29-8. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның құқықтары мен міндеттері Микроқаржылық қызмет туралы Заңы
1. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның құқықтары мен міндеттері осы Заңда, сондай-ақ Өзін-өзі реттеу туралы заңда айқындалады.
2. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым:
1) қаржы ұйымдарының акцияларын және (немесе) жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін сатып алуға;
2) өзге тұлғалардың міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін өзіне тиесілі мүлікті кепілге беруге;
3) өз міндеттемелерінің орындалуын өз мүшелерінің (қатысушыларының) мүлік кепілімен, сондай-ақ олар берген кепілдіктермен және кепілгерліктермен қамтамасыз етуге;
4) кепілгер немесе кепілдік беруші ретінде әрекет етуге құқылы емес.
3. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының басшы қызметкері, оның орынбасары және мүшелері:
1) қаржы ұйымдарымен және микроқаржылық қызмет саласындағы басқа да өзін-өзі реттейтін ұйымдармен бір мезгілде еңбек қатынастарында және өзге де қатынастарда болуға;
2) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) эмитенттері болып табылатын бағалы қағаздарды сатып алуға;
3) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерімен (қатысушыларымен) микрокредит беру туралы шарттар, кепілгерлік немесе кепілдік шарттарын жасасуға құқылы емес.
4. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым:
1) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның өз мүшелерінің (қатысушыларының) орындауы үшін міндетті қағидалары мен стандарттарын бекітуге және оларды уәкілетті органмен келісуге;
2) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымға мүшелерді (қатысушыларды) қосу туралы және одан шығару туралы растайтын құжаттарды бере отырып, шешім қабылданған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етуге;
3) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерінің "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген талаптарға сай келмейтіні туралы, сондай-ақ оны ауыстыру туралы уәкілетті органды хабардар етуге;
4) уәкілетті органның осы Заңның 29-5-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісіне сәйкес оның басшы қызметкерлерінің тағайындалуын (сайлануын), басқа лауазымға ауыстырылуын немесе еңбек шартын бұзуын (өкілеттіктерін тоқтатуын) қоса алғанда, олардың құрамында болған өзгерістер туралы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етуге;
5) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша оған жүктелген мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды уәкілетті органға беруге;
6) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мекенжайының (тұрған жерінің), оның ішінде микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның пошта мекенжайының, электрондық пошта мекенжайының, байланыс телефондары нөмірлерінің, интернет-ресурсы мекенжайының өзгергені туралы уәкілетті органды хабардар етуге;
7) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысына енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы хабардар етуге;
8) өз мүшесінің (қатысушысының) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны, сондай-ақ осы Заңның 29-10-бабының 3-тармағына сәйкес өз мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қолданылған ықпал ету шаралары туралы уәкілетті органға хабар беруге;
9) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) мен өз мүшелерінің (қатысушыларының) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларының және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзге де тұлғалар арасындағы дауларды қарау жөніндегі орган құру туралы уәкілетті органға хабар беруге;
10) тізбесі, нысандары, ұсыну мерзімдері мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін есептілікті уәкілетті органға ұсынуға;
11) Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің ақпаратты қорғауға қойылатын талаптарын сақтай отырып, орналастыру тәртібі микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында белгіленетін ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3), 4), 6), 7), 8) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның уәкілетті органды хабардар етуі (оған хабар беруі) жазбаша не электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
5. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметкерлері қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, өздеріне белгілі болған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметкерлері өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне бақылауды өздері жүзеге асыру барысында алынған мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
7. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым өзінің мүліктік жауапкершілігін және өз мүшелерінің (қатысушыларының) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар алдындағы мүліктік жауапкершілігін қамтамасыз ету үшін мынадай тәсілдердің бірін қолданады:
1) мүшенің (қатысушының) және микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
2) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) мүліктік жауапкершілікке тарту;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз етудің өзге де тәсілдерін пайдалану.
Мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету тәсілдерін пайдалану тәртібі микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында белгіленеді.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңы.
Осы Заң микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды құрудың және қайта ұйымдастырудың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың құқықтық жағдайының, қызметiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың және қадағалаудың ерекшелiктерiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы