55-1-бап. Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың және инвестициялық портфельді басқарушылар ірі қатысушыларының аудиті Бағалы қағаздар рыногы туралы Заңы
1. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының, заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушы ірі қатысушысының аудитін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргізуге құқылы және осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес келетін аудиторлық ұйым жүргізеді.
Қаржы жылының қорытындылары бойынша аудит жүргізу акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы, заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы үшін міндетті болып табылады.
Аудиторлық есептің көшірмесі уәкілетті органға көрсетілген құжат алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұсынылуға тиіс.
2. Аудиторлық ұйым:
бағалы қағаздар нарығының тексерілетін кәсіби қатысушысына, оның акционерлеріне және басшы қызметкерлеріне тәуелсіз екенін;
лицензияға сәйкес аудиторлық қызметті жүзеге асыруға уәкілетті және аудиторлық қызмет саласында мемлекеттік реттеу мен аудиторлық және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеген, қаржы ұйымдарына міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең төмен талаптарға сәйкес келген не резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының лицензиясына сәйкес аудиторлық қызметті жүзеге асыруға уәкілетті болған жағдайда, аудиторлық есеп жарамды деп танылады.
3. Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының жылдық қаржылық есептілігін, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болған жағдайда шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілігін аудиторлық ұйым растауға тиіс.
4. Инвестициялық портфельді басқарушының және Қазақстан Республикасының резиденті-заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының (ол бар болса) аудитін сол бір аудиторлық ұйым жүзеге асырады.
Өзі орналасқан елде шоғырландырылған қадағалауға жататын, инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының жиырма бес пайызын тікелей немесе жанама иеленетін (дауыс беру мүмкіндігі бар), Қазақстан Республикасының бейрезиденті-заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілігін осы Қазақстан Республикасының бейрезидент-ірі қатысушысы орналасқан елде қаржы ұйымдарына аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйым растауға тиіс.
Қазақстан Республикасының бейрезидені-заңды тұлғасы болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органға аудиторлық ұйымның аудиторлық есебінің және ұсынымдарының көшірмелерін қазақ немесе орыс тілінде ұсынады.
5. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының, инвестициялық портфельді басқарушы ірі қатысушысының аудиторлық есебі коммерциялық құпияны құрамайды.
6. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы аудиторлық есепте көрсетілген, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қаржылық жағдайына әсер ететін кемшіліктерді уәкілетті орган айқындаған мерзім ішінде жоймаған жағдайда, уәкілетті орган кемшіліктер жойылғанға дейін:
бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысына – қаржылық жағдайды жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөнінде осы Заңның 3-5-бабында көзделген шараларды;
инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына осы Заңның 72-3-бабының 2-тармағында көзделген қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы аудиторлық есепте көрсетілген, инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жағдайына әсер ететін кемшіліктерді аталған тұлғалар осы есепті алған күннен бастап бір жыл ішінде жоймаған жағдайда, уәкілетті орган кемшіліктер жойылғанға дейін инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына осы Заңның 72-3-бабының 3-тармағында көзделген қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
7. Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының активтерін және (немесе) міндеттемелерін тану бөлігінде аудиторлық есепте жазылған, қаржылық есептілік және (немесе) қаржылық есептілікке байланысты өзге де ақпарат туралы пікірлер мен тұжырымдардың уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелерінен ауытқуы анықталған жағдайда, уәкілетті орган аудиторлық ұйымнан осындай ауытқу себептерін түсіндіруді талап етуге құқылы.
8. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қызметінде тәуекелдер мен кемшіліктерді анықтаған жағдайда, одан тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін бағалауға, оның ішінде стратегия мен бизнес-моделге қатысты, корпоративтік басқару жүйесін бағалауға, ақпараттық технологиялар тәуекелдерін басқару жүйесін бағалауға, ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) , терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін бағалауға қатысты өзге ақпаратқа аудит (бұдан әрі – өзге ақпарат аудиті) жүргізуді тексеруге жататын мәселелер тізбесін, аудиттелетін кезеңді және аудиторлық ұйымның уәкілетті органға өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық қорытынды ұсыну мерзімін көрсете отырып, талап етуге құқылы.
Уәкілетті органның талап етуі бойынша өзге ақпарат аудитін жүргізу бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар үшін міндетті.
Осы баптың 10-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы өзге ақпарат аудитін жылына бір реттен артық жүргізбейді, бір мәселе бойынша өзге ақпарат аудиті үш жылда бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
Өзге ақпарат аудиті шеңберінде тексеруге жататын мәселелердің тізбесі, өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық қорытындының мазмұнына, оны аудиторлық ұйымның ұсыну мерзімдеріне қойылатын талаптар, өзге ақпарат аудитіне тартылатын аудиторлық ұйымның құрамындағы аудиторларға қойылатын талаптар аудиторлық қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу мен аудиторлық және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Аудиттің болжамды бағыттары, көлемі, жүргізілу сипаты, аудит жүргізу кезінде пайдаланылатын әдістер мен стандарттардың ерекшеліктері сипатталған өзге ақпарат аудиті бойынша тексеру жоспары аудиторлық ұйымның уәкілетті органмен алдын ала келісуіне жатады.
Аудиторлық ұйым өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық қорытындыны уәкілетті органға ұсынады және ол жариялауға жатпайды.
Өзге ақпарат аудитінің нәтижелерін уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын қолданған кезде ескеруі мүмкін.
9. Аудитті немесе өзге ақпарат аудитін жүзеге асыру үшін бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы уәкілетті органмен келісу бойынша аудиторлық қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу мен аудиторлық және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлеген, қаржы ұйымдарына міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең төмен талаптарға сәйкес келетін аудиторлық ұйымды тартады.
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы аудит немесе өзге ақпарат аудитін жүргізуге шарт жасасқаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органды аудиторлық ұйымды таңдағаны туралы хабардар етеді. Өзге ақпарат аудиті жағдайында бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы уәкілетті органның алдында өзге ақпаратқа аудиторлық ұйым болып табылмайтын ұйымның аудиттен басқа өзге тәсілмен тексеру жүргізуі туралы өтінішхат беруге құқылы.
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының өтінішхатын уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Өзге ақпарат аудитін жүргізу тәртібіне осы бапта белгіленген талаптар өзге ақпаратқа аудиттен басқа өзге тәсілмен тексеру жүргізу тәртібіне қолданылады.
Уәкілетті орган өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепті және (немесе) аудиторлық қорытындыны аудиторлық ұйым шығарғанға дейін аудиторлық ұйымға осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалардың келісімінсіз, құпиялылық жөніндегі талаптарды ескере отырып, осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаларды тексеру нәтижелері бойынша ақпаратты және түсініктемелерді, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоса алғанда, олардың қызметіне байланысты, оның ішінде уәкілетті органның уәжді пайымдауына негізделген өзге де ақпаратты беруге құқылы.
Аудиторлық ұйым осы тармақтың бесінші бөлігіне сәйкес уәкілетті орган жіберген ақпаратқа міндетті бағалау мен талдау жүргізеді. Аудиторлық ұйым жүргізілген бағалау мен талдау нәтижелерін өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепте немесе аудиторлық қорытындыда қамтылған пікірлер мен тұжырымдарды білдірген кезде пайдаланады.
10. Сот өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепті және (немесе) аудиторлық қорытындыны жарамсыз деп таныған жағдайда, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы аудитті және (немесе) өзге ақпарат аудитін қайта жүргізуге міндетті.
11. Уәкілетті орган аудиторлық ұйымнан бағалы қағаздар нарығында коммерциялық құпияны құрайтын, оның ішінде клиенттер тізбесі жөніндегі мәліметтерді қоса алғанда, ақпаратты талап етуге құқылы. Клиенттер жөніндегі мәліметтер аудиторлық ұйым клиенттерінің келісуімен беріледі.
12. Осы баптың 8, 9, 10 және 11-тармақтарының талаптары трансфер-агентке және бірыңғай операторға қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі N 461 Заңы.
Осы Заң эмиссиялық бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының шығарылуы, орналастырылуы, айналысы және өтелуi процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды, бағалы қағаздар нарығы субъектiлерiнiң құрылуы мен олардың қызметiнің ерекшелiктерiн реттейдi, бағалы қағаздар нарығының қауiпсiз, ашық және тиiмдi жұмыс iстеуiн, инвесторлардың және бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтарының қорғалуын, бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың адал бәсекелестігін қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздар нарығын реттеу, бақылау және қадағалау тәртiбiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы