін ескерілетін әскери қызметшілердің лауазымдық айлықақыларының мөлшері әскери қызметшілер әскери қызмет өткерген мемлекеттердің заңнамасына сәйкес есептелген күнтізбелік еңбек сіңірген жылдарына байланысты белгіленеді. Алайда зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік есептеумен қатар жеңілдікті есептеуде де ескеріледі, ал бұл лауазымдық айлықақының мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу кезінде көзделмеген. Осылайша, Қазақстан Республикасының заңнамасында да зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу шарттары мен лауазымдық айлықақы мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу шарттары ерекшеленеді.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, ТМД Экономикалық Соты туралы ереженің 5 және 16-тармақтарын және ТМД Экономикалық Соты Регламентінің 127¹ және 143-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты 1992 жылғы 15 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамтамасыз ету және әскери қызметшілерді мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімнің 2-бабының ережелерін қолдануды түсіндіру кезінде мынадай қорытындыларға келді:
1. 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімге қатысушы бір мемлекеттен екінші қатысушы мемлекетке тұрақты тұруға көшкен бұрынғы әскери қызметші-зейнеткер көшкен кезде 1992 жылғы 15 мамырдағы Келісімнің 2-бабының бірінші бөлігіне сәйкес есептелген әскери қызметтегі еңбек сіңірген жылдары еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алу құқығын белгілеу үшін қабылданады және зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес мөлшерін айқындау кезінде, оның ішінде еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстемені есептеу барысында ескерілмейді.
Зейнетақы тағайындау үшін ақшалай үлес мөлшерін айқындау кезінде, оның ішінде еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстемені есептеу барысында пайыздық үстемені айқындау үшін еңбек сіңірген жылдары Келісімнің 2-бабының екінші бөлігіне сәйкес жаңа тұрғылықты жері мемлекетінің заңнамасы нормалары бойынша есептеледі.
2. Консультативтік қорытындының көшірмесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесіне жіберілсін және мәлімет үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне жолдансын.
3. Консультативтік қорытынды 1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады.
Төраға Ф. Абдуллоев
Дұрыс:
Ұйымдастыру жұмысы және қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Д. Апостол
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Әріптестік туралы меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар