1993 жылғы 24 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру және мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімнің 2-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының 2011 жылғы 15 қарашадағы № 01-1/2-11 консультативтік қорытындысы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты құрамында:
Төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Ф. Абдуллоев,
ТМД Экономикалық Сотының судьялары: С.Ж. Жолдыбаев, Л.Э. Каменкова, А.Ш. Керімбаева, Т.Н. Молчанова,
ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі В.В. Логиновтың, өтініш берушінің өкілі А.А. Родниковтың қатысуымен,
Сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведеваның қатысуымен,
«Тәуелсіз мемлекеттердің ардагерлер (зейнеткерлер) қоғамдық ұйымдарының достастығы» халықаралық одағының Үйлестіру кеңесінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Тәуелсіз мемлекеттердің ардагерлер (зейнеткерлер) қоғамдық ұйымдарының достастығы» халықаралық одағының Үйлестіру кеңесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру және мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – 1993 жылғы 24 желтоқсандағы келісім, Келісім) 2-бабының екінші бөлігін түсіндіру туралы сұраумен жүгінді.
Өтініш беруші 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы бір мемлекеттен екінші мемлекетке тұрақты тұруға көшкен ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері – зейнеткерлерге зейнетақы есептеу кезінде ақшалай қамтылым мөлшерін айқындау мәселесін біркелкі түсінбеуге байланысты, зейнетақы тағайындалған мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен айқындалған ақшалай қамтылым мөлшері 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы басқа мемлекетке тұрақты тұруға көшкен ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкері – зейнеткерге зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің заңнамасына сәйкес зейнетақы есептеу кезінде қайта қаралуға жата ма деген мәселені түсіндіруді сұрайды.
Баяндамашы судья Т.Н. Молчановтың, өтініш берушінің өкілі А.А. Родниковтың түсініктемелерін тыңдап, 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің нормаларын, бұрынғы КСРО-ның және Келісімге қатысушы мемлекеттердің зейнетақы заңнамасын талдап, іс материалдарын зерделеп және ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі В.В. Логиновтың қорытындысын талқылай келе, ТМД Экономикалық Соты мыналарды атап өтеді.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігін түсіндіру 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабында көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады, яғни адал ниетпен, шарттың мәнмәтініндегі терминдерге берілетін әдеттегі мағынаға, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттарына және оны қолданудың кейінгі практикасына сәйкес түсіндіріледі.
Депозитарийдің мәліметтері бойынша, 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісім Қазақстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Түрікменстан үшін 1994 жылғы 21 қарашада; Өзбекстан Республикасы үшін 1995 жылғы 23 қаңтарда; Беларусь Республикасы үшін 1995 жылғы 10 сәуірде; Қырғыз Республикасы үшін 1996 жылғы 19 қаңтарда; Украина үшін 1996 жылғы 10 сәуірде; Ресей Федерациясы үшін 1999 жылғы 9 шілдеде; Молдова Республикасы үшін 2002 жылғы 6 қарашада; Армения Республикасы үшін 2004 жылғы 28 қаңтарда; Әзербайжан Республикасы үшін 2004 жылғы 15 сәуірде қол қойылып, күшіне енген.
Кіріспеге сәйкес, қатысушы мемлекеттер 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімге және ішкі істер органдары қызметкерлерін, ішкі істер органдарынан жұмыстан босатылған адамдарды және олардың отбасыларын әлеуметтік қамсыздандыру саласында ынтымақтасуға деген ниетке сүйене отырып, 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімді жасасты.
Бұған дейін ТМД Экономикалық Соты 2004 жылғы 13 мамырдағы № 01-1/7-03 және 2007 жылғы 20 қыркүйектегі № 01-1/1-07 шешімдерінде 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісім ішкі істер органдары қызметкерлерін, оның ішінде Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің аумағында зейнетақы алу құқығына ие болған және бұл құқықты Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің аумағында іске асыратын ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері – зейнеткерлерді және олардың отбасыларын зейнетақымен қамсыздандырудың негізгі қағидаттарын бекітетінін атап өткен.
Аталған сот актілерінде Келісім ішкі істер органдары қызметкерлері мен олардың отбасылары сияқты адамдардың ерекше тобына зейнетақымен қамсыздандыру тәртібін реттейтін арнайы халықаралық шарт болып табылатыны, негіздемелік сипатқа ие екені және азаматтардың осы санатын зейнетақымен қамсыздандыруды жүзеге асыру кезінде ұлттық заңнаманың айқындаушы рөлін бекітетіні көрсетілген.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігіне сәйкес: «Ішкі істер органдары қызметкерлері мен олардың отбасыларына зейнетақы тағайындау үшін ақшалай қамтылым мөлшері зейнетақы тағайындауды жүзеге асыратын Тараптың заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады. Зейнеткердің тұрғылықты жері өзгерген кезде зейнетақыны есептеу жаңадан таңдалған тұрғылықты жер бойынша Тараптың заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады».
Экономикалық Сот 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігі зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты әртүрлі, бірақ өзара байланысты қатынастарды реттейтінін атап өтеді: ішкі істер органдары қызметкерлеріне зейнетақы тағайындау және ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкері – зейнеткер тұрғылықты жерін өзгерткен кезде оған зейнетақы есептеу.
2007 жылғы 20 қыркүйектегі № 01-1/1-07 шешімінде 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімді түсіндіру кезінде Экономикалық Сот Келісімнің 2-бабының екінші бөлігінде қолданылатын «еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау» және «зейнеткерге зейнетақы есептеу» ұғымдарының аражігін ажыратқан.
Бұл ретте «еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау» деп Келісімге қатысушы мемлекетте тұрақты тұратын ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкеріне зейнетақыны бастапқы рет тағайындау түсініледі, ал «зейнеткерге зейнетақы есептеу» деп еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы бұрын тағайындалған адам тұрғылықты жерін басқа мемлекетке тұрақты тұруға көшуіне байланысты өзгерткен жағдайда оған зейнетақы есептеу түсініледі.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігінің нормасы қандай мемлекеттің заңнамасы қолданылуға жататынын айқындайды: зейнетақыны бастапқы тағайындау кезінде – зейнетақы тағайындауды жүзеге асыратын мемлекеттің заңнамасы; зейнеткер басқа Келісімге қатысушы мемлекетке көшкен кезде оған зейнетақы есептеу кезінде – жаңадан таңдалған тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің заңнамасы қолданылады.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігінде айтылған зейнетақы тағайындау үшін ақшалай қамтылым мөлшері туралы мәселені қарастыра отырып, Экономикалық Сот ұлттық заңнамалар қабылданғанға дейін мемлекеттерде қолданылған бұрынғы КСРО-ның зейнетақы заңнамасына жүгінуді қажет деп санайды.
Ішкі істер органдары қызметкерлеріне де қолданылған КСРО-ның 1990 жылғы 28 сәуірдегі № 1467-I «Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 46-бабының үшінші бөлігінде ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдардың зейнетақысы олардың ақшалай қамтылымынан есептелетіні белгіленген. Бұл ретте олардың зейнетақысын есептеу үшін лауазымдық және арнайы атақ бойынша тиісті лауазымдық айлықақылар, сондай-ақ еңбек сіңірген жылдары (үздіксіз жұмыс өтілі) үшін пайыздық үстемеақы Кеңес Одағы Министрлер Кеңесі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ескерілген.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасын талдау мемлекеттерде бұрынғы КСРО заңнамасының негізгі ережелеріне негізделген, лауазымдық айлықақылар мен арнайы атақ бойынша айлықақыларды, еңбек сіңірген жылдары үшін үстемеақыны және ақшалай қамтылымның басқа да түрлерін қамтитын ақшалай қамтылым жүйелері қалыптасқанын көрсетеді.
Сонымен бірге ішкі істер органдары қызметкерлеріне зейнетақы тағайындау кезінде ақшалай қамтылымды айқындау тәртібі ұлттық заңнамаларда зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ақшалай қамтылым түрлерінің санына байланысты өзіндік ерекшеліктерге ие.
Мәселен, Беларусь Республикасының 1992 жылғы 17 желтоқсандағы № 2050-XII «Әскери қызметшілерді, ішкі істер органдарының, төтенше жағдайлар жөніндегі органдар мен бөлімшелердің және қаржылық тергеу органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 42-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, Беларусь Республикасы Министрлер Кеңесі көздеген тәртіппен басшы және қатардағы құрамдағы адамдардың зейнетақысын есептеу үшін штаттық немесе соңғы атқарған лауазымы бойынша тиісті айлықақылар, арнайы атағы бойынша айлықақылар, еңбек сіңірген жылдары (үздіксіз қызмет немесе жұмыс өтілі) үшін үстемеақы, азық-түлік үлесінің орнына берілетін ақшалай өтемақы, оның ішінде ақшалай қамтылымды индекстеуге байланысты төлемдер ескеріледі.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы № 136-1 «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 63-бабының 2-тармағына сәйкес, ішкі істер органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру кезінде ескерілетін ақшалай қамтылым мөлшеріне лауазымдық айлықақы және арнайы атағы бойынша айлықақы (қосымша ақы) енгізіледі.
Қырғыз Республикасының 1993 жылғы 7 мамырдағы № 1194-XII «Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 45-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдардың зейнетақысын есептеу үшін Қырғыз Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде азық-түлік ақшасын ескере отырып, лауазымы және арнайы атағы бойынша тиісті айлықақылар, сондай-ақ еңбек сіңірген жылдары (үздіксіз жұмыс өтілі) үшін пайыздық үстемеақы есепке алынады.
Украинаның 1992 жылғы 9 сәуірдегі № 2262-XII «Әскери қызметтен босатылған адамдарды және кейбір басқа да адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 43-бабында ішкі істер органдары қызметкерлерінің зейнетақысы заңнамада белгіленген мөлшерде және Украина Министрлер Кабинеті айқындаған тәртіппен лауазымы мен арнайы атағы бойынша тиісті айлықақыларды, еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстемеақыны, ақшалай қамтылымның ай сайынғы қосымша түрлерін (үстемеақыларды, қосымша ақыларды, арттыруларды) және сыйлықақыларды қамтитын ақшалай қамтылым мөлшерінен есептелетіні көзделген.
Экономикалық Сот 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігінің ережелері зейнетақы тағайындау кезінде қолданылуға жататын құқықты ғана емес, сонымен қатар зейнеткер бір Келісімге қатысушы мемлекеттен екінші мемлекетке көшкен жағдайда оған зейнетақы есептеу кезінде қолданылатын құқықты да айқындайтынын атап өтеді. Бұл – зейнеткер жаңадан таңдаған тұрғылықты жері бойынша ұлттық заңнама.
Зейнетақыны есептеу ақшалай қамтылым мөлшерін айқындауды да қамтитындықтан, тиісінше ақшалай қамтылымды есептеу де зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды реттейтін заңнамаларын зерделеу зейнетақы есептеудің, оның ішінде басқа Келісімге қатысушы мемлекеттерден тұрақты тұруға келген зейнеткерлер үшін ақшалай қамтылым мөлшерін айқындаудың негізінен ұқсас тәртібі белгіленгенін көрсетті.
Көрсетілген адамдарға зейнетақы есептеу кезінде теңестіру тетігі – қызметтен босатылғанға дейін атқарған қызметтік (лауазымдық) жағдайын зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасында көзделген ішкі істер органдары басшы және қатардағы құрамындағы тиісті санаттағы адамдардың қызметтік (лауазымдық) жағдайымен салыстыру және сәйкестендіру тетігі қолданылады.
Мәселен, Ресей Федерациясы Үкіметінің 1993 жылғы 22 қыркүйектегі № 941 «Ресей Федерациясында офицерлер, прапорщиктер, мичмандар және мерзімді қызметтен тыс немесе келісімшарт бойынша солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар ретінде әскери қызмет өткерген адамдарға, сондай-ақ ішкі істер органдарында, Мемлекеттік өртке қарсы қызметте, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері мен органдарында қызмет өткерген адамдарға және олардың отбасыларына еңбек сіңірген жылдарын есептеу, зейнетақыларды, өтемақылар мен жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібі туралы» қаулысының 13-тармағына сәйкес, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамындағы қызметтен босатылған адамдардың зейнетақысы Ресейдің ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамындағы тиісті санаттағы адамдарға ұқсас қызметтік жағдайы және өзге де тең жағдайлар кезінде Ресей Федерациясының заңнамасында белгіленген ақшалай қамтылым сомасы негізінде есептеледі.
Осыған ұқсас ережелер Тәжікстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 18 шілдедегі № 332 «Тәжікстан Республикасында әскери қызметті, ішкі істер органдарында, қылмыстық жазаларды орындау жүйесінің органдары мен мекемелерінде, кеден органдарында, салық полициясы бөлімшелерінде, Есірткіге бақылау жасау агенттігінде, прокуратура органдарында қызмет өткерген және судья лауазымын атқарған адамдарға және олардың отбасыларына еңбек сіңірген жылдарын есептеу, зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібі туралы» қаулысының 12-тармағында белгіленген.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрліктері мен басқа да құзыретті органдарының ақпаратына сәйкес, басқа мемлекеттерден тұрақты тұруға келген зейнеткерлерге зейнетақы есептеу кезінде олардың бұрын атқарған қызметтік (лауазымдық) жағдайын жаңа тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметтік (лауазымдық) жағдайына теңестірудің әртүрлі әдістемелері қолданылады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 12 шілдедегі хатында (шығыс № 1-12-54/6167) ақшалай қамтылым мөлшері қызметтен босатылған күнге белгіленетіні, ал лауазымдық айлықақылар атқарған лауазымның тиісті тізілім бойынша еңбекақы төлеу санатына жатқызылуына және қызмет өтіліне байланысты мөлшері белгіленетін коэффициентті ескере отырып есептелетіні көрсетілген.
Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 13 шілдедегі хатында (шығыс № 1/5781) Ресей ІІМ нормативтік құқықтық актілерінде тиісті лауазымдар болмаған жағдайда, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамындағы адамдарға зейнетақы тағайындау үшін лауазымдық айлықақы зейнеткер бұрын атқарған лауазымның мәртебесі мен сол лауазым бойынша қызметтік міндеттері туралы ТМД-ға қатысушы мемлекеттің ішкі істер министрлігінен келіп түскен мәліметтер негізінде ұқсас лауазым бойынша белгіленетіні хабарланған.
Түрікменстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2011 жылғы 15 шілдедегі хатында (шығыс № 05/1243) 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы мемлекеттерден Түрікменстанға тұрақты тұруға келген ішкі істер органдары қызметкерлерінің зейнетақысы 2007 жылы қабылданған Түрікменстанның «Әлеуметтік қамсыздандыру туралы» кодексінің 7-бабына сәйкес зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын жұмыс кезеңіндегі кез келген қатарынан бес күнтізбелік жылдағы табыстан (ақшалай қамтылымнан) айқындалатын жеке коэффициент негізінде есептелетіні атап өтілген.
Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің хабарламасына сәйкес (2011 жылғы 24 маусымдағы хат, шығыс № 672), ақшалай қамтылым мөлшерін айқындау кезінде Өзбекстан Республикасы ІІМ үкіметтік актілер мен Өзбекстан Республикасы ІІМ бұйрықтарын басшылыққа алады. Ұқсас лауазымдар болған кезде лауазымдық айлықақылардың мөлшері осы бұйрықтарға қосымшаларға сәйкес айқындалады, ал мұндай лауазымдар болмаған жағдайда Өзбекстан Республикасы ІІМ зейнеткерлеріне лауазымдық айлықақыларды белгілеуге байланысты даулы мәселелерді қарау жөніндегі комиссия шешім қабылдайды.
Украинаның Ішкі істер министрлігі 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлері қатарынан шыққан зейнеткерлерге зейнетақы есептеу үшін ақшалай қамтылым қызметтен босатылған кездегі соңғы атқарған лауазымына сәйкес айқындалатынын хабарлайды. Егер айлықақы мөлшерін айқындау қажет лауазым лауазымдық айлықақылар схемаларының тізбесінде болмаса, лауазымдық айлықақы мөлшері біліктілік сипаттамалары, функционалдық міндеттері, бөлімшенің ұйымдастырушылық және құрылымдық деңгейі бойынша осы лауазымға сәйкес келетін лауазым негізінде айқындалады (2011 жылғы 14 шілдедегі хат, шығыс № 10872/ВН).
Осылайша, Экономикалық Сот 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабының екінші бөлігін талдау негізінде ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері қатарындағы зейнеткер бір Келісімге қатысушы мемлекеттен екінші мемлекетке тұрақты тұруға көшкен кезде зейнетақы есептеу, оның ішінде ақшалай қамтылым мөлшерін айқындау жаңадан таңдалған тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс екенін тұжырымдайды.
Осыған байланысты зейнетақы тағайындау кезінде айқындалған ақшалай қамтылым мөлшерін қайта қарау мүмкіндігі зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің заң шығарушысының қалауына беріледі.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, ТМД Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын және ТМД Экономикалық Соты Регламентінің 127¹, 143-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай қорытындыларға келді.
1. Ішкі істер органдары қызметкерлері қатарындағы зейнеткер 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру және мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы келісімге қатысушы бір мемлекеттен екінші қатысушы мемлекетке тұрақты тұруға көшкен кезде зейнетақы есептеу барысында ақшалай қамтылым мөлшерін айқындау жаңа тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Консультативтік қорытындының көшірмесі мәлімет үшін «Тәуелсіз мемлекеттердің ардагерлер (зейнеткерлер) қоғамдық ұйымдарының достастығы» халықаралық одағының Үйлестіру кеңесіне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрлері кеңесіне, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрліктеріне, ТМД Атқарушы комитетіне жіберілсін.
3. Консультативтік қорытынды ТМД-ның басылымдарында және 1992 жылғы 6 шілдедегі ТМД Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
Төраға Ф. Абдуллоев
Конституция Заң Кодекс Нормативтік қаулы Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар