28-1-бап. Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
2. Тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын бақылау субъектісіне беру және бақылау субъектісіне әкімшілік жүктемені төмендету бақылау объектісіне (субъектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары болып табылады.
Бақылау объектісіне (субъектісіне) бармай профилактикалық бақылауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ақпаратты талдау нысанында жүзеге асырады.
Мыналар талдау үшін ақпарат көздері болып табылады:
ресми статистикалық ақпарат;
мемлекеттік органдардың ақпараты;
дерекқорды қалыптастыру мен жүргізу жөніндегі ұйымның ақпараты;
ішкі туризм мен келу туризмін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған ұйымның ақпараты;
Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің ақпараты;
туристік қызмет субъектілерінен келіп түсетін ақпарат.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бақылау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды ресімдейді және жібереді.
Бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісінің жеке өзіне қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол – ұсынымда оны алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының" сұрау салуы кезінде хатта көрсетілген бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жіберген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
4. Бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
5. Бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны жіберген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына қарсылық жіберуге құқылы.
6. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау тағайындауға алып келеді.
7. Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бармай профилактикалық бақылау жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
Ескерту. 28-1-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.04.2021 № 34-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 маусымдағы N 211 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы экономикасы салаларының бiрi ретiнде туристiк қызметтiң құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы