Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Заңдар / 4-бап. Микрокредит беруге қойылатын ең төмен талаптар Микроқаржылық қызмет туралы Заңы

4-бап. Микрокредит беруге қойылатын ең төмен талаптар Микроқаржылық қызмет туралы Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

   4-бап. Микрокредит беруге қойылатын ең төмен талаптар Микроқаржылық қызмет туралы Заңы 

      1. Микроқаржы ұйымдары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес микрокредиттер береді. 

      2. Микрокредит беру туралы шарт жасасу тәртібі, оның ішінде шарттың және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төлем сомасы, микрокредит нысанасы) туралы ақпаратты қамтитын бірінші бетінің мазмұнына, ресімделуіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптар, сондай-ақ микрокредитті өтеу графигінің нысаны уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі. 

      3. Микроқаржы ұйымдары микрокредиттер беру шеңберінде өтініш берушімен өзара іс-қимыл жасау кезінде мынадай талаптарды сақтауға міндетті: 

      1) өтініш берушіге сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мөлшерін қоса алғанда, микрокредиттің талаптары және микрокредит алуға байланысты тәуекелдер, оның ішінде өтініш берушінің микрокредит беру туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы анық және толық ақпарат беру; 

      2) өтініш берушінің қаржылық жағдайы туралы ақпараттың негізінде оның кредит төлеу қабілеттілігіне (төлем қабілеттілігіне) бағалау жүргізу; 

      3) "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кредиттік бюроға ақпарат беру; 

      4) қарыз алушы микрокредитті ішінара мерзімінен бұрын өтеген немесе толық мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, оның микрокредитті пайдаланған күндерінің нақты саны үшін ғана сыйақыны есепке жазу; 

      5) теңгемен берілген микрокредитті беру туралы шарт бойынша міндеттемелер мен төлемдерді кез келген валюталық немесе өзге де баламаға байланыстыра отырып индекстеуге жол бермеу; 

      6) жеке тұлғамен микрокредит беру және (немесе) жеке тұлғаның микрокредитін өтеу мақсатында жаңа микрокредит беру туралы шарттың талаптары өзгерген кезде негізгі борыштың сомасына капиталдандырылған (жинақтап қосылған) мерзімі өткен сыйақыға, тұрақсыздық айыбына (айыппұлдарға, өсімпұлдарға), микрокредит беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге сыйақыны есепке жазуға жол бермеу. 

      4. Қарыз алушы үшін микрокредит беру туралы шарттың талаптарын жақсарту жағдайларын қоспағанда, микроқаржы ұйымдары оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес. 

      Осы тармақтың мақсаттары үшін қарыз алушы үшін микрокредит беру туралы шарттың талаптарын жақсарту деп мыналар түсініледі: 

      1) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлдарды) азайту жағына қарай өзгерту немесе оның толық күшін жою; 

      2) микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына өзгерту; 

      3) микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, оның ішінде мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік алпыс күнді қамтитын кезеңге кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу. 

      Микрокредит беру туралы шартта қарыз алушы үшін жақсарту талаптарының қосымша тізбесі көзделуі мүмкін. 

      5. Микроқаржы ұйымдары жақсарту талаптарын қолданған жағдайда қарыз алушы микрокредит беру туралы шартта көзделген тәртіппен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы микрокредит беру туралы шарт талаптарының өзгергені жөнінде хабардар етіледі; 

      Ақпараттандыру объектілері арқылы хабардар ету туралы талап кредиттік серіктестіктер мен ломбардтарға қолданылмайды. 

      6. Қарыз алушы микроқаржы ұйымының тиісті хабарламасын алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде микроқаржы ұйымы ұсынған жақсарту талаптарынан бас тартуға және микрокредит беру туралы шартта айқындалған тәртіппен және (немесе) ақпараттандыру объектілері арқылы микроқаржы ұйымына өзінің шешімі туралы хабарлауға құқылы. 

      Микроқаржы ұйымдарының микрокредит бойынша ай сайынғы төлемдерді ұлғайтпай, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды және (немесе) бөліп төлеуді ұсынуы өтініш берушінің келісімі болған кезде ғана жүзеге асырылады. 

      7. Микроқаржы ұйымдары мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін сомадан асатын тұтынушылық микрокредит беруге құқылы емес. 

      8. Жеке тұлға жеке тұлғаның микрокредит алудан ерікті түрде бас тартуын кредиттік бюрода немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталында немесе микроқаржы ұйымының "электрондық үкімет" шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған ақпараттандыру объектілерін пайдалана отырып тегін белгілеуге немесе олардан алып тастауға құқылы. 

      Микроқаржы ұйымдары микрокредит беру туралы шешім қабылданғанға дейін алған жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілегені туралы ақпарат болған кезде микроқаржы ұйымдарының оған микрокредиттер беруіне тыйым салынады. 

      Бұл тыйым салу ломбардтың микрокредит беру жағдайларына қолданылмайды. 

      9. Микроқаржы ұйымының мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленген сомадан асатын, тіркелуге жататын, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредиттерді жеке тұлғаға жұбайының (зайыбының) келісімінсіз беруіне тыйым салынады. 

      Тіркелуге жататын, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредитті алуға жұбайының (зайыбының) келісімін алу тәртібі және жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын микрокредиттің ең төмен мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

      10. Микроқаржы ұйымының кредиттік есебінде бұрын алынған микрокредиттер және (немесе) банктік қарыздар туралы ақпарат жоқ жеке тұлғамен осы жеке тұлғаның микроқаржы ұйымында берген жазбаша келісімінің негізінде микроқаржы ұйымында өзінің жеке қатысуымен осындай жеке тұлғаға биометриялық сәйкестендіру жүргізбей, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредитті беру туралы шарт жасасуына тыйым салынады. 

      Тұтынушылық микрокредит шартын жасасқан кезде осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жеке тұлғаның өзінің жеке қатысуы міндетті болатын осындай шарт бойынша микрокредиттің ең төмен мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талап тұтынушылық микрокредит сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына қарыз алушы (сатып алушы) алғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына беру жағдайларына қолданылмайды. 

      Микроқаржы ұйымы жеке тұлғаның кепілмен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредит беру туралы шарт жасасуға берген өтініші келіп түскен кезден бастап бір сағаттың ішінде ол бойынша шешім қабылдайды. 

      Микроқаржы ұйымының жеке тұлғаның мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредит беру туралы шарт жасасуға берген өтініші бойынша оң шешім қабылдауына, сондай-ақ кредиттік есебінде осы жеке тұлғаның өзге микроқаржы ұйымына немесе банкке микрокредит беру туралы шарт немесе қабылданған шешім туралы мәртебесі жоқ, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген банктік қарыз шартын жасасуға берген өтініші туралы ақпарат болған кезде мұндай шарт жасасуына тыйым салынады. 

      Микроқаржы ұйымы кредиттік бюроға жеке тұлғаның мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредит беру туралы шарт жасасуға өтініш бергені және ол бойынша қабылданған шешім туралы ақпарат бермеген жағдайда, микроқаржы ұйымының мұндай шарт жасасуына тыйым салынады. 

      Осы тармақтың бесінші және алтыншы бөліктерінде белгіленген талаптар сол микроқаржы ұйымында алынған қарыз алушы жеке тұлғаның микрокредиті бойынша берешекті өтеу үшін мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредит беру жағдайларына қолданылмайды. 

      Қарыз алушы жеке тұлғаның сұрау салуы бойынша микроқаржы ұйымы он жұмыс күнінен кешіктірмей, қарыз алушыға оған биометриялық сәйкестендіруді жүргізу күні мен тәсілін қоса алғанда, осы биометриялық сәйкестендіруді жүргізу процесі, микроқаржы ұйымы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығының дерекқорларында ол туралы ақпараттың болуы тұрғысынан жүргізілген деректерді салыстырып тексеру туралы мәліметтерді, сондай-ақ тұтынушылық микрокредит беру туралы шарт жасасуға берілген өтінішті қарау және осындай шарт жасасу кезінде пайдаланылған борыштық жүктеме коэффициентінің мәнін ұсынады. 

      11. Уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда және тәртіппен микроқаржы ұйымы жеке тұлғамен мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредитті беру туралы шарт жасасуға оның келісімін алғаннан кейін ғана осындай шарт жасасады. 

      Мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредитті беру туралы шарт Интернет арқылы жасалған жағдайда, оны жасауға келісім кредиттік бюрода не "электрондық үкіметтің" веб-порталында, не микроқаржы ұйымының "электрондық үкімет" шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған ақпараттандыру объектілері арқылы ресімделеді. 

      12. Микроқаржы ұйымы Интернет арқылы жасалған, мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған ең төмен мөлшерден асатын микрокредит беру туралы шарттың негізінде мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредит бойынша қарыз алушыға ақша беруді мынадай талаптарды сақтай отырып: 

      1) микрокредит беру туралы шартқа қол қойылған не микрокредит сомасы ұлғайтылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кейін; 

      2) уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес ресімделген және микроқаржы ұйымы осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мерзімнен кейін алған тұтынушылық микрокредитті алуға қарыз алушының келісімі (растауы) болған кезде жүзеге асырады. 

      Қарыз алушыға Интернет арқылы мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген, қосу нәтижесінде сомасы уәкілетті органның осы Заңның 3-1-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған ең төмен мөлшерден асатын бірнеше тұтынушылық микрокредит сол бір микроқаржы ұйымында күнтізбелік бір күннің ішінде берілген жағдайда, микроқаржы ұйымы көрсетілген ең төмен мөлшерден асып кеткен микрокредиттерге қатысты осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында белгіленген талапты сақтайды, сондай-ақ көрсетілген микрокредиттерді уәкілетті органның осы Заңның 3-2-бабының 1-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарды ескере отырып, ішкі құжаттарға сәйкес алаяқтық белгілерінің болмауы тұрғысынан тексереді. 

      13. Осы баптың 8-тармағының екінші бөлігінде, 11-тармағында және 12-тармағының бірінші бөлігінде көзделген талаптар мынадай жағдайларға: 

      1) микроқаржы ұйымының тұтынушылық микрокредит сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына қарыз алушы (сатып алушы) алғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына беруіне; 

      2) микроқаржы ұйымының жеке тұлғаның осы микроқаржы ұйымындағы басқа микрокредит бойынша берешегін өтеу мақсатында оған микрокредит беруіне; 

      3) микроқаржы ұйымының қарыз алушының салықтар, айыппұлдар, атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегін төлеу мақсатында жеке тұлғаға микрокредит беруіне қолданылмайды, мұндай жағдайда микрокредит сомасы қарыз алушы көрсеткен, осындай төлемдерді қабылдауды жүзеге асыратын тиісті уәкілетті органның не өндіріп алушылар пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтау үшін банкте ашылған жеке сот орындаушысының банктік шотына аударылады. 

      14. Микроқаржы ұйымы осы баптың 9-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген талаптарды сақтамай, жеке тұлғаға микрокредит берген жағдайда, микроқаржы ұйымы:  

      1) аталған жеке тұлғадан осындай микрокредит бойынша міндеттемелерді орындауын талап етуге құқылы емес; 

      2) көрсетілген микрокредитті беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мынадай шаралар қабылдайды: 

      қарыз алушы жеке тұлғаның осындай микрокредит бойынша берешегін толық есептен шығару (кешіру) туралы шешім қабылдайды; 

      осындай микрокредит бойынша берешекті өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын тоқтатады; 

      қарыз алушы жеке тұлғаның кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына осындай микрокредит жөніндегі ақпарат туралы жазбаларды жою арқылы түзетулер енгізеді; 

      осындай микрокредит бойынша негізгі борыштың, сыйақының және (немесе) тұрақсыздық айыбының бұрын ұсталған (төленген) сомаларын қарыз алушы жеке тұлғаға қайтаруды жүзеге асырады. 

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген шаралар, микроқаржы ұйымы осы Заңның 3-2-бабының 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық қудалау органдарының процестік құжаттарын алған жағдайда, оның осы баптың 3-2-бабының 2-тармағында, 8-тармағының екінші бөлігінде, 10-тармағының бірінші бөлігінде, 11 және 12-тармақтарында көзделген талаптардың кез келгенін сақтамай, микрокредит беру жағдайларына қолданылады. 

      15. Микроқаржы ұйымдары "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жеке тұлғаға қатысты соттан тыс банкроттық рәсімінің немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл ішінде аталған жеке тұлғаға микрокредиттер беруге, сондай-ақ мұндай жеке тұлғадан микрокредит беру туралы шарттар бойынша кепіл, кепілдік және (немесе) кепілгерлік түріндегі қамтамасыз етуді қабылдауға құқылы емес. 

      Осы тармақтың талаптары мемлекеттік тіркелуге жатпайтын жылжымалы мүлікті кепілге қойып ломбардтар беретін микрокредиттерге қолданылмайды. 

      16. Микроқаржы ұйымдары мөлшерін микроқаржы ұйымдары өз бетінше айқындайтын микрокредитті бергені және оның талаптарын өзгерткені үшін заңды тұлғаларға комиссиялар және (немесе) өзге де төлемдер белгілеуге және оларды алуға құқылы. 

      Микроқаржы ұйымдары заңды тұлғаға берілген микрокредит беру туралы шарттарда микрокредитті беруге және оның талаптарының өзгеруіне байланысты алуға жататын комиссиялардың және (немесе) өзге де төлемдердің толық тізбесін, сондай-ақ олардың мөлшерін көрсетуге міндетті. 

      Микроқаржы ұйымдары заңды тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарттың шеңберінде комиссиялардың және (немесе) өзге де төлемдердің жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге құқылы емес. 

 

 

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңы. 

      Осы Заң микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды құрудың және қайта ұйымдастырудың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың құқықтық жағдайының, қызметiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың және қадағалаудың ерекшелiктерiн айқындайды. 

Қазақстан Республикасының  

Президенті   

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

      Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы