5-бап. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы Заңы
1. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты – ядролық, радиациялық, ядролық физикалық және экологиялық қауіпсіздікті, қазіргі және болашақ ұрпақтың өмірі мен денсаулығын радиациялық әсерден қорғауды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу кезінде қоршаған ортаны радиоактивті ластанудан қорғауды қамтамасыз ету.
2. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері:
1) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру;
2) мемлекеттің радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындау;
3) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласында тиімді басқару мен бақылауды ұйымдастыру;
4) радиоактивті қалдықтардың барлық түрлерімен жұмыс істеудің тиімді жүйесін ұйымдастыру;
5) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу үшін пайдаланылатын алаңдарды оңтайландыру;
6) радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
7) радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз сақтау мен көмуге уақтылы орналастыруды қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасының ядролық және радиациялық қауіпсіздік кепілдіктері және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету.
3. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары:
1) қауіпсіздік қағидаты – персоналдың, халықтың өмірі мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғаудың радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты қызметтің барлық өзге аспектілерінен басымдығы;
2) жауаптылық қағидаты – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу субъектілерінің радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жауаптылығы;
3) барынша азайту қағидаты – радиоактивті қалдықтардың түзілуін және жинақталуын іс жүзінде қол жеткізуге болатын ең төмен деңгейде шектеу;
4) оңтайландыру қағидаты – экономикалық және әлеуметтік факторларды ескере отырып, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу кезінде олардың әсерін ақылға қонымды, қол жеткізуге болатын төмен деңгейге дейін азайту;
5) ұрпақтардың өзара байланысы қағидаты – қазіргі ұрпақтың радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты болашақта ауыртпалықты болашақ ұрпаққа негізсіз жүктеуден оларды қорғау;
6) радиоактивті қалдықтарды түзушінің жауаптылық қағидаты – радиоактивті қалдықтарды түзушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу, оларды сақтау және көму жөніндегі жұмыстарды қаржыландыруды қамтамасыз ету міндеті.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 7 шiлдедегi № 335-VIII ҚРЗ
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау