4-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы Заңы
4-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттерін, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының цифрлық активтері қызметтерінің провайдерлерін қоспағанда, цифрлық активтер қызметтерінің провайдерлерін мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
2) "Астана" халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының цифрлық активтері қызметтерінің провайдерлерін қоспағанда, цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдардың және осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді бекітеді;
3) цифрлық қаржы активтері платформасының операторларын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторларын есептік тіркеуді жүзеге асырады және олардың тізілімдерін жүргізеді;
4) осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері мен инвесторларына қойылатын талаптарды айқындайды;
5) "Астана" халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының цифрлық активтері қызметтерінің провайдерлерін қоспағанда, цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің және осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
6) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметін мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
7) цифрлық активтер нарығындағы дилерлік қызметке – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияны (бұдан әрі – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензия) береді (беруден бас тартады), қайта ресімдейді, тоқтата тұрады, одан айырады;
8) цифрлық активтермен байланысты қызметке қатысты "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-2-тарауында көзделген тәртіппен ерекше реттеу режимін енгізеді;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мыналарды бекітеді:
1) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметін жүзеге асыру қағидалары, онда мыналар айқындалады:
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторын лицензиялау тәртібі және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына қойылатын біліктілік талаптары;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынылатын құжаттардың тізбесі;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының басшы қызметкеріне және құрылтайшыларына (қатысушыларына) (құрылтайшыларының біріне, қатысушыларына немесе акционерлеріне), бенефициарлық меншік иесіне қойылатын талаптар;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының жарғылық капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының ұйымдық-құқықтық нысанына қойылатын талаптар;
ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптар;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторын қайта ұйымдастыру тәртібі;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына қойылатын біліктілік талаптары;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметін жүзеге асыру тәртібі;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алу, сату және (немесе) айырбастау жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі;
операцияларды талдау және бақылау жүйесіне қойылатын талаптар;
клиенттердің операциялары бойынша шектеулер мен лимиттер;
қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының екінші деңгейдегі банктермен және Ұлттық пошта операторымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі;
клиенттердің цифрлық активінің әмияндарын ашу және оларға қызмет көрсету тәртібі;
2) цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметін жүзеге асыру қағидалары, онда мыналар айқындалады:
цифрлық қаржы активтері платформасының операторларын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторларын есептік тіркеу тәртібі;
есептік тіркеуден өту үшін өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынатын құжаттардың тізбесі;
өтініш берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қойылатын талаптар;
өтініш берушінің жарғылық капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар;
цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық қаржы активтерінің базалық активінің болуын және жай-күйін (сақталуын) куәландыру және мониторингтеу тәртібі;
цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметін жүзеге асырудың ішкі қағидаларына қойылатын талаптар;
цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформаларына қолданылатын ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптар;
цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын қайта ұйымдастыру тәртібі;
цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және цифрлық активтердің сауда платформасы операторының біліктілік талаптары, кәсіптік қызмет түрлерін ұштастыру шарттары мен тәртібі;
цифрлық қаржы активтері платформасының операторларында, цифрлық активтер сауда платформасының операторларында есепке алынатын және сақталатын барлық деректі (мәліметті), оның ішінде цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері, цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар және оларға тиесілі цифрлық қаржы активтері туралы деректерді (мәліметтерді) цифрлық қаржы активтері платформасының басқа операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының басқа операторына беру тәртібі;
цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесін, цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесінде есепке алынуға және сақталуға тиіс өзге де мәліметтер тізбесін жүргізу тәртібі;
3) базалық активі ақша және олардың баламалары болып табылатын цифрлық қаржы активтеріне қатысты цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдарға қойылатын талаптар;
4) цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу қағидалары, онда мыналар айқындалады:
цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу тәртібі мен шарттары;
цифрлық қаржы активтерінің эмитенттеріне және цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешімге қойылатын талаптар;
цифрлық қаржы активтерінің инвесторларына қойылатын талаптар;
цифрлық қаржы активтерімен жасалатын мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану тәртібі мен шарттары;
білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтерінің тізбесі;
5) нысандарын, кезеңділігі мен ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының, цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының, цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілікті ұсыну қағидалары;
6) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, нысандарын, кезеңділігі мен ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілік ұсыну қағидалары;
7) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына қадағалап ден қою шараларын қолдану қағидалары;
8) цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына, цифрлық қаржы активтерінің эмитентіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары;
9) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының мәліметтерді бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне ұсыну қағидалары;
10) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық қаржы активтері платформасының операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидалары;
11) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық қаржы активтері платформасының операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары, осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері, цифрлық активтер саласындағы қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимінің қатысушылары үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар;
12) офшор аймақтардың тізбесі;
13) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық қаржы активтерін шығаруға рұқсат беру мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушыларын цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында цифрлық қаржы активтерін шығаруды жүзеге асыруға рұқсат беру қағидалары;
14) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен және "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетімен бірлесіп, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық қаржы активтерін шығару үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына рұқсат беру қағидалары.
2. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган:
1) осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттерін мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
2) осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу шарттары мен тәртібін айқындайды;
3) осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері мен инвесторларына қойылатын талаптарды айқындайды;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің есептілік тізбесін, нысандарын, ұсыну мерзімдері мен тәртібін бекітеді;
5) осы Заңның 5-бабының 2) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің базалық активі бола алатын мүліктің тізбесін (түрлерін), сондай-ақ осындай цифрлық қаржы активтері бойынша базалық активті есепке алу және сақтау тәртібін бекітеді;
6) осы Заңның 5-бабының 2) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым ретінде әрекет етуге құқылы ұйымдарға қойылатын талаптарды бекітеді;
7) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдардың есептілік тізбесін, нысандарын, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібін бекітеді;
8) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша цифрлық қаржы активтері нарығындағы әрекеттерді айла-шарғы қолдану мақсатында жасалған деп танудың қағидалары мен шарттарын бекітеді;
9) осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті орган:
1) цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны береді (беруден бас тартады), қайта ресімдейді, тоқтата тұрады, одан айырады;
2) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімдерін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну қағидаларын бекітеді;
3) цифрлық майнингтік пулдарды аккредиттеу қағидаларын бекітеді;
4) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша цифрлық майнинг жөніндегі қызметті лицензиялау қағидаларын бекітеді;
5) цифрлық майнингтік пулдарды аккредиттеуді жүргізеді;
6) цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешендердің тізілімін жүргізеді;
7) цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешендерді есепке алу және олардың тізілімін жүргізу қағидаларын бекітеді;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган:
1) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру мақсатында және (немесе) өзге де қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған цифрлық активтер әмияндарының бірыңғай тізілімін жүргізеді;
2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру мақсатында және (немесе) өзге де қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған цифрлық активтер әмияндарының бірыңғай тізілімін жүргізу үшін ақпараттың құрамын, оны беру мерзімдері мен нысанын қамтитын тәртіпті айқындайды;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5. Электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган:
1) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес цифрлық майнерлерді электр желілеріне қосуға қойылатын талаптарды айқындайды;
2) цифрлық майнерлер үшін электр энергиясына квотаны айқындау тетігін бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы