58-бап. Жеке тұлғаның банктік қарызының ерекшеліктері Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Жеке тұлға банктік қарыз алудан жеке тұлғаның ерікті түрде бас тартуын кредиттік бюрода немесе "электрондық үкімет" веб-порталында немесе "электрондық үкімет" шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған банктің ақпараттандыру объектілерін пайдалана отырып тегін белгілеуге немесе оны алып тастауға құқылы.
Банк қарыз беру туралы шешім қабылданғанға дейін алған жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның банктік қарыз алудан ерікті түрде бас тартуын белгілегені туралы ақпарат болған кезде банктің жеке тұлғаға қарыз беруіне тыйым салынады.
2. Банктің тіркелуге жататын мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген, мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 52-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін сомадан асатын тұтынушылық банктік қарызды жеке тұлғаға жұбайының (зайыбының) келісімінсіз беруіне тыйым салынады.
Тіркеуге жататын мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарызды алуға жұбайының (зайыбының) келісімін алу тәртібі және жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын қарыздың ең төмен мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 52-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
3. Банктің бұрын алынған банктік қарыздар және (немесе) микрокредиттер туралы ақпарат кредиттік есебінде жоқ жеке тұлғамен мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шартын осы жеке тұлғаның банкте берген жазбаша келісімі негізінде банкте жеке өзінің қатысуымен осындай жеке тұлғаның биометриялық аутентификациясын жүргізбей жасауына тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жеке тұлғаның жеке өзінің қатысуы міндетті болып табылатын тұтынушылық банктік қарыз шарты бойынша банктік қарыздың ең төмен мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 52-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талап тұтынушылық банктік қарыз сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына қарыз алушы (сатып алушы) алғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына беру жағдайларына қолданылмайды.
4. Уәкілетті органның осы Заңның 52-бабының 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда және тәртіппен банк жеке тұлғамен мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шартын осындай шарт жасасуға жеке тұлғаның келісімін алғаннан кейін ғана жасасады.
Кепіл мүлкімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шарты Интернет арқылы жасалған жағдайда аталған шартты жасасуға келісім кредиттік бюрода немесе "электрондық үкімет" веб-порталында немесе "электрондық үкімет" шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған банктің акпараттандыру объектілері арқылы ресімделеді.
5. Банк Интернет арқылы жасалған, мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 52-бабының 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған ең төмен мөлшерден асатын банктік қарыз шарты негізінде мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз бойынша қарыз алушыға ақша беруді мынадай талаптарды сақтай отырып:
1) банктік қарыз шартына қол қойылған (банктік қарыз беруге не банктік қарыз сомасын ұлғайтуға берілген өтініш мақұлданған) кезден бастап жиырма төрт сағаттан кейін;
2) уәкілетті органның осы Заңның 52-бабының 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес ресімделген және банк осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мерзімнен кейін алған тұтынушылық банктік қарыз алуға қарыз алушының келісімі (растауы) болған кезде жүзеге асырады.
Қарыз алушыға сол бір банкте мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген, сомасы қосу нәтижесінде уәкілетті органның осы Заңның 52-бабының 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған ең төмен мөлшерден асатын бірнеше тұтынушылық қарыз Интернет арқылы күнтізбелік бір күн ішінде берілген жағдайда банк көрсетілген ең төмен мөлшерден асатын қарыздарға қатысты осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында белгіленген талапты сақтайды, сондай-ақ көрсетілген қарыздарды тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау рәсімдеріне сәйкес алаяқтық белгілерінің болмауы тұрғысынан тексереді.
6. Осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде, 4-тармағында және 5-тармағының бірінші бөлігінде көзделген талаптар:
1) банктің тұтынушылық банктік қарыз сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына қарыз алушы (сатып алушы) алғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына беруі;
2) жеке тұлғаның осы банктегі басқа қарызы бойынша берешегін өтеу мақсатында банктің оған қарыз беруі;
3) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 150 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде төлем картасы бойынша белгіленген кредиттік лимит шеңберінде беру;
4) банктің жеке тұлғаға қарыз алушының салықтар, айыппұлдар, атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегін төлеу мақсатында көрсетілген мақсаттарға ғана төлем жүргізу кезінде қарыз беруі жағдайларына қолданылмайды.
7. Банк осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген талаптарды сақтамай, жеке тұлғаға қарыз берген жағдайда банк:
1) көрсетілген жеке тұлғадан осындай қарыз бойынша міндеттемелерді орындауын талап етуге құқылы емес;
2) көрсетілген қарызды беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мынадай шаралар қабылдайды:
қарыз алушының осындай қарыз бойынша берешегін толық есептен шығару (кешіру) туралы шешім қабылдайды;
осындай қарыз бойынша берешекті өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын тоқтатады;
осындай қарыз бойынша ақпарат туралы жазбаларды жою арқылы қарыз алушының кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына түзетулер енгізеді;
осындай қарыз бойынша сыйақының және (немесе) тұрақсыздық айыбының бұрын ұсталған (төленген) сомаларын қарыз алушыға қайтаруды жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген шаралар банк қылмыстық қудалау органдарының осы баптың 12-тармағында көрсетілген процестік құжаттарын алған жағдайда осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде, 3-тармағының бірінші бөлігінде, 4, 5 және 9-тармақтарында көзделген талаптардың кез келгені сақталмай банктік қарыз беру жағдайларына қолданылады.
8. Банк мөлшері уәкілетті органның осы Заңның 52-бабының 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленген сомадан асатын тұтынушылық банктік қарыз беруге құқылы емес.
9. Банктің жеке тұлғаның биометриялық аутентификациясын жүргізбей, Интернет арқылы жеке тұлғамен банктік қарыз шартын жасасуына тыйым салынады, оның жүргізілу тәртібін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша айқындайды.
Егер банктік қарыз сомасы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден асатын болса, қарыз алушының биометриялық аутентификациясы СДАО арқылы жүргізіледі.
10. Банк қарыз алушы жеке тұлғаның сұрау салуы бойынша 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, қарыз алушыға оның биометриялық аутентификациясын жүргізу күні мен тәсілін қоса алғанда, оны жүргізу процесі, ол туралы ақпараттың банк пен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің антифрод-орталығының дерекқорында бар-жоғы тұрғысынан салыстырып тексерудің жүргізілгені, сондай-ақ өтінішті қарау және тұтынушылық банктік қарыз шартын жасасу кезінде пайдаланылған борыштық жүктеме коэффициентінің мәні туралы мәліметтерді береді.
11. Банк құпиясын құрайтын ақпаратқа құқыққа сыйымсыз қол жеткізілгені, оның құқыққа сыйымсыз өзгертілгені, үшінші тұлғалар тарапынан құқыққа сыйымсыз әрекеттердің не жеке тұлғаның банктік қарызымен өзге де заңсыз (алаяқтық) әрекеттердің жүзеге асырылғаны анықталған кезден бастап банк:
бір жұмыс күні ішінде ол туралы клиентке және уәкілетті органға хабарлайды;
екі жұмыс күні ішінде құқыққа сыйымсыз әрекеттерді жою үшін шаралар қабылдайды;
он жұмыс күні ішінде мұндай әрекеттердің салдарларын жою үшін шаралар қабылдайды.
12. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес қылмыстық қудалау органдары енгізген (шығарған) қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі шараларды қабылдау туралы ұсынымның не қарыз алушы жеке тұлғаны банктік қарыздың алаяқтық тәсілмен ресімделуіне байланысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жәбірленуші деп тану туралы қаулының негізінде банк көрсетілген ұсынымды не қаулыны алған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей, банк аталған банктік қарызға қатысты:
берешекті өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын;
сыйақыны және (немесе) тұрақсыздық айыбын есепке жазуды тоқтата тұрады.
13. Банк қарыз алушы жеке тұлғаның сәйкестендіру құралдарын үшінші тұлғаның заңсыз алуы және пайдалануы салдарынан, оның ішінде банктің қызметтерін қашықтан көрсетудің бағдарламалық қамтылымын алыстан басқаруды пайдалану және (немесе) банктің биометриялық аутентификацияны жүргізу тәртібін не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ішкі, сыртқы және (немесе) өзге де алаяқтық тәсілдері фактілерін анықтау, тіркеп-белгілеу және талдау жөніндегі талаптарды бұзуы арқылы банктік қарызды ресімдеу кезінде қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған осындай жеке тұлғаға алаяқтық тәсілмен банктік қарызды ресімдеу фактісі анықталған, заңды күшіне енген сот актісін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей оның тиісті банктік қарыз бойынша берешегін есептен шығару туралы шешімді, сондай-ақ осындай банктік қарыз бойынша бұрын ұсталған (төленген) сомаларды қарыз алушы жеке тұлғаға қайтару жөніндегі шараларды қабылдайды.
14. Банк "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен соттан тыс банкроттық рәсімінің немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің аталған жеке тұлғаға қатысты аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл ішінде жеке тұлғаға банктік қарыздар беруге, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалу кезеңінде жеке тұлғаға банктік қарыздар беруге, сондай-ақ мұндай жеке тұлғадан банктік қарыз шарты бойынша кепіл, кепілдік және (немесе) кепілгерлік түріндегі қамтамасыз етуді қабылдауға құқылы емес.
15. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шартында банк уәкілетті органның осы Заңның 52-бабының 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес банктік қарыз шартын жасасқан күнгі банк ұсынғандардың ішінен қарыз алушының таңдауы бойынша қарызды өтеу әдісін көрсетеді.
16. Банктің банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша күнтізбелік отыз күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз беруіне тыйым салынады.
Мұндай тыйым жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын және (немесе) микрокредитін сыйақы мөлшерлемесін және (немесе) мерзімді төлемдер мөлшерін азайту жағына қарай өзгертуді және (немесе) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлдарды) азайту жағына қарай өзгертуді немесе оның күшін толық жоюды көздейтін жақсарту шарттарында өтеу мақсатында банктік қарыз беру жағдайларына қолданылмайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 17-тармақ алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 135-бабы 1-тармағының 1) тармақшасымен.
17. Банк жеке тұлғаның мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шартын жасасуға өтініші бойынша ол келіп түскен кезден бастап бір сағат ішінде шешім қабылдайды.
Банктің жеке тұлғаның мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шартын жасасуға өтініші бойынша оң шешім қабылдауына, сондай-ақ кредиттік есепте осы жеке тұлғаның өзге банкке немесе микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымға мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген банктік қарыз немесе микрокредит алуға берген, қабылданған шешім туралы мәртебесі жоқ өтініші туралы ақпарат болған кезде мұндай шартты жасасуына тыйым салынады.
Банк кредиттік бюроға жеке тұлғаның мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шартын жасасуға өтініш бергені және ол бойынша қабылданған шешім туралы ақпарат бермеген жағдайда, банктің осындай шартты жасауына тыйым салынады.
Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде белгіленген талаптар қарыз алушы жеке тұлғаның сол бір банктен алған банктік қарызы бойынша берешекті өтеу үшін мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарызды беру жағдайларына қолданылмайды.
18. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша негізгі борыш сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері:
мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға;
мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.
19. Жеке тұлғамен жасалған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты бойынша банктің негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу міндеттемесін орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік тоқсан күні өткен соң есепке жазылған сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды), сондай-ақ қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды төлеуді және өзге де төлемдер жасауды талап етуіне тыйым салынады.
Осы тармақтың талабы осы Заңның 60-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайға қолданылмайды.
20. Егер қарыз алушы жеке тұлға жүргізген төлем сомасы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткіліксіз болса, көрсетілген сома қарыз алушы жеке тұлғаның банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұлдар);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
5) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
6) қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;
7) кредитордың орындауды алу бойынша шығасылары.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 21-тармақ 01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 135-бабы 1-тармағының 2) тармақшасымен.
21. Банк жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шартын жасасқанға дейін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қаржы өнімінің жарамдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, қарыз талаптарын ұсынуға міндетті.
22. Банктің жеке тұлғамен жасалатын банктік қарыз шартында кез келген валюталық немесе өзге де баламаға байланыстыра отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында берілетін банктік қарыз бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеуді көздейтін шарттарды белгілеуіне тыйым салынады.
23. Банк жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шартының талаптары өзгерген және (немесе) жеке тұлғаның қарызын өтеу мақсатында жаңа қарыз берілген кезде негізгі борыш сомасына капиталдандырылған (жинақтап қосылған) мерзімі өткен сыйақыға, тұрақсыздық айыбына (айыппұлдарға, өсімпұлдарға), қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге сыйақыны есепке жазуға жол бермеуге тиіс.
24. Жеке тұлғаға банктік қарыз беру қарыз алушының (кепіл берушінің) өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндетімен негізделмеуі керек.
25. Осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы