24-бап. Нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң мазмұнына және жазылу стилiне қойылатын талаптар Құқықтық актілер туралы Заңы
1. Заңдарда тиісті саланы (аяны) реттеудің негізгі мақсаттары, міндеттері, қағидаттары, құзыреттері мен өкілеттіктері белгіленеді.
Заңның көрсетілген негізгі ережелерін іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде тиісті нормалар нақтылануы мүмкін.
Бұл ретте заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде заңдарда белгіленген нормалар шегінен шығатын нормаларды белгілеуге жол берілмейді.
Мақсаттар, міндеттер мен қағидаттар шеңберінде заңдар мен заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер деңгейінде мемлекеттік органдардың құзыреті мен функциялары көзделуі мүмкін.
Мемлекеттік органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті мен функциялары Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілерде мемлекеттік басқару деңгейі бойынша нақты аражігі ажыратылып белгіленуге тиіс.
Құзыреттер мен функцияларды заңдар деңгейінде белгілеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 60-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдардың өзге де құзыреттері мен функциялары (іске асыру, ұйымдастырушылық және басқалар) заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi бiрыңғай қарiппен басылуға тиiс.
3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиiс.
Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементінде жазылған құқық нормасы нақ осы актiнiң басқа құрылымдық элементтерiнде қайталап жазылмайды.
Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс.
4. Заңда құқықтық реттеу қағидаттары белгіленеді, сондай-ақ оның мәтінінде пайдаланылатын негізгі ұғымдар, заңды күшіне енгізгеннен кейін өзге нормативтік құқықтық актілерді қолдану тәртібі мен шарттары белгіленуі мүмкін.
Заңның өтпелі ережелерінде ол қолданысқа енгізілгенге дейінгі қатынастарды реттеу тәртібі көрсетіледі, жаңа құқық нормаларына өту мерзімдері мен тәсілдері белгіленеді.
Заңның қорытынды ережелерінде осы актіні қолданысқа енгізу, бұрын шығарылған актінің күші жойылды деп тану, оның күшін жою туралы нормалар бекітіледі. Осы актіні орындау және дамыту мақсатында қажет болғанда басқа мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерді шығаруы туралы талаптар белгіленеді.
5. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдарға не қажет болғанда олардың басшыларына жолдануға тиіс.
Тапсырма беруші тұлғаға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты, нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Соңғы жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін "(келісім бойынша)" деген белгі көрсетіледі.
6. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылады.
Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
7. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды сызықшалармен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және астын сызуға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ.
Осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы