44-бап. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құру Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы Заңы
1. Жергілікті атқарушы органның мемлекеттік индустриялық аймақты құру туралы шешімі қолданысқа енгізілгеннен кейін жергілікті атқарушы орган индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құру және (немесе) құруға қатысу туралы шешім қабылдауға тиіс. Жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын қоспағанда, индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі – республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшысы;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы – республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшысы;
3) осы Заңға сәйкес жекеше индустриялық аймақтың меншік иесі индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшылары бола алады.
3. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, мемлекеттік емес заңды тұлғаның, оның ішінде басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында индустриялық аймақтарды басқару тәжірибесі бар шетелдік заңды тұлғаның қатысуымен де құрылуы мүмкін.
Бұл ретте құрылған басқарушы компанияда жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (дауыс беретін акциялардың) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуға тиіс.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-тармақтың үшінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 24.06.2025 № 196-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Мемлекеттік емес заңды тұлғаға, оның ішінде шетелдік заңды тұлғаға акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталға қатысу үлестерін сату тәртібі "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 105-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Басқарушы компаниялардың мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестері (дауыс беретін акциялары) бірыңғай үйлестіру орталығына сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
4. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы болып осындай басқарушы компанияның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (акцияларының) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуы шартымен мемлекеттік емес заңды тұлға, оның ішінде шетелдік заңды тұлға айқындалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған басқарушы компаниялардың жарғылық капиталға қатысу үлестерін (акцияларын) мемлекетке беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақтың орналасқан жері бойынша "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тіркеледі.
6. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы құрылтайшысының шешімі бойынша бірнеше индустриялық аймақта бір басқарушы компанияның жұмыс істеуіне жол беріледі.
7. Республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын басқару үшін адамдарды іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
Бұл ретте республикалық маңызы бар индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын басқару үшін адамдарды іріктеу уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырылады.
8. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы құрылған немесе айқындалған күнінен бастап екі ай ішінде республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың жылдық нысаналы индикаторларды қамтитын, үш жылдық кезеңге арналған даму стратегиясын бекітеді.
Бұл стратегия республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың даму динамикасы ескеріле отырып, әрбір үш жыл сайын қайта бекітілуге жатады.
Республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың даму стратегиясы – уәкілетті органмен, өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың даму стратегиясы жергілікті атқарушы органмен келісуге жатады.
Индустриялық аймақтың кейіннен тартылған басқарушы компаниялары өз қызметін индустриялық аймақтың бұрын бекітілген даму стратегиясына сәйкес жүзеге асырады.
Уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тиісті индустриялық аймақтың даму стратегиясын келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тарапынан ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың пысықталған даму стратегиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына келісу үшін қайта енгізілуге жатады.
9. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының бірінші басшысы қызметтің шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізбеген жағдайда, уәкілетті орган директорлар кеңесінің қарауына еңбек шартын бұзу туралы ұсыну енгізеді.
Директорлар кеңесі еңбек шартын бұзу бойынша тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда, осындай басқарушы компаниямен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шарт бұзылады.
10. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының бірінші басшысы қызметтің шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізбеген жағдайда, жергілікті атқарушы орган директорлар кеңесінің қарауына еңбек шартын бұзу туралы ұсыну енгізеді.
Директорлар кеңесі еңбек шартын бұзу бойынша тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда, осындай басқарушы компаниямен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шарт бұзылады.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы