Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Конвенция / Резолюция / Концепция / 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының тұжырымдамасы туралы

2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының тұжырымдамасы туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының тұжырымдамасы туралы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Үкіметтері басшылары кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі шешімі

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Үкіметтері басшыларының кеңесі

** шешті:**

      1. 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының тұжырымдамасы (қоса беріледі) бекітілсін.

      2. Осы Шешім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді, ал заңнамасында оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау талап етілетін мемлекеттер үшін тиісті құжаттарды депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.

      2004 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Шешімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

*  Әзербайжан Республикасының              Молдова Республикасының Үкіметі үшін                                  Үкіметі үшін*

*  Армения Республикасының                 Ресей Федерациясының Үкіметі үшін                                     Үкіметі үшін*

*  Беларусь Республикасының                Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін                               Үкіметі үшін*

*  Грузия Үкіметі үшін                      Түрікменстан Үкіметі үшін*

*  Қазақстан Республикасының                Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін                               Үкіметі үшін*

*  Қырғыз Республикасының                  Украина Үкіметі үшін Үкіметі үшін*

Бекітілген                                  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Үкіметтері басшылары кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының тұжырымдамасы туралы шешімімен

2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Мазмұны

Кіріспе

1. Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері

2. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын көлікпен қамтамасыз ету проблемалары

3. 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының басымдықтары

4. ТМД көлік жүйесінің жұмыс істеуін халықаралық нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру

5. Көлік-экспедициялық қызметті және логистиканы дамыту

6. Халықаралық көлік дәліздерін пайдалана отырып, ТМД-дағы транзиттік тасымалдарды қамтамасыз ету

7. Көліктегі қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету

8. Көліктегі шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін мемлекеттік баға реттеуін жетілдіру

9. Көлік машинасын жасау саласындағы кооперация

10. Көлік түрлерін дамытудың басым бағыттары

10.1. Теміржол көлігі

10.2. Әуе көлігі

10.3. Автомобиль көлігі және жол шаруашылығы

10.3.1. Автомобиль көлігі

10.3.2. Жол шаруашылығы

10.4. Теңіз көлігі

10.5. Ішкі су көлігі

Қорытынды

Кіріспе

      2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының осы Тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) ТМД Үкімет басшылары кеңесінің 2000 жылғы 20 маусымдағы шешімімен қабылданған 2005 жылға дейінгі кезеңге арналған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына сәйкес әзірленді.

      Тұжырымдама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ТМД көлік жүйесін одан әрі дамыту перспективаларына, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ көлік кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастықтың неғұрлым өзекті бағыттарына, көлік және экспедиторлық қызметтердің өркениетті нарығын қалыптастыру тәсілдеріне қатысты келісілген көзқарасын білдіреді.

1. Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері

      Тұжырымдаманың мақсаты көлік саласында мынадай негізгі міндеттерді жүйелі және нәтижелі шешуді қамтамасыз ететін келісілген шараларды әзірлеу болып табылады:

      көлік әлеуетін пайдалану мен дамытуды жақсарту есебінен ТМД-ға қатысушы мемлекеттер экономикаларының тиімді дамуын қамтамасыз ету;

      халықаралық салалық стандарттарды ескере отырып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ көлік кеңістігін қалыптастыру және дамыту;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік және экспедиторлық қызметтердің ортақ нарығында бәсекелестік ортаны дамыту;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы халықаралық көлік дәліздері желісін экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалануға жағдай жасау;

      ТМД көлік жүйесінің жұмыс істеуін халықаралық нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлігі алдында тұрған міндеттерді шешуге дайындалған кадрлық әлеуетті дамыту;

      ТМД көлік жүйесінде тасымалдау қауіпсіздігін, экологиялық, ақпараттық және экономикалық қауіпсіздікті арттыруды қамтамасыз ететін жаңа, тиімді технологияларды дамыту және келісілген түрде пайдалану;

      ұлттық мүдделерін ескеру негізінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік жүйелерін еуропалық және әлемдік көлік жүйелеріне интеграциялау жағдайларын қамтамасыз ету;

      көлік инфрақұрылымын пайдаланудың тиімділігін және оны дамыту жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру;

      ТМД көлік жүйесінің жұмысын жетілдіру тетіктерін дамыту;

      көліктің күрделі техникалық құралдарын өндіру саласындағы кооперацияны дамыту және көлік машинасын жасауды дамыту жөніндегі бірлескен бағдарламаларды әзірлеу;

      ТМД көлік жүйесі кәсіпорындарында сапа менеджменті жүйелерін қалыптастыру және енгізу;

      ТМД көлік жүйесіндегі ғылыми әлеуетті келісілген түрде пайдалану және дамыту.

      Көрсетілген міндеттерді келісілген түрде шешу өзара байланысты мынадай мәселелерді қарастыруды көздейді:

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын дамытудағы көліктің проблемалары мен рөлін талдау;

      2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының негізгі құрамдас бөліктері;

      көлік-экспедициялық қызмет пен логистиканы дамыту, көліктің әртүрлі түрлерінің өзара іс-қимылы;

      транзиттік жүк ағындарын қосымша тарту мақсатында да халықаралық көлік дәліздері желісін тиімді дамыту;

      ТМД көлік жүйесінің қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету;

      көлік машинасын жасауды, оның ішінде лизингті дамыту тетіктерін келісу;

      көліктегі шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін баға реттеу әдістерін бірлесіп әзірлеу;

      көлік түрлері бойынша ТМД көлік жүйесін дамытудың басым бағыттары.

      Осы Тұжырымдамада көрсетілген ережелер ортақ көлік кеңістігін және экспедиторлық қызметтерді қалыптастыру саласында әзірленетін мемлекетаралық нысаналы және ведомстволық бағдарламалар шеңберінде оларды кейіннен нақтылау және егжей-тегжейлі пысықтау мақсатында бастапқы негіз ретінде қарастырылуға тиіс.

2. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын көлікпен қамтамасыз ету проблемалары

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі қазіргі заманғы көлік жүйелерін дамытудың және пайдаланудың тиімділігі экономикалық реформаларды жүргізу процестерінің қарқындылығы мен теңгерімділігіне байланысты айқындалады. Экономикалық реформаларды одан әрі жүргізудің объективті қажеттілігі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің алдына көлік кешені саласында бірқатар ортақ проблемаларды қойды.

       Проблемалардың бірінші тобы көлік кешенінің жұмысын нормативтік-құқықтық, технологиялық және ақпараттық қамтамасыз етуде жүйелілікті дамыту, көлік және экспедиторлық қызметтерді көрсету тетіктерін ортақ нарық жағдайларына бейімдеудің бірыңғай әдістерін дамыту және оларды үйлестіру қажеттілігінен тұрады.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің осы проблемалар тобын шешу жөніндегі күш-жігерін үйлестіру көлік коммуникацияларының қалыптасқан жүйесін пайдаланудың тиімділігін арттыруға, көліктің жекелеген түрлеріндегі тасымалдау және өткізу мүмкіндіктерінің пайдаланылмай қалған ресурстарын іске қосуға мүмкіндік береді. Осы проблемаларды шешу көлік кәсіпорындарының негізгі қорларын жүйелі және уақтылы қалпына келтіру жүйесін қалыптастыруға, көлік және экспедиторлық қызметтердің ортақ нарығына қатысушылардың барлығын толық, жедел әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге объективті жағдайлар жасайды.

       Проблемалардың екінші тобы жаңа жағдайларда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында біркелкі бөлінбеген көлік техникасын өндіру және жөндеу-зауыт базасын одан әрі пайдалану, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ғылыми-техникалық әлеуетін пайдаланудағы кооперацияны кеңейту қажеттілігімен айқындалады. Бұл проблемаларды шешу ұлттық машина жасау және жөндеу кәсіпорындарының әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен арттырудың, құралдарды жаңғырту және көлік кешеніндегі баға саясатына әсер ететін теріс факторларды төмендету мүмкіндіктерін құрудың қажетті шарты болып табылады.

      Көрсетілген проблемалар мен олардың туындауының негізгі себептерін талдау мынадай қорытындылар жасауға мүмкіндік береді:

      ТМД-ға қатысушы жекелеген мемлекеттердің ұлттық көлік жүйелерінің жай-күйі Еуропалық одақ мемлекеттерінің көлік кешендерімен салыстырғанда қажетті бәсекеге қабілеттілік деңгейін қамтамасыз етпейді және көлік пен экспедиторлық қызметтердің халықаралық нарығына интеграциялану үшін қолайлы экономикалық жағдайлар жасамайды;

      көрсетілген проблемаларды бірлесіп шешудің объективті қажеттілігі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бірыңғай, келісілген көлік саясатын әзірлеу талабын айқындайды. Бұл саясаттың негізіне көлік және экспедиторлық қызметтер көрсету саласындағы нарықтық қатынастарға бағдарланған тиімді шаруашылық жүргізудің жүйелі өлшемшарттары алынуға тиіс;

      көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік кешені саласындағы экономикалық, өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуеттерін барынша тиімді пайдалану үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызады, бұл ауқымды әрі өзара тиімді халықаралық көлік жобаларын табысты іске асыруға нақты мүмкіндік бере алады. Көлік ынтымақтастығын кеңейтудің экономикалық орындылығы мемлекеттердің өндіргіш күштерін, шикізат ресурстарын барынша тиімді пайдалану және көлік кешенін көлік пен экспедиторлық қызметтердің қазіргі заманғы халықаралық нарығының талаптарына барынша үнемді бейімдеу жолдарын айқындайды;

      көлік кешені саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының, жекелеген бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қарау және іске асырудың басымдықтарын көрсетілген проблемаларды нәтижелі шешу, олардың туындау себептері мен салдарын жою мүмкіндігіне әсер ету тұрғысынан айқындаған орынды.

3. 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының басымдықтары

      Келісілген көлік саясаты оның мақсаттарымен айқындалатын екіжақты және көпжақты келісімдерге қатысу негізінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді және тереңдетуді көздейді. Көлік саласындағы проблемалар мазмұны өзара байланысты бағыттар мен көлік кешенін дамыту процестерін жүйелі түрде көрсететін және нақтылайтын 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған келісілген көлік саясатының негізгі құрамдас бөліктерін жүйелі іске асыру арқылы шешіледі.

      Келісілген көлік саясаты мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:

      халықаралық стандарттар негізінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік заңнамасын үйлестіру;

      халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде көліктің әртүрлі түрлері арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл;

      тарифтік саясатты жетілдіру;

      көлік логистикасын дамыту;

      көлік жүйелерінің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану;

      ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру, көлік және экспедиторлық қызметтердің халықаралық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін біртіндеп қалыптастыру;

      көліктегі құрылымдық және экономикалық реформаларды дамыту;

      халықаралық көлік дәліздерінің инфрақұрылымындағы тораптық объектілерді дамытуға бірлесіп инвестиция салу тетіктерін әзірлеу және енгізу;

      көлік техникасына қойылатын келісілген нормативтік-техникалық талаптар мен стандарттардың қолданылу аясын кеңейту, көлік машинасын жасау саласындағы кооперациялық байланыстарды жандандыру;

      автомобиль көлігінің ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары бойынша еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігінің негізгі экономикалық және техникалық-технологиялық параметрлер бойынша келісілген жұмысын қамтамасыз ету;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің авиациялық тасымалдарын келісілген түрде жүзеге асыру және олардың әуе кеңістігін пайдалану;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің су жолдарын келісілген түрде бірлесіп пайдалану;

      көлік және экспедиторлық қызметтердің әлемдік нарығында келісілген протекционистік саясат жүргізу;

      көліктегі қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөнінде келісілген саясат жүргізу.

      Осы құрамдас бөліктердің әрқайсысы шеңберінде жоспарланатын және іске асырылатын іс-шаралар олардың өзара байланысы мен өзара ықпалын ескеруге және, әдетте, белгіленген тәртіппен бірлескен нысаналы және ведомстволық екіжақты және көпжақты мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды қабылдауға негізделуге тиіс.

4. ТМД елдерінің көлік жүйесінің жұмысын халықаралық нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру

ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде қолданыстағы және әзірленіп жатқан заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны үйлестіру, халықаралық конвенциялар мен келісімдерде белгіленген талаптар мен параметрлерге, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымы қоятын талаптарға сәйкес бірыңғайландырылған көлік технологияларын пайдалану негізінде ұлттық көлік жүйелерін жалпыеуропалық және әлемдік көлік жүйелеріне интеграциялау үшін жағдайлар жасау қажет. Көлік заңнамасын келісілген түрде әзірлеу және бірыңғайландыру үшін мыналар қажет:

  1. Көлік қызметі саласындағы халықаралық өзара қарым-қатынастардың құқықтық негізін қалыптастыруды аяқтау, атап айтқанда: 1997 жылғы 9 қазандағы Ортақ көлік кеңістігін қалыптастыру қағидаттары және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік саясаты саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімнің және көлік саласындағы басқа да негізгі құжаттардың іске асырылуын қамтамасыз ету;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік түрлері бойынша халықаралық көлік заңнамасына сәйкес өзара қарым-қатынас тәртібін айқындайтын қажетті кодекстерді, келісімдер мен шешімдерді әзірлеуі және қабылдауы.

  1. Мемлекеттерде қабылданған көлік қызметі туралы заңдарға салыстырмалы талдау жүргізу және оларды үйлестіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу.
  2. ТМД-дағы көлік саласындағы өзара іс-қимылдың нормативтік-құқықтық базасы ережелерінің Дүниежүзілік сауда ұйымының Қызметтер саудасы жөніндегі бас келісімінде қабылданған халықаралық құқық нормаларына сәйкестігіне мониторинг жүргізу.

5. Көлік-экспедициялық қызметті және логистиканы дамыту

ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде көлік-экспедициялық қызметті дамыту жөніндегі келісілген күш-жігер тауарлардың ұлттық тиесілігіне қарамастан өндірушіден тұтынушыға дейін жылжуын жеделдетуге, бұл ретте ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикасындағы көлік құрамдасын төмендетуді, олардың ұлттық мүдделерін сақтауды және көлік және экспедиторлық қызметтер нарығының барлық қатысушылары үшін тең әрі қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

Жақын перспективада осы саладағы негізгі міндеттер қатарына мыналарды жатқызу қажет:

көлік-экспедициялық қызметтің нормативтік құқықтық базасын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру және жандандыру;

көліктің әртүрлі түрлерінің өзара іс-қимылы мен бәсекелестігі үшін тең әрі қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру;

тауар қозғалысын ұйымдастыру практикасына логистикалық тәсілдерді дамыту мен енгізуді келісу;

көлік кешені одақтары, қауымдастықтары, қоғамдық ұйымдары мен көлік кешені саласындағы мемлекетаралық органдар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, көлік және экспедиторлық қызметтердің ортақ, өркениетті нарығын одан әрі қалыптастыру мәселелерін шешу үшін пәрменді әрі келісілген шараларды әзірлеу мақсатында;

осы саладағы ұлттық лицензиялау (сертификаттау) жүйелерін өзара тану саласын біріздендіру және кеңейту, бұл жүйелерді халықаралық қағидалар мен стандарттардың талаптарына сәйкес келісілген түрде келтіру;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында көлік-экспедиторлық қызмет көрсету саласы мен әдістерін халықаралық талаптарды ескере отырып бірыңғайландыру және үлгілендіру.

Осы міндеттерді шешу логистикалық тәсілдер мен заманауи ақпараттық технологияларды практикалық пайдалану аясын кеңейтуге негізделуі тиіс. Бұл ретте халықаралық көлік-экономикалық байланыстарды дамыту, ортақ логистикалық жүйелерді құру және оларды бірлесіп белсенді пайдалану бастапқы басымдық болып табылады.

6. Халықаралық көлік дәліздерін пайдалана отырып, ТМД-дағы транзиттік тасымалдарды қамтамасыз ету

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің геосаяси жағдайы, мемлекеттердің өз көлік әлеуетін тасымалдау процесін жүзеге асыру бөлігінде де, оны инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бөлігінде де іске асыруы ТМД-да транзитті дамытудың нақты перспективалары бар екенін көрсетеді.

ТМД шеңберінде халықаралық маңызы бар ұлттық көлік желілерінің теңгерімділігі, бірыңғайландырылуы және өзара үйлестірілуі факторларының транзиттік тасымалдарды көлікпен қамтамасыз ету тиімділігіне ықпал ету дәрежесінің жоғары екенін ескере отырып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің (ХКД) учаскелерін қалыптастыру және дамыту жөніндегі келісілген саясатты жүргізу олардың көлік саласындағы өзара іс-қимылының басым бағыты болуы тиіс.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін ХКД-ні қалыптастыру мен дамытудың мақсаты – сыртқы сауда, оның ішінде транзиттік тасымалдардың тиімділігін арттыру, оларды халықаралық келісімдер мен уағдаластықтар негізінде жүзеге асыру кепілдігін қамтамасыз ету, бірыңғай техникалық параметрлері бар және тасымалдаудың бірыңғай технологиясын қолдануды қамтамасыз ететін халықаралық көлік инфрақұрылымын құру.

Осы саладағы негізгі міндеттер ретінде мыналарды қарастыру қажет:

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы қалыптасқан ХКД жүйесінің учаскелерін олардың қалыптасу бағыттары бөлігінде келісілген және теңгерімді дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін ХКД-ні дамыту, бұл оларды жаңғыртуды, техникалық жарақтандыруды, инфрақұрылымның негізгі және қосалқы элементтерін жаңадан салуды, сондай-ақ оларды халықаралық шарттарға сәйкес пайдалануды және пайдалануға беруді көздейді;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы халықаралық көлік дәліздерінің учаскелерінде жүктерді тасымалдауды технологиялық, кедендік, ақпараттық-логистикалық, сақтандыру және сервистік қамтамасыз етудің ортақ жүйесін құру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру;

әлемдік транзиттік тасымалдар нарығында олардың жалпы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ХКД учаскелеріндегі қолда бар инфрақұрылым объектілерін жаңғыртуға және жаңа объектілерді салуға халықаралық қаржы институттарының қаржылық көмегін тарту жөніндегі келісілген іс-қимылдарды әзірлеу және жүргізу.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көрсетілген бағыттарды іске асыру жөніндегі күш-жігерін үйлестіру олардың экономикаларының қажеттіліктері үшін көлік коммуникациялары желісін дамытуға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық көлік-экономикалық байланыстарын кеңейтуге, олардың аумақтары арқылы транзиттік тасымалдарды жандандыруға, ТМД шеңберінде жұмыс істейтін халықаралық маңызы бар инфрақұрылымды Еуразиялық және әлемдік көлік жүйелеріне қосу үшін жағдайлар жасауға ықпал ететін болады.

7. Көліктегі қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету

ТМД-дағы көліктің жұмыс істеуі мемлекеттер экономикасының тиімді дамуының негізі, өндіріс пен халықаралық сауданың аса маңызды элементі болып табылатынын ескере отырып, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелер ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының барлық құрамдас бөліктерін әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік жүйесінің қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі ұлттық деңгейде де, жалпы ТМД шеңберінде де экономикалық, әскери, технологиялық, экологиялық және әлеуметтік қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.

ТМД-дағы көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттары мыналар болып табылады.

  1. Мыналарды қамтамасыз ету жөніндегі келісілген шараларды әзірлеу және іске асыру:

жолаушылар мен көлік кешені қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін;

көліктің әртүрлі түрлерімен тасымалданатын жүктердің қауіпсіздігін;

көлік құралдары мен олардың қозғалысына, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған халықаралық маңызы бар көлік инфрақұрылымының, көліктің әртүрлі түрлерін басқару құрылымдары мен тетіктерінің қауіпсіздігін;

көліктің әртүрлі түрлерін пайдалана отырып жүзеге асырылатын қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың, қауіпті жүктердің заңсыз айналымының жолын кесуді;

көліктегі терроризм мен контрабандаға қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды іске асыруға байланысты шығыстарды қаржыландыруды;

ТМД көлік жүйесінің қауіпсіздігіне төнетін қатерлер туралы ақпарат алмасуды;

ТМД шеңберінде көліктің барлық түрлерімен стандартты емес, ірі габаритті, ауыр салмақты жүктерді халықаралық тасымалдау қауіпсіздігін.

  1. ТМД көлік жүйесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін ықтимал құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау, олардың алдын алу және профилактикасы жөніндегі іс-шараларды келісілген түрде жүргізу.
  2. Көлік жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету көрсеткіштеріне қойылатын талаптарды келісілген түрде әзірлеу (бұл, ең алдымен, көліктің әртүрлі түрлерінде халықаралық талаптарға сәйкес келетін қауіпсіздік стандарттарының бірыңғай жүйесі мен оларды іс жүзінде орындау тетіктерін қалыптастыруды білдіреді).
  3. Көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық базасын қалыптастыру.

ТМД көлік жүйесінің жұмыс істеуі қоршаған ортаға елеулі теріс экологиялық әсер етеді. Бұл әсер көлік ластануынан, инфрақұрылым құрылыстарының табиғи экожүйелерге ықпалынан және құрылыс, жөндеу мен күтіп-ұстаудың технологиялық процестерінің әсерінен қалыптасады. Инфрақұрылымның көліктік-пайдалану сипаттамаларын жақсарту экологиялық қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі практикалық жұмыс та, осы саладағы ғылыми зерттеулер де қазіргі заманғы талаптардан артта қалып отырғанын атап өту қажет. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылын мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырған орынды:

көліктің қоршаған ортаға әсеріне қойылатын бірыңғай талаптарды және олардың орындалуын бақылау әдістерін әзірлеу;

көлік инфрақұрылымдарын дамытуды экологиялық бағдарланған жоспарлаудың бірыңғайландырылған әдістерін әзірлеу және енгізу;

экологиялық қауіпсіз жолаушылар және жүк көлік жүйелерін келісілген түрде дамыту;

келісілген ғылыми-техникалық саясат жүргізу;

көлік қозғалысын ұйымдастыру және көлік жүйелерінің жұмыс істеуі кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

қоршаған ортаны қалпына келтіру және оңалту;

пайдаланылуы халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін технологиялардың, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің трансшекаралық орын ауыстыруына кедергі келтіретін іс-шараларды келісілген түрде жүзеге асыру.

8. Көліктегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін мемлекеттік бағалық реттеуді жетілдіру

Көлік кешеніндегі мемлекеттік бағалық реттеу жүйелерін келісілген түрде дамыту көлік және экспедиторлық қызметтердің ортақ өркениетті нарығын табысты қалыптастырудың негізгі алғышарты ретінде қарастырылуы тиіс. Осы міндеттің күрделілігі мен көпқырлылығын ескере отырып, мынадай негізгі мәселелер шешілуі қажет:

тауарлар мен жолаушылардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге бағдарланған тарифтік саясатты реттеу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы халықаралық қатынаста көлік қызметтеріне баға белгілеу қағидаттарын реттейтін нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу;

төлем мөлшерлемелерін қалыптастырудың ортақ тәсілдері, оларды саралау қағидаттары, мөлшерлерін келісу рәсімдерін жетілдіру, қолдану қағидаларын бірыңғайландыру негізінде келісілген тарифтік саясатты кезең-кезеңімен қалыптастыру.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі экономикалық реформалардың орын алып отырған геосаяси ерекшеліктері осы мәселелерді шешуде қарапайым тәсілдерді қолдану мүмкіндігін іс жүзінде жоққа шығарады. Сонымен бірге барлық тараптар көлік және экспедиторлық қызметтердің ортақ нарығында мемлекеттік бағалық реттеудің тұтас әрі бірыңғай тетігін құру үшін оларды шешу барысында тығыз ынтымақтастық қажеттілігін түсінеді.

9. Көлік машина жасауы саласындағы кооперация

Көлік ресурстарын қолдау және толықтыру мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясаты көлік машина жасауы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін мынадай негізгі бағыттар бойынша қамтуы тиіс:

көлік техникасына қойылатын әлемдік деңгейге сәйкес келетін келісілген нормативтік-техникалық талаптар мен стандарттарды белгілеу;

көлік техникасын өндіру және жөндеу жөніндегі кәсіпорындардың тиімді кооперациясын, мамандануын дамыту, бірлескен бірлестіктерін құру үшін жағдайлар жасау жөніндегі бірлескен шаралар кешенін әзірлеу;

көлік техникасын өзара жеткізу кезінде қолайлы сауда режимдерін жасау;

көлік саласында лизингті дамытуды қамтамасыз ететін халықаралық құқықтық актілерді қалыптастыру;

мынадай формула бойынша көлік техникасын өндіру үшін мемлекетаралық құқықтық базаны құру: өндірісті банктердің қаржыландыруы – пайдаланушылардың көлік техникасын өзара тиімді лизинг шарттарымен алуы – банктерге соманы қайтаруды сақтандыру.

Көрсетілген бағыттар бойынша бірлескен жұмыстардың практикалық нәтижелілігіне қол жеткізудің қажетті шарты ретінде мемлекеттер арасындағы жаңа техника үлгілерін жасау және енгізу саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдетуді, мүдделі мемлекеттер үшін қажетті өнім шығарудың теңгерімді көлемдерін негіздеуді, әртүрлі мемлекеттердің ғылыми және өндірістік ұйымдарының авиациялық техника жасау, автомобиль және кеме жасау, локомотив және вагон жасау салаларындағы өзара тиімді кооперация аясын кеңейту үшін жағдайлар жасауды қарастыру қажет.

10. Көлік түрлерін дамытудың басым бағыттары

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясаты көліктің әрбір түрі саласындағы ынтымақтастық бағыттары мен міндеттерін нақтылауды көздеуі тиіс. Бұл ретте бірлескен шаралардың болжамды кешендері қалыптасқан салалық мемлекетаралық байланыстарды пайдаланудағы сабақтастықты қамтамасыз етуі және оларды одан әрі дамыту мен ортақ көлік кеңістігін және көлік пен экспедиторлық қызметтер нарығын қалыптастыру міндеттерін шешу кезіндегі нәтижелілігін арттыру үшін жағдайлар жасауы тиіс. Бұл ретте ынтымақтастықтың салалық аспектілері осы Тұжырымдамада тұжырымдалған жалпы міндеттерді бірлесіп шешу әдістерін нақтылауы және айқындауы тиіс.

10.1. Теміржол көлігі

Теміржол көлігі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік жүйесінде жетекші орын алады, жүк және жолаушылар тасымалының едәуір бөлігін қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мыналарды көздеуі тиіс:

халықаралық қатынастағы жүк және жолаушылар тасымалы көлемін болжаудың жаңа, неғұрлым барабар әдістерін әзірлеу және енгізу, бұл болжамдық бағалаулардың анықтығын арттыруды, осы негізде жоспарлаудың негізділігін жақсартуды және көлік құралдарын пайдалануда мемлекетаралық маневр жасау мүмкіндігін кеңейтуді қамтамасыз етуі тиіс;

техникалық құралдарды жаңғыртуды қоса алғанда, теміржолдарды техникалық жарақтандыру жөніндегі негізгі іс-шараларды жоспарлау, дайындау және өткізу кезінде күш-жігерді біріктіру;

локомотивтерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету жүйесін, қосалқы бөлшектер мен шығыс материалдарын өндіруді жетілдіру, құрылғылар мен агрегаттарды пайдалану мерзімдерін ұзарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу;

жүк вагондарын орындалған жұмыстардың нақты көлемін (жүрісін) ескере отырып, вагондарды жөндеуге шығаруға негізделген жөндеу мен техникалық қызмет көрсетудің жаңа жүйесіне көшіру;

жекелеген бағыттарды, ең алдымен халықаралық қатынас бағыттарын жолаушылар пойыздарының жоғары жылдамдықты қозғалысына көшіру;

заманауи ақпараттық технологиялар негізінде саланың жұмысын ақпараттық қамтамасыз ету жүйелерін бірлесіп дамыту;

жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мен басқарудың бірыңғай, тиімді әдістерін әзірлеу және енгізу;

контейнерлік тасымалдарды ұйымдастыруды жетілдіру, оның ішінде мамандандырылған контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттыру, жүк алушыларды жедел ақпараттандыруды дамыту, ірі тонналық контейнерлерді өңдеуге арналған станциялар желісін кеңейту;

теміржолдардың мемлекетаралық түйісу пункттерін дамыту, олардың техникалық жарақтандырылуын арттыру және жұмыс технологиясын жетілдіру, пойыздарды өткізуді жеделдету үшін жағдайлар жасау мақсатында кеден және шекара органдарымен өзара іс-қимылды нығайту;

теміржол көлігінде ұсынылатын қызметтер мен техникалық құралдардың қауіпсіздігі, жөнделуі және пайдаланылуы саласындағы стандарттау жөніндегі жұмыстарды кеңейту;

келісілген тарифтік саясат жүргізу, тасымалданатын жүктердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, тарифтерді жүк түрлері, жөнелту түрлері бойынша саралау, нақты келісімшарттар, тасымал көлемдері мен бағыттары бойынша өзара тиімді шарттармен халықаралық қатынаста жүктерді тасымалдауға бірыңғай тарифтік мөлшерлемелерді қолдану;

ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын одан әрі дамыту;

көлік жүйелерін басқару процесінде теміржол әкімшіліктерінің тікелей өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту;

жылжымалы құрамды жеткізу, теміржолдарды техникалық жарақтандыру, оның ішінде техникалық құралдарды жаңғырту жөніндегі бірлескен бағдарламалар мен іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;

теміржол әкімшіліктерінің денсаулық сақтау, кадрлар даярлау, теміржолшыларды әлеуметтік қорғау салаларындағы өзара іс-қимылы.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарында халықаралық қатынаста перспективалық тарифтік саясатты қалыптастыру.

Жүк тасымалдары.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарында халықаралық қатынаста перспективалық тарифтік саясатты қалыптастыру ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігінде келісілген тарифтік саясатты белгілеу тұжырымдамасының ережелеріне негізделеді, онда халықаралық қатынаста жүктерді тасымалдау кезінде тарифтік мөлшерлемелерді қалыптастыру мен белгілеудің негізгі қағидаттары айқындалған.

Бірыңғай тарифтік саясатты әзірлеу және келісу кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда халықаралық тарифтердің орташа деңгейін белгілеуге бірыңғайландырылған тәсіл қолданудың орындылығын негізге алу қажет.

Әрбір мемлекет экономикалық жағдайды, нарық конъюнктурасын және басқа да факторларды негізге ала отырып, нақты қатынас бойынша тасымалдау тарифтерін дербес айқындайды.

Баламалы жүру маршруттарымен немесе көлік түрлерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетті тарифтік жағдайлар жасау үшін мүдделі теміржолдарға жүктерді тасымалдаудың бүкіл маршруты бойынша бірыңғай тарифтік мөлшерлемелерді белгілеу практикасын жалғастыру орынды.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық қатынаста жүктерді тасымалдауға арналған тарифтік саясаты қатынас түрлері бойынша (транзит, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен үшінші елдер арасындағы жүктерді тасымалдау, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдары арқылы транзитпен тасымалдау, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол станциялары арасындағы жүктерді тасымалдау), жөнелту түрлері бойынша (вагондап, ұсақ, контейнерлік) және жүк түрлері бойынша тарифтерді саралауды көздейді.

Жүктерді тасымалдауға арналған тарифтік мөлшерлемелердің деңгейі тауарлардың жылжуын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуі, өндірушілерге әлемдік нарыққа интеграциялануға мүмкіндік беруі, өндірушінің, тұтынушының және тасымалдаушының мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуі тиіс.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарының тарифтік саясаты жыл сайын кезекті фрахт жылы басталғанға дейін алдын ала жарияланып, тарифтік конференцияларда келісіледі.

Жолаушылар тасымалдары.

Қазіргі уақытта теміржолдарда әлеуметтік маңызы бар, бірақ залалды жолаушылар тасымалдарын дамыту үшін пәрменді ынталандыру тетіктері жоқ, бұл құрылымдық реформалар жүргізу және теміржол жолаушылар кешенін басқаруды қайта құру қажеттігін көрсетеді.

Жолаушылар теміржол тасымалдарына қатысты тарифтік саясат маусымға байланысты саралануы тиіс. Жыл ішінде тариф бірыңғай болып қалуы мүмкін, алайда маусымға байланысты тарифтердің өзгеруі 30 %-ға дейін ауытқуы мүмкін.

Жолаушылар кешенінің жұмыс істеу тиімділігін арттыруға алыс қашықтыққа қатынайтын және қала маңындағы қатынаста жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі бөлімшелер құру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл оларға қаржылық қызмет пен тасымалдарды басқаруды шоғырландыруға, кірістілікті арттыру және шығындарды қысқарту мақсатында жолаушыларға неғұрлым тиімді әрі сапалы қызмет көрсетуге мүдделілік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте алыс қашықтыққа қатынаста маусымдылықтың өзгеруі кезеңінде тасымалдарды қамтамасыз ету және қала маңындағы қатынаста жолаушылар ағынының тәулік ішіндегі өзгеруіне байланысты қала маңындағы пойыздарды қалыптастырудың модульдік схемасын қолдану, залалдарды мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден немесе басқа да көздерден өтеу, жолаушылар вагондары паркін жаңарту, жолаушылардың жылжымалы құрамын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі кәсіпорындарды реконструкциялау және дамыту мәселелерін неғұрлым жедел әрі тиімді шешуге болады.

10.2. Әуе көлігі

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін әуе көлігі қызметі саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыты оны дамытудың ортақ Стратегиясын әзірлеу және іске асыру болып табылады. Бұл Стратегия мынадай бірыңғай тетіктерді әзірлеуді көздеуі тиіс:

ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай және дәйекті саясатын іске асыру;

тең құқықты және ерікті бәсекелестік негізінде авиациялық тасымалдардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайларды дәйекті түрде жасау;

әуе көлігі саласындағы табиғи монополиялар қызметтерін мемлекеттік реттеу әдістерін бірыңғайландыру;

жаңартылатын әуе кемелері паркін тиімді пайдалану.

10.3. Автомобиль көлігі және жол шаруашылығы10.3.1. Автомобиль көлігі

ТМД көлік жүйесінің құрылымындағы автомобиль көлігінің қазіргі жағдайы оның басымдығы мен жоғары технологиялық көлік қызметі тұрғысынан даусыз артықшылықтарын көрсетеді. Мұндай қызметтің құрамдас бөліктеріне икемділік, ұтқырлық, сенімділік, жеделдік, жүктерді жеткізудің сақталуы, қызметтердің құны жатады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға деген үнемі өсіп келе жатқан сұраныстың және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік кәсіпорындары тарапынан оны қанағаттандыруға бағытталған қызметтердің кең ауқымды ұсынысының болуына негізделген автокөлік қызметтері нарығы біртіндеп қалыптасуда.

Сонымен бірге халықаралық автомобиль тасымалдарын дамытудағы орын алып отырған елеулі проблемалар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тасымалдаушыларының халықаралық көлік нарығындағы ұстанымдарын әлсіретуде. Олардың қатарына мыналар жатады: халықаралық көлік кеңістігінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқықтық және заңнамалық іс-қимылдары мен нормаларының келісілмеуі, әлсіз материалдық-техникалық база және оны жетілдіру мен дамытуға инвестициялардың жеткіліксіздігі, халықаралық автомобиль қатынасын дамыту жолындағы кедергілерді жою және ұлттық тасымалдаушыларды шетелдік кәсіпкерлер тарапынан болатын жосықсыз бәсекелестіктен қорғау жөніндегі үйлестірілген шаралардың болмауы, автокөлік қызметінің қауіпсіздігін жеткіліксіз қамтамасыз ету және басқа да бірқатар теріс факторлар.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттары мыналар болып табылады:

автомобиль көлігінің артықшылықтарын пайдалануға ықпал ететін, автокөлік қызметтерін пайдаланушыларға автокөлік түрі мен автокөлік құралдарын еркін таңдау мүмкіндігін беруді ескеретін келісілген көлік саясатын әзірлеу;

автокөлік қызметі саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды тану және орындауды ескере отырып, ұлттық көлік заңнамаларын үйлестіру жөніндегі шараларды әзірлеу;

кедергілердің туындау себептерін анықтау, оларды жоюдың мемлекетаралық тетіктерін қалыптастыру және дәйекті түрде іске асыру жөніндегі келісілген күш-жігер;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары бойынша автомобиль көлігінің еркін қозғалысы үшін жағдайлар жасау;

ТМД халықаралық автокөлік қызметтері нарығының тасымалдаушылары мен басқа да қатысушыларының материалдық-техникалық, технологиялық, инновациялық, ақпараттық, нормативтік-құқықтық, сервистік және кадрлық әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды әзірлеу.

 10.3.2. Жол шаруашылығы

      Автомобиль жолдары ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік жүйесінде ерекше орын алады. Автомобиль жолдарының сенімді жұмыс істейтін желісі экономика мен әлеуметтік саладағы проблемаларды шешудің, өркениетті және бәсекеге қабілетті нарықты қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Автомобиль жолдары арқылы жүктерді «есіктен есікке дейін» жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету көлік кешенінің аса маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жол саясатының негізі – экономиканың және халықтың сенімді көлік байланыстарына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ осы мемлекеттердің автомобиль жолдарын халықаралық көлік жүйесіне интеграциялау. Халықаралық автомобиль тасымалдары қамтамасыз етілетін ТМД халықаралық автомобиль жолдарының тізбесі айқындалған. Аталған тізбеде белгіленген негізгі халықаралық автомобиль маршруттары халықаралық көлік дәліздерінің құрамына енгізілген.

      Жол шаруашылығы саласындағы басым міндеттер мыналар болып табылады:

      мемлекетаралық деңгейде келісілген жол саясатын іске асыруды қамтамасыз ететін біріздендірілген заңнамалық базаны қалыптастыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

      пайдаланушылар мен мемлекеттің мүдделері үшін автомобиль жолдарының дамуы мен жай-күйін тиімді басқаруды қамтамасыз ететін жол шаруашылығын мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру;

      жол шаруашылығындағы қаржы ресурстарын барынша тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін басымдықтарды айқындау, инвестициялық процесті басқару жүйесін жетілдіру;

      жол шаруашылығын, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желісін дамыту мен жетілдірудің ұлттық бағдарламаларын тұрақты қаржыландыру үшін жағдайлар жасау;

      автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі қызметті үйлестіру;

      жол қызметін лицензиялауға қатысты ортақ тәсілдерді әзірлеу.

10.4. Теңіз көлігі

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теңіз көлігін дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықтың басым бағыттары мыналар болып табылады:

      қазіргі уақытта қолданыстағы кеме қатынасы еркіндігі қағидатын сақтай отырып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау;

      порттар желісін дамыту міндеттерін шешуде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мүмкіндіктерін шоғырландыру;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы шеңберіндегі ынтымақтастығын дамыту және басқа да халықаралық ұйымдарға қатысуы;

      сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы халықаралық нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау;

      теңізде іздестіру және құтқару, сондай-ақ теңіздегі төтенше жағдайларды жою кезінде өзара іс-қимыл жасау жөніндегі халықаралық келісімдерді дайындау;

      ТМД-ға қатысушы Каспий маңы мемлекеттері кемелерінің Дүниежүзілік мұхитқа еркін шығуы үшін жағдайлар жасау.

10.5. Ішкі су көлігі

      Ішкі су көлігі «өзен – теңіз» аралас жүзу кемелерін пайдалана отырып, ішкі су жолдарында да, теңіз бассейндерінде де көлік процесін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты орындайды, осыған байланысты ынтымақтастықтың негізгі басым бағыттары мыналар болып табылады:

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы жүк және жолаушылар тасымалы көлемін ұлғайту жөніндегі келісілген шаралар кешенін жүргізу;

      ішкі су жолдарында жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін әзірлеу және енгізу;

      ішкі су көлігімен тасымалдау нарығына қатысушылардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ кеме қатынасы инспекциялары мен өзен тіркелімінің міндеттерін орындау тетіктерін біріздендіру;

      ішкі су көлігі инфрақұрылымының объектілері мен элементтерін дамыту және жаңғырту;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұстанымдарын қолдауды ескере отырып, тиісті халықаралық ұйымдарда келісілген саясат жүргізу.

Қорытынды

       Көлік саясатының негізгі іс-шараларын әзірлейтін және іске асыратын мемлекетаралық органдар мыналар болып табылады: Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Үйлестіру көлік кеңесі, оның құрамында Автомобиль көлігі жөніндегі кеңес, Теңіз көлігі жөніндегі кеңес және Ішкі су көлігі жөніндегі кеңес жұмыс істейді; Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесі; Үкіметаралық жолшылар кеңесі; ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің орталық атқарушы билік органдары мен көлік мәселелері жөніндегі салалық әкімшіліктерінің басшыларынан тұратын Авиация және әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі кеңес. Бұл жұмысқа Халықаралық көлік академиясы, салалық ғылыми-зерттеу институттары және жалпы көлік проблемаларымен айналысатын институттар тартылуы мүмкін.

       Келісілген көлік саясатын іске асыру үшін ынтымақтастықтың әртүрлі нысандары пайдаланылуы мүмкін:

      келісімдер және басқа да нормативтік құқықтық актілер;

      нысаналы бағдарламалар;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне немесе ортақ көлік кеңістігі субъектілеріне арналған ұсынымдар.

      Келісілген көлік саясатының нәтижелері мыналар болуы тиіс:

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халқы мен шаруашылық жүргізуші субъектілеріне көлік қызметтерін көрсетудің деңгейі мен сапасын арттыру;

      ортақ көлік кеңістігіндегі тасымалдар көлемінің өсуі;

      көлік кәсіпорындарының кірістерінің өсуі, демек, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бюджеттеріне аударымдардың ұлғаюы;

      еңбек жағдайлары мен әлеуметтік саланың жақсаруы;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік қызметтері нарығының әлемдік көлік қызметтері нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және транзиттік тасымалдардың өсуі;

      көлік процесінің қауіпсіздігін арттыру және экологиялық көрсеткіштерін жақсарту.

ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТТЕР ДОСТАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІ

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған келісілген көлік саясатының тұжырымдамасына АНАЛИТИКАЛЫҚ ЖАЗБА

      Кіріспе      1. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын көлікпен қамтамасыз ету проблемалары      2. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған келісілген көлік саясатының басымдықтары      1-схема      2-схема      3-схема      4-схема      3. Көлік-экспедициялық қызмет пен логистиканы дамыту      4. Халықаралық көлік дәліздерін пайдалана отырып, ТМД-дағы транзиттік тасымалдарды қамтамасыз ету      5. Көліктегі қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету      6. Көліктегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін мемлекеттік баға реттеуін жетілдіру      7. Көлік машина жасауы саласындағы кооперация      8. Көлік түрлерін дамытудың басым бағыттары      8.1. Теміржол көлігі      8.2. Әуе көлігі      8.3. Автомобиль көлігі және жол шаруашылығы      8.3.1. Автомобиль көлігі      8.3.2. Жол шаруашылығы      8.4. Теңіз көлігі      8.5. Ішкі су көлігі

КІРІСПЕ

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған келісілген көлік саясатының тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік кешенін одан әрі дамыту перспективаларына, осы саладағы одан әрі ынтымақтастықтың неғұрлым өзекті бағыттарына және оны дамыту процесіндегі мемлекеттік реттеудің рөліне қатысты ортақ көзқарасын көрсетеді.

      Тұжырымдамаға ұсынылып отырған Аналитикалық жазбада көлік кешені жұмысының нормативтік-құқықтық, технологиялық және ақпараттық қамтамасыз етілуін одан әрі дамыту, көлік және экспедиторлық қызметтер көрсету тетіктерін әлемдік нарық жағдайларына бейімдеу және жетілдіру, көлік техникасын өндіру тиімділігін арттыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында жөндеу-зауыт базасын пайдалану мен дамыту, тауар өткізу желісі мен көлік қызметтері нарығын дамыту, логистикалық жүйелерді құру, халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыру, көлік түрлерін дамытудағы басым міндеттер мәселелері толығырақ қарастырылады. Бұлардың жиынтығы келісілген көлік саясатын қамтамасыз етеді, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мүдделері үшін 2010 жылға дейінгі кезеңде көлік кешенінің экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көлік қызметтері нарығының негізгі сегменттері: теміржол, әуе, автомобиль, теңіз және өзен көлігі қызметтері қарастырылады.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған келісілген көлік саясатының тұжырымдамасы көлік проблемаларын кешенді шешу жолындағы қағидаттық тәсілдер жүйесі болып табылады.

      Аналитикалық жазбада мынадай терминдер пайдаланылады:

      «интермодальдық тасымал» – жүктерді (бір және сол жүк бірлігінде немесе бір және сол көлік құралында) көлік түрлері ауысқан кезде жүктердің өзін өңдемей, кезекпен пайдаланылатын көлік түрлерімен тасымалдау;

      «мультимодальдық тасымал» – оны ұйымдастыратын тұлға бірыңғай тасымалдау құжатын ресімдеу кезінде қатысатын көлік түрлерінің санына қарамастан, бүкіл жол бойында жүк үшін жауаптылықты өзіне алатын жүктерді тасымалдау;

      «құрамдастырылған тасымал» – бір (пассивті) көлік құралы басқа (белсенді) көлік құралында тасымалданатын, ал соңғысы тарту күшін қамтамасыз етіп, энергия тұтынатын интермодальдық тасымал;

      «лизинг» – уақытша бос немесе қарызға алынған қаражатты инвестициялауға бағытталған және лизинг беруші (қаржылық кредитор) лизинг алушы көрсеткен жабдықты өзі айқындаған сатушыдан (жеткізушіден) меншікке сатып алып, оны лизинг алушыға кәсіпкерлік мақсаттар үшін уақытша иеленуге және пайдалануға ақы төлету арқылы беретін шарт негізінде жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызмет;

      «халықаралық көлік дәліздері» – жолаушылар мен жүктерді халықаралық қатынаста, олардың барынша шоғырланған бағыттары бойынша тасымалдауды қамтамасыз ететін және әртүрлі елдерді байланыстыратын, тиісті инфрақұрылымы бар магистральдық көлік коммуникацияларының және, әдетте, көліктің әртүрлі түрлерінің жиынтығы;

      «көлік жүйесі» – тасымалдарды жүзеге асыру кезінде өзара тәуелділік пен өзара іс-қимыл жағдайында болатын әртүрлі көлік түрлерінің кешені;

      «көлік-экспедициялық қызмет» – көліктің барлық түрлерімен жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру кезінде клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

      «көлік логистикасы» – жалпы пайдаланылатын көлікпен жүктерді орын ауыстыруды ұйымдастыруға байланысты міндеттерді кешенді және өзара байланысты түрде шешу;

      «терминал» – жүктерді қабылдауға, жинақтауға, өңдеуге, жөнелтуге және беруге арналған техникалық құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың кешені;

      «логистикалық тәсіл» – интермодальдық тасымалдаудың көлік-тарату тізбегінің барлық буындарының іс-қимылдарын үйлестіру, тауар-ақша ағындарын қатаң бақылауды қамтамасыз ету, кедендік, тасымалдау және басқа да құжаттарды ресімдеу рәсімдерін оңайлату;

      «франчайзинг» – кәсіпорындар арасындағы шарттық қатынастар жүйесі, оған сәйкес бір тарап (франчайзер) екінші тарапқа (франчайзи) франчайзердің атынан және оның тауар белгісімен өнімнің (тауарлардың) белгілі бір түрін өндіру және/немесе өткізу, белгілі бір қызметтерді көрсету құқығын, сондай-ақ техникалық және ұйымдастырушылық көмек алу құқығын береді;

      «көлік операторы» – жүктерді тасымалдауға тікелей жауапты болатын немесе тасымалдау шартына сәйкес осы тасымалды жүзеге асыру үшін үшінші тарапты пайдаланатын тұлға.

1. ТМД-ҒА ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫН КӨЛІКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ПРОБЛЕМАЛАРЫ

      Ұлттық экономикалық жүйелерді қалыптастырудың, дамытудың және басқарудың жаңа қағидаттарына көшу және экономикалық реформаларды одан әрі жүргізудің объективті қажеттілігі нәтижесінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің алдында көлік саласында бірқатар проблемалар туындады.

      Қосымша өткізу пункттерінің, кедендік құрылымдардың құрылуы, әрбір мемлекеттің көлік қызметтерінің жекелеген түрлеріне қатысты өзінің тарифтік саясатын қалыптастыруы, көптеген көлік және экспедиторлық компаниялардың құрылуы жүктер мен жолаушыларды тасымалдау шығыстарының және оларды жеткізу мерзімдерінің едәуір ұлғаюына алып келді, өнімді өткізуді қиындатты, сонымен қатар көліктің барлық түрлерінде тасымалдау көлемі төмендеді.

      Жаңа экономикалық жағдайларда сауда-экономикалық байланыстардың Еуропа, Азия және Америка елдерімен белсенді даму бағытына қайта бағдарлануы объективті түрде орын алды. Бұл ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік жүйесіне жаңаша қарауға және көлікті нарықта қызметтердің кең ауқымын ұсынатын сала ретінде қарастыруға мәжбүр етті, бұл көлікке өндірістің жалғасы немесе халыққа әлеуметтік қызметтер көрсету құралы ретінде дәстүрлі көзқарастан түбегейлі ерекшеленеді. Көлік кешенінің жұмыс істеуін нарықтық қағидаттар негізінде ұйымдастыруға көшу тәуелсіз мемлекеттердің дамуындағы оның рөліне қатысты көзқарастарды өзгертуді қажет етті және осылайша бірқатар жаңа проблемаларды анықтады.

       Проблемалардың бірінші тобы көлік кешені жұмысының нормативтік-құқықтық, технологиялық және ақпараттық қамтамасыз етілуінің жүйелілігін одан әрі дамыту, көлік қызметтерін көрсету тетіктерін нарық жағдайларына бейімдеу қажеттілігімен айқындалады. Мұндай проблемалардың туындауының негізгі себебі ұлттық экономикалық жүйелерді шаруашылық басқару мен дамытуды ынталандырудың түбегейлі жаңа әдістеріне көшудің объективті қажеттілігі болып табылады. Тәуелсіз мемлекеттерде экономикалық реформаларды одан әрі табысты дамытудың міндетті шарты ретінде осы проблемалар тобын шешудің өзектілігі мынадай фактілермен расталады:

      көлік коммуникацияларының қолданыстағы кіші жүйесінің құрылымы жүк ағындарын қатаң орталықтандырылған басқаруға, жекелеген өңірлер өнеркәсібінің қатаң жоспарлы мамандануына және оларды кооперациялаудың орталықтандырылған жүйесіне бағдарланып қалыптастырылды. Қазіргі жағдайларда көлік коммуникацияларын пайдалану тиімділігінің деңгейі жеткіліксіз, көліктің жекелеген түрлерінде тасымалдау және өткізу қабілеттерінің резервтері бар;

      көлік құралдарының тозуы сыни деңгейге жақындап келеді, алайда орын алған экономикалық құлдырау көлік кәсіпорындарының негізгі қорларын жүйелі әрі уақтылы қалпына келтіруге мүмкіндік бермеді; көлік қызметтері нарығына қатысушыларды ақпараттық қамтамасыз ету аса тиімсіз, әртүрлі елдерде осы салада қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің өзара келісімділігі төмен.

       Проблемалардың екінші тобы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында көлік техникасын өндіру мен жөндеу-зауыт базасының біркелкі бөлінбеуін жаңа жағдайларда одан әрі пайдалану қажеттілігіне байланысты. Сондықтан іс жүзінде әрбір мемлекетте көлік саласының қызметкерлері көлік құралдарын өндіру және жаңғырту бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға кірісуге мәжбүр болды. Бұл проблеманы шешу КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіз мемлекеттердің құрамында қалған ұйымдардың үйлестірілген қызметіне негізделген көліктің өндірістік-пайдалану қызметін ғылыми-техникалық және конструкторлық-нормативтік қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесінің болуына байланысты қиындай түседі.

      Көлік саласындағы аталған проблемаларды шешу мынадай себептерге байланысты күрделене түседі:

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғарыда аталған проблемаларды дербес шешуі олардың экономикалық мүмкіндіктерімен шектеледі;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде мемлекетаралық ынтымақтастықты қалыптастыру процестерінің серпінін қанағаттанарлық деп санауға болмайды, бұл қағидаттық мәселелер мен көлік саясатының ұлттық тұжырымдамаларын келісуді қиындатады;

      көлік кәсіпорындарының әлемдік көлік қызметтері нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін күрт арттыру үшін объективті түрде жеткіліксіз жағдайлар және қажетті коммуникациялардың болмауы қазіргі жағдайда олардың халықаралық ауқымда көлік қызметтерін көрсету жөніндегі жұмысының экономикалық тиімділігін арттыруға ықпал етпейді.

      Көрсетілген проблемалар мен олардың туындауының негізгі себептерін талдау мынадай негізгі қорытындылар жасауға мүмкіндік береді:

      1. Жекелеген елдердің ұлттық көлік жүйелерінің жай-күйі халықаралық көлік қызметтері нарығында Еуропалық одақ мемлекеттерінің көлік кешендерімен толық көлемде табысты бәсекелесуге және кооперациялануға мүмкіндік бермейді.

      2. Көрсетілген проблемаларды келісілген түрде шешу қажеттілігі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бірыңғай, келісілген көлік саясатын әзірлеу және іске асыру талабын алға тартады. Бұл саясаттың негізіне тұтынушыға бағдарланған шаруашылық жүргізу тиімділігінің өлшемшарттары алынуы тиіс.

      3. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік кешені саласындағы экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеттерін келісілген және бірлесіп пайдалану ауқымды әрі өзара тиімді халықаралық көлік жобаларын жүзеге асыруға нақты мүмкіндік бере алады. Көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің экономикалық орындылығы әрбір елдің өндіргіш күштері мен шикізат ресурстарын барынша тиімді пайдалану және көлік кешенін қазіргі халықаралық көлік қызметтері нарығының талаптарына барынша үнемді бейімдеу жолдарын айқындайды.

      4. Көлік саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, көлік кешенін дамыту жөніндегі жекелеген бағдарламалар мен жобаларды әзірлеудің, қараудың және іске асырудың басымдықтарын көрсетілген проблемаларды шешу, олардың туындау себептері мен салдарын жою мүмкіндігіне ықпалы тұрғысынан айқындау орынды.

2. ТМД-ҒА ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ 2010 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ КЕЗЕҢГЕ АРНАЛҒАН КЕЛІСІЛГЕН КӨЛІК САЯСАТЫНЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ

      Келісілген көлік саясаты оның мақсаттарымен айқындалатын мәселелер бойынша екіжақты және көпжақты халықаралық келісімдерге қатысу арқылы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді және тереңдетуді көздейді.

      Көлік саласындағы проблемаларды шешу мазмұны көлік кешенін дамытудың өзара байланысты процестерін жүйелі түрде көрсететін 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған келісілген көлік саясатының негізгі құрамдас бөліктерін дәйекті іске асыру арқылы ұсынылады.

      Келісілген көлік саясаты мынадай негізгі құрамдас бөліктерді қамтиды.

       Келісілген көлік логистикасы мен тауар қозғалысы жүйесін одан әрі дамыту:

      көлік логистикалық орталықтарын құру;

      логистика бойынша мамандар даярлайтын арнайы орталықтар құру;

      логистикалық жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заманауи технологияларды кеңінен енгізу.

       Көлік заңнамасын келісіп әзірлеу және біріздендіру:

      көлік қызметі саласындағы мемлекетаралық өзара қатынастардың құқықтық негізін кеңейту және тереңдету;

      көлік кешенінің қызметін айқындайтын заңдар мен заңнамалық актілер жинағын әзірлеу кезіндегі транспаренттілік (ашықтық);

      мемлекеттерде қабылданған көлік қызметі туралы заңдарға салыстырмалы талдау жүргізу және оларды біріздендіру жөнінде келісілген шаралар қабылдау;

      ортақ көлік кеңістігін қалыптастыруды жеделдетуді және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық мүдделерінің сөзсіз сақталуын қамтамасыз ететін көлік қызметінің барынша біріздендірілген заңнамалық базасын құру жөніндегі мемлекетаралық органдардың ұйымдасқан жұмысын жүргізу.

       Көлік жүйелерін келісілген түрде дамыту:

      Ортақ көлік жүйелерінің техникалық-технологиялық жай-күйін талдау және олардың тиімді бірлескен жұмыс істеуіне кедергі келтіретін тар орындарды анықтау;

      Ортақ көлік жүйелерін дамытудың келісілген орта және ұзақ мерзімді бағдарламаларын жасау және іске асыру;

      құрамдастырылған тасымалдар бағдарламаларын қалыптастыру және іске асыру, көліктің әртүрлі түрлерін келісілген түрде пайдалану.

       Көлік-транзиттік әлеуетті бірлесіп пайдалану:

      еуропалық және азиялық маршруттармен байланыстырылған транзиттік көлік дәліздерінің келісілген тізбесі мен маршруттарын қалыптастыру;

      бүкіл жүру маршруты бойынша транзиттік тасымалдардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін тасымалдау шарттары мен транзиттік тарифтерді, оның ішінде өтпелі тарифтік мөлшерлемелерді келісу.

       Ақпараттық технологияларды бірлесіп дамыту:

      теміржолдардың бүкіл желісі бойынша бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыру (көлікті басқарудың корпоративтік ақпараттық жүйесі);

      басты және жолдық есептеу кешендерін бірыңғай жүйеге өзара байланыстыру;

      тасымалдау құжаттарын ресімдеу мен жылжытудың қағазсыз технологиясын көздейтін бірыңғай әдістемелерді, құжат айналымын толық электрондандыруды әзірлеу және енгізу;

      жүк иесі мен тасымалдаушы, тасымалдау процесінің басқа да қатысушылары арасында бүкіл «есіктен есікке дейінгі» жол бойында ақпараттық өзара байланысты орнату;

      ақпараттық технологиялардың барлық кешендері үшін бірыңғай ақпараттық база құру.

       Көлік машина жасауды келісілген түрде дамыту:

      көлік техникасына қойылатын келісілген нормативтік-техникалық талаптар мен стандарттардың қолданылу аясын кеңейту;

      тиімді мамандандыру мен кооперацияны дамыту, техника өндіру және жөндеу жөніндегі бірлескен кәсіпорындар құру;

      көлік техникасын өзара жеткізу кезінде қолайлы сауда режимдерін жасау және келісілген лизинг саясатын жүргізу;

      бірыңғай технологиялық процесс негізінде өзара іс-қимыл жасайтын, орталықтандырылған және барынша автоматтандырылған басқаруы бар, техникалық жағынан жетілдірілген тұрақты құрылғылармен және көлік құралдарымен жабдықталған кешенді ұлттық көлік жүйелерін қалыптастыру.

       Автомобиль көлігінің әріптес мемлекеттердің аумақтары бойынша еркін қозғалысын қамтамасыз ету:

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер шеңберінде рұқсат беру жүйесін жоюды көздей отырып, халықаралық автомобиль тасымалдарын ырықтандыруға ұмтылу;

      автомобиль көлігі мәселелері бойынша халықаралық конвенциялар мен шарттарға қосылудың келісілген саясатын жүргізу;

      келісілген негізгі халықаралық автомобиль көлігі маршруттарында сервистік қызмет көрсетудің бірыңғай жүйесін енгізу.

       Әріптес мемлекеттердің теміржол көлігінің негізгі техникалық-технологиялық және тарифтік-қаржылық параметрлер бойынша келісілген жұмысын қамтамасыз ету:

      тасымалдау жұмысын ұйымдастыру параметрлері мен нормативтерін келісу және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      теміржол көлігінің жұмысындағы қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді қалыптастырудың, салық салудың бірыңғай әдіснамасын келісу және енгізу;

      вагондар мен контейнерлер паркін бірлесіп пайдаланудың келісілген тәртібін жетілдіру.

       Авиациялық тасымалдарды келісілген түрде жүзеге асыру және әуе кеңістігін пайдалану:

      әуе кемелерін, халықаралық әуежайларды сертификаттаудың, авиациялық техниканы пайдалануға жіберудің, бақылаудың, пайдалануды және жөндеуді қамтамасыз етудің бірыңғай қағидаларын белгілеу;

      ұшу қауіпсіздігіне және олардың бұзылуын тергеп-тексеруге қойылатын бірыңғай талаптарды келісілген түрде енгізу;

      тығыз өзара іс-қимыл жасау, тасымалдаушылар мен авиациялық кәсіпорындардың бірлескен компанияларын құру, халықаралық ұйымдарда ортақ мүдделерді қорғау үшін жағдайлар жасау.

       Әріптес мемлекеттердің су жолдарын келісілген түрде бірлесіп пайдалану:

      әріптес мемлекеттердің ішкі су жолдарында еркін жүзу тәртібін белгілеу;

      ішкі, бірлесіп пайдаланылатын су жолдарында жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша келісілген саясат жүргізу;

      әріптес мемлекеттердің ішкі су жолдарында үшінші елдердің тасымалдаушыларына қатысты келісілген саясат жүргізу.

      Келісілген көлік саясатының негізгі құрамдас бөліктерінің өзара байланысы және олардың мазмұнын нақтылау 1, 2, 3, 4-схемаларда көрсетілген.

 Схема 1

2010 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ КЕЗЕҢГЕ АРНАЛҒАН КЕЛІСІЛГЕН КӨЛІК САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰРАУШЫЛАРЫНЫҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫ

Келісілген көлік саясаты             │             ├── Келісілген көлік логистикасы             │   және тауар қозғалысы жүйесі             │             ├── Көлік саласындағы құрылымдық             │   реформаларды келісілген түрде дамыту             │             ├── Көлік заңнамасын келісілген түрде             │   әзірлеу және біріздендіру             │             ├── Келісілген көлік жүйелерін дамыту             │             ├── Көлік-транзиттік әлеуетті бірлесіп пайдалану             │             ├── Көлік машинасын жасауды бірлесіп дамыту             │             └── Ақпараттық технологияларды бірлесіп дамыту             │             ▼       Көліктің келісілген       жұмыс істеу жүйесі

Схема 2

КӨЛІК ЖҮЙЕЛЕРІН КЕЛІСІЛГЕН ТҮРДЕ ДАМЫТУ

  1. Көлік жүйелерінің техникалық-технологиялық жай-күйін талдау және олардың тиімді бірлесіп жұмыс істеуіне кедергі келтіретін тар орындарды анықтау:
    • Көлік жолдарының, жылжымалы құрамның, басқа да ішкі және сыртқы құрылғылар мен объектілердің техникалық жай-күйін анықтау;
    • Қолданылатын қозғалыс қауіпсіздігі технологиялары мен техникалық параметрлердің әлемдік ғылыми-техникалық деңгейге сәйкестігін анықтау;
    • Ғылыми әлеуетті бірлесіп пайдалану, мемлекетаралық ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыру.
  2. Келісілген орта және ұзақ мерзімді көлік жүйелерін дамыту бағдарламаларын жасау және іске асыру:
    • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған келісілген көлік саясаты тұжырымдамасын қабылдау, бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және қабылдау;
    • Мемлекеттердің оны іске асыру жөніндегі келісілген іс-қимыл жоспарларын көліктің әрбір түрі бойынша қалыптастыру;
    • Халықаралық инвестицияларды тарту және көлік жүйелерін салу (реконструкциялау) жөніндегі бірлескен бағдарламаларды қаржыландыру үшін экономикалық жағдайлар жасау.
  3. Аралас және мультимодальдық тасымалдар бағдарламаларын қалыптастыру және іске асыру, көліктің әртүрлі түрлерін келісілген түрде пайдалану:
    • Екі және одан да көп көлік түрін қолдана отырып, жүктерді мультимодальдық тасымалдауды жүзеге асыруға болатын көлік бағыттарын анықтау;
    • Мультимодальдық тасымалдарды жүзеге асыру үшін техникалық-экономикалық жағдайлар жасау;
    • Аралас тасымалдарды әртүрлі көлік түрлерімен және меншіктің әртүрлі нысандарындағы мемлекетаралық компаниялардың жүзеге асыруы үшін заңнамалық-құқықтық жағдайлар жасау;
    • Көлік пен көлік қызметінің кедендік, шекаралық және басқа да мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау технологияларын жетілдіру.

Схема 3

КӨЛІК ЗАҢНАМАСЫН КЕЛІСІЛГЕН ТҮРДЕ ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ БІРІЗДЕНДІРУ

  1. Көлік қызметі саласындағы мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастыру:
    • 1997 жылғы 9 қазандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ көлік кеңістігін қалыптастыру және көлік саясаты саласындағы өзара іс-қимыл қағидаттары туралы келісімді іске асыру;
    • Көлік түрлері бойынша мемлекетаралық кодекстер мен келісімдерді қабылдау;
    • Көлік саласындағы мемлекетаралық заңнамамен реттелмеген өзара қатынастар тәртібін айқындайтын мемлекетаралық шешімдер қабылдау.
  2. Мемлекеттерде қабылданған көлік қызметі туралы заңдарға салыстырмалы талдау жүргізу және оларды біріздендіру жөніндегі шараларды жүзеге асыру:
    • Біріздендіруге жататын заңдар тізбесін айқындау;
    • Қолданыстағы заңнаманы қабылданған модельдік заңдармен, мемлекеттер арасында қолданылатын шарттармен және келісімдермен салыстыру;
    • Қолданыстағы ұлттық заңнама мен қабылданған модельдік шарттар және келісімдер арасындағы қайшылықтарды (заңдық коллизияларды) жою.
  3. Көлік кешенінің қызметін айқындайтын заңдар мен заңға тәуелді актілер жинағын келісу:
    • Көлік саласындағы төлем, салық және тариф саясаты, лицензиялау және сақтандыру;
    • Жүктер мен жолаушыларды тасымалдау тәртібі, тасымалдаушы, экспедитор және клиент арасындағы өзара қатынастар;
    • Көлік коммуникацияларына, көлік құралдарының жүктемелері мен габариттеріне, көлік құралдарының кіру (шығу) және транзит тәртібіне қойылатын техникалық талаптар.
  4. Көлік қызметінің біріздендірілген заңнамалық базасын қалыптастыру:
    • Көлік қызметін реттейтін модельдік заңдар тізбесін келісу;
    • Модельдік заңнамалық актілердің (заңнама негіздерінің) жобаларын дайындау және мемлекетаралық парламенттік органдардың қабылдауы;
    • Мемлекеттерде мемлекетаралық деңгейде біріздендірілген ұлттық заңнамалар мен халықаралық модельдік заңнамалық актілерді іске асыруды қамтамасыз ететін атқарушы актілердің жұмыс істеуі.

Схема 4

КӨЛІК-ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТТІ БІРЛЕСІП ПАЙДАЛАНУ

  1. Транзиттік көлік дәліздерінің келісілген тізбесі мен маршруттарын қалыптастыру, оларды бірлесіп дамыту:
    • Халықаралық көлік қызметтері нарығының конъюнктурасын бірлесіп зерттеу және негізгі еуразиялық және трансазиялық жүк ағындарын болжау;
    • Көлік дәліздерінің жұмыс істеуінің экономикалық тұрғыдан негізделген аймақтарын анықтау;
    • Транзиттік дәліздер мен маршруттар шегінде техникалық құралдар мен көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру.
  2. Бірыңғай, үздіксіз, бәсекеге қабілетті транзиттік тарифтер мен тасымалдау шарттарын келісу:
    • Жүктер мен жолаушыларды тасымалдау құны айқындалатын станцияларды (өзен порттарын, әуежайларды) анықтау;
    • Жүктердің бүкіл жүру маршруты бойынша транзит құнын айқындау және тасымалдаудан түсетін кірістерді бөлу туралы уағдаластықтарды жүзеге асыру;
    • Көлік дәліздерін пайдалануға тұрақты техникалық-экономикалық талдау жүргізу және олардың жүктемесін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру.
  3. Жүктерді жеткізуді жеделдету және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен шараларды іске асыру:
    • Жаңа техника мен озық технологияларды енгізу, транзиттік жүктерді тасымалдау жылдамдығын арттыруға бағытталған мемлекетішілік іс-шараларды өткізу;
    • Экспорттық-импорттық және аса маңызды ішкі тасымалдарды басымдықпен кешенді дамыту;
    • Кедендік және шекаралық рәсімдерді жеңілдету, сыртқы түйіспелі шекаралық пункттерде жылжымалы құрамды техникалық және коммерциялық тексеруді жеделдету.
  4. Транзиттік дәліздерді жарнамалау, жүктерді тарту және пайдалану жөніндегі келісілген саясатты жүргізу:
    • Транзиттік жүктерді тарту бойынша жарнамалық қызметтің жалпы жоспарын қалыптастыру, мемлекетаралық көлік жарнамалық агенттіктерін құру;
    • Жүк ағындарын тартуға бағытталған халықаралық көлік форумдарын (конференцияларды, кеңестерді және т.б.) ұйымдастыру;
    • Транзиттік дәліздер бойынша тасымалдардың көлемі, номенклатурасы және маршруттары туралы ұлттық көлік қызметтері нарықтарына кедергісіз қол жеткізу режимін құру, тұрақты өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз ету.

3. КӨЛІК-ЭКСПЕДИЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖӘНЕ ЛОГИСТИКАНЫ ДАМЫТУ

Көлік-экспедициялық қызмет (КЭҚ) тауарларды өткізу желісінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады және тауарлардың өндірушіден тұтынушыға дейін жылжуын жеделдетуге бағытталған. Бұл қызметтің нәтижесі – ТМД кеңістігінде көлік-экспедиторлық қызметтер нарығын қалыптастыру. Аумақтық тұрғыдан көлік-экспедиторлық ұйымдар негізінен көлік дәліздері мен көлік тораптары бойындағы жүк ағындарының стратегиялық маңызды бағыттарында шоғырланған.

ТМД көлік экспедиторларының едәуір бөлігі жүктерді тасымалдаудың барлық көлік түрлерін, оның ішінде қазіргі заманғы ауыр жүк контейнерлерін пайдалана отырып жеткізу қызметтерін орындайды. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік-экспедиторлық компаниялары арқылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы сауда тауарларының шамамен 80 %-ы өтеді, шағын және орта бизнестің 2 млн.-нан астам кәсіпорнына қызмет көрсетіледі.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде көлік-экспедициялық қызметтің заңнамалық-құқықтық базасын дамыту жөніндегі жұмыс жалғасуда. Оның негізгі мақсаты – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ көлік-экспедиторлық қызметтер нарығының барлық қатысушылары үшін тең және қолайлы жағдайлар жасау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін көлік-экспедициялық қызметті жүзеге асыру кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының жалпы және бірыңғай қағидаларын регламенттейтін халықаралық келісімдерді әзірлеу және іске асыру орынды болып табылады.

Жақын перспективада халықаралық көлік-экспедициялық қызметті дамыту саласындағы негізгі міндеттер қатарына мыналарды жатқызу қажет:

  • ТМД-ның ортақ көлік-экспедиторлық қызметтер нарығын одан әрі дамыту мәселелері бойынша келісілген шараларды әзірлеу, бірыңғай экспедиторлық индустрияны құру, жүк базасын ұлттық тасымалдаушыларға басымдықпен бекітуді ескере отырып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экспедиторлары мен тасымалдаушыларының бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру, жаңа транзиттік жүктерді тарту жөніндегі келісілген күш-жігерді жұмсау бөлігінде көлік кешені саласындағы одақтардың, қауымдастықтардың, қоғамдық ұйымдар мен мемлекетаралық органдар өкілдерінің өзара іс-қимылын дамыту;
  • Көлік-экспедициялық қызмет туралы ұлттық нормативтік актілерді үйлестіру және халықаралық көлік-экспедициялық қызметті жүзеге асыру кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылы туралы негіздемелік келісімді әзірлеу. Онда халықаралық стандарттардың талаптарына жауап беретін ұлттық лицензиялау (сертификаттау) жүйелерін (сертификаттарын) біріздендіру және өзара тану көзделуі тиіс;
  • ТМД кеңістігінде көлік-экспедициялық қызмет көрсетудің нысандары мен әдістерін келісілген түрде дамыту бағдарламасын әзірлеу;
  • ТМД-ның заңды және жеке шаруашылық жүргізуші субъектілеріне халықаралық көлік-экспедициялық қызмет көрсетудің жалпы келісілген қағидалары жобасын әзірлеу;
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде және шетелде көлік-экспедициялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру кезінде франчайзинг жүйесін пайдалану жөніндегі ұсынымдар жобасын әзірлеу;
  • Порт маңындағы және көлік тораптарындағы халықаралық көлік-экспедициялық қызметті ұйымдастыру бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу.

Көлік-экспедициялық қызметті дамыту логистикалық тәсілдерді және қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдаланумен тығыз байланысты.

Көлік логистикасының қағидаттары көлік түрлерінің өзара іс-қимылы мен үйлестірілуін жетілдірудің, халықаралық көлік дәліздері бойынша жеткізудің тиімді схемаларын енгізудің негізінде жатыр.

Мемлекетаралық логистикалық байланыстар жүйесін құру және оларды интеграциялау ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін өзекті маңызға ие. Бұл ретте экономикалық өзара байланыстарды дамыту және ортақ логистикалық жүйелер құру бастапқы болып табылады.

Осы міндеттерді шешу үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік кешенінде ақпараттық технологияларға, оның ішінде электрондық құжат айналымы жүйесіне негізделген логистикалық міндеттерді практикалық шешудің жаңа, озық әдістерін әзірлеу және енгізу жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Қазіргі уақытта жүктерді тасымалдауды ақпараттық сүйемелдеу технологиясы халықаралық жобалар (TEDIM – Балтық өңірінде телематикалық және логистикалық жүйелерді пайдалану) шеңберінде де, ұлттық көлік дәліздерін құру шеңберінде де пысықталуда.

Осыған байланысты телекоммуникациялық құралдар мен телематикалық технологиялардың жеткілікті жоғары деңгейінде жүктерді тасымалдау кезінде ақпараттық көлік логистикасының қағидаттарын қолдану міндеті өзекті болып отыр.

ТМД шеңберінде көліктің әртүрлі түрлері мен аралас ішкі және халықаралық тасымалдардың басқа да қатысушылары арасында ақпарат алмасу туралы келісім жобасын әзірлеу аса өзекті болып табылады.

2003–2005 жылдары ТМД шеңберінде сыртқы сауда жүктерін аралас тасымалдау кезінде тасымалдау, жүкпен бірге жүретін және басқа да құжаттарды электрондық хабарламаларды пайдалана отырып ресімдеудің жаңа технологияларын кеңінен енгізу көзделеді. Қағазсыз технологияларды пайдалану үшін бағдарламалық қамтамасыз етудің телематикалық технологияларын, көліктің жекелеген түрлерін телематикалық технологиялар және ақпараттандыру саласындағы нормативтік құжаттарды әзірлеу және енгізуді ұйымдастыру жалғастырылады.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикасы үшін халықаралық көлік дәліздері желісін дамытудың маңыздылығын ескере отырып, транс-еуропалық дәліздер бойынша жүк қозғалысын ұлғайтуға бағытталған өңірлік логистикалық көлік-тарату жүйелерін қалыптастыру негізінде өңіраралық логистикалық орталықтар құру жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру өзекті болып табылады. Бұл ТМД көлік жүйесінің еуропалық және әлемдік көлік жүйелеріне интеграциялануына ықпал ететін болады.

4. ТМД-ҒА ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІК ДӘЛІЗДЕРІН ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ТРАНЗИТТІК ТАСЫМАЛДАРДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУІ

Логистиканы практикалық тұрғыдан барынша тиімді пайдаланудың нысандарының бірі интермодальдық тасымалдарды қалыптастыру және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы транзитті оңтайландыру жөнінде келісілген шаралар қабылдау болып табылады.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің транзиттік мемлекеттер ретіндегі өз рөлін күшейтуге нақты перспективалары бар. Бұған объективті факторлар: олардың геосаяси орналасуы және оларда қуатты көлік әлеуетінің болуы ықпал етеді.

Экономикалық мәні бойынша транзит көлік қызметтерінің экспорты болып табылады. Әлемдік нарықтағы осы қызметтердің жиынтығы үнемі кеңейіп, жетілдіріліп отырады және ұлттық көлік жүйелері мен олардың инфрақұрылымының даму деңгейіне байланысты болады.

Транзит көлемінің өсуі ТМД-ға қатысушы мемлекеттерден оның транзиттік-көлік инфрақұрылымын, ең алдымен автомобиль магистральдары мен кедендік өткелдерді дамытуды талап етеді. Сыртқы сауда жүктерінің қозғалысын жеделдетуге шекараларға кіреберіс жолдарда орналасатын арнайы жабдықталған автомобиль терминалдары (автопорттар) ықпал етеді. Мұндай терминалдар Украина-Венгрия, Украина-Польша, Беларусь-Польша, Ресей-Финляндия және басқа да шекараларда жұмыс істеп тұр.

Транзиттік тасымалдар көлемінің ұлғаюы көлік желілерінің дамуына байланысты, ал бұл, өз кезегінде, осы салаға салынатын инвестициялармен айқындалады. Олар қолданыстағы көлік жүйелерін жаңғыртуға, тар орындарды жоюға, жетіспейтін буындарды қосуға бағытталуға тиіс.

Қолда бар көлік объектілерін жаңғыртуға және жаңаларын салуға Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуропалық инвестициялық банк және басқа да халықаралық қаржы органдары елеулі қаржылық көмек көрсетеді. Олардың көлік желісін дамыту жобаларын инвестициялауға одан әрі қатысуынсыз оның сапалық өзгеру қарқыны күтілгеннен төмен болуы мүмкін.

Қазіргі заманғы транзит сақтандырусыз мүмкін емес. Тауарларды тасымалдау тәуекелдерінің артуы жағдайында жүктерді, көлік құралдарын, тасымалдаушылардың жауапкершілігін сақтандыру саласы кеңеюге тиіс. Жүктер мен оларды жеткізу құралдары құнының өсуі қайта сақтандыру жүйесін дамытуды қажет етеді.

Баяндалғандардың негізінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы транзитті оңтайландыру жөніндегі нақты келісілген шаралар мынадай негізгі міндеттерді шешуді қамтамасыз етуге тиіс:

теміржол көлігімен:

мемлекеттік реттеу мен тасымалдау қызметтерін ұсынудың нарықтық қағидаттарын пайдаланудың арасындағы орынды теңгерімді негіздеу;

көліктің басқа түрлерімен тең құқылы бәсекелестік жағдайында икемді тарифтік саясатты әзірлеу және жүргізу;

қолда бар теміржол қатынас жолдарын неғұрлым тиімді пайдалану;

жүктерді тасымалдаудың аралас схемаларын кеңейтуді ескере отырып, жылжымалы құрамды жаңарту процесін ұйымдастыруды дамыту және оның тиімділігін арттыру, жүктерді жаңа технологиялар бойынша өңдеуге арналған терминалдар желісін кеңейту;

жол инфрақұрылымын техникалық қайта жарақтандыру қарқынын арттыру;

автомобиль көлігімен:

халықаралық автомобиль көлігі қызметтері нарығында барлық тасымалдаушылар үшін тең және қолайлы жағдайлар жасау;

автомобиль көлігі қызметтері нарығының дамуын ескере отырып, автомобиль паркінің сапалық және сандық көрсеткіштерін оңтайландыру;

аса маңызды транзиттік автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жөніндегі келісілген шараларды әзірлеу және іске асыру;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында автомобиль көлігімен транзиттік тасымалдарды жүзеге асыру үшін бірыңғай нормативтік-құқықтық база құру;

азаматтық авиациямен:

ұшуларды қамтамасыз ету проблемаларын басым тәртіппен шешу;

жаһандық еуразиялық әуежайлар желісін құруға жәрдемдесу;

әуежайларды халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкестендіру;

әуежайларды сертификаттауды ұйымдастыруды жетілдіру;

жүк-жолаушылар ағындарын өңдеу жөніндегі нормативтік құжаттарды халықаралық талаптарға сәйкестендіру;

әуе көлігінің жаңа үлгілерін әзірлеу және өндіру жөніндегі инвестициялық консорциумдар құру;

көлік құралдарын пайдалануда негізделген қатаң нормативтерді енгізу және қолдау.

Транзиттік тасымалдарды дамыту және оңтайландыру трансконтиненттік байланыстарды нығайту, елдердің, өңірлердің, жалпы әлемдік шаруашылықтың экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдету мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен халықаралық қоғамдастықтың басым міндеті ретінде қарастырылуға тиіс.

Континенттік маңызы бар жаңа транзиттік көлік магистральдарын, трансазиялық және еуразиялық құрлық көлік дәліздерін қалыптастыру, оларды дамыту және пайдалану бағдарламалары бойынша халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында халықаралық көлік дәліздері желісін қалыптастыру және дамыту әлемдік экономикалық даму процесінің құрамдас бөліктерінің бірі ретінде әлемдік көлік жүйесін дамытудың негізгі үрдістері аясында қарастырылуға тиіс. Бұл мынадай факторларға байланысты:

әлемдік сауданың өсуі әлемдік өндірістің өсу қарқынынан барған сайын оза түседі, әлемдік көлік байланыстарының маңыздылығы шикізат өндіру және өнеркәсіптік өндіріс орталықтарының рөлінен асып түседі;

тауар алмасудың неғұрлым жылдам өсуі Солтүстік Америка – Еуропа – Азия-Тынық мұхиты өңірі елдері үшбұрышында болжанып отыр, бұл Ресей мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттерді Еуропа мен Азия арасындағы табиғи көпір ретіндегі әлеуетті тиімді жағдайда тікелей қамтиды.

Жалпыеуропалық көлік желісінің құрамына мынадай компоненттер кіреді:

Еуропалық одақтың (ЕО) аумағындағы Транс-еуропалық көлік желісі (TEN);

қосылған елдердегі, жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі және олардың шегінен тыс жерлердегі 10 жалпыеуропалық көлік дәлізі;

құрамына ЕО-ға қосылуға үміткер елдердің аумағындағы 10 дәліз және желінің қосымша компоненттері кіретін TINA желісі (көлік инфрақұрылымына қажеттіліктерді бағалау жобасы);

Жерорта теңізі, Қара теңіз, Адриатика/Иония теңіздері бассейндерін және Баренц теңізі/Арктиканың еуропалық бөлігінің ауданын қамтитын 4 жалпыеуропалық көлік аймағы (РЕТгА);

еуроазиялық байланыстар, атап айтқанда TRACECA (Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізі).

Континенттік маңызы бар жаңа транзиттік көлік магистральдарын қалыптастырудың алғышарттарының бірі Еуропалық одақ шеңберінде қалыптасқан Транс-еуропалық көлік желісі болып табылады. Оның дамуының негізіне 1996 жылғы шілдеде бекітілген, көліктің әртүрлі түрлерін мультимодальдық көлік желісіне біріктіру қағидатына негізделген «Транс-еуропалық желіні құрудың бірлескен негізгі бағыттары» тұжырымдамасы алынған. TEN негізгі бағыттарының маңызды ережесі желіні Шығысқа қарай кеңейту және оны үшінші елдердің көлік желілерімен біріктіру болып табылады. TEN желісін Шығысқа қарай кеңейтудің уақыт шегі 2015 жыл болып белгіленген. ЕО-ның Орталық Азия және Кавказ сырты елдерімен көлік байланыстарын кеңейту және Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен жақындасу жөніндегі жүргізіп отырған бағыты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық мүдделерін қозғайды.

Құрлық көлік дәліздерінің мүмкіндіктері әуе көлігі кеңістігін транзиттік пайдалану әлеуетімен толықтырылады. Ресейде Солтүстік Американың орталық және шығыс бөліктері мен Азия өңірі елдері арасындағы тұрақты ұшуларды қамтамасыз ету үшін кросс-полярлық әуе трассалары деп аталатын бағыттар жұмыс істейді.

Тағы бір негізгі бағыт – Солтүстік Еуропа елдері мен Ресейді Үнді мұхитымен, Парсы шығанағымен және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен байланыстыратын Солтүстік – Оңтүстік дәлізі.

Осы мәселелердің маңыздылығының жоғары деңгейін ескере отырып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыру мен пайдаланудың мақсаттары мен қағидаттарын, жүк және жолаушылар ағындарын тиімді әрі өзара тиімді бөлуді және көлік қызметтері нарығындағы бірлескен іс-қимылдарды жеке құжаттарда қарастыру орынды.

Жүктерді халықаралық жеткізу кезінде көлік технологияларын жетілдіру.

Халықаралық тасымалдардың ұйымдастырушылық құрылымын жетілдіру көлік технологияларының (жүктерді тасымалдау тәсілдерінің), сондай-ақ жүктердің физикалық жай-күйін сақтау технологияларының өзгеруімен қатар жүреді. Бұл жүктерді тасымалдау уақытын, энергетикалық және жүк шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Жүктердің мұндай «трансформациясы» оларды тасымалдаудың бүкіл технологиялық процесін түбегейлі өзгертеді, ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде жылжымалы құрам мен қайта тиеу жабдықтарын дамытудың қағидатты түрде жаңа түрлерін құруды талап етеді.

Қазіргі уақытта контейнерлер мен трейлерлерді интермодальдық жүйелер бойынша тасымалдауды ұйымдастыру ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде кеңінен таралып, өзінің жоғары тиімділігі мен табыстылығын көрсетті.

Ресей, Украина және Беларусь теміржолдары Еуропада логистикалық орталық құруда. Катовицеге дейінгі қолданыстағы кең табанды теміржол кірме жолы бойынша тасымалдарды ұйымдастыру және оны Чехияның Острава қаласында болжанып отырған орталыққа дейін ұзарту жеткізудің жоғары жылдамдығын қамтамасыз етуге және Еуропаның аса маңызды сауда әріптестері үшін жүктерді тасымалдаудың заманауи технологияларын кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ осы теміржолдардың халықаралық көлік қызметтері нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттырады.

Острава қаласында логистикалық орталықты ұйымдастырудың негізгі мақсаты – Ресей, Беларусь, Украина және Еуропа арасындағы жүк ағындарын интермодальдық басқару, оған Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінен, сондай-ақ Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне тартылатын елдерден келетін транзиттік жүк ағындарын қосу. Бұл теміржол желісіне қосымша жүк ағындарын, оның ішінде транзиттік жүктерді тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Еуропаның көлік қызметтері нарығындағы қызметін кеңейтуге ықпал етеді.

Еуропа – Азия қатынасында жүктерді тасымалдауды ұйымдастыруда Суэц каналын пайдалана отырып, теңіз көлігі басым орын алады (жылына 300 млн. тоннадан астам). Сонымен бірге Балтық, Қара теңіз дәліздері, Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізі (TRACECA), Транссібір және Трансазия теміржол магистральдары белсенді дамып келеді.

Теңіз көлігінен кейін маңыздылығы бойынша екінші орында Азия мен Еуропаның көлік жүйелерін байланыстыратын негізгі буын болып табылатын Транссібір магистралі арқылы жүзеге асырылатын теміржол бағыты тұр.

Транссібір магистралі Жапония мен Оңтүстік Кореядан басталып, Скандинавия, Орталық Еуропа, Орта Азия, Қиыр және Таяу Шығыс елдерінде аяқталатын халықаралық Транссібір маршрутының негізін құрайды және Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінен Еуропа мен Орта Азияға, Таяу Шығысқа транзиттік және сыртқы сауда жүктерін тасымалдауда орталық орын алады.

Еуропа – Азия бағыттарында Транссібір магистралі жүк жөнелтушілер мен операторлардың ең қатаң талаптарына жауап беретін, тасымалдарды басқарудың нақты жолға қойылған жүйесі бар күрделі теміржол кешені болып табылады. БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты елдеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы Транссібір магистралін халықаралық көлік дәліздерінің жалпы жүйесіне басым бағыт ретінде енгізді. Транссібір маршрутына жүктерді тартуға байланысты мәселелер кешенімен Транссібір тасымалдары жөніндегі Халықаралық үйлестіру кеңесі айналысады. Еуропа мен Азия арасындағы жүктердің кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз етуде Транссібір теміржол магистралінің Солтүстік дәлізіне маңызды рөл беріледі. Жақын перспективада осы бағыттағы жүк тасымалдары көлемінің өсуіне шекаралық өткелдерде тез бұзылатын, сусымалы және астық жүктерін, сондай-ақ контейнерлерді, тыңайтқыштарды, мұнай өнімдерін, металл прокатын, көмірді, ағашты, химия өнеркәсібі бұйымдарын тасымалдау бойынша қайта тиеу қуаттарын күшейту жөніндегі жұмыстардың аяқталуы ықпал ететін болады.

Транссібір теміржол магистралінің Солтүстік дәлізі бойынша маршруттың бүкіл ұзындығында бірыңғай тікелей арнайы мөлшерлеме қолданылады. Транссібір тасымалдары жөніндегі Халықаралық үйлестіру кеңесінің өтінімі бойынша Ауғанстанға бағытталатын жүктердің Қазақстан аумағы арқылы транзитіне жеңілдік белгіленген.

Осы дәліз шеңберінде мүдделі тараптар арасында Орта Азия – Ақтау порты – Еуропа маршруты бойынша Еуропаға мақта тасымалдарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Теміржолдар ынтымақтастығы ұйымы (ТЖЫҰ) шеңберінде 1997 жылғы тамызда күшіне енген Еуропа – Азия қатынасындағы аралас тасымалдардың ұйымдастырушылық және пайдалану аспектілері туралы келісім қолданылады. Бұл Келісім Балтық елдерінің порттары мен Азия-Тынық мұхиты өңірі елдері арасындағы жүктерді тасымалдауды ұйымдастырудың құқықтық негізі болып табылады. Құрылып жатқан Солтүстік – Оңтүстік дәлізіне теміржол және автомобиль жолдарын, ішкі кеме қатынасы жолдары мен теңіз порттарын қамтитын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жеткілікті қуатты және тармақталған қолданыстағы көлік коммуникациялары желісі, сондай-ақ Иранның, Үндістанның және басқа елдердің көлік желілері кіреді. Үнді мұхиты мен Парсы шығанағы бассейндері елдерінің халықаралық көлік жүктерін Иран, Каспий теңізі, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер, Солтүстік және Шығыс Еуропа арқылы тасымалдау маршруты Суэц каналы арқылы өтетін қолданыстағы маршруттан 3 есе қысқа. Бұл аталған өңірлер елдері арасындағы жүк ағындарының бір бөлігін Солтүстік – Оңтүстік дәлізіне қайта бағдарлау үшін айқын экономикалық алғышарттар жасайды.

Еуропа – Азия бағытында халықаралық тасымалдарды дамытудың қажетті шарты – тасымалдарды қамтамасыз етуге, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдетуге, құжаттаманы біріздендіруге және оның көлемін қысқартуға ықпал ететін құқықтық базаны құру болып табылады, бұл түптеп келгенде тасымалдар көлемінің ұлғаюына және жеделдеуіне, сондай-ақ оларды жүзеге асыру шығындарының төмендеуіне алып келеді.

Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық қатынаста жүктерді тасымалдауды ұйымдастыруға сұраныстың артуы жағдайында осы бағытта жүктерді кедендік өңдеуді жүзеге асыратын көп функциялы мультимодальдық кешендерді құру маңызды мәнге ие. Мұндай кешендердің маркетингтік стратегиясы кедендік тексеру мен жүктерді кедендік тазартудан өткізуді жеделдетуге, клиенттерге ыңғайлы режимде кедендік бақылау ұсынуға, қажетті сервисті және қызметтердің кешенділігін қамтамасыз етуге негізделеді.

Әлемдік тәжірибе контейнерлерде, пакеттерде, тұғырларда, ронтрейлерлерде және басқа да тәсілдермен әртүрлі жоғары құнды жалпы жүктерді тасымалдау кезінде интермодальдық әдістің тиімділігін растады. Жүктерді жеткізудің бұл әдісін ТМД-ның көлік кеңістігінде кеңінен енгізу орынды, бұл жиынтық көлік және онымен байланысты шығындарды едәуір төмендетуге, жүктің сақталу деңгейін жоғарылатуға және оны мерзімінде жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Көрсетілген мән-жайлар контейнерлік, контрейлерлік жүйелер, құрлық көпірлері (лендбридж), аралас әуе-теңіз лихтеровоздық жүйелері және жүктерді көлденең тәсілмен тиеу-түсіру жүйелері (ро-ро) сияқты жүктерді халықаралық тасымалдау кезінде прогрессивті көлік-технологиялық жүйелерді әзірлеу және енгізу жөніндегі келісілген шараларды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік жүйелерін ұқсас халықаралық тасымалдау жүйелеріне тең құқылы интеграциялаудың және осы негізде көліктік қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттырудың, сондай-ақ тиімді транзитті қамтамасыз етудің міндетті шарттарының бірі ретінде қарастыру орынды екенін көрсетеді.

5. КӨЛІКТЕГІ ҚАУІПСІЗДІКТІ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік кешенінің қазіргі кезеңдегі жұмыс істеу ерекшелігі көлікті басқару органдары тасымалдау процесін тікелей ұйымдастыру міндеттерін шешумен қатар, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік жүйелерінің (көлік түрлері бойынша) қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асыруға тиіс екендігінде болып табылады.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік инфрақұрылымы мемлекеттердің ерекше назарын және қамқорлығын талап етеді, өйткені ол олардың экономикаларының бейбіт және соғыс уақытында жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және миллиондаған адамдарды тасымалдауға, сондай-ақ тасымалданатын жүктердің, оның ішінде қауіпті жүктердің үлкен көлеміне байланысты адам мен қоршаған орта үшін әлеуетті қауіп көзі болып табылады.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігі басқа көлік түрлерінің арасында жүктерді де, жолаушыларды да тасымалдаудың жалпы көлемі бойынша жетекші орын алады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы теміржол тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс қазіргі уақытта және, шамасы, жақын болашақта да ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігінің басым құрамдас бөлігі болып қала береді және олардың теміржол әкімшіліктері мен тиісті құқық қорғау құрылымдары ұлттық және халықаралық деңгейлерде тиісті нормативтік-құқықтық құжаттар негізінде ұйымдастыруға тиіс.

Жалпы пайдаланымдағы теміржол көлігі террористік актілер жасау үшін ең осал әрі қолжетімді объект болып табылады.

Теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүргізу қажет: теміржол көлігі қызметкерлері мен жолаушыларын, сондай-ақ тасымалданатын жүктерді терроризмнен қорғауды жүзеге асыру; теміржол көлігі объектілеріндегі құқыққа қайшы қызметтің алдын алу және оның салдарын барынша азайту; теміржол көлігінде терроризм мен құқыққа қайшы әрекеттердің туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық шараларды, техникалық шешімдер мен ұсынымдарды әзірлеу; осындай оқиғалардың теміржол көлігі объектілерінде жолын кесу және олардың салдарын барынша азайту мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерінің терроризмге қарсы күресті жүзеге асыруға міндетті атқарушы билік органдарымен қызметін үйлестіру; теміржол көлігімен тасымалдау қызметін жүзеге асыру кезіндегі қалыптасқан жедел жағдайды талдауды, бағалауды және болжауды ұйымдастыру және жүргізу; ТМД шеңберінде халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерінің іс-қимылдарын үйлестіруді жетілдіру, атап айтқанда:

  • теміржол желісінде хабарлау, байланыс және жедел шараларды қолдану мәселелерін пысықтау;
  • ықтимал террористік актілердің салдарын жою жөніндегі іс-шараларды орындауға тұрақты дайындықты қамтамасыз ету үшін авариялық-құтқару құрамаларының, емдеу мекемелерінің, осы мақсаттар үшін арнайы құрылған медициналық көшпелі бригадалардың қажетті шараларды қабылдауы;
  • теміржол көлігі объектілерін телевизиялық бақылау жүйелерімен, күзет және өрт дабылы құралдарымен, абонент нөмірін тіркей отырып дыбыс жазу аппаратурасымен, жарылғыш заттарды, қару мен оқ-дәрілерді анықтау құралдарымен, «жолаушы – милиция» үлгісіндегі байланыс құралдарымен жарақтандыру.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде жолаушылар мен жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде авариялық деңгейдің қанағаттанарлықсыз болуын айқындайтын негізгі факторларға жол қозғалысына қатысушылардың жол жүрісі қауіпсіздігі (ЖЖҚ) талаптарын елемеуін, көлік құралдары жүргізушілерінің даярлық деңгейінің төмендігін, жол желісінің тиісті жай-күйін қамтамасыз етудегі кемшіліктерді, жол қозғалысын ұйымдастыру құралдарының жетілдірілмегендігін жатқызу қажет. Ресми статистикаға сәйкес, жол жағдайларының қанағаттанарлықсыз болуына байланысты жол-көлік оқиғаларының 13–15 %-ы орын алады. Жол жүрісі қауіпсіздігінің деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырудың негізі «Жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру» мемлекетаралық нысаналы бағдарламасы болуға тиіс.

Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияға және оны толықтыратын Еуропалық келісімге енгізілген өзгерістерге сәйкес ТМД-ның бүкіл аумағында қолданылатын бірқатар жаңа МЕМСТ-тарды әзірлеу және бекіту қажет:

  • жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдары;
  • жол белгілері;
  • көлік құралдарының түрлері, негізгі параметрлері, жалпы техникалық талаптары;
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автомобильдері;
  • түстік-графикалық схемалар, айырым белгілері;
  • автокөлік құралдары;
  • пассивті қауіпсіздік құралдары;
  • үрлемелі қорғаныш жастықтары;
  • сынақ әдістері.

Азаматтық авиациядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету басымдық болып табылады және осы көлік түрін ұйымдастыруды жетілдіру мен техникалық прогрестің бағыттарын едәуір дәрежеде айқындайды. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтық авиациясы бойынша тұтастай алғанда ұшу қауіпсіздігінің статистикалық көрсеткіштерінің салыстырмалы түрде тұрақтанғаны байқалады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде терроризмге қарсы күрес туралы заңдар қабылдануда. Барлық әуежайларда, азаматтық авиацияның ірі авиакәсіпорындарында авиациялық қауіпсіздік қызметтері құрылуда. Қажетті шешімдер қабылдау және олардың орындалуын қамтамасыз ету үшін ағымдағы жағдай туралы ақпарат жинау мен оны талдау ұйымдастырылған, авиациялық қауіпсіздік саласында сертификаттау жүйелері жұмыс істейді. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтық авиациясының авиациялық қауіпсіздік қызметтері жолаушылар мен әуе кемелері экипаждарын әуе көлігіндегі заңсыз араласу актілерінен және терроризм көріністерінен қорғау мақсатында авиациялық қауіпсіздік шараларын одан әрі жетілдіруге, жолаушыларды, олардың қол жүгі мен багажын, сондай-ақ жүктерді 100 пайыз тексеруді жүргізуге бағытталған.

Көлік процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты жұмыс көліктің басқа түрлерінің мамандары тарапынан да жүргізіледі.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теңіз флоты қызметтері нормативтік-құқықтық базаны сауда теңізде жүзу кодекстеріне сәйкес келтіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Теңіз кемелеріне атау беру, теңізшілерді дипломдау, теңіз сауда порттарында кемелерді және оларға қатысты сынамаларды тіркеу қағидалары, теңіз флоты кемелеріндегі қызмет жарғысы туралы ережелер келісуден өтуде. Кемелер қозғалысын басқару жүйелерін (КҚБЖ) жаңғырту және олардың қолданылу аймағын кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасуда. Теңізде жүзу қауіпсіздігін арттыру жөніндегі қызметте кеме иеленуші компаниялар мен олардың кемелерін кемелерді қауіпсіз пайдалануды басқару және ластанудың алдын алу жөніндегі халықаралық кодекске сәйкестігі тұрғысынан сертификаттауға маңызды орын беріледі. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік өзен кеме қатынасы инспекциялары өзен флотын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етудің заңнамалық, нормативтік-құқықтық және техникалық негіздерін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

Көлік кешенінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге көлік инспекцияларының қызметі елеулі ықпал етеді. Сондықтан көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың перспективалы бағыты ретінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік инспекциялары органдарының лицензиялау рәсімдерін және лицензиялық талаптар мен шарттардың сақталуын бақылауды біріздендіру мақсатында неғұрлым тығыз ынтымақтастығы жөніндегі бірқатар шараларды көздеу орынды.

Көліктің қоршаған ортаға әсері.

Көлік жүйелерінің жұмыс істеуінің экологиялық бағдарлануын қамтамасыз ету үшін мынадай негізгі міндеттерді келісілген түрде шешу қажет:

1. Көлік саясаты саласындағы тиісті шешімдерді әзірлеу және енгізу негізінде көліктің барлық түрлері арасында тең бәсекелестік жағдайларын жасау:

көлік жұмысының құнына барлық шығындарды, оның ішінде «ластаушы төлейді» қағидатына сүйене отырып, жол-көлік оқиғаларынан келтірілген залалға немесе қоршаған ортаның ластануынан туындаған залалға байланысты сыртқы шығындарды интернализациялау (енгізу);

интернализациялау рәсімдерін және барлық шығындардың өзгермелілігін пайдалану арқылы көлік қызметтері саласындағы баға белгілеудің «ашықтығын» қамтамасыз ету;

барлық қолданыстағы шектеулердің (жылдамдықты шектеу, шығарындылар стандарттары, жол қозғалысы қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және т.б. салалардағы өзге де талаптар мен қағидаларды сақтау) сақталуына бақылауды күшейту;

жеке көлікке сараланған экологиялық салық енгізу.

2. Көлік инфрақұрылымдарын дамытуды экологиялық бағдарланған жоспарлауды енгізу:

көлік жүйелері инфрақұрылымын дамыту кезеңінде ұлттық экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарларында (бағдарламаларында) тұжырымдалған ережелерді, нормативтерді, талаптар мен нақты шешімдерді тікелей есепке алу;

көлік жұмысы жоспарланған кезде ұлттық және мемлекетаралық деңгейлерде міндетті болып табылатын қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімін енгізу.

3. Халықаралық талаптарға жауап беретін қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экологиялық стандарттардың бірыңғай жүйесін енгізу.

4. Экологиялық қауіпсіз жолаушылар көлігі жүйелерін құру:

жолаушылар үшін әртүрлі көлік түрлері арасындағы оңтайлы үйлестіруді және экологиялық қауіпсіздік талаптарын біріздендіруді қамтамасыз ете отырып, қоғамдық жолаушылар көлігі желісін құру және жетілдіру;

инфрақұрылымдық және интермодальдық байланыстарды (мысалы, жергілікті, өңірлік және өңіраралық көлік жүйелері арасындағы байланыстарды) дамыту; телематика құралдарын қолдана отырып, тасымалдарды басқару жүйелерін дамыту.

5. Экологиялық қауіпсіз жүк көлігі жүйелерін жоспарлау, әзірлеу және енгізу:

экологиялық қауіпсіз жүк көлігі түрлерін (электрлендірілген теміржол, су және аралас көлік) үйлестірілген түрде басымдықпен дамыту, сонымен қатар интермодальдық байланыстарды (жергілікті, өңірлік және өңіраралық көлік жүйелері арасындағы байланыстарды) дамытуға ерекше назар аудару;

көлік паркі құрылымын пайдаланылатын қозғалтқыштардың түрлері, экологиялық таза отын түрлерін қолдану, жүк ағындарын қалыптастыру, тасымалдау мүмкіндіктерін пайдалану бойынша оңтайландыру;

тасымалдарды компьютерлендірілген басқаруға, телематика құралдарын қолдануға және т.б. негізделген логистикалық жүйелерді дамыту.

Қазіргі уақытта көліктің әсерінен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты заңдардың және оларға сәйкес қабылданатын заңға тәуелді актілердің (үкімет қаулыларының, стандарттардың және т.б.) болмауы немесе жеткілікті дәрежеде жетілдірілмеуі көлікте табиғат қорғау іс-шараларын жүргізуді едәуір қиындататынын атап өткен жөн.

Көліктің қоршаған ортаның жай-күйіне теріс әсерін шектеуге бағытталған әкімшілік басқару тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін мынадай шараларды келісілген түрде енгізуді көздеу орынды:

көлік құралдарын өндіру және пайдалану кезінде олардың экологиялық қауіпсіздік көрсеткіштерін нормалау;

жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтардың экологиялық қауіпсіздік көрсеткіштерін нормалау;

шығарылатын көлік техникасын, жанар-жағармай материалдары мен қызметтерді қазіргі заманғы халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сертификаттау;

көліктегі коммерциялық қызметке лицензиялар беру кезінде экологиялық факторларды міндетті түрде есепке алу;

көлік құралдарының (ең алдымен автомобиль көлігінің) техникалық жай-күйін міндетті түрде мерзімді бақылау.

Көлік кешенінің аумақтық элементтерінің жұмыс істеуінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерінен туындайтын міндеттерді орындау түрінде тікелей нәтиже алуды қамтамасыз ететін нақты шаралар ретінде мыналарды қарастыру орынды:

қолданыстағы және перспективалық экологиялық талаптарға жауап беретін техниканы (технологияларды) енгізу;

көлік техникасы мен технологиялық жабдықтар паркінің құрылымын ұтымды ету;

экологиялық таза отын, майлар, арнайы сұйықтықтар түрлерін енгізу;

көлік коммуникацияларын дамыту және тиісті жай-күйде ұстау, қозғалысты ұйымдастыруды жетілдіру;

жылжымалы құрамды техникалық пайдалану деңгейін арттыру, тасымалдарды ұйымдастыру мен құрылымын жақсарту.

6. КӨЛІКТЕГІ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖҮРГІЗУШІ СУБЪЕКТІЛЕР ҚЫЗМЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒАЛЫҚ РЕТТЕУДІ ЖЕТІЛДІРУ

Көлік қызметтерінің ортақ нарығын қалыптастырудың негізгі алғышарты ретінде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік бағалық реттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған келісілген шараларды жүргізу қарастырылуға тиіс.

Осындай шараларды әзірлеу үшін төмендегілерді басшылыққа алған жөн.

Теміржол тасымалдары саласында мынадай бағыттар бойынша тарифтерді, алымдар мөлшерлемелерін немесе олардың шекті деңгейлерін белгілеу кезінде мемлекеттік реттеуді дамыту орынды:

ішкі қатынастағы жүк теміржол тасымалдарының, оның ішінде әскери және арнайы тасымалдардың тарифтері;

теңіз және өзен порттарына/порттарынан жүк теміржол тасымалдарының тарифтері;

теміржол көлігінің вагондары мен контейнерлерін пайдаланғаны үшін төлем;

жүктерді сақтау және өлшеу, вагондарды беру және алып кету, тиеу-түсіру жұмыстары, жүктің жарияланған құны, жүкті қайта бағыттау, жүктерді алып жүру және күзету үшін алымдар;

алыс қатынастағы және жергілікті қатынастағы жолаушылар тасымалының тарифтері;

пошта вагондарының жүріп өткені үшін төлем;

тарифтік нұсқаулықтарда көрсетілген өзге де жұмыстар мен қызметтерге арналған тарифтер мен алым мөлшерлемелері.

Порттар мен терминалдардағы алымдар мен тарифтер порттың түріне (сауда, балық, өзен), оның мамандануына және т.б. байланысты айтарлықтай ерекшеленеді. Сондықтан мемлекеттік реттеуді, ең алдымен, порттар мен терминалдарда көрсетілетін қызметтерге арналған мынадай негізгі алымдар мен тарифтерді айқындауға қатысты дамыту орынды:

порттық алымдар және кемелерге көрсетілетін қызметтер үшін төлем;

тиеу-түсіру жұмыстарының тарифтері;

мамандандырылған (балық, орман және т.б.) порттарда көрсетілетін ерекше қызметтердің тарифтері;

көлік терминалдарында жүктерді тиеу-түсіру және сақтау тарифтері.

Әуежайларда әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсету жөніндегі мынадай алымдар мен тарифтер мемлекеттік бағалық реттеуге жатады:

ұшып көтерілу және қону үшін алым;

авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алым;

аэровокзалды пайдаланғаны үшін алым.

Көліктегі табиғи монополиялар қызметтерін мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты мемлекеттің, табиғи монополиялар субъектілерінің (теміржолдардың, порттардың, терминалдардың, әуежайлардың) және көлік қызметтерін тұтынушылардың (жүк жөнелтушілердің, жүк алушылардың, авиакомпаниялардың, жолаушылардың және т.б.) мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, сондай-ақ ТМД көлік жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету болып табылады.

Қазіргі уақытта көліктегі табиғи монополиялар қызметтерін мемлекеттік бағалық (тарифтік) реттеуді мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады. Ұсынымдық тұрғыдан алғанда, олардың құзырет салаларының келісімділігін мынадай бағыттарды іске асыру арқылы қамтамасыз етуге болады.

Атқарушы билік органдары:

мемлекеттік бағалық реттеу қағидаттары мен әдістемелік ережелерін әзірлейді;

реттелетін алым мөлшерлемелері мен тарифтерді бекітеді; олардың дұрыс қолданылуын бақылауды жүзеге асырады;

теміржол көлігі саласында:

халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қатынастағы теміржол тарифтерін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;

тікелей және жергілікті қатынастағы жүк тасымалдарына, алыс қатынастағы жолаушылар тасымалдарына ерекше тарифтер белгілеу жөніндегі ұсыныстарды табиғи монополияларды реттеу органдарына ұсынады;

теміржол көлігіне жеткізілетін жылжымалы құрамды, жолдың жоғарғы құрылымының элементтерін және басқа да техникалық құралдар мен механизмдерді, сондай-ақ жолаушыларға көрсетілетін қызметтерді міндетті сертификаттау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және жүргізеді;

сала стандарттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;

теміржол көлігінде жүзеге асырылатын қызметтің жекелеген түрлерін лицензиялауды жүзеге асырады;

теңіз және ішкі су көлігі саласында:

порттардағы реттелуге жататын алымдар мен тарифтердің тізбесін әзірлейді;

оларды қалыптастыру әдістемесі мен тәртібін айқындайды;

реттелетін алымдар мен тарифтерді табиғи монополияларды реттеу органдарына материалдарды ұсынғанға дейін келісуді жүзеге асырады;

порт қызметін лицензиялау мен сертификаттауды жүзеге асырады;

авиациялық қызмет саласында:

әуежай алымдары мен тарифтерінің құрылымын әзірлейді;

оларды есептеу әдістемесі мен тәртібін айқындайды;

реттелетін және реттелмейтін алымдар мен тарифтерді тіркеуді жүзеге асырады;

әуежай қызметін лицензиялау мен сертификаттауды жүзеге асырады.

7. КӨЛІК МАШИНА ЖАСАУ САЛАСЫНДАҒЫ КООПЕРАЦИЯ

Көліктің техникалық ресурстарын сақтау және толықтыру үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік саясаты көлік машина жасау саласындағы мәселелерді мынадай бағыттар бойынша келісілген түрде шешуді көздеуге тиіс:

1. Көлік техникасына қойылатын келісілген нормативтік-техникалық талаптар мен стандарттарды белгілеу:

көлік техникасына қойылатын бірыңғай талаптарды регламенттейтін құжаттардың тізбесін айқындау;

көлік техникасына қойылатын нормативтік-техникалық талаптарды айқындайтын халықаралық құжаттарды, оның ішінде бірыңғай мемлекетаралық стандарттарды қабылдау;

жаңа техниканы жасау жөніндегі ғылыми әлеуетті мемлекеттерде шоғырландырып пайдалану және ғылыми жобалар мен әзірлемелерді бірлесіп қаржыландыру;

қымбат тұратын көлік техникасы мен механизмдерін кооперация негізінде пайдалану;

көлік құралдарының жаңа түрлерін қолдануды тиісті көлік түрлерінің дамуы мен қызметін реттейтін мемлекеттік басқару органдарымен келісу.

2. Техниканы өндіру және жөндеу бойынша тиімді мамандандыру мен кооперацияны дамыту, бірлескен кәсіпорындар құру:

бірлескен кәсіпорындарды, мемлекетаралық қаржы-өнеркәсіптік топтарды және мемлекетаралық кооперацияның басқа да ұйымдастырушылық нысандарын құру үшін халықаралық және ұлттық құқықтық әрі экономикалық жағдайлар жасау;

көлік техникасын өндіру мен жөндеудің бірыңғай технологияларын кооперация негізінде әзірлеу және пайдалану;

кооперациялық байланыстарды сақтау және қалпына келтіру үшін шоғырландырылған капитал тарту.

3. Көлік техникасын өзара жеткізу кезінде қолайлы сауда режимдерін жасау және келісілген лизинг саясатын жүргізу:

көлік саласында лизингті дамытуды қамтамасыз ететін халықаралық құқықтық актілерді әзірлеу және ұлттық құқықтық актілерді біріздендіру;

банктердің өндірісті қаржыландыруы – тасымалдаушылардың техниканы лизинг шарттарымен алуы – банктерге соманың қайтарылуын сақтандыру формуласы бойынша көлік құралдарын өндіруге арналған үйлестірілген құқықтық база құру;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ көлік жүйесі шеңберінде бірлесіп пайдаланылатын техниканың шекарадан өтуі кезінде мемлекеттерде қолайлы жағдайлар қалыптастыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік техникасын өзара жеткізу үшін жеңілдікті кедендік және салықтық жағдайлар жасау;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің лизингтік компанияларының ұлттық және мемлекетаралық қауымдастықтарын және осы қауымдастықтардың өңірлік бөлімшелерін ұйымдастыру.

4. Көлік саласындағы инвестициялық қызметті дамыту:

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инвестициялық заңнамасын үйлестіру және мемлекетаралық құқықтық инвестициялық кеңістік құру;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикаға көшуі кезінде инвестициялық қызметте мемлекеттік және коммерциялық мүдделердің барлық қатысушылар үшін теңгерімді әрі оңтайлы үйлесімін қамтамасыз етудің келісілген ортақ әдістерін әзірлеу және енгізу;

меншік нысандары әртүрлі ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен олардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің ірі көлік жобаларын бірлесіп инвестициялау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;

ТМД шеңберінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында кепіл міндеттемелері және халықаралық кепіл мәмілелерін жасасу саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін, бірыңғай кредиттік және кепілдік кеңістікті құруға, сондай-ақ мемлекеттердің инвестициялық өзара іс-қимылын тереңдетуге ықпал ететін келісілген шешімдер қабылдау;

мемлекеттер арасындағы және инвесторлардың, оның ішінде жеке банктердің, өнеркәсіптік және көлік кәсіпорындарының өзара тиімді ынтымақтастығын ынталандыруға мүмкіндік беретін, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында инвестициялық, өндірістік және сауда қатынастарын қолдау мен дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін коммерциялық тәуекелдерді сақтандырудың бірыңғай қағидаттарын әзірлеу;

ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде ұлттық бухгалтерлік есеп қағидаларын есептің осы түрінің халықаралық стандарттарына сәйкес қалыптастыру кезінде бірыңғай тәсілдерді әзірлеу, бұл ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы нарықтың инвестор үшін «ашықтығын» қамтамасыз етуге ықпал етеді.

8. КӨЛІК ТҮРЛЕРІН ДАМЫТУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ

8.1. ТЕМІРЖОЛ КӨЛІГІ

      Теміржол көлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттердің көлік кешенінде жетекші орын алады, жүктерді тасымалдаудың негізгі көлемін және жолаушылар тасымалының едәуір бөлігін қамтамасыз етеді. Оның үлесіне жалпы пайдаланымдағы көліктің барлық түрлерінің жүк айналымының шамамен 80%-ы және жолаушылар айналымының 40%-дан астамы тиесілі.      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің географиялық орналасуы теміржол көлігімен Еуропа елдері мен Азия-Тынық мұхиты өңірі, Үнді мұхиты және Парсы шығанағы елдері арасындағы жүктерді едәуір көлемде транзиттік тасымалдау мүмкіндіктерін айқындайды.      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол желісінің пайдалану ұзындығы 139,8 мың км-ге тең, оның ішінде 61,1%-ын Ресейдің, 15,8%-ын Украинаның, 9,8%-ын Қазақстанның және 13,3%-ын басқа ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол желісі құрайды. Электрлік тартқышпен қызмет көрсетілетін теміржол желілерінің жалпы ұзындығы 60,9 мың км-ге тең, бұл жалпы пайдалану ұзындығының 43,5%-ын құрайды.    

  Соңғы он екі жыл ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол желісінің пайдалану ұзындығы тұтастай алғанда 1,2 мың км-ге немесе 1,5%-ға қысқарды, бұл ретте Ресейде, Қазақстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда және Өзбекстанда бірқатар жаңа желілер пайдалануға берілді. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көпшілігінде теміржол желісінің қысқаруы орын алды. Сонымен қатар төрт мемлекетте теміржолдардың пайдалану ұзындығы ұлғайды: Түрікменстанда – 364,3 км-ге, Қырғызстанда – 98,6 км-ге, Тәжікстанда – 134,2 км-ге, Беларусьте – 23,4 км-ге, Өзбекстанда – 150,4 км-ге.      Электрлендірілген желілердің ұзындығы шамамен 6 мың км-ге немесе 9,7%-ға өсті. Оның ең үлкен өсімі Ресейде – 4,2 мың км, Украинада – 0,8 мың км, Қазақстанда – 0,5 мың км және Өзбекстанда – 0,3 мың км болды.      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарының жүк вагондарының түгендеу паркі шамамен 1 млн бірлікті, ал кәсіпорындардың, ұйымдардың және жеке тұлғалардың меншігіндегі жүк вагондарының паркі 300 мың бірліктен астамды құрайды.

  **     Теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі.****      **Теміржол көлігінің жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі теміржол әкімшіліктерінің ынтымақтастығы.      Теміржолдардың жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі теміржол әкімшіліктерінің ынтымақтастығы, ең алдымен, техникалық қамтамасыз етудің жұмысқа қабілеттілігін сақтау, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техникалық базаны жетілдіру мәселелері бойынша негізгі технологиялық және техникалық мәселелерді бірлесіп шешуден көрінеді. Басқа мемлекеттердің меншігіндегі вагондарды теміржол әкімшіліктерінің пайдалануын қатаң есепке алуға, вагондарды меншік иелеріне уақтылы қайтаруды реттеуге, шетелдік вагондарды пайдаланғаны үшін уақыт бойынша сараланған ставкаларға негізделген жүк вагондары паркін бірлесіп пайдалану жүйесі іске асырылды. Қажет болған жағдайда теміржол әкімшіліктеріне басқа мемлекеттердің жылжымалы құрамымен вагондық көмек көрсетіледі. 

     Халықаралық қатынаста вагон ағындарын ұйымдастыру, халықаралық қатынастағы пойыздар қозғалысының кестесін әзірлеу мәселелері келісіліп отырады.      Халықаралық тасымалдардың ырғақтылығын қамтамасыз ету, олардың біркелкі еместігін бәсеңдету жөнінде қажетті шаралар қабылданады. Жүктерді, оның ішінде теңіз порттары мен үшінші елдерге өтетін құрлықтағы өткелдер арқылы тасымалдауды жоспарлау тәртібі белгіленген.      Мемлекетаралық түйісу пункттерінің, шекаралық өткізу станцияларының жұмыс технологиясын жетілдіру жүзеге асырылады.      Жүк вагондары паркінің саны, орналасуы және жай-күйі серпіні қадағаланады. Жыл сайын келісілген әдістеме бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жүк вагондары мен контейнерлерді бірлесіп пайдалану туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің вагон паркіне жалпы санақ жүргізіледі, оның нәтижелері компьютерлік өңдеуден өткізіледі.   

  Жартылай вагондар, цистерналар, ішінара жабық вагондар мен фитингтік платформалар паркінің тапшылығы байқалады, ол вагондық көмек көрсету, вагондар айналымын жеделдету шаралары арқылы жойылады.      Контейнерлік паркті пайдалануды жақсарту, жүктерді контейнерлермен тасымалдау көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Контейнерлердің халықаралық теміржол және аралас теміржол-су қатынасындағы өтуін нөмірлері бойынша есепке алудың және контейнерлерді пайдаланғаны үшін өзара есеп айырысудың автоматтандырылған жүйесінің бірінші кезегі іске қосылды.      Тасымалдау шарттары, тасымалдау үшін өзара есеп айырысу жүйесі, жылжымалы құрамды пайдалану және жөндеу бойынша келісілген шешімдер іске асырылды. Жолаушылар тасымалын басқарудың автоматтандырылған жүйесі – АСУ «Экспресс-2» ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, Латвияның, Литваның, Эстонияның кез келген кассасы арқылы жолаушыларға қызмет көрсетуге және жолаушылар пойыздарындағы орындарды брондаудың Батыс Еуропалық электрондық жүйелерімен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.      Теміржолдарда жылжымалы құрамның орналасуын автоматтандырылған бақылаудың ақпараттық базасы мен бағдарламалық қамтамасыз етуі бойынша бірыңғай шешімдер пайдаланылады. Мақсаты қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың өзекті қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жаңа буынның дамыған телекоммуникация жүйесін құру болып табылатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігінің ақпараттық-есептеу желісін дамыту бағдарламасы 1999 жылы қабылданған және іске асырылуда.

       Халықаралық қатынастардағы теміржолдарда келісілген тарифтік саясат жүргізу.      Халықаралық қатынаста жүктерді тасымалдау кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігіндегі тарифтік саясат 1993 жылы жасалған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерінің Тарифтік келісімі шеңберінде жүргізіледі. Халықаралық тарифтердің шекті деңгейлері жыл сайын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерінің Тарифтік конференцияларында белгіленеді.      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тарифтік келісім шеңберінде келісілген тарифтік саясат жүргізуі Тарифтік келісімге қатысушы теміржол әкімшіліктері арасындағы екіжақты шарттар мен басқа да шешімдер шеңберінде тарифтік реттеу мәселелерін шешуді жоққа шығармайды.     

 Экспорттық-импорттық тасымалдар үшін есеп айырысу кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде тарифтердің екі жүйесі қолданылады: ішкі қатынаста пайдаланылатын тарифтік саясат пен тарифтік ставкалар (10-01 Прейскурантына, ұлттық прейскуранттарға негізделеді).      Жолаушылар тасымалы саласындағы теміржол әкімшіліктерінің тарифтер бойынша өзара іс-қимылы 1995 жылы қабылданған Мемлекетаралық жолаушылар тарифі туралы келісіммен реттеледі. Оның ережелері, сондай-ақ теміржол әкімшіліктерінің индекстеу мүмкіндігі бар Мемлекетаралық жолаушылар тарифінің (МЖТ) базалық кестелері жолаушылар тасымалы көлемінің тұрақтануына және кейіннен оның өсуіне негіз болды.      Фирмалық пойыздар, жайлылығы жоғары вагондар, вокзалдар мен пойыздарда жолаушыларға сервистік қызметтер көрсету кеңінен дамыды.

       Теміржол көлігіндегі ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасының жай-күйі.      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарында КСРО теміржолдарында қолданылған теміржолдарды пайдалану, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау шарттары, инфрақұрылымды күтіп-ұстау мәселелері жөніндегі бірыңғай нормативтік құқықтық құжаттардың қолданысы сақталған.

       2010 жылға дейінгі кезеңде теміржол көлігін дамытудағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары.      Халықаралық қатынастағы жүктер мен жолаушылар тасымалы көлемінің болжамы.  

    ТМД-ға қатысушы мемлекеттер экономикасының және олардың өндірістік байланыстарының даму болжамдарын ескере отырып, жүктерді тасымалдау 2010 жылы 1,5–2,0 есе ұлғаюы мүмкін. Бұл ретте тасымалданатын жүктердің құрылымы елеулі өзгерістерге ұшырамайды.      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жүктерін үшінші елдермен қатынаста тасымалдау 1,3–1,5 есе артады деп күтілуде.      2010 жылға дейінгі кезеңде халықаралық қатынаста теміржол көлігімен жолаушылар тасымалының көлемі халықтың төлем қабілетті сұранысының өсуімен, экономикалық байланыстардың кеңеюімен, қызмет көрсету мен тасымалдардың жайлылығының жақсаруымен, оның ішінде пойыздар қозғалысы жылдамдығының артуымен айқындалады. Болжамдық бағалау бойынша, бұл тасымалдар 2010 жылға қарай 1,3–1,5 есе ұлғаюы мүмкін.      Үшінші елдермен халықаралық қатынаста жолаушылар тасымалының айтарлықтай өсуі күтілмейді. Негізінен олар Шығыс Еуропаның көршілес елдерімен, Қытаймен, Моңғолиямен, КХДР және Оңтүстік Кореямен, сондай-ақ Түркия және Иранмен жүзеге асырылады.

       Теміржолдарды техникалық жарақтандыру, оның ішінде техникалық құралдарды жаңғырту жөніндегі негізгі іс-шаралар.      Қарастырылып отырған перспективада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол желісін дамыту жаңа теміржол желілерін (негізінен Ресейде, Өзбекстанда, Қазақстанда және Түрікменстанда) салу, шектеуші учаскелерде екінші жолдар салу, желілерді электрлендіру (Ресейде, Қазақстанда, Өзбекстанда және Украинада) және оларды автоматты бұғаттау жүйесімен жабдықтау (Ресейде, Өзбекстанда, Украинада және басқа елдерде) арқылы жүзеге асырылады.     

 ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігінің негізгі қорларының техникалық және моральдық тозуы қарастырылып отырған перспективада теміржолдарды техникалық жарақтандыру және жаңғырту жөніндегі ауқымды жұмыстар жүргізуді талап етеді. Осы мақсатта аталған жұмыстарды жүзеге асыруды барынша үйлестіру қажет, бұл ретте жылжымалы құрам мен тұрақты құрылғыларды, қабылданатын техникалық шешімдерді, ақпараттық технологияларды іске асыруға арналған ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз етуді, тасымалдар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді стандарттау мен біріздендіру мүмкіндігі ескерілуі тиіс. Бірінші кезектегі міндет – локомотивтерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету жүйесінің тиімділігін үйлестіре отырып арттыру, қажетті мөлшерде жоғары сапалы қосалқы бөлшектер мен шығыс материалдарын өндіру, құрылғылар мен агрегаттардың пайдалану мерзімдерін ұзарту жөніндегі жұмыстарды және басқа да прогрессивті шешімдерді іске асыру болып табылады.      Жүк вагондарын техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің түбегейлі жаңа жүйесіне көшіру жөніндегі үйлестірілген жұмысты жалғастыру орынды, бұл жүйе вагондарды нақты орындалған жұмыс көлемін (жүріп өткен жолын) ескере отырып жөндеуге шығаруға негізделеді. Бұл вагондарды жөндеудің жоспарлы түрлеріне деген қажеттілікті азайтуға және елеулі экономикалық тиімділік алуға мүмкіндік береді.      Энергетикалық ресурстардың үлестік тұтынылуын барынша азайтуға, жолға түсетін әсерді қысқартуға, вагондардың конструкциялары мен бөлшектерін қалпына келтіру және беріктендіру технологияларын қолдануды кеңейтуге назар аудару қажет.   

   Жаңа буын вагондарын жасау жөніндегі жұмыстар сенімділігі мен үнемділігі жоғары вагондар өндіруге, ағымдағы күтіп-ұстау мен жөндеуге арналған пайдалану шығындарын қысқартуға бағытталған. Клиенттердің тасымалдау сапасын арттыру жөніндегі сұраныстарын барынша қанағаттандыру үшін вагон паркін мамандандыру кеңейтілуі тиіс. Жолаушылар жылжымалы құрамының тапшылығын жою және қызмет ету мерзімі өтіп кеткен вагондарды пайдаланудан шығару қажет. Теміржол табанының ені өзгерген кезде жүктерді қайта тиеусіз тасымалдауды қамтамасыз ететін жылжымалы құрамды, ең алдымен, дөңгелек жұптары жылжымалы вагон арбаларын пайдалану арқылы жасау перспективалы бағыт болып табылады.      Электрлендірілген желілердің едәуір бөлігінде түйіспелі желіні, тартқыш қосалқы станцияларды жаңарту және жаңғырту қажет.      Жол шаруашылығында негізгі назар халықаралық тасымалдар шоғырланған бағыттарға аударылуы тиіс. Осы бағыттардың бүкіл ұзындығы бойындағы жол халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру шарттарын қанағаттандыратын келісілген біріздендірілген техникалық параметрлерге ие болуы керек.      

Жекелеген бағыттарды, ең алдымен мемлекетаралық қатынас бағыттарын жолаушылар пойыздарының жоғары жылдамдықты қозғалысына көшірудің келешегі зор. Халықаралық қатынас бағыттарындағы жоғары жылдамдықты жолаушылар қозғалысына байланысты практикалық міндеттер мүдделі мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерінің тікелей ынтымақтастығы процесінде екіжақты немесе көпжақты негізде шешілуі тиіс.      Жоғары жылдамдықты жолаушылар қозғалысына арналған жаңа жылжымалы құрамды, оның ішінде локомотивтер мен вагондарды әзірлеу және өндіру жұмыстары жалғасуда.    

  Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін және жүктерді тасымалдау кезінде олардың сақталу деңгейін одан әрі арттыру мақсатында халықаралық қатынаста жүретін жылжымалы құрамды сертификаттаудың бірыңғай жүйесі іске асырылуы, теміржол объектілерін қауіпсіздікті қамтамасыз ету құрылғыларымен жабдықтау жөніндегі жұмыстар жүргізілуі тиіс.      Техникалық құралдарды жасау және пайдалану кезінде атмосфераға зиянды шығарындылар бойынша қатаң нормалар мен талаптар қолданылуы қажет, экологиялық қауіпсіз ресурс үнемдейтін технологияларды іске асыруға бағдарлану керек.

       Ақпараттық технологияларды дамыту.      Ынтымақтастықтың маңызды міндеті ақпараттық-есептеу желісінің құрылымын қалыптастыру мәселелерін шешудің бірыңғай тәсілдерін, оның ішінде деректерді өңдеу орталықтарын құру, олардың қуаттылығын айқындау, ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерін әзірлеу және пайдалану, басқаруды автоматтандыру мәселелерін егжей-тегжейлі келісу болып табылады.      Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды енгізуді кеңейту мақсатында деректерді беру коммуникацияларын, оның ішінде мемлекетаралық байланыстар үшін де, ең алдымен цифрлық талшықты-оптикалық байланыс желілеріне бағдарлана отырып дамыту орынды.    

  ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жүк вагондары мен контейнерлерді бірлесіп пайдалану туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің теміржол желісінде жылжымалы құрам мен ірі тонналық контейнерлерді автоматты сәйкестендіру жүйесін енгізу АБЖ-дағы ақпараттық қамтамасыз етудің толықтығын, дұрыстығын және жеделдігін едәуір арттырады, тасымалдарды басқарудың автоматтандырылған ақпараттық технологияларын тиімді іске асыру үшін жағдай жасайды.      Халықаралық қатынаста жүктерді тасымалдау және жолаушыларға қызмет көрсету процесін жетілдіру ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, Латвияның, Литваның, Эстонияның құрылып жатқан бірыңғай «Инфосеть-21» ақпараттық-есептеу желісін (АЕЖ) пайдалану негізінде жүзеге асырылады.      «Инфосеть-21» АЕЖ құрудың мынадай кезеңдері көзделген: бірінші кезеңде ТСРЛР хаттамалар стегін пайдалана отырып, қолданыстағы ұлттық ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы қамтамасыз етіледі;      екінші кезеңде мемлекетаралық ақпарат алмасу үшін деректерді берудің дербес желісі құрылады;      үшінші кезеңде «Инфосеть-21» АЕЖ құралдарымен сыртқы желілермен өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі, сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік пен оны қорғау жөніндегі қажетті шаралар әзірленеді.  

    Теміржол көлігінде электрондық құжат айналымын қолдану коммерциялық және пайдалану рәсімдерін электрондық деректерді өңдеу негізінде орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық технологиялардың көп мақсатты әзірлемесі болып табылады. Алайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарында бірыңғай ақпараттық кеңістікті сақтау мақсатында теміржол әкімшіліктері жұмысының ерекшеліктерін ескере отырып, электрондық құжат айналымын дамыту қажет.    

  ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдары үшін ортақ міндеттерді шешуге бағытталған теміржол көлігіндегі ақпараттық технологияларды бірлесіп дамыту жүктерді тасымалдау процесінде олардың қозғалысын қадағалауға арналған, рұқсатсыз қол жеткізуден қорғалған ұжымдық пайдалану ақпараттық базаларын бірлесіп құруды талап етеді.

       Жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мен басқаруды жетілдіру.      Тасымалдарды басқару саласындағы ынтымақтастық, тасымалдардың көлемін, құрылымын және географиясын жоспарлау (болжау), вагон ағындарын ұйымдастыру және пойыздар қозғалысының кестесі жөніндегі шешімдерді келісу пойыздарды қалыптастыру жоспары мен қозғалыс кестесін келісу және өзара байланыстырудың жолға қойылған практикасын одан әрі жетілдіру арқылы жүзеге асырылуы тиіс.      Жүк вагондарын бірлесіп пайдалану үшін құрылған жүйені жетілдіру қажет. Жылжымалы құрамды күтіп-ұстау мен жөндеуге арналған шығындардың өзгерістерін ескеру, тапшылығы бар вагон түрлерін пайдаланғаны үшін ставкаларды қатаңдату мақсатында вагондарды пайдаланғаны үшін төлем ставкаларын өзгерту практикасын жалғастыру орынды.      Контейнерлермен, оның ішінде рефрижераторлық контейнерлермен жүктерді халықаралық тасымалдаудың жоспарланған өсуін қамтамасыз ету үшін мамандандырылған контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттыруды көздеу, тасымалданатын жүктердің сақталуына және тауарлық сапасына кепілдік беретін техникалық және ұйымдастырушылық шараларды әзірлеу, контейнерлердің орналасқан жері, олардың жүру жолында басқа бағытқа қайта жөнелтілу мүмкіндігі туралы жедел ақпарат бере отырып, клиенттерге арналған контейнерлік сервисті жандандыру қажет. Ірі тонналық контейнерлерді, оның ішінде 40 футтық контейнерлерді өңдеуге қажетті құрылғылары бар теміржол станцияларының желісі кеңейтілуі тиіс.   

   Шекаралық өткізу станцияларында вагондарды тапсырудың қолданыстағы жүйесін сақтау қажет, ол қабылдаушы тараптың вагондарды техникалық тексеруін және вагон қабылдаушы тараптың теміржолдары шегінде болған барлық уақыт ішінде жылжымалы құрам үшін жауапкершілігін көздейді.      Жылжымалы құрамның әрбір бірлігінің орналасқан жері мен жұмысын компьютерлік бақылауды күшейту жүк вагондарын кезекті жөндеулер арасындағы жүріп өткен жол бойынша орындалған жұмыс нормативтерінің параметрлеріне сәйкес жөндеу жүйесіне кезең-кезеңімен толық көшуді қамтамасыз етеді. Түгендеу паркіндегі ақаулы вагондар санының серпіні, тасымалдау жұмысының көлемін ай сайын жоспарлау кезінде нақтыланатын жұмыс паркіне қажеттілік туралы ақпаратқа негізделген жөндеу бағдарламасы мен оның орындалуы бойынша іс-қимылдарды үйлестіру күшейтілуі тиіс.      Шекаралық өткізу станциялары мен өткелдерді жабдықтау, өткізу станцияларында кедендік операцияларды жүргізуді техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету, вагондарды техникалық тексерудің толық циклін жүргізу, оларды тапсырушы тараптан техникалық және коммерциялық тұрғыдан қабылдау, осы станцияларды компьютерлік техника және деректерді жол есептеу орталықтарына беру құралдарымен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет.      Бақылау операцияларын қысқарту және жеңілдету бойынша шекаралық және кеден органдарымен бірлескен жұмысты жалғастыру қажет.      

Шекаралық өткізу станцияларында қабылдау-тапсыру рәсімдерін одан әрі жақсарту үшін тапсырушы және қабылдаушы тараптарға ортақ станцияларға кезең-кезеңімен көшу назар аударуға тұрарлық. Мұндай станцияларда пойыздарды, вагондарды және жүктерді барлық операцияларды орындай отырып тапсыру және қабылдау процестері екі тараптың мамандарынан құралған біріккен бригадалар арқылы жүзеге асырылады.      Шекаралық өткізу станцияларында жүктер мен вагондарды өңдеу уақытын қысқарту мақсатында көршілес мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасуды кеңейтіп, оған теміржол, кеден және шекара қызметтеріне қажетті деректер кешенін енгізу қажет.      Халықаралық қатынастағы жолаушылар пойыздары үшін шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдерді пойыздардың шекаралық станцияларда тұру уақытын ұзартпай, қозғалыс кезінде жүргізген орынды.      Жылжымалы құрамның орналасқан жері мен жұмысын «ДИСПАРК» кешенінің көмегімен компьютерлік бақылау мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тасымалдау сапасын арттыру үшін теміржолдардың жүктерді жеткізу мерзімдері, шарттық міндеттемелерге сәйкес тиеу үшін бос вагондарды уақтылы ұсыну жөніндегі нормативтер мен міндеттемелерді орындау режимі қатаңдатылуы тиіс.      Тасымалдау процесінің нормативтік-құқықтық базасы тұтастай алғанда, жүктер мен жолаушыларды тасымалдау рәсімдерін, ең алдымен халықаралық қатынаста үйлестіру бұдан әрі де бірыңғай және келісілген күйінде қалуы тиіс.

       Салық салу қағидаттарын жетілдіру.      Халықаралық қатынаста теміржол көлігімен тасымалдауға арналған көлік шығындарын қысқарту мақсатында оның жұмысының тиімділігі мен сенімділігін арттыру үшін қосымша экономикалық жағдайлар жасау қажет. Шығындарды қысқартудың маңызды элементтерінің бірі салық салу қағидаттарын жетілдіру болып табылады.      Халықаралық тасымалдарға қатысатын теміржол көлігі кәсіпорындарына салық салудың бірыңғай қағидаттары мен тетіктерін әзірлеу қажет. Теміржол әкімшіліктері мен мемлекеттердің кеден органдарының бірлескен іс-қимылдары теміржол көлік құралдарын, материалдарды, жылжымалы құрамды, қосалқы бөлшектерді импорттау кезінде кедендік баждарды алу қағидаттарын әзірлеуге бағытталуы тиіс.      Халықаралық қатынаста тасымалдарды одан әрі дамыту қажеттілігін ескере отырып, транзиттік жүктерді тасымалдау кезінде, экспедициялау қызметтерін көрсету кезінде қосылған құн салығын алу мәселелерін және басқа да мәселелерді қарастыру орынды.

       Теміржол әкімшіліктерінің өзара іс-қимылы.      Денсаулық сақтау саласында.      Теміржол әкімшіліктерінің өзара іс-қимылының маңызды бағыттары мыналар болып табылады:      теміржол апаттары мен ауқымды техногендік авариялар мен апаттардың салдарын жою үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарының дәрігерлік-санитариялық қызметтерінің қызметін сақтау және жақсарту;      мемлекетаралық қатынастағы пойыздарда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтарына қажетті медициналық көмек көрсету тәртібі туралы ұсыныстарды қарау және дайындау, ал қажет болған жағдайда – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарының медициналық мекемелерінде көмек көрсету, бірыңғай әлеуметтік медициналық стандарттарды әзірлеу, төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде шығындарды өтеу;      тасымалдау процесінің қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз етуге, теміржол көлігі қызметкерлеріне білікті медициналық көмек көрсетуге, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және кәсіптік аурулардың профилактикасына байланысты ТМД-ның дәрігерлік-санитариялық қызметтерінің, денсаулық сақтау мекемелерінің күштері мен мүмкіндіктерін пайдалану және ден қою тәртібі туралы өзара келісілген құжаттардың жобаларын дайындау.

       Білім беру, кадрларды даярлау және қайта даярлау саласында.      Білім беру, кадрларды даярлау және қайта даярлау саласындағы ынтымақтастықтың бірінші кезектегі міндеттері мыналар болып табылады:      теміржол көлігі мамандары мен білікті жұмысшыларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша әдістемелік қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін әзірлеу және енгізу;      жекелеген мемлекеттер шеңберінде сандық қажеттілігі шектеулі мамандарды, білікті жұмысшыларды, мамандықтар мен кәсіптерді теміржол оқу орындарында даярлаудың мемлекетаралық жүйесін ұйымдастыру.

       Теміржолшыларды әлеуметтік қорғау саласында.      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржолдарындағы әлеуметтік саясатты қалыптастыру мемлекеттердің ұлттық заңнамасына және жұмыс берушілер мен еңбекшілердің өкілдері болып табылатын салалық кәсіподақтар арасындағы әлеуметтік диалогты дамыту қағидаттарына негізделеді. Әлеуметтік саясаттың элементтері мемлекеттердің теміржол көлігіндегі экономикалық жағдайға қарай айқындалады. Еңбек қатынастарын шарттық реттеу сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды сақтаудың маңызды құралы болып табылады.

  *     Теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастықты нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру.*      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігіндегі халықаралық ынтымақтастық шеңберінде қабылданған нормалар мен қағидаларды, ең алдымен мынадай бағыттар бойынша жетілдіруді жалғастыру орынды:      тасымалдау процесін ұйымдастыру;      вагон және контейнер парктерін пайдалану;      есеп айырысу жүйесін жетілдіру;      пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі;      ақпаратпен электрондық алмасу.   

   «Есіктен есікке дейін» тасымалдауды, халықаралық көлік дәліздері бойынша тасымалдауды және т.б. қамтамасыз ету кезінде өзара іс-қимылы қажет болуы мүмкін теміржол және көліктің басқа да түрлерінің қатысуымен келісімдер әзірлеу мүмкіндігі бар.      Техникалық базаның өзгеруін, ақпараттық технологиялардың дамуын, тасымалдарды басқару мен есеп айырысуда қағазсыз технологияларға кезең-кезеңімен көшуді ескере отырып, теміржол жүйелерін бірлесіп пайдалану жөніндегі базалық қағидалар түзетілуге және қайта өңделуге тиіс. Тараптар теміржол магистральдарындағы негізгі құрылғыларды техникалық күтіп-ұстау және пайдалану нормативтері, тасымалдау процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша бірыңғай келісілген шешімдерді ұстанатын болады.

 8.2. ӘУЕ КӨЛІГІ

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуына байланысты ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы азаматтық авиация саласындағы қатынастарды реттеу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты 1944 жылғы Халықаралық азаматтық авиация туралы Чикаго конвенциясының қағидаттарына негізделген және халықаралық азаматтық авиация тәжірибесін ескеретін әуе қатынасы туралы үкіметаралық екіжақты келісімдер жасалды. Бұл келісімдерде әуе көлігі саласындағы ғылыми-техникалық саясат, авиакәсіпорындарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, авиация мамандарын даярлау, әуе кемелері паркін пайдалану және авиациялық оқиғалардың алдын алуға байланысты ақпарат алмасу, сондай-ақ басқа да салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері көрініс тапты. 1991 жылғы Азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану туралы үкіметаралық келісім әуе көлігі саласындағы өзара қарым-қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосты, оған сәйкес қазіргі уақытта сертификаттау, авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру және қызметтің басқа да түрлері бойынша жұмыстар табысты жүргізілуде.

       ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе көлігі қызметі саласындағы басым бағыттары мыналар болып табылады:      әуе көлігін дамытуға жәрдемдесетін шаралар жүйесін әзірлеу және іске асыру мақсатында үйлестіруді күшейту, оның ішінде мемлекеттердің міндеттерін кешенді шешу мақсатында әуе көлігін теңгерімді дамыту;      әуе көлігінің тиімділігін арттыру, оның ішінде сертификаттау мен лицензиялауды жетілдіру арқылы;      әуе кемелері мен тренажерлер паркін сапалы жаңартуға жәрдемдесу;      авиациялық тасымалдарға сұранысты ынталандыру;      авиациялық қызметті жүзеге асыру кезінде келісілген техникалық саясатты қамтамасыз ету;      мемлекеттердің интеграциясын күшейту, сондай-ақ осы мемлекеттер үшін бірыңғай авиациялық қағидалар жүйесін, әуе кемелерін (оның ішінде қос мақсаттағы) және оларды өндіруді сертификаттаудың бірыңғай жүйесін, халықаралық әуежайлар мен олардың жабдықтарын, сондай-ақ авиациялық оқиғаларды тергеп-тексерудің бірыңғай жүйесін сақтау және дамыту негізінде авиатасымал қызметтері мен авиациялық техника нарығының дәстүрлі сегментін ұстап тұру;      авиация персоналын даярлау жүйесін сақтау және дамыту, оның әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету;      әлемдік деңгейге сәйкес келетін, сатудан кейінгі қызмет көрсету жүйесін қоса алғанда, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын қолдаудың интеграцияланған жүйесін дамытуда мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру;      ИКАО-ның байланыс, навигация, бақылау/әуе қозғалысын ұйымдастыру (CNS/ATM) перспективалық тұжырымдамасын енгізу негізінде ұлттық аэронавигациялық жүйелердің (ең алдымен, әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйелерінің) интеграциясын қамтамасыз ету;      әуе көлігінің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру.     

 Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, экономикалық тұрақсыздық кезеңінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе көлігіндегі дағдарыстық құбылыстарды түпкілікті еңсерудің ең тиімді тәсілі – негізгі бағыттары мыналар болып табылатын стратегияны әзірлеу және іске асыру:      авиациялық секторды мемлекеттік қолдау, оның ішінде жеңілдікті салық салу, кедендік баждарды алып тастау, банктер кредиттері бойынша төмендетілген мөлшерлемелерді қолдану, тікелей инвестициялау немесе мемлекеттер үшін аса басым бағыттарда жұмыс істейтін кәсіпорындарға арналған бюджеттерде шығыс баптарын белгілеу, әуе көлігін дамытуды ұзақ мерзімді кредиттеуге арналған экономикалық жағдайлар жасау, әуе көлігін сақтау мен дамытудың ағымдағы және ұзақ мерзімді проблемаларын шешу мүддесінде бөлінетін мемлекеттік ресурстарды ұтымды бөлу;   

   әуе кемелерін өндіру, лизингке беру және пайдалану, сондай-ақ оларды қаржылық-ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мәселелеріндегі бірлескен интеграциялық қызметті мемлекеттік және мемлекетаралық кредиттер қалыптастыру негізінде мемлекеттік қолдау;      мемлекетаралық және мемлекеттік деңгейлерде ұшу қауіпсіздігін, әсіресе авиациялық қауіпсіздікті – азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу актілерінің алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті саясат жүргізу;      адал бәсекелестік негізінде авиациялық тасымалдардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайларды дәйекті түрде жасау, оның ішінде авиатасымал қызметтерін монополияға қарсы және демпингке қарсы реттеу тетіктерін әзірлеу, келісілген тарифтік саясатты қабылдау, шекаралық және кедендік рәсімдерді оңайлату;      авиациялық тарифтерді төмендету мақсатында аэронавигациялық, метеорологиялық және әуежай қызметтерін көрсететін табиғи монополиялар қызметтерін мемлекеттік реттеу;      әуе тасымалдарының тұрақтылығын сақтау және бұл ретте авиакомпаниялар санын оңтайландыру үшін жағдайларды қамтамасыз ету, авиакомпаниялардың шығындарын барынша азайтуға көмек көрсету;      жаңартылған әуе кемелері паркін авиация персоналының оңтайлы әрі тұрақты саны жағдайында тиімді пайдалану.      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін бірыңғай, американдық және еуропалық жүйелермен толық үйлестірілген сертификаттау жүйесін құрылған авиациялық инфрақұрылым және авиация саласындағы әлем мойындаған ғылыми және техникалық әзірлемелер негізінде құру және дамыту егемендіктер қалыптасқан жағдайларда жаңа мемлекеттердің авиаөнеркәсібі арасындағы тығыз кооперациялық байланыстарды, оның ғылыми және техникалық әлеуетін және әріптестер үшін инвестициялық тартымдылығын сақтауға, сондай-ақ сертификаттау жүйесінің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік берді. Осы жүйе негізінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде шығарылатын барлық әуе кемелері мен авиациялық қозғалтқыштар, оның ішінде халықаралық жобалар шеңберінде жасалған авиациялық техника сертификатталады.

  ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бірыңғай сертификаттау жүйесінің талаптарына жауап беретін негізгі сыныптағы жаңа ұшақтар мен тікұшақтар паркін сапалы жаңартуға және дамытуға жәрдемдесуі, сондай-ақ әуе кемелері паркінің құрылымын авиациялық тасымалдар нарығының қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келтіру мыналарды көздейді:      моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген әуе кемелерін авионика және авиациялық қозғалтқыштар саласындағы халықаралық стандарттарға жауап беретін заманауи әуе кемелерімен ауыстыру мақсатында жеткізілімдерді кеңейту;      әуе кемелерін өндіру мен жеткізуді (сатуды) қаржыландырудың кредиттік тетіктерін дамыту, сондай-ақ қаржылық лизингті іске асыру;      авиациялық техниканы әзірлеушілер мен өндірушілердің интеграциясы мен кооперациясын қолдау;      басым жобаларды қолдау және іске асыру үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттер компанияларының авиация өнеркәсібі кәсіпорындарының акционерлік капиталына қатысуы;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің және басқа мемлекеттердің қаржылық құрылымдарын шетелдік өндірушілердің қаржылық ресурстар алу шарттарына жақын жағдайларда авиация өнеркәсібіне инвестиция салуға ынталандыру;      қозғалтқыштарды ауыстыру, дыбыс жұтатын конструкцияларды орнату, әуедегі соқтығысулардың алдын алу жүйелерін (ACAS-III), қысқартылған тік эшелондау нормаларын (RVSM), аймақтық навигацияны (BRNAV) орнату бөлігінде ИКАО талаптарына сәйкес қолданыстағы әуе кемелері паркін жаңғырту;      авиациялық техниканы техникалық пайдалану мен жөндеуді мынадай жолдармен жетілдіру:      осы жұмыстарды жүзеге асыратын кәсіпорындарды сертификаттау жүйелерін жетілдіру, авиажөндеу кәсіпорындары желісін қайта құрылымдау және өндірістік қуаттарды ұтымды жүктеуді қамтамасыз ету, ескіріп келе жатқан әуе кемелері паркінің ұшуға жарамдылығын қолдау жүйелеріне тәуелсіз аудит жүргізу, қосалқы бөлшектерге тапсырыстарды қалыптастыру және жеткізу жүйесін жетілдіру негізінде авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу сапасын арттыру.

       ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе көлігін дамыту мен жетілдіру бағыттарын едәуір дәрежеде айқындайтын негізгі басымдығы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.      Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін құрумен және дамытумен қатар, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тергеп-тексеру жүйесінің негізгі қағидаты – тәуелсіздік қағидатын қабылдады.      Қабылданған қағидат халықаралық азаматтық авиация ұйымдарының ұсынымдарына сәйкес келеді, оларға сай тергеп-тексеруді жүзеге асыратын ұйым немесе орган пайдалану қызметі мен лицензиялау мәселелері қарауына жататын құрылымнан функционалдық тұрғыдан тәуелсіз болуы тиіс.     

Осы негізде жүргізілген авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру нәтижелері ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша тиімді профилактикалық шаралар қабылдауға мүмкіндік береді және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің авиатасымалдаушыларына негізсіз материалдық талаптар қойылған жағдайда өз мүдделерін қорғауға көмектеседі.      Жалпы алғанда, ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде әуе көлігіндегі апаттылықтың абсолюттік көрсеткіштерінің төмендеуінің оң динамикасы байқалады.

  Әуе көлігінің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне қол жеткізу үшін қажетті әуе көлігі қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:      азаматтық авиация қызметіне қауіпті факторларды анықтау және заңсыз араласу актілерінің алдын алу бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттер шеңберінде өзара іс-қимылды ұйымдастыру және үйлестіру;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік реттеу және қадағалау жүйесін жетілдіру;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер шеңберінде үйлестірілген және халықаралық стандарттарға бейімделген ұлттық авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіру;      ұшу қауіпсіздігін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жетілдіру. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпті факторларды анықтау және авиациялық оқиғалардың алдын алу мүддесінде ақпарат жинауды және оны кешенді өңдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық кеңістік құруы;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер шеңберінде іздестіру және авариялық-құтқару қызметін қамтамасыз ету жүйесін, оның ішінде іздестіру және құтқару құралдарын дамытуды жетілдіру және үйлестіру;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірілген шаралар жүйесін қалыптастыруы және іске асыруы;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық стандарттарға бейімделген, әуе көлігін заңсыз араласу актілерінен қорғауды қамтамасыз ететін үйлестірілген авиациялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруы және іске асыруы;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе көлігінің авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жедел іс-шараларын қаржыландыру көздерін қалыптастыру;      адам факторының ұшу қауіпсіздігіне әсерін есепке алу жүйесін әзірлеу және енгізу;      авиациялық техниканың (оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұшуға жарамдылықты қолдау жүйесіне қатысты бірыңғай тәсілдерді іске асыруы), ұшуды қамтамасыз ету және қызмет көрсету құралдарының сенімділігі мен тиімділігін арттыру, оларды сертификаттауға қойылатын талаптарды қатаңдату;      авиациялық қызметке рұқсатсыз араласудан қорғау құралдарын дамыту;      ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінде авиатасымалдаушы талаптарының әуе көлігі процесінің барлық өзге қатысушыларына қатысты басымдығы қағидатын іске асыру;      авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінде әуежайдың шаруашылық жүргізуші субъект ретіндегі талаптарының әуе көлігі процесінің барлық өзге қатысушыларына, оның ішінде авиациялық қызметтерді тұтынушыларға қатысты басымдығы қағидатын іске асыру;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің авиациялық қауіпсіздік жүйесінің жұмыс істеуін реттейтін және халықаралық стандарттарға бейімделген нормативтік құжаттар пакетін жасау;      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуежайларын авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи техникалық құралдарымен жабдықтау. Жолаушылар ағынын, багажды және жүктерді өңдеудің тиісті жүйесіне интеграцияланған авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерін енгізу;      авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи техникалық құралдарын жасау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Авиациялық қауіпсіздік саласындағы заманауи технологияларды әзірлеу;      авиациялық қауіпсіздік шараларының сақталуын қамтамасыз ететін және заманауи техникалық құралдарды тиімді пайдалануға қабілетті авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің жоғары кәсіби персоналын даярлау.

       Авиациялық инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мыналарды көздейді:      ИКАО-ның халықаралық талаптары мен ұсынылатын практикасына жауап беретін аэродромдар желісін кезең-кезеңімен құру;      мемлекеттердің мүдделері мен экономикалық орындылығын ескере отырып, олардың саны мен орналасуына қатысты әуежайлар желісін, оның ішінде халықаралық әуежайлар желісін оңтайландыру;      әуежайлар қызметінің тиімділігін арттыру, әуежайлардың негізгі қорларын жаңарту және заманауи технологияларды енгізу үшін жағдайлар жасау;      аэродромдар желісінің техникалық жарақтандырылу деңгейін пайдаланылатын және перспективалық авиациялық техниканың сипаттамаларына сәйкес келтіру;      аэродромдарды ИКАО талаптарына сәйкес сертификаттау.

       Әуе көлігінің мүддесінде информатиканы дамыту саласында «Сирена-2», «Сирена-2000» және «Сирена-3» жүйелерін дамыту негізінде шетелдік баламалармен бәсекеге қабілетті әуе тасымалдарын брондау мен сатудың бірыңғай жүйесін пайдалануға енгізуді қамтамасыз ету қажет.      Мұндай ақпараттық кешенді құру Интернет-технологияларды ауқымды түрде енгізуге мүмкіндік береді.

       Әуе көлігінің жұмыс істеуін ғылыми-техникалық қамтамасыз ету саласында мынадай бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асыру көзделуі қажет:      жаңа әуе кемелері мен авиациялық қозғалтқыштарды әзірлеу, сондай-ақ қолданыстағы әуе кемелері мен авиациялық қозғалтқыштар типтерін жаңғырту жөніндегі негіздемелер мен техникалық ұсыныстар;      ұшуға жарамдылықты қолдаудың жаңа қағидаттары мен әдіснамасы;      жерүсті инфрақұрылымы объектілерін дамыту жөніндегі негіздемелер;      авиатасымалдар нарығын зерттеу әдіснамасы мен ұсынымдары;      азаматтық авиацияның қауіпсіз жұмыс істеу әдіснамасы мен қағидаттары;      жаңа ақпараттық технологиялар және оларды енгізу;      азаматтық авиацияның нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар.    

  ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе кеңістігінде ұшу кезінде отандық және шетелдік авиакомпаниялардың аэронавигациялық қызмет көрсетуге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Әуе қозғалысын ұйымдастырудың бірыңғай жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар келісілген шараларды әзірлеу және іске асыру орынды.

      Қолданыстағы және жаңадан ашылатын халықаралық және ішкі әуе трассаларын техникалық қамтамасыз етуді жаңғырту саласында ИКАО талаптарына жауап беретін заманауи әуе және жерүсті байланыс, бақылау және әуе қозғалысын басқаруды автоматтандыру құралдарымен Арктика, Қиыр Солтүстік және Сібір аудандарындағы Әуе қозғалысын ұйымдастырудың бірыңғай жүйесінің орталықтарын техникалық жарақтандыру деңгейін едәуір арттыру қажет, өйткені осы аудандар арқылы қолданыстағы және жаңадан ашылатын әуе трассалары өтеді.      Әуе трассалары бойынша ұшуды қамтамасыз ету үшін байланыс, бақылау және әуе қозғалысын басқару (ӘҚБ) процестерін автоматтандыруды жақсарту, сондай-ақ Әуе қозғалысын ұйымдастырудың бірыңғай жүйесінің аудандық орталықтарын ірілендіру, автоматтандырылған ӘҚБ жүйелерінің пайдалану дайындығын қолдау және оларды кезең-кезеңімен жаңғырту жөніндегі техникалық іс-шаралар кешенін кезең-кезеңімен өткізу жоспарлануда. 

Заманауи жабдықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етуді, жүйелерді құру технологияларын және адам-машина интерфейсін пайдаланатын ӘҚБ жүйелері кешендерін енгізу басқару орталықтары мен аэродромдық командалық-диспетчерлік пункттер, радиолокациялық ішкі жүйе, байланыс және деректерді беру ішкі жүйесі сияқты жүйелердің құрамдас бөліктері бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.      Әуе кемелерінің ұшуын басқарудың ірілендірілген аудандық орталықтарын құру ӘҚБ тиімділігін арттыруды, әрбір мемлекеттің әуе кеңістігінің құрылымын жетілдіруді, заманауи жабдықтармен техникалық қайта жарақтандыруды мақсат етеді және мынадай іс-шаралар кешенін жүргізуді көздейді:      әуе кемелерінің ұшуын басқарудың аудандық орталықтарын ірілендіру жөніндегі іс-шаралардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу;      қолданыстағы аудандық орталықтардағы секторлар санын оңтайландыру; әуе қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының қамтамасыз етілуін ескере отырып, ӘҚБ аудандары мен орталықтарын ірілендіру және техникалық қайта жарақтандыру;      диспетчерлік құрам мен инженерлік-техникалық персоналдың санын оңтайландыру.      Әуе қозғалысын ұйымдастырудың перспективалық құралдарын енгізу жөніндегі іс-шаралар автоматты тәуелді бақылау технологиясын – келісімшарттық немесе адрестік және радиохабар тарату бақылауын пайдалануды көздейді.      Келісімшарттық бақылауды іске асыратын техникалық құралдар негізінен мұхиттық және Қиыр Солтүстіктің, Сібір мен Қиыр Шығыстың шалғай континенттік аудандарындағы ұшуларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын болады. Тиісті жабдықтар негізінен Солтүстік Америкадан Азияға кроссполярлық және шығыс бағытындағы трансшекаралық трассалар бойынша ұшатын құрлықаралық әуе кемелеріне орнатылады.     

 Континенттік әуе кеңістігінде радиохабар тарату арқылы бақылауды енгізу алдымен транссібірлік және трансполярлық халықаралық трассалар өтетін аудандарда шоғырландырылып, кейіннен басқа аудандарға таратылады. Бақылаудың осы әдісін қарқынды енгізу бастапқыда радиолокациялық бақылау өрісімен қамтудың қолданыстағы аймағын кеңейтіп, оның сипаттамаларын жақсартады, ал кейіннен ИКАО тұжырымдамасына сәйкес, аралас бақылауды пайдалану тәжірибесі жинақталған сайын, жекелеген аудандарда дәстүрлі бақылау құралдарын алмастыруы мүмкін.    

 Ғарыштық техниканы пайдалануға негізделген жаһандық байланыс, навигация және бақылау жүйелерінің жерүсті сегментін орналастыру жөніндегі іс-шаралар ИКАО қабылдаған жаһандық жоспарда көрсетілген перспективалық техникалық құралдар мен технологияларды енгізуді көздеуі тиіс. Бұл ретте мыналар жүзеге асырылуы қажет:      ГЛОНАСС және GPS (GNSS) жаһандық спутниктік навигациялық жүйелерін бірлесіп пайдалану;      авиациялық тіркелген спутниктік байланыс жүйесін құру және халықаралық авиациялық жылжымалы спутниктік байланыс жүйесіне қосылу;      борттық навигациялық аппаратураны әзірлеу және 6 және 12 арналы борттық қабылдағыш-индикаторларды жасау (әуе кемелерін көрсетілген аппаратурамен жабдықтау жер шарының кез келген нүктесінде және ұшудың барлық биіктіктерінде орналасқан жерді жоғары дәлдікпен әрі сенімді анықтауды қамтамасыз етеді);      спутниктік байланыс станциялары базасында радиалды-тораптық қағидат бойынша авиациялық тіркелген спутниктік байланыс жүйесін құру;      халықаралық авиациялық жылжымалы спутниктік байланыс жүйесіне қосылу;      азаматтық авиацияның телеграфтық байланыс хабарламалары мен пакеттерін коммутациялау орталықтарының техникалық құралдарын енгізу;      ұлттық авиациялық электр байланысы желісін енгізу. Әуе қозғалысын жоспарлаудың интеграцияланған көпдеңгейлі жүйесін құру және енгізу шеңберінде азаматтық, мемлекеттік және эксперименттік авиацияның, сондай-ақ халықаралық азаматтық авиацияның ұшуларын қамтамасыз ету мүддесінде әуе қозғалысын жоспарлаудың автоматтандырылған жүйелерін құру қажет.      Әуе қозғалысын жоспарлау функцияларын автоматтандыру ИКАО-ның Еуропалық аэронавигациялық жоспарында және ИКАО-ның Еуропалық өңірінде әуе қозғалысын жоспарлауды ұйымдастырудың Орталықтандырылған қызметін құру тұжырымдамасында баяндалған ұсынымдарын ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.     

 Көрсетілген іс-шараларды іске асыру және енгізу барысында, атап айтқанда, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлау мен үйлестіру, деректерді жинаудың орталықтандырылған жүйесін құру, авиациялық тіркелген спутниктік байланыс желісін пайдалана отырып, әуе қозғалысын жоспарлау процестерін жүзеге асыру қамтамасыз етілуі тиіс.    

 Ең көп жүктелген аудандар мен аймақтарда әуе қозғалысын басқаруды автоматтандыру құралдарын енгізу саласында диспетчерлердің жұмыс орындары, бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпаратты сабақтас жүйелерге автоматты түрде беру және ағындарды басқарудың бас орталығымен алмасу бөлігінде жаңа архитектуралы автоматтандырылған ӘҚБ жүйелерін пайдалануды көздеу қажет.

       Аэродромдарды ұшуды қамтамасыз ету құралдарымен жабдықтауды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар мыналарды көздейді:      әуе кемелерінің координаттары туралы дәл ақпаратты қамтамасыз ететін метрлік диапазондағы қону жүйелерін ауыстыру және енгізу;      аэродромдарды әуе қозғалысын басқару диспетчерлеріне арналған жабдықтардың автоматтандырылған кешендерімен және автоматты радиопеленгаторлармен қайта жарақтандыру;      әуе кемелері мен арнайы автокөліктің аэродром бойынша қозғалысын бақылауды қамтамасыз ететін ұшу алаңын шолуға арналған радиолокациялық станцияларды енгізу.

       Әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ететін жерүсті құралдарының техникалық жай-күйін қолдау үшін мынадай іс-шаралар кешені ұсынылады:      ресурсы аяқталған техникалық құралдарды жоспарлы түрде ауыстыру;      ұшуды қамтамасыз ететін жерүсті құралдарының техникалық жай-күйін бақылауды ұйымдастыру мен әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру;      ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдары мен авиациялық электр байланысының қызмет ету мерзімін ұзарту;      радиолокация, навигация және қону жүйелерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары.      

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің авиациялық әлеуетінің негіздерінің бірі – кәсіби даярланған кадрлар және авиация саласындағы мамандарды даярлауды жүзеге асыратын білім беру мекемелері мен ұйымдары болып табылады.      Авиация персоналын даярлауды жетілдіру және әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мыналарды көздеуі тиіс:      авиация мамандарын даярлаудың үлгілік білім беру жүйелерін қалыптастырудың келісілген тұжырымдамалық тәсілдері мен қағидаттарын әзірлеу;      авиациялық қызметті қамтамасыз ететін кадрлық әлеуетті қолдау үшін жағдайлар жасау;      авиация персоналын даярлау жүйесін сақтау және дамыту, оның әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету;      авиация саласындағы оқу бағдарламаларын бірыңғай стандарттарға сәйкестендіру;      авиация персоналын оқыту, даярлау және қайта даярлау сапасын бақылаудың тиімділігін арттыру;      азаматтық авиация саласындағы мамандарды пайдалану ұйымдарының оқу орындарымен жасасатын тікелей шарттары негізінде даярлауды жүзеге асыру;      қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық жағдайларды, кәсіби қызметтің күрделілігі мен қауырттылығын ескере отырып, авиация персоналына еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, азаматтық авиацияның оқу орындарының оқу-әдістемелік әлеуетін растау және арттыру жөніндегі келісілген шаралар кешенін әзірлеу мен іске асыру, заманауи талаптарға сәйкес оқу-материалдық базаны дамыту, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және ғылыми-әдістемелік кадрларды даярлау.

8.3. АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ ЖОЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

8.3.1. Автомобиль көлігі

      Автомобиль көлігінің жоғары технологиялық көлік қызметін көрсету тұрғысынан объективті артықшылықтары (икемділігі, ұтқырлығы, сенімділігі, жеделдігі, жүктерді жеткізудің сақталуы, қызметтердің құны) оның ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік саласы құрылымындағы басым орнын айқындады. Әлемдік қоғамдастықта тіркеліп отырған және соңғы жылдары барлық дамыған әрі дамушы елдерді қамтыған «автокөлік революциясы» нарықтық қатынастардың жаңа саласы – автомобиль көлігі қызметтері нарығының қалыптасуына алғышарт болды.

      Жалпы автомобиль көлігінің қарқынды дамуымен қатар, әртүрлі елдер экономикаларының әлемдік экономикалық кеңістікке объективті интеграциялануы халықаралық автомобиль тасымалдарын және халықаралық автокөлік қызметтері нарығын (ХАК) дамытудың басымдығын айқындайды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының осы нарықтағы ықпалының күшеюі аталған мемлекеттердің ұлттық тасымалдаушыларының қызметіне тұтастай әсер етеді. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кәсіби тасымалдаушыларының әлемдік және өңірлік көлік қызметтері нарықтарына, сондай-ақ басқа елдердің ұлттық көлік қызметтері нарықтарына шығуына қойылатын нормативтік талаптар көбінесе шамадан тыс жоғары. Қазіргі заманғы технологияларды пайдалануға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және көлік нарығын дамытудың әлеуметтік бағыттылығын күшейтуге ұмтылумен негізделген қойылатын талаптардың объективтілігін жоққа шығармай, мемлекеттердің ұлттық тасымалдаушыларға қатысты протекционистік саясаты осы нарыққа «шетелдік» тасымалдаушылар деп аталатын субъектілердің кіруін шектейтінін атап өткен жөн.

      ТМД-ның халықаралық автокөлік қызметтері нарығындағы ұстанымдарын нығайтуға, осы нарықта жұмыс істеу кезіндегі әкімшілік және өзге де кедергілерді азайтуға немесе жоюға, интеграция мен ынтымақтастықты дамытуға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің осы нарық субъектілерінің қызметін ынталандыратын, келісетін және үйлестіретін бірыңғай саясаты ықпал етуге тиіс. Бұл ретте нарықтың жалпы қағидаттары ескерусіз қалмауы керек: ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі халықаралық автокөлік қызметтеріне деген қажеттіліктерді, сұраныстың жай-күйі мен серпінін мұқият есепке алу; халықаралық автокөлік қызметтерінің сапасы мен өзге де қасиеттерінің сұраныс құрылымына және тұтынушылар топтарының талаптарына барынша сәйкес келуіне жағдай жасау; халықаралық автокөлік қызметтеріне сұранысты жандандыру және ынталандыру мақсатында тұтынушыларға ықпал ету.

      Халықаралық автокөлік қызметтері нарығының жұмыс істеуі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикасын дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруды қолдауға қабілетті әлеуетті қалыптастыруға ықпал етеді. Алайда халықаралық автомобиль қатынасының дамуына кедергілерді жою және ұлттық тасымалдаушыларды шетелдік кәсіпкерлер тарапынан болатын жосықсыз бәсекелестіктен қорғау жөніндегі үйлестірілген шаралардың болмауы, автокөлік қызметінің қауіпсіздігін жеткіліксіз қамтамасыз ету және бірқатар басқа да жағымсыз факторлар ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тасымалдаушыларының халықаралық көлік қызметтері нарығындағы ұстанымдарының әлсіреуіне ықпал етеді. Жол көлігі инфрақұрылымының (жолдар, шекаралық өткелдердің жеткіліксіз жабдықталуы) нашар дамуы да теріс әсер етеді. Бұған қоса, әртүрлі билік органдарының халықаралық тасымалдардан барынша көп кіріс алуға деген субъективті ұмтылысына байланысты физикалық емес, бюрократиялық сипаттағы кедергілер барған сайын көбейіп келеді.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық тасымалдарын және осы тасымалдарға қатысатын шетелдік автокөлікті дамытудың негізгі кедергілері мыналар болып табылады: шекаралық өткелдердегі инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы және шекаралық, кедендік әрі бақылаудың басқа да түрлеріне жататын рәсімдердің нашар ұйымдастырылуы. ХЖК жүйесі бойынша автокөлік құралдарын жедел өткізу мүмкіндігі толық көлемде пайдаланылмайды. Кейбір шекаралық өткелдерде көлік құралдарының тұрып қалуы бірнеше күнге созылады. Пайдаланушыларға алдын ала хабарламай, автомобильдерді өткізу тәртібі жиі өзгертіледі. Автокөлік құралдарын ресімдеудің бірыңғай технологиясы жоқ. Көршілес мемлекеттер екі елдің шекарасында «бір рет тоқтау» рәсімін іске асыруға мүмкіндік беретін бірлескен тексеру технологияларын енгізбейді;

      автокөлік құралдарынан алынатын фискалдық алымдар тетіктерінің реттелуі мен келісімділігінің төмен деңгейі: жол алымдары, экологиялық төлемдер, міндетті терминалдық алымдар, транзит үшін алынатын алымдар, міндетті сақтандыру үшін төлем (тіпті халықаралық сақтандыру болған жағдайда да), әртүрлі құжаттарды ресімдеу үшін төлем және т.б. (осы алымдардың кейбірін жергілікті билік органдары енгізеді);

      жылжымалы құрамның рұқсат етілген техникалық сипаттамалары бойынша нормативтік-құқықтық базада елеулі алшақтықтардың болуы, бұл рұқсат етілген нормаларды бұзғаны үшін қосымша айыппұлдар мен алымдардың салынуына әкеп соғады. Бұл ретте бақылау аспаптарының (таразылардың) жетілмегендігі немесе ақаулығы салдарынан негізсіз артық төлемдер жасалады;

      бюрократиялық сипаттағы әртүрлі кедергілер: жол полициясы, көлік инспекциясы органдары тарапынан бірнеше рет тоқтату және тексеру, сондай-ақ шетелдік тасымалдаушыларға қатысты кемсітушілік сипаттағы шаралар;

      жүргізушілердің виза алу кезінде күрделі рәсімдерден өтуінің қажеттілігі.

      Кедергілердің туындау себептері (негіздері): шетелдік көлік операторларының нарыққа немесе инфрақұрылымға кіруін шектеу, әлсіз инфрақұрылымға (жолдар, көпірлер және т.б.) түсетін пайдалану жүктемесін азайту, жаңа инфрақұрылымға инвестиция салу үшін қосымша қаражат жинау, көршілес елдер халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін қолайсыз қағидалар қабылдаған жағдайда қарсы шаралар енгізу, ерекше жүктерді (қауіпті және т.б.) тасымалдауды реттеу, бақылау енгізу және шетелдіктердің елге кіруін шектеу мақсатында ұлттық заңдардың, қағидалар мен нұсқаулықтардың қолданысқа енгізілуі;

      кеден органдарының салықтарды өндіріп алуды барынша арттыру сияқты ерекше міндеттерді шешуге бағытталған қағидалар мен нұсқаулықтарды қолдануы;

      көлік операторлары немесе жүк алушылар тарапынан салықтық құқық бұзушылықтарды анықтау; мемлекеттердің қауіпсіздігін заңсыз көші-қоннан, халықаралық қылмыстылықтан, заңсыз кредиттік-ақшалай операциялардан, аурулардың әкелінуінен қамтамасыз ету;

      өңірлік мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған өңірлік қағидалар мен нұсқаулықтар: өңір бюджетіне түсетін түсімдерді ұлғайту; өңірлік ұйымдарды қаржыландыруды жақсарту; автокөлік қозғалысымен сөзсіз байланысты қоршаған ортаның ластануынан өңірдің белгілі бір аймақтарын қорғау;

      жергілікті мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған жергілікті қағидалар мен нұсқаулықтар: қалалардың инфрақұрылымын ауыр жүк автокөлік құралдарының жүруінен қорғау, қалалық инфрақұрылымды транзиттік қозғалыс үшін бұғаттау, қалалардағы белгілі бір аймақтарға (әдетте, орталық бөлігіне) автокөлік құралдарының кіруін шектеу.

      Теріс салдарлар, ең алдымен, қаржылық шығындардан көрінеді: көптеген алымдар мен баждардың салдарынан көлік операторлары қосымша шығындарды тасымалдау бағасын көтеру арқылы өтеуге мәжбүр болады, соның нәтижесінде халық пен ұлттық кәсіпорындардың (импорттық тауарларға қатысты) сатып алу қабілеті және отандық тауарлардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Бұл экономикалық дамуға, инфляцияға әсер етеді және экспорттық нарықтардың жоғалуына әкеледі.

      Қалыптасқан жағдай ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде халықаралық автокөлік қызметтері нарығын дамыту мәселесін басым тәртіппен және кешенді түрде шешу қажеттігін туындатады. Осы стратегиялық міндетті орындауды 2010 жылға дейінгі кезеңге бағдарланған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық автокөлік қызметтері нарығын дамыту жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама шеңберінде жүзеге асырған орынды.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары бойынша автомобиль көлігінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін мыналар орынды:

      1. Автомобиль көлігінің ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары бойынша кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай жасау:

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер шеңберінде рұқсат беру жүйесін жоюды көздей отырып, халықаралық автомобиль тасымалдарын ырықтандыруға ұмтылу;

      бірыңғай кедендік аумақтың (көлік кеңістігінің) сыртқы шекараларында кірудің (шығудың) келісілген тәртібін, сыртқы шекаралардың кесіп өтілуі туралы өзара ақпарат алмасуды белгілеу;

      автокөлік құралдарының жүріп өтуін бақылаудың бірлескен жүйесін белгілеу.

      2. Автомобиль көлігі мәселелері бойынша халықаралық конвенциялар мен шарттарға келісілген түрде қосылу, физикалық емес кедергілерді жою жөніндегі іс-шаралар:

      ұлттық тасымалдаушылар үшін де, үшінші елдердің тасымалдаушылары үшін де халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға жіберудің бірыңғай тәртібін белгілеу;

      көлік саласындағы өзара қатынастарды реттейтін халықаралық конвенциялар мен шарттарға қосылу мәселелері бойынша келісілген ұстанымдарды әзірлеу;

      халықаралық конвенциялар мен шарттардың талаптарына сәйкес келетін мемлекетішілік жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен іс-қимылдар;

      оське түсетін шекті жүктемелердің және көлік құралдарының техникалық параметрлерінің бірыңғай өлшемдерін қолдану;

      өңірлердің аумақтары, көпірлер, тоннельдер және т.б. арқылы жүріп өткені үшін жергілікті алымдарды болдырмайтын мемлекетішілік нормативтік құқықтық актілерді қабылдау.

      3. Келісілген негізгі халықаралық автокөлік бағыттарында сервистік қызмет көрсету:

      халықаралық автомобиль магистральдарында сервистік қызмет көрсетудің мемлекетаралық тұжырымдамасын қабылдау;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер шеңберінде жылжымалы құрамды жөндеу және техникалық қызмет көрсету пункттерін, көлік терминалдарын, қонақ үй кешендері мен тамақтану орындарын, халықаралық автомобиль магистральдары аймақтарындағы автожанармай құю станцияларын және т.б. қамтитын біріздендірілген көлік инфрақұрылымын құру.

8.3.2. Жол шаруашылығы

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 1 млн км-ден асады.

      Автомобиль жолдары мен жасанды құрылыстарды салу және реконструкциялау ТМД-ға қатысушы әрбір мемлекеттің жол шаруашылығы саласындағы басым міндеті болып табылады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің барлығында дерлік жақын және ұзақ мерзімді перспективаға арналған автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау бағдарламалары қалыптастырылған. Бұл ретте автомобиль жолдары желісінің негізгі үлестік көрсеткіштері бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттер нарықтық экономикасы дамыған елдердің жол желілерінен кем түспеуге тиіс екендігі ескеріледі.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер әлемдік экономикалық қоғамдастыққа тек табиғи ресурстары мен экономикасы арқылы ғана емес, ұлттық көлік инфрақұрылымы арқылы да кірді. Халықаралық және мемлекетаралық тасымалдардың едәуір бөлігі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автомобиль жолдары арқылы жүзеге асырылады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясатының негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттер арасындағы байланыстарды және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен алыс шетел елдері арасындағы транзиттік автомобиль тасымалдарын қамтамасыз ететін автомобиль жолдары бағыттарын дамыту болып табылады. Беларусь, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина аумақтары арқылы ендік бағытта өтетін Еуропа – Азия көлік байланыстарын, сондай-ақ Солтүстік Еуропа мен Скандинавияны Таяу Шығыс және Үндістан түбегімен байланыстыратын бағыттарды және меридиандық бағытта Ресей, Грузия мен Қазақстан арқылы өтетін байланыстарды дамыту айрықша маңызды.

      Бұрын КСРО-ның бірыңғай жол желісін құраған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жол желілері бірыңғай нормалар мен стандарттар бойынша жобаланып, салынған. Тәуелсіздік алғаннан кейін тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық мүмкіндіктері мен құқықтық базасының ерекшеліктерін көрсететін ұлттық жол шаруашылығы нормалары пайдаланылды. Нәтижесінде көршілес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жол нормалары жолдарды жіктеуден және есептік жүктемелерден бастап қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геометриялық элементтер нормаларына дейінгі бірқатар параметрлер бойынша теңгерімсіз болып шықты. Бұл жағдай ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін мемлекетаралық халықаралық бағыттарды қалыптастыруға барынша теріс әсер етеді. Мұндай бағыттар заманауи ауыр жүк автомобильдері үшін жалпыға қолжетімді ғана емес, халықаралық тасымалдар үшін де тартымды болуға тиіс. Ол үшін олардың техникалық деңгейі Батыс Еуропа мен Скандинавия елдеріндегі осындай автомобиль жолдарына қойылатын жалпы талаптарға сәйкес келуі керек. Қозғалыс қауіпсіздігі мен қатынаудың жоғары жылдамдығын қамтамасыз етумен қатар, бұл жолдарда қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді аялдауға арналған тұрақтарды, кемпингтерді, қонақ үйлерді, телефон және диспетчерлік байланысты, техникалық қызмет көрсету жүйесін, қауіпсіздік қызметін қамтитын заманауи жол сервисінің құрылымы болуы қажет.

      Жол нормалары мен стандарттары жол-құрылыс машиналарының жұмыс органдарына, сондай-ақ жолдарды салу және күтіп ұстау технологияларына қойылатын талаптарды да айқындайды. Осы себепті ұлттық нормалар мен стандарттардағы айырмашылықтар көршілес мемлекеттердің аумақтарында жол ұйымдарының жол-құрылыс жұмыстарын орындауын, сондай-ақ техника мен жол-құрылыс материалдарын өзара жеткізуді қиындатады, ал көбінесе мүмкін емес етеді.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жол шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау нормативтік базаны келісу, ең алдымен (осы бағыттағы ынтымақтастықтың негізгі міндеті болып табылатын әзірлеу) Еуропалық қоғамдастық нормаларымен үйлестірілген, мемлекетаралық және халықаралық автомобиль жолдарына арналған бірыңғай стандарттар мен нормаларды құру жөніндегі бірқатар шараларды әзірлеу мен іске асыруды көздейді. Жол қозғалысының қауіпсіздігін айқындайтын негізгі сипаттамалар мен көрсеткіштер бойынша ұлттық нормалар мен стандарттарды келісу қажет.

      Ұлттық жол желісін кеңейту – экономикалық даму заңдылықтарымен талап етілетін қажеттілік, алайда ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттердің экономикасын дамытудың қазіргі кезеңіндегі одан кем емес маңызды міндет – қолда бар жол желісін сақтау және негізгі магистральдық жолдарды реконструкциялау есебінен оның техникалық деңгейін көтеру.

      1999 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автомобиль жолдары бойынша халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдарының массалары мен габариттері туралы мемлекетаралық келісім қабылданды, ол автомобиль жолдары желісін сақтау мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарды. Жол шаруашылығын қаржыландыру шектеулі болған жағдайда жаңа жолдар салуға арналған инвестициялар жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға бөлінген қаражат есебінен жалпы қордан алынады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің барлығында дерлік жөндеуді қажет ететін жолдардың үлесі 60%-дан асатындықтан, жөндеуге арналған қаражатты жаңа құрылысқа бағыттау жаңа жолдың 1 км-ін салу үшін пайдаланудағы 1,5–3 км жолды жоғалтуға әкеледі. Мемлекеттік жол саясатының басымдығы қолданыстағы жол желісін сақтау болуға тиіс. Бұл ретте мемлекеттік экономиканың стратегиялық бағыттары мен халықаралық көлік дәліздерін қамтамасыз ету қажеттілігіне сәйкес, ең алдымен, жаңа құрылыс есебінен жол желісінің ұзындығын ұлғайту да қажет.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жол шаруашылықтары қаржыландырудың жетіспеушілігін сезінуде, бұл ұлттық жол желілерінің дамуы мен жай-күйіне, әсіресе мультимодальды дәліздердің құрамындағы жолдарға теріс әсер етеді. Қазіргі жағдайда мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы әріптестік қағидаттарына негізделген көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру, оның ішінде халықаралық концессияларды құру перспективалы болып табылады. Бұл ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді.

      ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттерде автомобиль жолдарындағы қозғалыс қарқындылығы едәуір артты және көлік құралдарының осьтік жүктемелері өсті. Нәтижесінде жолдардың өткізу қабілетін қамтамасыз ету мәселесі (әсіресе ірі қалалардың маңындағы аумақтарда) шиеленісіп, автомобиль жолдарының тозуы жеделдеді. Осыған байланысты пайдаланылып жүрген жолдарды жөндеу және реконструкциялау мәселесі өте өзекті болып отыр. Алайда реконструкциялау жобаларын әзірлеу кезінде пайдаланылатын бүкіл нормативтік база жаңа құрылысты жобалауға бағдарланған. Жергілікті жағдайларды есепке алуды, жолдың қалдық ресурсын пайдалануды және инженерлік жабдықтау мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы стандарттарға сәйкестік нормаларына қол жеткізуді қамтамасыз ететін жолдарды реконструкциялау жөніндегі нормативтік құжаттар пакетін әзірлеу қажет. Бұл міндет ТМД үшін бірінші кезектегі және ортақ міндеттер қатарына жатқызылуға тиіс, ал тәуелсіз мемлекеттер оны бірлескен күш-жігермен шешуі қажет.

      Автомобильдендірудің қарқынды өсуі нәтижесінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде бүгінгі күні автомобильдер саны ел бойынша орта есеппен әрбір 1000 тұрғынға шаққанда 150–200-ге, ал ірі қалаларда 300-ге жетті. Бұл әлі еуропалық деңгей емес (1000 тұрғынға шаққанда 500 ± 50 автомобиль), алайда автомобиль жолдары мен қалалардың көше-жол желісі жобаланған деңгейден 5–10 есе жоғары. Мұның салдары қалалар мен автомобиль жолдарындағы, әсіресе қала маңындағы учаскелердегі көлік жағдайының күрт нашарлауы болды. Мұндай учаскелердің ұзындығы 100 км-ге жетеді және жыл сайын артып келеді. Қозғалыстың ең жоғары қарқындылығы сағатына 5000–10 000 автомобиль болатын қала маңындағы жол учаскелерін реконструкциялау бағдарламалары қажет.

      Жол ғылымын қайта жандандыру, отандық ғылыми мектептер мен кадрларды қалпына келтіру үшін іргелі ғылыми зерттеулерді қамтамасыз ету бөлігінде ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттердің бірлескен күш-жігері қажет.

      Ұлттық магистральдық жолдар халықаралық, мемлекетаралық және ұлттық тасымалдарды еуропалық деңгейде қамтамасыз ететін және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикасын дамытуды қолдайтын әлемдік автомобиль жолдары желісіне интеграцияланған бірыңғай желіні құрауы үшін ұмтылу қажет.

      ТМД Үкімет басшылары кеңесі 1998 жылғы 11 қыркүйекте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықаралық автомобиль жолдары туралы хаттамаға қол қойды, онда халықаралық автомобиль жолдарының желісі қалыптастырылды. Осы Хаттаманы іске асыру ТМД халықаралық автомобиль жолдарының өткізу мүмкіндіктерін едәуір арттырып қана қоймай, халықаралық көліктің қозғалысы жолындағы техникалық кедергілерді де жоюға мүмкіндік береді.

8.4. ТЕҢІЗ КӨЛІГІ

      Бүгінгі таңда ТМД-ның теңіз флоты шамамен 20 теңіз кеме қатынасы кәсіпорнынан және 302-ден астам фирма мен жеке тасымалдаушы кәсіпорындардан, сондай-ақ Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Ресей және Украина аумақтарында орналасқан порттар мен кеме жөндеу зауыттарынан тұрады. КСРО ыдырағаннан кейін теңіз көлігінің аталған құрамдас бөліктері (меншігі) осы мемлекеттер арасында аумақтық белгісі бойынша және олардың қажеттіліктеріне толық сәйкес келмейтін түрде бөлінгенін атап өткен жөн.

      1993 жылдан 2003 жылға дейінгі кезеңде ТМД-дағы теңіз көлігімен тасымалдар 26%-дан астамға төмендеді. Тасымалдау көлемінің төмендеуі жүк флотының сандық тапшылығымен, соның ішінде ескірген кемелерді есептен шығарумен байланысты. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің флотының негізгі бөлігі шетелдік фрахттаушылардың жүктерін тасымалдайды. Егер 1993 жылы «өзге» жүктердің үлес салмағы шетелдік жүзудің жалпы көлемінің шамамен 77%-ын құраса, 2000 жылы ол 92%-ға дейін өсті.

      Кеме қатынасы кәсіпорындарының тасымалдау түрлері бойынша мамандануын ескере отырып, Ресейдің Қара теңіз – Азов теңізі бассейнінде құрғақ жүк флоты іс жүзінде қалмады; Балтық теңізінде Ресей мамандандырылған мұнай құю, газ және рефрижераторлық флотынан айырылды. Флоттың барлық түрлері бойынша, әсіресе астық жүктерін, қантты және басқа да азық-түлік жүктерін тасымалдау үшін тапшылық ұлғайды. Мұндай жағдай Ресейді шетелдік кемелерді жалдауға мәжбүр етеді.

      Ресей кеме қатынасы кәсіпорындарының флоты 1993 жылдан бастап едәуір қысқарды және қазіргі уақытта шамамен 280 кемені құрайды. Осындай үдерістер Украина мен Грузияда да байқалды, ал Әзербайжан Республикасында бұл өзгерістер аз дәрежеде болды.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде флоттың ескіру мәселесі өткір тұр. Қолда бар теңіз кемелерінің жалпы құрамының 40%-ы нормативтік қызмет мерзімін өтеген және есептен шығарылуға жатады. Флоттың орташа жасы 20 жыл деп бағаланады.

      Ресей Федерациясының порт шаруашылығының жай-күйі мынадай сипатта болады. Ресейдің негізгі теңіз сауда порттары толық жүктелмеген, олардың сыртқы сауда жүктерін өңдеу мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды: Калининград портының – 50%-ы (порт жылына қосымша 0,6 млн тонна қабылдауға дайын); Архангельск портының – 20%-ы (2,6 млн тонна); Мурманск портының – 70%-ы (2,4 млн тонна); Санкт-Петербург портының – 70%-ы (5,1 млн тонна).

      Қара теңіз – Азов теңізі бассейніндегі Украина порттарының (Одесса, Ильичевск, Херсон, Южный, Мариуполь, Керчь, Бердянск) жүктелу деңгейі 60%-дан аспайды.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара қарым-қатынастарында Каспий бассейні ерекше орын алады. Ресейдің осы өңірдегі сауда кеме қатынасы саласындағы мүдделері Ресей кемелерімен өз жүктерін Каспий маңы елдерінің (Әзербайжан Республикасы, Иран, Қазақстан Республикасы, Түрікменстан) порттарына және кері бағытта тасымалдауды, сондай-ақ осы мемлекеттердің жүктерін Ресейге немесе Ресейдің ішкі су жолдары арқылы алыс шетелдерге жеткізуді жүзеге асырудан тұрады. Каспий бассейнінің порттары арасындағы тасымалдар негізінен паромдармен және «өзен – теңіз» үлгісіндегі кемелермен жүзеге асырылады.

      Каспий маңы мемлекеттері өз кемелерінің Каспий теңізінен Азов және Балтық теңіздеріне және кері қарай шығуы үшін Ресей Федерациясының ішкі су жолдарын пайдалануға мүдделі. Алайда бұл мәселені шешу Ресей тарапының Каспий теңізінің құқықтық режимі жөніндегі Ресей ұстанымымен Каспий маңы мемлекеттерінің келісуіне байланыстырылады.

      Сауда кеме қатынасы саласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастар екіжақты негізде реттеледі.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теңіз сауда флотын құру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында теңіз кемелері мемлекеттердің теңіз кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген жағдайда оларды пайдалануды жүзеге асыратын кеме иелеріне жеңілдіктер беру және тіркеу мен жыл сайынғы тоннаждық алымдардың мөлшерін бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бағыттардың бірі болып табылады. Мұндай тәсіл, атап айтқанда, Беларусь Республикасында қолданылады. Молдова Республикасында ұлттық теңіз заңнамасын қалыптастыру және теңіз сыныбындағы кемелерді мемлекеттік кеме тізілімінде ашық тіркеу кезінде жеңілдікті шарттарды қолдану жөніндегі ұқсас шаралар қабылдануда.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Балтық, Қара және Каспий теңіздеріндегі сыртқы экономикалық байланыстарды қамтамасыз етудегі теңіз көлігінің рөлін қалпына келтіру үшін жаңа порттар салу, флотты техникалық пайдалану деңгейін, жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру, оларды орындау мерзімдері мен құнын қысқарту мақсатында кеме жөндеу кәсіпорындарын елеулі түрде реконструкциялау қажет.

      Қазіргі уақытта Ресей кемелері Грузия мен Арменияның қажеттіліктері үшін Ресей мен Грузия порттары арасында тасымалдарды жүзеге асырады. Тасымалдар негізінен Новороссийск және Таганрог Ресей порттарынан Грузияның Батуми және Поти порттарына бағытталған. Новороссийск – Поти – Бургас порттары арасында паромдық кеме қатынасы желісі пайдалануға берілді.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Азов – Қара теңіз және Каспий бассейндеріндегі ынтымақтастығының маңызды бағыттары мыналар болып табылады:

      Батуми, Поти, Новороссийск, Таганрог, Сочи, Геленджик, Порт-Кавказ порттары арасында жолаушылар теңіз кеме қатынасын ашу жөніндегі жұмыс;

      Варна – Поти және Бургас – Поти паром желілерін Новороссийскіге дейін ұзарту жобасының экономикалық орындылығын пысықтау;

      Новороссийск – Поти бағыты бойынша контейнерлік тасымалдарды ұйымдастыру.

      TRACECA көлік дәлізін одан әрі дамыту оның инфрақұрылымының түйінді элементтерінің бірі – теңіз порттарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасаудың қажеттілігін айқындайды.

      Осыған байланысты Каспий және Азов – Қара теңіз бассейндеріне шығатын Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Түрікменстан, сондай-ақ Грузия мен Украина – «TRACECA» бағдарламасына қатысушылар теңіз порттарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады.

      Паром өткелдерін ұйымдастыру мәселелері де басты назарда. Қазіргі уақытта Новороссийск – Самсун (Түркия) автомобиль паром өткелі, сондай-ақ Оля порты (Астрахань, Ресей Федерациясы) – Түрікменбашы (Түрікменстан) – Иран порттары бағытындағы автожүк паром желісі жұмыс істейді. Жоғарыда аталған паром өткелдері Дунай – Қара теңіз – Азов теңізі – Еділ – Дон каналы – Каспий теңізі су байланысының бір бөлігіне айналуы мүмкін. Еуразиялық көлік дәлізінің (ЕАТК) Қара теңіз учаскесінде Ильичевск – Батуми – Поти – Ильичевск бағыты бойынша паромдық (оның ішінде транзиттік) тасымалдар перспективалы болып табылады; Батуми – Констанца желісін ашу жоспарлануда, ол бойынша Румыния мұнай өңдеу зауыттарына Әзербайжан мұнайы бар цистерналар тасымалданатын болады. Қазақстанның паром кешені (Ақтау портында) пайдалануға берілді, Ресейде (Каспий және Қара теңіздерде) паром кешендерінің құрылысы жүргізілуде.

      Паром тасымалдары тауарларды тасымалдауды 3–4 есе жылдамдатады, ондаған кемелер мен жүздеген айлақтарды алмастырады, сондай-ақ қосымша жүзу құрамын және жағалау қызметтерінің өкілдерін тартуға мүмкіндік бермейді.

      Каспий бассейніндегі теңіз көлігін дамыту ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік-экономикалық байланыстарын, Батыс Еуропаға, Жерорта теңізі елдеріне экспорттық-импорттық тасымалдарды, сондай-ақ Иран жүктерінің экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдарын қамтамасыз етудің объективті қажеттілігіне байланысты.

      Жағалаудағы елдер арасында Каспий теңізіндегі ынтымақтастық туралы халықаралық келісімдердің жоқ екенін атап өткен жөн, өйткені қазіргі уақытқа дейін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалмаған.

      Каспий теңізінің құқықтық режимі мәселесін шешу – аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл мәселені шешпейінше, Каспий маңы мемлекеттері арасындағы көлік саласындағы заңнамалық-құқықтық базаны қалыптастыру қиынға соғады.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттары:

      Каспий теңізінің қолданыстағы кеме қатынасы еркіндігі қағидатын сақтай отырып, құқықтық мәртебесін айқындау;

      Каспий маңы мемлекеттерін жаңа Оля теңіз портын салу және оны одан әрі пайдалану жобасын іске асыруға іс жүзінде қатысуға тарту;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы шеңберіндегі ынтымақтастығын дамыту;

      сауда теңізде жүзу саласындағы халықаралық нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және теңізшінің ұлттық жеке басын куәландыратын құжаттарын (теңізші паспортын) өзара тану;

      теңізде іздестіру және құтқару туралы, сондай-ақ теңіздегі мұнайдың авариялық төгілуін жою кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы халықаралық келісімдерді әзірлеу және оларға қол қою.

8.5. ІШКІ СУ КӨЛІГІ

      Жалпы пайдаланымдағы жүк, өзен және көл кемелерінің саны: Беларусь Республикасында – 309, Қазақстан Республикасында – 103, Қырғыз Республикасында – 15, Молдова Республикасында – 27, Ресей Федерациясында – 9074, Украинада – 169. Жалпы пайдаланымдағы ішкі су кеме қатынасы жолдарының ұзындығы: Беларусь Республикасында – 1845 км, Қазақстан Республикасында – 4356 км, Қырғыз Республикасында – 466 км, Молдова Республикасында – 558 км, Ресей Федерациясында – 84574 км, Украинада – 2413,5 км.

      Өзен көлігі көлік процесін қамтамасыз ету бойынша, ең алдымен, жүктерді тасымалдау бөлігінде ішкі су жолдарында да, теңіз бассейндерінде де «өзен – теңіз» аралас жүзу кемелерін пайдалана отырып жұмыс атқарады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде халықаралық жүзуде 2005 жылға қарай жалпы жүк көтерімділігі 2,8 млн. т болатын «өзен – теңіз» сыныбындағы 900-ден астам кеменің пайдаланылуы күтілуде.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзен көлігінің жұмыс істеуі жүк айналымының тұрақты төмендеуімен, ішкі су жолдары ұзындығының, оның ішінде кепілді тереңдігі бар жолдардың қысқаруымен, флоттың және өзен көлігінің бүкіл инфрақұрылымының ескіруімен сипатталады.

      ТМД-ға қатысушы басқа мемлекеттермен салыстырғанда, Ресейде кеме қатынасына жарамды ішкі су жолдарының анағұрлым дамыған және тармақталған желісі бар, олардың жалпы ұзындығы 100 мың км-ден асады, оның ішінде 42,4 мың км жолда кеме жүретін жолдың кепілді габариттері қамтамасыз етілген.

      Ресейде жалғастырушы каналдар мен кемелерді өткізуге арналған гидротехникалық құрылыстардың болуы елдің еуропалық бөлігіндегі жекелеген өзен бассейндерін Бірыңғай терең сулы жүйеге (БТЖ) біріктірді және Каспий, Азов, Қара, Жерорта, Балтық және Солтүстік теңіздері бассейндеріндегі порттармен қатынаста «өзен – теңіз» аралас жүзу кемелерімен тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Жалпы ұзындығы 6,5 мың км болатын БТЖ-ның (Еділ-Балтық су жолы, Ақ теңіз-Балтық каналы, салалары бар Еділ өзені, Мәскеу каналы, Еділ-Дон кеме қатынасы каналы, Дон өзені) бүкіл бойында 3,4–3,6 м кепілді тереңдіктер сақталады.

      14 өзен және сағалық порт, оның ішінде Азов, Ейск, Ростов, Астрахань порттары шетелдік кемелердің кіруі үшін ашық. Бұл порттарға Украина, Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан туы астында жүзетін кемелер белсенді түрде қатынайды.

      Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан, Украина кемелерінің Ресейдің еуропалық бөлігіндегі ішкі су жолдарымен жүзуі қазіргі уақытта мүдделі тараптардың өтініштері бойынша біржолғы рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.

      Жоғарыда атап өтілгендей, Каспий маңы мемлекеттерінің өзен көлігі саласындағы ынтымақтастығына олардың Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты ұстанымдарының келісілмеуі кедергі келтіреді.

      Беларусь Республикасы мен Украина ішкі су жолдарымен кеме қатынасы туралы екіжақты үкіметаралық келісім негізінде Днепр өзені бойынша жүк тасымалдауды жүзеге асырады.

     

2003 жылы 2000 жылмен салыстырғанда ішкі су көлігімен жүк тасымалдау көлемі: Қазақстанда – 20%-ға, Қырғызстанда – 2%-ға, Молдовада – 11,9%-ға өсті, Украинада 17%-ға төмендеді. Ресейде жолаушылар тасымалы 0,3%-ға өсті, Беларусьта 8%-ға, Украинада – 6%-ға, Қазақстанда – 49%-ға азайды.

      Ішкі су көлігі ішкі су жолдарында да, теңіз бассейндерінде де «өзен – теңіз» аралас жүзу кемелерін пайдалана отырып, көлік процесін қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарады.

      Қазіргі заманғы ішкі су жолдарының желісі кеме қатынасы, сумен жабдықтау, электр энергиясын өндіру, суару және экологиялық тепе-теңдікті сақтау проблемаларын кешенді шешуді ескере отырып құрылды. Гидротехникалық құрылыстарды күтіп-ұстау бюджет есебінен қаржыландырылады.

      Ресейдің өзен порттары үйінді және сусымалы жүктерді қайта тиеуге бағдарланып салынған. Қайта тиеу техникасының негізгі бөлігін жүк көтерімділігі 5-тен 40 т-ға дейінгі әмбебап порталдық және жүзбелі крандар құрайды.

      Порттарда жалпы ауданы 425 мың шаршы метрді құрайтын жабық қоймалар бар. Олардың көпшілігі теміржолмен өзара іс-қимыл жасай отырып жұмыс істейді.

      Қазіргі уақытта ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жекелеген бассейндеріндегі ішкі тасымалдарға арналған көлік кемелеріне қажеттілік қолда бар кемелер санының 50–60%-ын құрайды, бұл флоттың сапалық құрамының жоғалуына әкеледі.

      Сыртқы сауда тасымалдарының ұлғаюына кедергі келтіретін факторлар «өзен – теңіз» аралас жүзу кемелерінің тапшылығы, бұл флоттың жаңа кемелермен өте баяу толықтырылуы және қолданыстағы кемелердің «ескіруі» (орташа жасы 20 жылға жетті) болып табылады, бұл олардың халықаралық көлік қызметтері нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен «өзен – теңіз» үлгісіндегі кемелерді пайдалана отырып өзара іс-қимыл жасай отырып, Ресейдің ішкі су көлігі Украинамен, Түрікменстанмен, Қазақстанмен, Грузиямен, Әзербайжанмен, сондай-ақ Балтық жағалауы елдерімен көлік байланыстарын қамтамасыз етеді.

      Тасымалдар, әдетте, қазақстандық кемелермен жүзеге асырылады, олардың бір бөлігі ресейлік жүк жөнелтушілердің жалдауында болған. Ресей кемелері тасымалдауға қатыспады, бұған фрахт ставкаларының төмендігі және Жоғарғы Ертіс өзеніндегі су тайыздығы себеп болды.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен жүк тасымалдаудың негізгі көлемі Ресейдің өзен кеме қатынасы кәсіпорындары мен кеме қатынасы компанияларының «өзен – теңіз» кемелерімен Азов және Қара теңіздердегі украин порттары, Грузияның Қара теңіз порттары, Түрікменстанның, Қазақстанның және Әзербайжанның Каспий порттары, сондай-ақ Балтық теңізіндегі Эстония, Латвия және Литва порттары арқылы орындалады.

      Каспий теңізіндегі тасымалдар негізінен мұнай мен мұнай өнімдерін танкерлермен тасымалдау есебінен қамтамасыз етіледі. «Волготанкер» пароходствосының «өзен – теңіз» аралас жүзу кемелерімен Түрікменстанға (мазут) және Түрікменстаннан (мұнай) 1 млн т-дан астам көлемде (оның ішінде Иранға – шамамен 600 мың т), сондай-ақ Астрахань су көлігі торабынан Иранға Ресей экспортының жүктерін жылына 700–800 т көлемінде тасымалдау жүзеге асырылады.

     

Каспий маңы мемлекеттерінің өзен көлігі саласындағы ынтымақтастығына Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты ұстанымдарының келісілмеуі кедергі келтіреді.

      Ресейдің Солтүстік-Батыс өңірінің маңыздылығын ескере отырып, ынтымақтастықтың басым бағыттары мыналар болып табылады: Беларусь жүктері мен инвестицияларын Калининград өзен портына тарту, оларды қайта өңдеу және «өзен – теңіз» аралас жүзу кемелерімен Балтық және Солтүстік теңіздерінің шетелдік порттарына тасымалдау (шетелдік порттардан жеткізу); «Ресей Федерациясының Калининград облысы мен Литва Республикасының Курш шығанағы және ішкі су жолдары бойынша кеме қатынасы туралы» келісімге қол қою.

      2002 жылдан бастап Ресей Федерациясының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасында Пейпус, Теплое және Псков көлдері бассейнінде кеме қатынасы туралы келісім қолданылады. Көлдер арқылы көлік байланыстарын қалпына келтіру Псков облысы мен Эстония Республикасының шекара маңы ынтымақтастығын экономикалық, мәдени және тұрмыстық салаларда қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.

     

Беларусь Республикасының қазіргі уақытта Украинамен Днепр өзені бойынша ішкі су жолдары арқылы көлік байланыстары бар. Беларусь Республикасы мен Украина арасында ішкі су жолдарымен кеме қатынасы туралы келісімдер жасалған.

      Днепр – Припять – Висла – Одер су бағытын қалпына келтіру мәселесі пысықталуда, бұл Қара теңізден Балтық теңізіне дейінгі ең қысқа су жолын пайдалануға мүмкіндік береді және Скандинавия елдерінен Қара теңізге дейінгі су жолдарын едәуір қысқартатын Даугава (Батыс Двина) – Днепр байланысын құруға жағдай жасайды.

      Ресейдің өзен кеме қатынасы кәсіпорындары Ресейдің өзен сағаларындағы порттары (Ейск, Азов, Ростов-на-Дону) мен Азов және Қара теңіздердегі Украинаның теңіз порттары арасында тасымалдарды жүзеге асырады.

      Ресейлік кеме иелерінің «өзен – теңіз» кемелерімен Украина теңіз порттары арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 2002 жылы 2000 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам қысқарды.

      Ресейдің ішкі су жолдары бойынша көлік байланыстары тек Қазақстанмен ғана – Ертіс өзені арқылы жүзеге асырылады.

       ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі су көлігі саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттары мыналар болып табылады:

      1. Мыналарды қамтамасыз ету мақсатында келісілген саясат жүргізу (екіжақты және көпжақты ынтымақтастық шеңберінде):

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы жүк және жолаушылар тасымалын ұлғайту;

      бірлесіп пайдаланылатын ішкі су жолдарында жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      кеме қатынасы инспекциясы мен өзен тіркелімінің атаулары мен міндеттерін біріздендіру;

      ішкі су жолдары арқылы жүк тасымалдауды жүзеге асыратын үшінші елдердің тасымалдаушылары қызметін жандандыру.

      2. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі су жолдарында еркін жүзу тәртібін белгілеу.

      3. ТМД мемлекеттерінің кемелеріне қызмет көрсету кезінде порт алымдарын өзара келісу және төмендету, жеңілдіктер беру мәселелерін шешу.

      4. Ішкі су жолдарын реконструкциялау және жаңғырту үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инвестицияларын тарту, атап айтқанда, Еділ-Дон каналын және Дон өзеніндегі Кочетов гидроторабын реконструкциялау.

      5. Ішкі су көлігінде қолданылатын құжаттаманы біріздендіру, теңізшінің паспортын және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзге де рұқсат беру құжаттарын өзара тану.

      6. Радиобақылау қызметтерінің өзара іс-қимылы, техникалық параметрлері бойынша бірыңғай қабылдау-тарату аппаратурасын қолдану, радиоалмасу аймақтары мен қолданылатын жиілік диапазондарын келісу.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар  \