38-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын құру Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы қаулысы қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын құру және (немесе) құруға қатысу туралы шешім қабылдауға тиіс.
2. Арнайы экономикалық аймақ құрылған жағдайда:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы басқарушы компанияның құрылтайшылары бола алады.
Басқарушы компания Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, мемлекеттік емес заңды тұлғаның, оның ішінде басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәжірибесі бар шетелдік заңды тұлғаның қатысуымен де құрылуы мүмкін.
Бұл ретте құрылған басқарушы компанияда басқарушы компания шығарған жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (дауыс беретін акциялардың) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуға тиіс.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 2-тармақтың төртінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 24.06.2025 № 196-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Мемлекеттік емес заңды тұлғаға, оның ішінде шетелдік заңды тұлғаға акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталға қатысу үлестерін сату тәртібі "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 105-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Басқарушы компаниялардың мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестері (дауыс беретін акциялары) бірыңғай үйлестіру орталығына сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
3. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы болып осындай басқарушы компанияның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (акцияларының) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуы шартымен мемлекеттік емес заңды тұлға, оның ішінде шетелдік заңды тұлға айқындалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған басқарушы компаниялардың жарғылық капиталға қатысу үлестерін (акцияларын) мемлекетке беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Уәкілетті орган құрылуына мемлекеттік емес заңды тұлға қатысатын арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясымен арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шартты жасасады.
5. Мұндай басқарушы компания функцияларды тиісінше орындау жөніндегі шарт шеңберінде өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамаған жағдайда, уәкілетті орган шартты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес бұзуға құқылы.
6. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы құрылтайшысының шешімі бойынша бірнеше арнайы экономикалық аймақта бір басқарушы компанияның жұмыс істеуіне жол беріледі.
7. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақты басқаруды бір мезгілде жүзеге асыра алады.
8. Басқарушы компанияның бірінші құрылтай жиналысы (құрылтай шартына қол қою, жалғыз құрылтайшының шешімін шығару) Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқарушы компанияны құруға мемлекеттің қатысуы туралы шешімі қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізілуге (жүзеге асырылуға) тиіс.
9. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың орналасқан жері бойынша "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тіркеледі.
10. Акционерлер (қатысушылар) басқарушы компанияның директорлар кеңесінің (байқаушы кеңесінің) құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған адамдар қатарынан, лауазымы бойынша директорлар кеңесінің басқарушы компанияны стратегиялық жоспарлау мәселелері жөніндегі комитетін басқаратын (байқаушы кеңестің төрағасы болып табылатын) тәуелсіз директорды (байқаушы кеңестің мүшесін), бірыңғай үйлестіру орталығы ұсынған адамдар қатарынан тәуелсіз директорды (байқаушы кеңестің мүшесін), сондай-ақ инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания ұсынған инвестициялық жобаларды іске асыру тәжірибесі бар адамдар қатарынан тәуелсіз директорды сайлайды.
11. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясымен шарт жасасады, оның шеңберінде соңғысы өзіне арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау және шешуші көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде міндеттемелер қабылдайды.
12. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы құрылған немесе айқындалған күнінен бастап екі ай ішінде уәкілетті органмен келісу бойынша арнайы экономикалық аймақтың жылдық нысаналы индикаторларды қамтитын, үш жылдық кезеңге арналған даму стратегиясын бекітеді.
Уәкілетті орган мен бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық аймақтың даму стратегиясын келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Уәкілетті орган мен бірыңғай үйлестіру орталығы тарапынан ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда арнайы экономикалық аймақтың пысықталған даму стратегиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және бірыңғай үйлестіру орталығына келісу үшін қайта енгізілуге жатады.
Бұл стратегия арнайы экономикалық аймақтың даму динамикасы ескеріле отырып, әрбір үш жыл сайын қайта бекітілуге жатады.
Арнайы экономикалық аймақтың кейіннен тартылған басқарушы компаниялары өз қызметін арнайы экономикалық аймақтың бұрын бекітілген даму стратегиясына сәйкес жүзеге асырады.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы