3-бап. Микроқаржылық қызмет, микрокредиттер беру тәртібі мен шарттары Микроқаржылық қызмет туралы Заңы
1. Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
1.1. Микроқаржылық қызметке:
1) кредиттік серіктестіктердің өз қатысушыларына микрокредиттер беру жөніндегі қызметі;
2) ломбардтардың жеке тұлғаларға жеке пайдалануына арналған жылжымалы мүлкін кепілге қойғыза отырып республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде бір жылға дейінгі мерзімге микрокредиттер беру жөніндегі қызметі;
3) микроқаржы ұйымдарының жеке және (немесе) заңды тұлғаларға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде қамтамасыз етілетін не қамтамасыз етілмейтін микрокредиттер беру жөніндегі қызметі жатады.
1-2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі – микроқаржы ұйымдары) осы баптың 1-1-тармағында көрсетілген қызметтен басқа мынадай операцияларды жүзеге асыруға құқылы:
1) Қазақстан Республикасының резиденттерінен және бейрезиденттерінен қарыз тарту (кәсіпкерлік қызмет ретінде азаматтардан қарыз түрінде ақша тартуды қоспағанда);
2) өз активтерін бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялау;
3) микрокредиттер беру жөніндегі қызметке байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсету;
4) өз мүлкін мүліктік жалға (жалдауға) беру;
4-1) меншікті мүлкін өткізу;
5) лизингтік қызметті жүзеге асыру;
6) ақпарат жеткізгіштердің кез келген түрінде микроқаржы ұйымдары қызметінің мәселелері бойынша арнаулы әдебиетті өткізу;
7) төлем агентінің және қосалқы төлем агентінің функцияларын жүзеге асыру;
8) Қазақстан Республикасы резидент-сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру шарттарын жасасу;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақша жүйесі агентінің функцияларын жүзеге асыру;
10) факторингтік операциялар: тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушыдан төлем жасамау тәуекелін қабылдай отырып, төлемді талап ету құқықтарын сатып алу;
11) форфейтингтік операциялар (форфетирлеу): тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушының борыштық міндеттемесін сатушыға айналым түспейтін жолмен вексель сатып алу арқылы төлеу;
12) заңды тұлғаларға ақшалай нысанда орындауды көздейтін кепілдіктерді, кепілгерліктерді және өзге де міндеттемелерді беру.
1-3. Жеке тұлғаларға жеке пайдалануына арналған жылжымалы мүлкін кепілге қойғыза отырып микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы құрамында бағалы металдар және асыл тастар бар зергерлік бұйымдарды есепке алуды, сақтауды және сатуды қосымша жүзеге асыруға құқылы.
1-4. Микроқаржы ұйымдарына осы Заңда көзделмеген өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
1-5. Микроқаржы ұйымы "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен соттан тыс банкроттық рәсімінің немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасының азаматына микрокредиттер беруге, сондай-ақ мұндай адамдардан микрокредит беру туралы шарттар бойынша кепіл, кепілдік және кепілгерлік түріндегі қамтамасыз етуді қабылдауға құқылы емес.
Осы тармақтың талаптары ломбардтардың мемлекеттік тіркелуге жатпайтын жылжымалы мүлікті кепілге қойып беретін микрокредиттеріне қолданылмайды.
1-6. Микроқаржы ұйымдары бейрезиденттердің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін осы Заңда көзделген мақсаттар үшін жинауға құқылы.
2. Микроқаржы ұйымы өзінің жоғары органы бекіткен микрокредиттер беру қағидалары болғанда ғана микрокредиттерді беруге құқылы.
2-1. Алып тасталды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-1. Микроқаржы ұйымы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен электрондық тәсілмен микрокредиттер беруге құқылы.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-2-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-2. Жеке тұлға микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуын кредиттік бюрода не "электрондық үкімет" веб-порталы не "электрондық үкімет" шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған микроқаржы ұйымының ақпараттандыру объектілері арқылы тегін белгілеуге не оны алып тастауға құқылы.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-3-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-3. Микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шешім қабылданғанға дейін алған жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуын белгілегені туралы ақпарат болған кезде микроқаржы ұйымының оған микрокредиттер беруіне тыйым салынады.
Бұл тыйым ломбардтың микрокредит беруі жағдайларына қолданылмайды.
Микроқаржы ұйымының жеке тұлғаға жұбайының (зайыбының) келісімінсіз, тіркелуге жататын мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредиттерді беруіне тыйым салынады, келісімді алу тәртібі және келісім қажет болатын тұтынушылық микрокредиттің ең төмен мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Микроқаржы ұйымының бұрын алынған микрокредиттер және (немесе) банктік қарыздар туралы ақпарат кредиттік есебінде жоқ жеке тұлғамен мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредитті беру туралы шартты микроқаржы ұйымында өзінің қатысуынсыз жасасуына тыйым салынады. Жасасу үшін жеке тұлғаның өзінің қатысуы қажет болатын тұтынушылық микрокредит шарты бойынша микрокредиттің ең төмен мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 4-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Уәкілетті органның осы Заңның 4-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда және тәртіппен микроқаржы ұйымы жеке тұлғамен мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредитті беру туралы шартты осындай шарт жасасуға оның келісімін алғаннан кейін ғана жасасады. Көрсетілген шарт интернет арқылы жасалған жағдайда, оны жасауға келісім кредиттік бюрода, "электрондық үкімет" веб-порталында не "электрондық үкімет" шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған микроқаржы ұйымының ақпараттандыру объектілері арқылы ресімделеді.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген талап микрокредит беру туралы шарт жасасу, сондай-ақ тұтынушылық микрокредит сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына қарыз алушы (сатып алушы) алғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына беру жағдайларына қолданылмайды.
Микроқаржы ұйымы интернет арқылы жасалған, мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 4-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған ең төмен мөлшерден асатын микрокредитті беру туралы шарттың негізінде, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредит бойынша қарыз алушыға ақша беруді мынадай талаптарды сақтай отырып:
1) шартқа қол қойылған не микрокредит сомасы ұлғайтылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кейін;
2) осы бөліктің 1) тармақшасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін қарыз алушы уәкілетті органның осы Заңның 4-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде көзделген талаптарға сәйкес ресімделген тұтынушылық микрокредитті алуға келісім бергеннен кейін жүзеге асырады.
Қарыз алушыға мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген, сомасы қосу нәтижесінде уәкілетті органның осы Заңның 4-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған ең төмен мөлшерден асатын бірнеше тұтынушылық микрокредит интернет арқылы берілген жағдайда, микроқаржы ұйымы уәкілетті органның осы баптың 3-1-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарды ескере отырып, ішкі құжаттарға сәйкес осы тармақтың жетінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талапты сақтайды.
Осы тармақтың бірінші, бесінші және жетінші бөліктерінде көзделген талаптар тұтынушылық микрокредит сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына қарыз алушы (сатып алушы) алғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына және (немесе) кредитордың сол микроқаржы ұйымында алынған қарыз алушының микрокредиті бойынша берешекті өтеу мақсаттарына беру жағдайларына қолданылмайды.
Микроқаржы ұйымы осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген талапты сақтамай микрокредит берген жағдайда, микроқаржы ұйымы жеке тұлғадан мұндай микрокредит бойынша міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы емес. Микроқаржы ұйымы осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген талаптар сақталмай микрокредит беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мынадай шараларды қабылдайды:
клиенттің осындай микрокредит бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдайды;
клиенттің осындай микрокредит бойынша берешегін өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын тоқтатады;
осындай микрокредит бойынша ақпарат туралы жазбаларды жою арқылы клиенттің кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына түзетулер енгізеді;
осындай микрокредит бойынша сыйақының және (немесе) тұрақсыздық айыбының бұрын ұсталған (төленген) сомаларын клиентке қайтаруды жүзеге асырады.
Осы тармақтың оныншы бөлігінде көзделген шаралар, осы баптың 3-4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген құқық қорғау органдарының процестік құжаттарын микроқаржы ұйымы алған жағдайда, осы тармақтың бірінші, төртінші, бесінші, жетінші және сегізінші бөліктерінде көзделген талаптардың кез келгені сақталмай микрокредит беру жағдайларына қолданылады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-4-тармақтың бірінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-4. Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа құқыққа сыйымсыз қол жеткізілгені, оның құқыққа сыйымсыз өзгертілгені, үшінші тұлғалар тарапынан құқыққа сыйымсыз әрекеттердің не жеке тұлғалардың микрокредиттерімен өзге де заңсыз (алаяқтық) әрекеттердің жүзеге асырылғаны анықталған кезден бастап микроқаржы ұйымы бір жұмыс күні ішінде бұл туралы клиентке және уәкілетті органға хабарлайды, екі жұмыс күні ішінде құқыққа сыйымсыз әрекеттерді жою үшін шаралар қабылдайды және он жұмыс күні ішінде мұндай әрекеттердің салдарын жою үшін шаралар қабылдайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-4-тармақтың екінші бөлігінің бірінші абзацына өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес құқық қорғау органдары енгізген (шығарған) қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі шараларды қабылдау туралы ұсынымның не қарыз алушы-жеке тұлғаны микрокредитті алаяқтық тәсілмен ресімдеуге байланысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жәбірленуші деп тану туралы қаулының негізінде микроқаржы ұйымы күнтізбелік үш күннен кешіктірмей:
клиенттің осындай микрокредиті бойынша берешекті өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын тоқтата тұрады;
клиенттің осындай микрокредиті бойынша сыйақы және (немесе) тұрақсыздық айыбын есепке жазуды тоқтата тұрады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-4-тармақтың үшінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Микроқаржы ұйымы клиенттің сәйкестендіру құралдарын үшінші тұлғаның заңсыз алуы және пайдалануы салдарынан, оның ішінде микроқаржы ұйымының қызметтерін қашықтан көрсетудің бағдарламалық қамтылымын алыстан басқаруды пайдалану немесе микроқаржы ұйымының биометриялық сәйкестендіруді жүргізу тәртібін не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ішкі және сыртқы алаяқтық фактілерін анықтау, тіркеп-белгілеу және талдау жөніндегі талаптарды бұзуы арқылы микрокредитті ресімдеу кезінде қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған клиентке алаяқтық тәсілмен микрокредитті ресімдеу фактісі анықталған заңды күшіне енген сот актісін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, клиенттің микрокредит бойынша берешегін есептен шығару туралы шешімді, сондай-ақ осындай микрокредит бойынша бұрын ұсталған (төленген) сомаларды клиентке қайтару жөніндегі шараларды қабылдайды.
3-5. Микроқаржы ұйымының жеке тұлғаны биометриялық сәйкестендіруді жүргізбей онымен интернет арқылы микрокредит беру туралы шарт жасасуына тыйым салынады, оны жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-5-тармақты екінші бөлікпен толықтыру көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Микроқаржы ұйымы осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талаптарды сақтамай, жеке тұлғамен интернет арқылы микрокредит беру туралы шарт жасасқан жағдайда, микроқаржы ұйымы мұндай микрокредит бойынша міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы емес және мұндай микрокредит беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оныншы бөлікте көзделген шараларды осы баптың 3-3-тармағы он бірінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, қабылдайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-6-тармақпен толықтыру көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-6. Микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шешім қабылдағанға дейін алған, мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілердің кредиттік есебінде оны мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат болған кезде микроқаржы ұйымының осындай әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында мерзімді әскери қызметті өткеруі кезеңінде микрокредиттер беруіне тыйым салынады.
Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару туралы мәліметтер алмасу Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, дербес деректерді жинау, өңдеу және пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шешім қабылдағанға дейін алған, әскери қызметтегі әскери қызметшінің кредиттік есебінде оны мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат болған кезде микроқаржы ұйымы осындай әскери қызметшіге микрокредит берген жағдайда микроқаржы ұйымы мұндай микрокредит бойынша міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы емес және мұндай микрокредит беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей осы баптың 3-3-тармағының оныншы бөлігінде көзделген шараларды қабылдайды.
4. Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
5. Кез келген валютаның баламасына байланыстырылып, теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені және төлемдерді индекстеуге жол берілмейді.
6. Микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарттың талаптарын, қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағдайларын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.
Осы тармақтың мақсаттары үшін:
тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) азайту жағына қарай өзгерту немесе толық жою;
микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
микрокредит бойынша сыйақыны есепке жазбай, қарыз алушының мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күнді қамтитын кезеңге микрокредит беру туралы шарт бойынша негізгі борыш пен есепке жазылған сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарыз алушы үшін микрокредит беру туралы шарттың талаптарын жақсарту деп түсініледі.
Микроқаржы ұйымы жақсарту талаптарын қолданған жағдайда, қарыз алушы микрокредит беру туралы шартта көзделген тәртіппен микрокредит беру туралы шарт талабының өзгергені туралы хабардар етіледі.
Қарыз алушы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде, микроқаржы ұйымы қолданған жақсарту талаптарынан микрокредит беру туралы шартта көзделген тәртіппен бас тартуға құқылы.
7. Микроқаржы ұйымы банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу арқылы мынадай мүлікті:
бұрын микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету болып табылған, оған өндіріп алуды қолдану нәтижесінде микроқаржы ұйымының меншігіне өткен кепіл мүлкін;
микроқаржы ұйымының микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін алуы нәтижесінде микроқаржы ұйымының меншігіне түскен мүлікті өткізуге міндетті.
Микроқаржы ұйымының меншігіндегі жер учаскесін қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мүлікті микроқаржы ұйымы микроқаржы ұйымының меншігіне өткен күннен бастап үш жыл ішінде өткізуге тиіс. Жер учаскесін өткізу мерзімі Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып айқындалады.
Осы тармақта белгіленген талаптар ломбардтарға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мүлік сауда-саттық өтпеді деп танылған жағдайда уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде бекітілген, банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу қағидаларына сәйкес тікелей атаулы сату арқылы өткізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңы.
Осы Заң микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды құрудың және қайта ұйымдастырудың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың құқықтық жағдайының, қызметiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың және қадағалаудың ерекшелiктерiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы