27-бап. Банк операцияларын немесе өзге де операцияларды жүргiзуге лицензия беруден бас тарту негiздерi Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Банк операциясын немесе өзге де операцияны жүргізуге лицензия беруден бас тарту:
1) осы Заңның 26-бабының 2 және 3-тармақтарында, 52-17-бабының 5-тармағында белгіленген талаптардың кез келгені сақталмаған;
2) құрамына банк кіретін банк конгломераты белгіленген пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді өтініш берілгенге дейін алты ай кезеңінде сақтамаған;
2-1) осы Заңның 42-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастыру жөніндегі талап орындалмаған;
2-2) Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкінде Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген, мәні бойынша Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкі Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруды жоспарлап отырған банк операцияларына және өзге де операцияларға ұқсас банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге арналған қолданыстағы лицензиясы (қолданыстағы рұқсаты) болмаған;
2-3) банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкінің филиалын ашуға бұрын берілген рұқсаттың күші жойылған;
2-4) өтініш берушінің даму стратегиясы және (немесе) өзге де ұсынылған құжаттар уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сәйкес келмеген және (немесе) мыналарды:
алғашқы үш қаржы (операциялық) жылы өткеннен кейін өтініш беруші қызметінің рентабельді болатынын;
өтініш берушінің және (немесе) құрамына өтініш беруші кіретін банк конгломератының пруденциялық нормативтерді орындайтынын;
өтініш берушіде оның қызметінің жоспарларына сәйкес келетін ұйымдастырушылық құрылымның бар екенін растайтын мәліметтер ұсынылмаған;
3) банктің жарғылық капиталының мөлшері, құрамы және құрылымы осы Заңның 16-бабының талаптарына сәйкес келмеген;
4) ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген;
4-1) лицензия алу үшін ұсынылған құжаттардағы мәліметтер мен ақпарат анық емес болған;
5) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге арналған лицензияны алуды қалайтын заңды тұлғаның басшы қызметкері осы Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес келмеген, тағайындауға (сайлауға) ұсынылатын кандидаттардың арасынан басшы қызметкерге келісім берілмеген (жаңадан құрылатын банк, ашылатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы үшін);
6) осы Заңның 20-бабының 1-1-тармағында көрсетілген, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының басшы қызметкерлерінің ішінде кемінде екі Қазақстан Республикасының резидент-басшы қызметкердің болуы жөніндегі талап сақталмаған жағдайларда жүргізіледі.
2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, лицензия беруден бас тартуды алған жағдайда, өтініш беруші сәйкессіздіктерді жояды және лицензия беруден бас тартуды жіберуге негіз болған түзетілген құжаттарды ұсына отырып, лицензия алуға өтінішпен қайта жүгінеді.
3. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіз бойынша лицензия беруден бас тартуды алған жағдайда, өтініш беруші сәйкессіздіктерді жояды және келісім беруден бас тартылған адамдардың орнына осы Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес банктің басшы қызметкерлері лауазымдарына ұсынылатын адамдардың құжаттарын ұсына отырып, лицензия алуға өтінішпен қайта жүгінеді.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК