Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Консультативтік қорытынды / 2003 жылғы 25 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімнің 16-бабын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде түсіндіру туралы

2003 жылғы 25 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімнің 16-бабын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде түсіндіру туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

2003 жылғы 25 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімнің 16-бабын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде түсіндіру туралы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының 2010 жылғы 1 наурыздағы № 01-1/4-09 консультативтік қорытындысы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты мынадай құрамда:

төрағалық етуші – ТМД Экономикалық Сотының Төрағасы Ф. Абдуллоев,

ТМД Экономикалық Сотының судьялары: С.Ж. Жолдыбаев, Л.Э. Каменкова, А.Ш. Керімбаева, Т.Н. Молчанова,

ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісі М.П. Капыльскийдің,

ТМД Атқарушы комитетінің өкілі В.Н. Вежновецтің қатысуымен,

сот отырысының хатшысы Т.Е. Медведеваның қатысуымен,

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің түсіндіру туралы сұрауы бойынша істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына 2003 жылғы 25 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімнің (бұдан әрі – 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім, Келісім) 16-бабын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде түсіндіру туралы сұраумен жүгінді.

Сұраудың негіздемесінде 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім күшіне енген мемлекеттердің (Армения Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы) ұлттық заңнамасында белгіленген лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыруға арналған аударымдар ТМД-ның жекелеген органдары тарапынан жүргізілмейтіні, бұл олардың азаматтары болып табылатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру құқығын іске асыруға кедергі келтіретіні көрсетілген.

Осыған байланысты ТМД Атқарушы комитеті мыналарды түсіндіруді сұрайды:

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының ережелері ТМД органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру кепілдігінің іске асырылуын қамтамасыз ете ме;

Достастық органдарының бірыңғай бюджетінен ТМД органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруға арналған қаражатты Тараптардың тиісті қорларына аудару жөніндегі міндеттемені Достастық органдарының орындау тетігі көзделген бе;

ТМД органдарының бірыңғай бюджетінен Тараптардың тиісті қорларына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған қаражатты аудару тәртібін қосымша құқықтық реттеу қажет пе;

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім күшіне енбеген мемлекеттердің азаматтары болып табылатын ТМД органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық кепілдіктері қалай қамтамасыз етіледі.

Баяндамашы судья А.Ш. Керімбаеваны тыңдап, ТМД Экономикалық Сотының Бас кеңесшісінің қорытындысын талқылап, 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының ережелерін ескере отырып, 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының нормаларын талдап, Достастық шеңберінде ТМД органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін реттейтін өзге де қолданыстағы халықаралық-құқықтық актілерді зерттеп, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің зейнетақымен қамсыздандыру (сақтандыру) саласындағы заңнамасын және 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігін қолдану практикасы туралы мемлекеттер мен Достастық органдарының хабарламаларын зерделей келе, ТМД Экономикалық Соты төмендегіні атап өтеді.

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында үкіметтер атынан Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін айқындауға бірыңғай көзқарасты қамтамасыз ету, сондай-ақ Достастық органдары қызметінің тиімділігін арттыру мүддесінде жасалды. Келісімге Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Украина қол қойды және депозитарийдің мәліметтері бойынша 2005 жылғы 28 маусымнан бастап Армения Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы үшін, 2006 жылғы 28 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы үшін, 2006 жылғы 25 шілдеден бастап Қырғыз Республикасы үшін күшіне енді.

ТМД Экономикалық Соты 2008 жылғы 16 қыркүйектегі № 01-1/9-07 шешімінде 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысына, ТМД шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға, Мемлекет басшылары кеңесінің немесе Үкімет басшылары кеңесінің шешімдеріне сәйкес ТМД-ға қатысушы мемлекеттер осы мәртебеде құрған немесе құратын, тұрақты жұмыс істейтін аппараты бар және ТМД органдарының бірыңғай бюджетінен қаржыландырылатын (1-бап) кез келген Достастық органына қолданылатын жалпы сипаттағы құжат» екенін айқындады.

ТМД органдарының бюджет сыныптамасы туралы ережеге 2008 жылғы 23 мамырдағы ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген 7-қосымшаға сәйкес ТМД органдарының бірыңғай бюджетінің қаражатына билік етушілер мен қаражат алушылар қатарына мыналар жатады: ТМД Атқарушы комитеті, Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің Үйлестіру қызметі, ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағындағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстардың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюро, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің Хатшылығы, ТМД Экономикалық Соты, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің Хатшылығы.

Бұған дейін ТМД Экономикалық Соты 2004 жылғы 17 ақпандағы № 01-1/4-03 консультативтік қорытындысында 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 2-бабында көзделген Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін халықаралық қызметшілерге теңестіру туралы ережеге сүйене отырып, Келісім Достастық органдары персоналының ерекше санаты – халықаралық қызметшілердің құқықтық жағдайын осы санаттағы халықаралық ұйымдар персоналы үшін жалпыға бірдей танылған өлшемшарттар негізінде біріздендірілген нысанда реттейтін Достастықтың алғашқы халықаралық шарты болып табылатынын атап өткен болатын. Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің Достастыққа мүше барлық мемлекеттердің мүддесі үшін жүзеге асырылатын кәсіби қызметінің халықаралық сипатына байланысты оларға өздерінің лауазымдық функцияларын орындауды қамтамасыз ететін, белгілі бір артықшылықтар мен иммунитеттерді (3-5, 8-баптар), сондай-ақ еңбек қатынастары, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы кепілдіктерді (16-бап) көздейтін құқықтық режим қолданылады.

Түсіндіру нысанасы болып табылатын 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігінің ережелерінде мыналар көзделген: «Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру олар азаматтары болып табылатын Тараптардың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте ұлттық заңнамада белгіленген зейнетақымен қамсыздандыруға арналған аударымдарды Достастық органдары лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер азаматы болып табылатын Тараптардың тиісті қорларына Достастық органдарының бірыңғай бюджетінен жүргізеді. Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне зейнетақы төлеу жөніндегі шығыстарды олар азаматы болып табылатын Тарап көтереді».

Осы норманың мәнмәтініндегі зейнетақымен қамсыздандыру субъектілері ретінде мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін тұлғалар танылады: ТМД органдарында лауазымды тұлғалар немесе қызметкерлер ретінде жұмыс істеуі және 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтығына ие болуы. Достастық Экономикалық Сотының судьялары да зейнетақымен қамсыздандыру құқығының субъектілеріне жатады, оларға Келісімнің ережелері mutatis mutandis қолданылады (17-бап).

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігіндегі норманың мазмұнынан Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық негізін олар азаматы болып табылатын мемлекеттердің заңнамасы құрайтыны туындайды. 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің зейнетақы қорын қалыптастыру көзі Достастық органдарының бірыңғай бюджетінен зейнетақымен қамсыздандыруға арналған аударымдар болып табылады. 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті қорларына аударымдарды Достастық органдары жүргізеді. Келісімге қатысушы мемлекеттер Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері болып табылатын өз азаматтарына зейнетақы төлеу жөніндегі шығыстарды көтереді.

ТМД Экономикалық Соты 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігінің ережелерін іске асыру Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің зейнетақы құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында қатысушы мемлекеттер мен Достастық органдарының өзара іс-қимылын көздейді деп есептейді.

Көрсетілген нормада белгіленген қағида негізгі қағида ретінде Достастық органдарының мәртебесін реттейтін өзге де халықаралық-құқықтық актілерде қамтылған. Достастықтың әрбір органына қатысты лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін арнайы реттеу жоқ.

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің зейнетақы заңнамасын және Достастық органдарының халықаралық-құқықтық актілерін, осы органдар мен мемлекеттерден алынған ақпаратты ескере отырып зерделеу төмендегіні атап өтуге мүмкіндік береді.

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің барлық зейнетақы жүйелері зейнетақымен қамсыздандыру құқығын сақтандыру өтілі болған жағдайда іске асыруды көздейтін зейнетақылық сақтандыру қағидатына негізделеді. Сақтандыру өтілі сақтандырылған тұлғаның пайдасына тиісті зейнетақы қорларына міндетті сақтандыру зейнетақы жарналары төленген жағдайда қалыптастырылады (Армения Республикасының 2002 жылғы 19 қарашадағы «Мемлекеттік зейнетақылар туралы» Заңының 4, 9-баптары және Армения Республикасының 1997 жылғы 26 желтоқсандағы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдері туралы» Заңының 3, 4-баптары, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 1, 22-баптары, Қырғыз Республикасының 1997 жылғы 21 шілдедегі «Мемлекеттік зейнетақылық әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 1, 8-баптары, Ресей Федерациясының 2001 жылғы 15 желтоқсандағы «Ресей Федерациясындағы міндетті зейнетақылық сақтандыру туралы» Федералдық заңының 7-бабының 2-тармағы, Тәжікстан Республикасының 1993 жылғы 25 маусымдағы «Тәжікстан Республикасы азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 3-бабы).

ТМД Экономикалық Соты 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігінің нормасы қатысушы мемлекеттердің зейнетақы жүйелерінің сақтандыру сипатын көрсететінін және Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің зейнетақы алу құқығын іске асыруын сақтандыру жарналарын төлеуге тәуелді ететінін атап өтеді.

Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесінің ерекшеліктерін зерттеу барысында осы органдар туралы ережелерде айқындалғандай, 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттерде зейнетақылық сақтандыру қағидаты әскери лауазымдарды атқаратын тұлғаларға қолданылмайтыны анықталды. Оларға зейнетақы төлеу шығыстарын қаржыландыру мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Тиісінше, Достастық органдарының осы лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру сақтандыру зейнетақы жарналарын төлеуге байланысты емес және жіберуші мемлекеттердің министрліктері (ведомстволары) тарапынан ұлттық заңнама нормаларына сәйкес жүзеге асырылады (2000 жылғы 1 желтоқсандағы ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы туралы шешімінің 3-тармағының 3.13-тармақшасы, 2005 жылғы 25 қарашадағы ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағындағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстардың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюро туралы ереженің 4-тармағының 4.8-тармақшасы, 1993 жылғы 24 қыркүйектегі ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесі туралы ереженің 5-тармағының 5.4-тармақшасы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығының 2009 жылғы 12 қарашадағы № 142/1-401 хаты, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағындағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстардың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюроның 2009 жылғы 14 қазандағы № 78/2733 хаты, Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің Үйлестіру қызметінің 2009 жылғы 3 қарашадағы № КС-4/638 хаты).

Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру субъектілеріне қатысты 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігінің ережелерін іске асыру практикасы Достастық органдары орналасқан мемлекеттердің азаматтығына немесе өзге мемлекеттердің азаматтығына тиесілігіне қарай да сараланады.

Айта кету керек, Достастық органдарының Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы аумағында болу шарттары туралы халықаралық шарттарда тиісті Достастық органы осы органның лауазымды тұлғалары азаматтары болып табылатын мемлекеттердің зейнетақы қорларына міндетті аударымдар жүргізетіні туралы жалпы сипаттағы норма қайталанады (1996 жылғы 26 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекетаралық статистикалық комитеті мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекетаралық статистикалық комитетінің Ресей Федерациясының аумағында болу шарттары туралы келісімнің 10-бабы, 2001 жылғы 4 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті Бөлімшесінің Ресей Федерациясының аумағында болу шарттары туралы келісімнің 13-бабы, 2009 жылғы 28 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің Беларусь Республикасының аумағында болу шарттары туралы келісімнің 18-бабы).

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы міндетті сақтандыру зейнетақы жарналарын төлеушілер (сақтанушылар) ретінде осы мемлекеттердің аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғаларды, оның ішінде халықаралық ұйымдарды айқындайды және олардың аумағынан тыс орналасқан заңды тұлғаларды, оның ішінде халықаралық ұйымдар мен ТМД органдарын мұндай төлеушілер қатарына жатқызбайды (Ресей Федерациясының 2009 жылғы 24 шілдедегі «Ресей Федерациясының Зейнетақы қорына, Ресей Федерациясының Әлеуметтік сақтандыру қорына, Міндетті медициналық сақтандырудың Федералдық қорына және Міндетті медициналық сақтандырудың аумақтық қорларына сақтандыру жарналары туралы» Федералдық заңының 2, 5-баптары, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 1-бабы, Армения Республикасының 1997 жылғы 30 желтоқсандағы «Міндетті әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері туралы» Заңының 3-бабы).

Қатысушы мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінде сақтанушылар ретінде тиісті органдарда орналасқан жері бойынша тіркеу және есепке қою көзделген (Ресей Федерациясының 2001 жылғы 15 желтоқсандағы № 167 «Ресей Федерациясындағы міндетті зейнетақылық сақтандыру туралы» Федералдық заңының 11-бабы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 15 наурыздағы № 245 қаулысымен бекітілген Міндетті зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есептеу) және жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару қағидаларының 2-бабы).

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің хабарламаларына сәйкес, зейнетақы қорларына аударымдар осы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүргізілуге тиіс (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2009 жылғы 13 қарашадағы № 05-2-18/3337-Д хаты, Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2009 жылғы 18 қарашадағы № 19-1/10/1-6465 хаты, Армения Республикасы Үкіметі Аппаратының 2009 жылғы 10 қарашадағы № 02/12.10/7868-09 хаты).

Көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, ТМД Экономикалық Соты Достастық органдарына қатысты зейнетақылық сақтандырудың жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерді сақтандырудың белгіленген тәртібі тек ТМД органдары орналасқан мемлекеттердің азаматтарына қатысты ғана қолданылатыны туралы пікірде. Бұл қорытынды, атап айтқанда, Достастық органдарының ТМД органдары орналасқан мемлекет ретінде Ресей Федерациясының Зейнетақы қорының тиісті аумақтық органдарында сақтанушылар ретінде тіркелгені және осы органдарда лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер ретінде жұмыс істейтін Ресей Федерациясы азаматтарының пайдасына белгіленген тәртіппен сақтандыру жарналарын аударғаны туралы мәліметтермен расталады (ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитетінің 2009 жылғы 6 қарашадағы № 4МК/3-53 хаты, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорлары үйлестіру кеңесі Хатшылығының 2009 жылғы 26 қазандағы № 43/3-1044-09 хаты).

ТМД Экономикалық Соты ТМД органдары орналасқан мемлекеттердің азаматтары болып табылмайтын Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне қатысты зейнетақы құқықтарының кепілдіктерін іске асыруды қамтамасыз ететін тиісті тетіктің жоқ екенін атап өтеді.

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында осы мемлекеттердің аумағынан тыс орналасқан Достастық органдары сақтанушылар ретінде көзделмегендіктен, аталған органдар мемлекеттердің азаматтары болып табылатын лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер сақтандырылған зейнетақы (әлеуметтік) қорларына аударымдар жүргізу мүмкіндігіне ие емес. Бұл 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттер мен Достастық органдарынан алынған ақпаратпен расталады (ТМД Атқарушы комитетінің 2009 жылғы 18 қарашадағы № 8-2/01253 хаты, Қырғыз Республикасының Әлеуметтік қорының 2009 жылғы 20 қарашадағы № 14-4/4473 хаты, Тәжікстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 9 желтоқсандағы № 18/3-698 хаты).

Сондай-ақ мемлекеттің тиісті қорының нақты қай есепшотына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған аударымдар жүргізілуге тиіс екендігі, қай валютада төленетіні, аударымдарды айырбастау тәртібі қандай болатыны, оларды аудару шығыстарының ауыртпалығын бөлу және т.б. мәселелерге қатысты құқықтық айқынсыздық бар.

Осылайша, 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігіндегі ережелерін іске асыру Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы деңгейінде де (Достастық органдарын сақтандыру жарналарын төлеушілер ретінде тіркеу және есепке қою тәртібін айқындау), сондай-ақ Достастық шеңберінде де (зейнетақылық сақтандыру аударымдарының тәртібін әзірлеу және қабылдау) қосымша құқықтық реттеуді қажет етеді.

Осыған байланысты ТМД Экономикалық Соты ТМД Атқарушы комитетіне, 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне Достастық органдарының бірыңғай бюджетінен Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруға арналған қаражатты мемлекеттердің тиісті қорларына аударуды қамтамасыз ететін тетікті әзірлеуді ұсынуды қажет деп санайды.

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім күшіне енбеген мемлекеттердің (Әзербайжан Республикасы, Молдова Республикасы, Украина) азаматтары болып табылатын Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне қатысты ТМД Экономикалық Соты төмендегіні атап өтеді.

Осы мемлекеттердің азаматтары болып табылатын лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер Достастық органдарында (ТМД Атқарушы комитеті, ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы және басқалары) жұмыс істейді және ТМД органдары туралы ережелерге сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтары болып табылатын лауазымды тұлғалар мен қызметкерлермен бірдей құқықтық мәртебеге (оның ішінде зейнетақылық мәртебеге) ие. Көрсетілген актілерде олар азаматтары болып табылатын мемлекеттердің заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігіне ұқсас норма қамтылған.

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім күшіне енбеген мемлекеттердің зейнетақы жүйелері де ұлттық заңнаманы талдау көрсеткендей, зейнетақылық сақтандыру қағидаттарына негізделеді (Әзербайжан Республикасының 2006 жылғы 7 ақпандағы «Еңбек зейнетақылары туралы» Заңының 1-бабы, Молдова Республикасының 1998 жылғы 14 қазандағы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру зейнетақылары туралы» Заңының 2-бабы, Украинаның 2003 жылғы 9 шілдедегі «Жалпыға міндетті мемлекеттік зейнетақылық сақтандыру туралы» Заңының 8, 11-баптары). Тиісінше, Достастық органдарының аталған мемлекеттердің азаматтары болып табылатын лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің зейнетақы алу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету үшін мемлекеттердің зейнетақы (әлеуметтік) қорларына сақтандыру жарналары төленуге тиіс.

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім күшіне енбеген мемлекеттердің және осы мемлекеттердің азаматтары жұмыс істейтін Достастық органдарының хабарламаларына сәйкес, олардың зейнетақымен қамсыздандырылуы ұлттық заңнамада көзделмеген және тиісті зейнетақы қорларына аударымдар жүргізілмейді (Молдова Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 қарашадағы № 1508-617 хаты, Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің Үйлестіру қызметінің 2009 жылғы 3 қарашадағы № КС-4/638 хаты, ТМД Атқарушы комитетінің 2009 жылғы 18 қарашадағы № 8-2/01253 хаты).

2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім күшіне енбеген Достастыққа қатысушы мемлекеттердің азаматтары болып табылатын Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мақсатында ТМД Экономикалық Сотының пікірінше, осы Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігінде көзделген тиісті мемлекеттердің қорларына аударымдар жүргізу тәртібін пайдалануға болады.

Баяндалғандардың негізінде және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты туралы ереженің 5, 16-тармақтарын және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты Регламентінің 1271-тармағын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты 2003 жылғы 25 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімнің 16-бабын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде түсіндіру туралы іс бойынша мынадай қорытындыларға келді.

1. 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігінде көзделген ТМД органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің зейнетақымен қамсыздандырылу құқығын іске асыру олар азаматтары болып табылатын Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасын қолдануға негізделеді және Достастық органдарының Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті қорларына зейнетақы төлеуге арналған қаражатты Достастық органдарының бірыңғай бюджетінен аудару жөніндегі міндеттемені орындауына байланысты болады.

2. 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігінің нормасы оны іске асыру мақсатында ТМД органдарының Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті қорларына қаражат аудару жөніндегі міндеттемесін орындау тетігінің болуын көздейді. Мұндай тетіктің болмауына байланысты зейнетақылық сақтандыру төлемдерін төлеу тәртібі қосымша құқықтық реттеуді қажет етеді (қордың есепшоты, валютаны айырбастау, аударымдарды аудару шығыстарының ауыртпалығын бөлу және т.б.).

3. 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісім күшіне енбеген Достастыққа қатысушы мемлекеттердің азаматтары болып табылатын Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мақсатында осы Келісімнің 16-бабының үшінші бөлігінде көзделген тиісті мемлекеттердің қорларына аударымдар жүргізу тәртібін пайдалануға болады.

4. ТМД Атқарушы комитетіне, 2003 жылғы 25 сәуірдегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне Достастық органдарының бірыңғай бюджетінен Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруға арналған қаражатты мемлекеттердің тиісті қорларына аударуды қамтамасыз ететін тетікті әзірлеу ұсынылсын.

5. Консультативтік қорытындының көшірмесі ТМД Атқарушы комитетіне жіберілсін, мәлімет үшін – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне жолдансын.

6. Консультативтік қорытынды 1992 жылғы 6 шілдедегі ТМД Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімнің Тараптары болып табылатын мемлекеттердің Достастық басылымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.

Төраға                                             Ф. Абдуллоев

 

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Әдістеме Нормалар Нота Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Әдістеме Нормалар Нота Меморандум Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар