26-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайту Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы Заңы
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайтуға оны толық төлегеннен кейін рұқсат етіледі.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайту:
1) серіктестіктің барлық қатысушылары қосатын қосымша бара-бар салымдар;
2) жарғылық капитал мөлшерін серіктестіктің өз капиталы есебінен, оның ішінде өзінің резерв капиталының есебінен ұлғайту;
3) (алып тасталды)
4) бұған қалған барлық қатысушылар келіскен жағдайда бір немесе бірнеше қатысушының қосымша салымдар салуы;
5) серіктестік құрамына жаңа қатысушылар қабылдау (осы Заңның 22-бабы) арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Жарғылық капитал мөлшері осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген тәртіппен ұлғайтылған кезде қатысушылар үлестерінің мөлшері өзгермейді.
4. Жарғылық капитал жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың біреуі не жаңадан қабылданатын қатысушының қосымша жарна төлеуі арқылы ұлғайтылған кезде (осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшалары) мұндай салымның мөлшері серіктестіктің өз капиталына олардың осының алдындағы жарнасының мөлшерін және барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу қажеттігі ескеріле отырып белгіленеді.
Шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімімен қабылданады.
5. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалпы жиналыс жарғылық капиталды ұлғайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш ай ішінде жарғылық капиталдың ұлғайтылғандығы туралы өзін мемлекеттік тіркеуден өткізген органға хабарлауға міндетті. Хабарлаған кезге қарай жарғылық капитал ұлғайтылатын соманың кемінде жартысына тең сомада салымдар енгізілуге тиіс.
Егер серіктестік өзін мемлекеттік тіркеуден өткізген органға хабарламаса, жарғылық капитал ұлғайтылмаған болып танылады.
6. Жарғылық капитал ұлғайтылмай қалған жағдайда қатысушының немесе өз салымын салған, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кіруге ниет білдірген үшінші жақтың серіктестіктен Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 353-бабына сәйкес не зияндарын өтеп, оның ішінде салым ретінде салынған мүлікті пайдалану мүмкін болмауы салдарынан қолдан жіберіп алынған пайдасын өтеп, салымды қайтаруды және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге құқылы.
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.06.16 N 416; 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі N 220-І Заңы.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы