39-бап. Коммерциялық емес ұйымның басқару органдары Коммерциялық емес ұйымдар туралы Заңы
1. Коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк мекемелердi, аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңесті қоспағанда, құрылтай құжаттарына сәйкес олардың басқару органдары мыналар болып табылады:
1) жоғары басқару органы (жалпы жиналыс, съезд, конференция, құрылтайшы, қамқоршылық кеңес) - коммерциялық емес ұйым қызметiнiң кез келген мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдауға құқылы;
2) басқарудың атқарушы органы (алқалы немесе дара басқару) - коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарымен жоғары басқару органының ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоспағанда, коммерциялық емес ұйымның қызметiн ағымдағы басқаруды жүзеге асырады, жоғары басқару органына есеп бередi;
3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдары сайлайтын немесе тағайындайтын тексеру органы (тексеру комиссиясы, тексерушi, ішкі аудит қызметі);
4) заңдарға және коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес басқа да органдар.
2. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңесті қоспағанда, коммерциялық емес ұйымның жоғары басқару органының ерекше құзыретiне:
1) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарын қабылдау, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
2) коммерциялық емес ұйымды ерiктi түрде қайта ұйымдастыру және тарату;
3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құзыретiн, ұйымдық құрылымын, оларды құру және өкiлеттiктерiн тоқтату тәртiбiн айқындау;
4) атқарушы органдардың қаржы есептемесiн табыс етуiнiң тәртiбi мен мерзiмдiлiгiн, сондай-ақ бақылау органының тексеру жүргiзу тәртiбiн және олардың нәтижелерiн бекiтудi айқындау;
5) заң актiлерiнде белгiленген шекте коммерциялық емес ұйымның басқа заңды тұлғаларды, өз филиалдары мен өкiлдiктерiн құруы немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау мәселелерi жатады.
Жоғары басқару органының ерекше құзыретiне заң актiлерiне сәйкес коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарымен осы ұйым қызметiнiң басқа да мәселелерi жатқызылуы мүмкiн.
3. Коммерциялық емес ұйым өзiнiң жоғары басқару органының мүшелерiне, жоғары басқару органының жұмысына қатысуына тiкелей байланысты шығыстардың өтемiн қоспағанда, өздерiне жүктелген мiндеттердi олардың орындағаны үшiн сыйақы төлеудi жүзеге асыруға құқылы емес.
4. Коммерциялық емес ұйымның еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін штаттағы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.
5. Осы баптың 1 – 3-тармақтарының ережелері дербес білім беру ұйымдарына және дербес кластерлік қорға қолданылмайды.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқару органдарының құқықтық жағдайының ерекшеліктері "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
7. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің басқару органдарының құқықтық жағдайының ерекшеліктері "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
Ескерту. 39-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 200.05.15 № 253, 2011.01.19 № 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 358-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы N 142 Заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы