51-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру. Лицензиядан айыру және қолданылуын тоқтату Бағалы қағаздар рыногы туралы Заңы
1. Уәкiлеттi орган:
1) лицензия алу немесе лицензиаттың қызметi туралы есептi қарау үшiн табыс етiлген құжаттарда дәйектемесiз ақпарат анықталған;
2) лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттардағы өзгерiстер туралы ақпарат берiлмеген;
3) осы Заңда белгiленген бiлiктiлiк талаптары сақталмаған;
4) уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шаралары орындалмаған;
5) лицензиаттың қызметі процесінде осы Заңның 54-бабының талаптары сақталмаған;
5-1) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; 5-2) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
6) лицензияның қолданылуын ерiктi түрде тоқтата тұру туралы жазбаша өтiнiш болған;
7) жүзеге асыруға лицензия берiлген қызметтi алты және одан да көп ай iшiнде лицензиат жүзеге асырмаған;
8) бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы мәлiметтердi мемлекеттiк органдарға табыс ету жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарды орындамаған;
9) осы Заңның 53-бабына сәйкес лицензиаттар үшiн тыйым салынған және шектелген қызметтердi жүзеге асырған;
10) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі уәкілетті органның талаптарына сәйкес келмеген;
11) "Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптар бұзылған;
12) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы осы Заңның 72-3-бабында белгіленген мәжбүрлеу шараларын орындамаған;
13) лицензиат аудиторлық есепте көрсетілген бұзушылықтарды осы Заңның 55-1-бабының 6-тармағында көрсетілген мерзімдерде жоймаған;
14) Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің барлық немесе мәні бойынша ұқсас жекелеген қызмет түрлерін жүргізуге арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұрған (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына берілген лицензияға қатысты) жағдайларда, лицензияның қолданысын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
1-1. Қор биржасының мүшесі қор биржасының қағидаларын тиісінше орындамауы немесе орындамауы себебінен қор биржасының мүшелігі тоқтатыла тұрған немесе оны жоғалтқан жағдайда, уәкілетті орган қор биржасы мүшесінің бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясының қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы немесе лицензиядан айыру туралы шешім қабылдауға құқылы.
2. Уәкiлеттi органнан лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейiн бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыру заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
3. (алып тасталды)
4. Уәкiлеттi орган:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылмаған;
2) бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы, акционерлік қоғамдар туралы, инвестициялық қорлар туралы заңнамасының нормаларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай iшiнде үш және одан көп рет) бұза отырып жүзеге асырылған;
3) уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шаралары жүйелi түрде (соңғы күнтізбелік он екі ай iшiнде үш рет және одан көп) орындалмаған;
3-1) осы Заңның 51-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген негіздер бойынша лицензияның қолданылуын тоқтата тұру түрінде санкция қолданылған, "Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптар қатарынан соңғы он екі ай ішінде қайтадан бұзылған;
3-2) лицензиаттар ақшаны жылыстатумен , терроризмді қаржыландырумен немесе жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты мәмілелерге қатысқан жағдайларда;
3-3) лицензиат өзіне берілген лицензияға сәйкес бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде жүзеге асырмаған;
3-4) лицензиат аудиторлық есепте көрсетілген бұзушылықтарды осы Заңның 55-1-бабының 6-тармағында көрсетілген мерзімдерде жоймаған;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де негiздер бойынша лицензиядан айыруға құқылы.
4-1. Санкцияларды қолданудың орындылығын айқындау және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданылуын тоқтата тұру не одан айыру түрінде санкцияларды таңдау кезінде мыналар ескеріледі:
1) тәуекел деңгейі, бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің және олардың салдарларының сипаты;
2) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің және олардың салдарларының ауқымы мен маңыздылығы;
3) бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің жүйелігі мен ұзақтығы;
4) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің қаржылық жағдайға әсері;
5) анықталған бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің туындауына негіз болған себептер;
6) бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қызметте анықталған кемшіліктерді, тәуекелдерді немесе бұзушылықтарды жоюға бағытталған дербес шаралар қолдануы.
5. Лицензияның қолданысы Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгiленген негiздер бойынша тоқтатылады.
6. Лицензиат уәкiлеттi органның лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы хабарламасын алғаннан кейiн оның клиенттер алдындағы мiндеттемелерiн орындау тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
Брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын және клирингтік қатысушы болып табылатын, уәкілетті органның лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы хабарламасын алған лицензиаттың міндеттемелерін клирингтік ұйым (орталық контрагент), оның ішінде клирингтік қызмет жүзеге асырылатын мәмілелер бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара қамтамасыз ету, маржалық жарналар, клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік қорларына жарналар болып табылатын қаржы құралдарын клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және осы клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен толық пайдалануы есебінен орындайды.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі N 461 Заңы.
Осы Заң эмиссиялық бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының шығарылуы, орналастырылуы, айналысы және өтелуi процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды, бағалы қағаздар нарығы субъектiлерiнiң құрылуы мен олардың қызметiнің ерекшелiктерiн реттейдi, бағалы қағаздар нарығының қауiпсiз, ашық және тиiмдi жұмыс iстеуiн, инвесторлардың және бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтарының қорғалуын, бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың адал бәсекелестігін қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздар нарығын реттеу, бақылау және қадағалау тәртiбiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы