28-бап. Адвокаттар көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұйымдастыру, оны көрсету тәртібі және есепке алу Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Заңы
1. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысуын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы уәкілетті органмен келісу бойынша, Республикалық адвокаттар алқасы айқындаған тәртіппен заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы ұйымдастырады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын бірінші желтоқсаннан кешіктірмей аумақтық әділет органына мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін жібереді.
2. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысу үшін адвокаттарды іріктеудің өлшемшарттарын Республикалық адвокаттар алқасы бекітеді.
3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттар тізіміне қосудың артықшылықты құқығы кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсететін адвокаттарға беріледі.
Тізімде адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның нөмірі мен берілген күні, адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысаны, адвокаттық қызметтің атауы және оны жүзеге асыру орны көрсетіледі.
4. Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттардың тізімін кезең-кезеңімен жаңартып отырады және жаңартылған күйде ұстайды.
Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың, соттардың немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың (лауазымды адамдардың) тағайындауы бойынша білікті заң көмегін көрсету үшін адвокатты таңдау заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесінің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Аумақтық әділет органы жыл сайын он бесінші желтоқсаннан кешіктірмей, адвокаттармен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасасады.
Уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып әзірлейтін және бекітетін келісімнің нысанында адвокаттардың облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында тұратын халықты заң көмегімен толыққанды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері және оның шарттары қамтылуға тиіс.
6. Аумақтық әділет органы жыл сайын жиырма бесінші желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін өзінің интернет-ресурсына орналастырады.
Республикалық адвокаттар алқасы жиырма бесінші желтоқсаннан кешіктірмей заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін орналастырады.
7. Құқықтық консультация беру түріндегі, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету өтініш иесі өтініш жасаған кезде бірден адвокаттың қызметтік үй-жайында жүзеге асырылады. Заң көмегін өтініш иесі өтініш жасағаннан кейін бірден көрсету мүмкін болмаған кезде, ол үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде көрсетілуге тиіс. Адвокат өтініш иесіне қабылдау күні мен уақыты туралы қолжетімді нысанда хабарлайды.
8. Егер өтініш иесі жүріп-тұруындағы қиындықтарға байланысты ауыр науқасы, мүгедектігі немесе өзге де мән-жайлар салдарынан адвокат белгілеген қабылдау орнына келе алмайтындай жағдайда болса, құқықтық консультация беру оның болатын жерінде жүргізіледі.
Тұлға сол бір мәселе бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін бір рет ала алады.
9. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алуды осындай көмек ұсынған адвокат уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
10. Адвокаттар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей, өздері көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы есепті заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы қалыптастырады.
Есеп нысанын Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, уәкілетті орган бекітеді.
11. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын бесінші шілдеден және бесінші қаңтардан кешіктірмей, заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы аумақтық әділет органына уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып бекітетін нысан бойынша адвокаттар көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы жиынтық есеп ұсынады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасының жиынтық есебінде ауылдық елді мекендердің мемлекет кепілдік берген заң көмегімен қамтамасыз етілуі туралы ақпарат қамтылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы