51-бап. Банкiде жатқан ақша мен мүлiкке тыйым салу және олардан өндiрiп алу Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Жеке немесе заңды тұлғаның банктік шоттардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот актілері негізінде соттар және сот орындаушыларының прокурор санкциялаған қаулылары негізінде, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы алынған аумақтық әділет органдарының қаулылары негізінде сот орындаушылары тыйым салуы мүмкін. Жеке немесе заңды тұлғаның банктік шоттардағы ақшасына және басқа да мүлкiне Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгіленуі мүмкін.
Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мыналарға:
1) мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға және (немесе) электрондық ақшаның электрондық әмияндарындағы электрондық ақшаға;
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 1-1) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1-1) табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға материалдық залалдың өтелуін және мемлекеттік бюджеттен және (немесе) қайырымдылық ұйымдарынан қажетті көмектің берілуін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
2) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін, нысаналы активтерді, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдерін немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
2-1) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдері түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдері немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдері түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаға;
2-2) жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайға ақы төлеу мақсатында төлемдер мен субсидияларды есепке жатқызуға арналған, ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттағы ақшаға;
2-3) берілген банктік қарыздар бойынша кепіл нысанасы болып табылатын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға;
3) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға;
4) "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға;
5) банктік шоттардағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін трансферттерге;
5-1) инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша, осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
5-2) номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша, осы номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
5-3) қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін банктік шоттардағы ақшаға;
6) уәкілетті орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына;
6-1) уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және қызметі мәжбүрлеп тоқтату процесінде тұрған Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының ақшасына;
7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
8) жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндiрiп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға;
9) әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысу шеңберінде қамтамасыз ету шаралары ретінде ақша енгізуіне арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотындағы ақшаға;
10) өзіне қатысты "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рәсімді қолдану туралы іс қозғалған немесе рәсім қолданылған азаматтың банктік шоттарындағы ақшаға;
11) "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімінде ақшаны есепке жатқызу үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотындағы ақшаға;
12) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасынаа сәйкес берілетін материалдық көмекті есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуды қолдануға жол берілмейді.
Осы тармақтың екінші бөлігі 7) тармақшасының ережесі мемлекеттік кіріс органдары, сондай-ақ сот актілерінің негізінде соттар және сот орындаушыларының прокурор санкциялаған қаулылары негізінде сот орындаушылары қоятын, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге жататын талаптар бар шектеулерге қолданылмайды.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 8) тармақшасының ережесі атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган, оның аумақтық органдары лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы қоятын шектеулерге қолданылмайды.
Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы алынған, оңайлатылған іс жүргізу шеңберіндегі аумақтық әділет органының қаулысы негізінде атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін тыйым салу кезінде тыйым салынатын ақша сомасы мен мүлік құны атқарушылық құжатта көрсетілген сомадан аспауға тиіс.
Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы алынған, оңайлатылған іс жүргізу шеңберіндегі аумақтық әділет органының қаулысы прокурордың санкциялауына жатпайды.
Талап қою талаптарын қамтамасыз ету үшін тыйым салынған кезде тыйым салынатын ақша сомасы талап қою сомасы мен мемлекеттік баж мөлшерінен және соттың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдары мен қаулыларын орындауға байланысты шығыстардан аспауға тиіс. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін тыйым салған кезде тыйым салынатын ақша сомасы мен мүлік құны өндіріп алушыға ұйғарылған соманы өтеуге қажетті сомадан, сондай-ақ атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдардан, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомаларынан және орындау жөніндегі шығыстардан аспауға тиіс.
Бұл ретте сот орындаушыларының прокурор санкциялаған қаулылары қағаз жеткізгіште немесе атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жіберілуі мүмкін.
Жеке және заңды тұлғалардың ақшасына тыйым салу үшін соттар, анықтау және алдын ала тергеу органдары, сот орындаушылары, аумақтық әділет органдары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға құжаттарды жібереді.
Заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат және кәсіби медиатор ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның банктік шоттарындағы (корреспонденттiк шоттардан басқа) барлық шығыс операциялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда мемлекеттік кіріс органдарының өкімдері бойынша тоқтатыла тұруы мүмкiн, ал өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша ғана қолданылуы мүмкiн. Лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоты бойынша шығыс операциялар атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, оның аумақтық органдарының өкімі негізінде тоқтатыла тұруы мүмкін.
Жеке және заңды тұлғаның банктік шоттары бойынша операциялар "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен тоқтатыла тұрады.
Бұл ретте мемлекеттік кіріс органдарының, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, оның аумақтық органдарының өкімдері банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе телекоммуникациялар желісі бойынша беру не атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жіберілуі мүмкін.
Қағаз жеткізгіште жіберілетін өкімге мемлекеттік кіріс органдарының бірiншi басшысы қол қоюға және олардың мөрiмен куәландырылуға не атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесінің, оның аумақтық органдарының басшысы қол қоюға және олардың мөрiмен куәландырылуға тиіс.
Мемлекеттік кірістер органдарының не атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, оның аумақтық органдарының электрондық нысанда жіберілетін өкімі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар белгілеген форматтарға сәйкес қалыптастырылады.
1-1. Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасының талаптарына сәйкес прокурордың келісімі болмаған жағдайда, банктер банктегі мүлікке билік етуді уақытша шектеу туралы актілерді орындаудан бас тартады.
Тыйым салынатын сома болмаған және (немесе) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасының және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасының көзделген келісімдер не санкциялар болмаған жағдайда, банктер тыйым салу туралы актілерді орындаудан бас тартады.
2. Зейнетақы активтерін, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтерін және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін трансферттерді қоспағанда, жеке және заңды тұлғаның банктегі ақшасы мен басқа да мүлкін тәркілеу соттың заңды күшіне енген шешімі (үкімі) негізінде ғана жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы