41-1-бап. Цифрлық шот Төлемдер және төлем жүйелері туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және цифрлық теңге платформасының өзге де қатысушылары клиентпен цифрлық шот шарты жасалғаннан кейін клиенттің цифрлық шот ашуға өтінімі негізінде цифрлық теңге платформасында цифрлық шот ашады.
Цифрлық теңгені айналысқа жіберу, цифрлық шоттар ашу және жүргізу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық теңге платформасында жүзеге асырылады.
Цифрлық теңге платформасының операторымен жасалған шарттың негізінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, орталық депозитарий, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған көрсетілетін төлем қызметтерін өзге де берушілер мен заңды тұлғалар цифрлық теңге платформасына қатысушылар бола алады.
Цифрлық шот ашуға өтінімнің нысаны, цифрлық шот шартының мазмұнына қойылатын талаптар және цифрлық шотты ашу кезінде оның иесіне берілетін жеке сәйкестендіру кодының форматы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу және өтеу қағидаларында айқындалады.
Цифрлық шотқа қызмет көрсету цифрлық шоттың иесіне төлемдер мен аударымдарды және цифрлық шотты пайдалана отырып жасау үшін қолжетімді операциялардың өзге де түрлерін жасауға арналған ақпараттық ресурстар (жүйелер) арқылы цифрлық шотқа қолжетімділік беруді қамтиды.
2. Цифрлық шот бойынша мынадай операциялар орындалады:
1) цифрлық теңгені цифрлық шотқа қабылдау (есепке жазу), оның ішінде цифрлық шот шартында көзделген талаптарда цифрлық шотты алынған қаражаттың орнына баламалы сомамен толықтыруды жүзеге асыру;
2) цифрлық теңгені цифрлық шот шартында көзделген тәртіппен цифрлық шоттардың өзге иелерінің пайдасына аударуды жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған цифрлық теңгенің смарт-келісімшарттарының және таңбаланған цифрлық теңгенің жұмыс істеу режимінің ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының банктік шоттардағы ақшаға қатысты заңдарында көзделген негіздер бойынша үшінші тұлғалардың цифрлық теңгені алып қою туралы нұсқауларын орындау;
4) цифрлық шот шартында көзделген талаптарда клиенттің нұсқауы бойынша клиентке немесе үшінші тұлғаға қолма-қол ақшаны берудің немесе олардың банктік шотын баламалы сомамен толықтырудың орнына цифрлық шоттан цифрлық теңгені алып қою;
5) цифрлық шот иесінің талабы бойынша цифрлық шот шартында көзделген тәртіппен және мерзімдерде клиенттің цифрлық шоттағы цифрлық теңгесінің сомасы және жүргізілген операциялар туралы ақпарат беру;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу және өтеу қағидаларында және (немесе) цифрлық шот шартында көзделген клиентке өзге де қызмет көрсетуді жүзеге асыру.
Цифрлық теңгенi пайдалана отырып жасалатын төлемдер мен аударымдар цифрлық шоттағы қаражат қалдығы шегiнде жүзеге асырылады.
Жинақ цифрлық шоттарды ашуға жол берілмейді.
3. Цифрлық теңге платформасына қатысушы мен цифрлық шот иесі арасындағы шартта мыналар:
1) цифрлық теңгені пайдалану, сатып алу, цифрлық шоттың цифрлық теңгесімен толықтыру және цифрлық шоттан цифрлық теңгені шығарып алу шарттары туралы;
2) цифрлық теңге пайдаланыла отырып жасалатын операцияларға қызмет көрсету кезінде комиссиялық сыйақы алудың мөлшері мен тәртібі туралы;
3) клиенттің цифрлық шотына қызмет көрсететін цифрлық теңге платформасына қатысушымен байланысуға арналған ақпаратты қоса алғанда, наразылықтар білдіру тәсілдері мен оларды қарау тәртібі туралы;
4) тараптардың өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн жауаптылығы туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
Цифрлық теңге платформасына қатысушы клиенттің цифрлық шотына қызмет көрсету үшін қажетті қосымша шарттар көздеуі мүмкін.
4. Цифрлық теңге платформасына қатысушының цифрлық шот иесімен жасалған шартта белгіленген мөлшерлер шеңберінде цифрлық шот иелерінің операцияларына қызмет көрсеткені үшін комиссиялық сыйақы алуына жол беріледі.
Цифрлық теңге платформасына қатысушылардың цифрлық шот иелерінің операцияларына қызмет көрсеткені үшін комиссиялық сыйақысының түрлері мен шекті мөлшерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу және өтеу қағидаларында белгіленеді.
5. Цифрлық теңге платформасына қатысушы цифрлық шот шартының талаптарына сәйкес цифрлық шотқа санкцияланбаған қол жеткізудің немесе цифрлық теңге платформасына қатысушының ақпараттық ресурсы (жүйесі) арқылы цифрлық шотқа қол жеткізу арқылы оны санкцияланбаған пайдаланудың, сондай-ақ цифрлық теңге платформасына қатысушының бағдарламалық қамтылымының жұмыс істеуіндегі қателердің немесе іркілістердің салдарынан цифрлық шоттың иесіне келтірілген залал үшін цифрлық шот иесінің алдында жауапты болады.
6. Цифрлық теңге платформасына қатысушы "Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес алаяқтықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды), терроризмді қаржыландыруды және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруды анықтау, сондай-ақ оларды болғызбау жөніндегі шараларды қабылдайды.
Цифрлық теңге платформасына қатысушы "Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға береді.
7. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, цифрлық шоттарға қатысты клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою, қаражатқа билік етуге тыйым салу мен шектеулер бөлігінде осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының банктік шоттарға қатысты қолданыстағы ережелері қолданылады.
Цифрлық шотты жабу осы Заңның 28-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Цифрлық теңге платформасына қатысушы цифрлық теңгенің иелері мен оларға тиесілі сомалар туралы, сондай-ақ цифрлық теңге пайдаланыла отырып жасалған операциялар туралы мәліметтерді тұлғаларға "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 69-бабында көзделген негіздер бойынша және шектерде ұсынады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VІ ҚРЗ.
Осы Заң Қазақстан Республикасында төлем жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі, төлем жүйелерін реттеу және оларды қадағалау (оверсайт), төлем қызметтері нарығын реттеу және оларды бақылау, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы