6-бап. Цифрлық қаржы активтерін шығару және айналымға (айналысқа) жіберу Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы Заңы
1. Цифрлық қаржы активтерін шығаруды цифрлық қаржы активтерінің эмитенті цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында көрсетілген эмитенттің осы цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешімі негізінде жүзеге асырады.
Цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу тәртібі мен шарттарын, цифрлық қаржы активтерінің эмитенттеріне және цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешімге қойылатын талаптарды, цифрлық қаржы активтерінің инвесторларына қойылатын талаптарды, оның ішінде цифрлық қаржы активтерімен жасалатын мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтерінің тізбесін:
осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді;
осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
2. Цифрлық қаржы активтерінің шығарылуын тіркеуді цифрлық қаржы активтері платформасының операторы жүзеге асырады және онда эмитент ұсынған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін қарау қамтылады.
3. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы:
1) цифрлық қаржы активтерінің эмитенті цифрлық қаржы активтерін шығару кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтаған жағдайда цифрлық қаржы активтерінің эмитентіне өзінің қаржы активтерінің цифрлық платформасына қолжетімділік беруді;
2) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында жазбаны орналастыру арқылы цифрлық қаржы активтерін шығаруды жүзеге асырады.
Цифрлық қаржы активін шығару шарттарында базалық активтің болуы көзделген жағдайларда цифрлық қаржы активін шығару цифрлық қаржы активтері платформасының операторы осындай базалық активтің бар екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
4. Цифрлық қаржы активінің базалық активін есепке алуды және сақтауды цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым жүзеге асырады.
Осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым ретінде әрекет етуге құқылы ұйымдарға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
Осы Заңның 5-бабының 2) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің базалық активі бола алатын мүліктің тізбесі (түрлері), осындай цифрлық қаржы активтері бойынша базалық активті есепке алу және сақтау тәртібі, осы Заңның 5-бабының 2) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым ретінде әрекет етуге құқылы ұйымдарға қойылатын талаптар қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Есептіліктің нысандарын, оны ұсыну кезеңділігі мен мерзімдерін қоса алғанда, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне оны ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бірлесіп айқындайды.
5. Бір түрдегі цифрлық қаржы активтерін басқа түрдегі цифрлық қаржы активтеріне айырбастауды қоса алғанда, цифрлық қаржы активтерінің айналымы цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформасында жүзеге асырылады.
Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде тиісті есептік тіркеуі болған кезде цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде әрекет ете алады.
Цифрлық активтердің сауда платформасының операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік-құқықтық актісінде көзделген тәртіппен цифрлық активтермен сауда-саттықты ұйымдастырады.
6. Орталық депозитарий "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізуді жүзеге асырады.
Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының орталық депозитарийге мәліметтер ұсыну тәртібі, сондай-ақ цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының орталық депозитариймен өзара іс-қимыл жасауының өзге де мәселелері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісінде айқындалады.
7. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі есептік тіркеудің негізінде жүзеге асырады.
Цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеу олардың қызметін реттеу, бақылау және қадағалау мақсатында жүзеге асырылады және цифрлық активтер платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының тиісті қызметтерді көрсетуі кезінде міндетті шарт болып табылады.
Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өтпей жүзеге асырылатын қызметтер көрсету жөніндегі жұмысына жол берілмейді.
8. Есептік тіркеуден өту үшін цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген біліктілік талаптарына сай келуге тиіс.
9. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының есептік тіркеуден өту тәртібін, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы мен цифрлық активтердің сауда платформасы операторының біліктілік талаптарын, кәсіптік қызмет түрлерін біріктіру шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекітеді.
10. Осы баптың 9-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде:
1) өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік тіркеуден өту үшін ұсынатын құжаттардың тізбесі;
2) өтініш берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қойылатын талаптар;
3) өтініш берушінің жарғылық капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар;
4) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық қаржы активтерінің базалық активінің болуын және жай-күйін (сақталуын) куәландыру және мониторингтеу тәртібі;
5) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асырудың ішкі қағидаларына қойылатын талаптар;
6) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформаларына қолданылатын ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптар;
7) цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын қайта ұйымдастыру тәртібі қамтылады.
11. Мыналарды:
1) осы баптың 12-тармағында аталған;
2) мінсіз іскерлік беделі жоқ адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент және бейрезидент жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының құрылтайшылары және қатысушылары (акционерлері) бола алады.
12. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган жасайтын, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті түрде орындамайтын мемлекеттер (аумақтар) тізбесіне енгізілген шет мемлекетте (аумақта) тіркелген, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін офшор аймақтарда тіркелген, заңды тұлға мәртебесі жоқ заңды тұлғалар және (немесе) шетелдік ұйымдар:
цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының дауыс беретін акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін;
базалық активі цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының дауыс беретін акциялары болып табылатын, Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған туынды бағалы қағаздарын тікелей немесе жанама иелене және (немесе) пайдалана және (немесе) оларға билік ете алмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тыйым салу Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіндегі, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіндегі адамдарға да қолданылады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының дауыс беретін акцияларын, туынды бағалы қағаздарын және (немесе) жарғылық капиталына қатысу үлестерін жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету деп заңды тұлға мәртебесі жоқ басқа заңды тұлғалардағы және (немесе) шетелдік ұйымдардағы дауыс беретін акцияларын, қатысу үлестерін, пайларды не үлестік қатысудың басқа да нысандарын иелену арқылы цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасы операторы қатысушысының (акционерінің) шешімдерін айқындау мүмкіндігі түсініледі.
13. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган жасайтын, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті түрде орындамайтын мемлекеттер (аумақтар) тізбесіне енгізілген шет мемлекетте (аумақта) тіркелген, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін офшор аймақтарда тіркелген жеке тұлғалар цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының басшы қызметкерлері бола алмайды.
Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының басшы қызметкерінің лауазымына:
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімді, қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы шешімді қабылдағанға не қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында айқындалған тәртіппен оны төлемге қабілетсіз (банкрот) деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері болған адамды сайлауға немесе тағайындауға тыйым салынады.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген тыйым салу қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы тиісті шешім қабылдағаннан немесе тиісті сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін он жыл бойы қолданылады;
2) мінсіз іскерлік беделі жоқ адамды сайлауға немесе тағайындауға тыйым салынады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін:
1) басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері;
2) атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері;
3) бас бухгалтер цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының басшы қызметкерлері деп танылады.
14. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының жарғылық капиталы тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшамен қалыптастырылады.
Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының жарғылық капиталы цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші есептік тіркеуден өту үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүгінгенге дейін қалыптастырылады.
15. Есептік тіркеуден өту үшін цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мынадай құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:
1) атқарушы органның басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді де (дипломның (дипломдардың) және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмелерін қоса бере отырып) қамтитын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген нысан бойынша өтініш;
2) ең аз мөлшерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген жарғылық капиталға ақы төленгенін растайтын құжат;
3) өтініш беруші үлгілік жарғы бойынша қызметті жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, жарғы;
4) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық активтердің сауда платформасының операторымен, банкпен және (немесе) Ұлттық пошта операторымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайтын құжат;
5) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асырудың өтініш берушінің басқару органы бекіткен ішкі қағидалары;
6) өтінішті және оған қоса берілетін құжаттар мен мәліметтерді беруге адамның өкілеттігін растайтын құжат.
16. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде есептік тіркеуден өту үшін берілген өтінішті есептік тіркеуден өту үшін қажетті құжаттардың толық жинақталымы ұсынылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мынадай жағдайлардың кез келгенінде:
ұсынылған құжаттарда және (немесе) мәліметтерде қамтылған өтініш беруші және (немесе) оның құрылтайшылары, қатысушылары (акционерлері) туралы анық емес деректер (мәліметтер) анықталғанда;
ұсынылған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің мазмұны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмегенде;
ұсынылған құжаттар мен мәліметтердегі деректердің анықтығын тексеруді жүзеге асыру қажет болғанда цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде есептік тіркеуден өту үшін берілген өтінішті қарау мерзімін тоқтата тұруға құқылы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұсынылған құжаттарға және (немесе) мәліметтерге берген ескертулерін өтініш берушінің жою мерзімі он жұмыс күнінен аспайды.
Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде есептік тіркеуден өту үшін өтінішті қарау мерзімі өтініш беруші Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұсынылған құжаттарға және (немесе) мәліметтерге берген ескертулерін жойғаннан кейін және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсетілген құжаттардағы және (немесе) мәліметтердегі деректердің анықтығын тексеруді аяқтағаннан кейін немесе өтініш беруші осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген мерзім ішінде нақтыланған (түзетілген) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбаған жағдайда қайта басталады.
17. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі есептік тіркеуден өткен өтініш берушіге цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының тіркеу нөмірін береді, цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінде, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінде жазбаны жүзеге асырады және өтініш берушіге тіркеу нөмірін көрсете отырып, осы баптың 16-тармағында белгіленген мерзімде жазбаша нысанда есептік тіркеуден өткені туралы хабарлама жібереді.
Есептік тіркеуден өткен цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімі және цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады.
Есептік тіркеуден бас тартылған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өтініш берушіге бас тарту себебін көрсете отырып, осы баптың 16-тармағында белгіленген мерзімде жазбаша нысанда есептік тіркеуден бас тарту туралы хабарлама жібереді.
18. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторын, цифрлық активтердің сауда платформасы операторын есептік тіркеуден бас тарту мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізіледі:
1) есептік тіркеуден өту үшін ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің және (немесе) ақпараттың анық болмауы және (немесе) толық болмауы;
2) құжаттардың толық жинақталымының ұсынылмауы немесе құжаттардың осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес келмеуі;
3) цифрлық қаржы активтері платформасы операторы, цифрлық активтердің сауда платформасы операторы құрылтайшысының, қатысушысының (акционерінің) осы баптың 11 және 12-тармақтарында белгіленген талаптарға сай келмеуі;
4) басшы қызметкерлердің осы баптың 13-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
5) осы баптың 14-тармағында белгіленген талаптардың сақталмауы;
6) бенефициарлық меншік иесінде алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болуы.
19. Есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші есептік тіркеуден бас тартуға алып келген себептер жойылған кезде есептік тіркеуге өтінішті қайта ұсынуға немесе өз атауын өзгерту не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға құқылы.
Цифрлық қаржы активтері платформасы операторын, цифрлық активтердің сауда платформасы операторын есептік тіркеуден бас тартуға алып келген себептердің жойылмауы көрсетілген өтінішті қайта қараудан бас тартуға негіз болып табылады.
Қайта ұсынылған өтінішті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі он жұмыс күні ішінде қарайды.
20. Есептіліктің нысандарын, оны ұсыну кезеңділігі мен мерзімдерін қоса алғанда, цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне оны ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
21. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттардың және Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді.
Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады.
Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
22. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы резиденттерінің "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық қаржы активтерін шығаруды жүзеге асыруына жол беріледі.
23. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде "Астана" халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында цифрлық қаржы активтерін шығаруды жүзеге асыруына жол беріледі.
24. Осы баптың 7-тармағын қоспағанда, осы баптың талаптары қор биржасы мен орталық депозитарий цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде қызметін жүзеге асырған кезде "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмеген бөлігінде қор биржасына және орталық депозитарийге қолданылады.
Қор биржасы және орталық депозитарий цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретіндегі қызмет үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде осындай қызметті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өтпей жүзеге асыруға құқылы.
25. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің бірлескен актісінде айқындалған тәртіппен және шарттарда "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық қаржы активтерін шығаруға құқылы.
"Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісінде айқындалған тәртіппен және шарттарда цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында цифрлық қаржы активтерін шығаруға құқылы.
26. Цифрлық қаржы активтерін аударуды жүзеге асыру кезінде цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы цифрлық қаржы активтерін жөнелтуші мен алушы туралы ақпаратты, оның ішінде аталған тұлғаларды және (немесе) бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен жинауды және сақтауды жүзеге асырады.
27. Осы баптың 26-тармағында көрсетілген ақпарат болмаған не толық берілмеген жағдайда, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы клиент талап етілетін ақпаратты бергенге дейін кемінде қырық сегіз сағат мерзімге операция жүргізуді тоқтата тұруға тиіс.
Клиент жөнелтушіні және (немесе) алушыны сәйкестендіру үшін қажетті ақпаратты бермеген жағдайда, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы белгіленген мерзім өткеннен кейін операцияны жүргізуден бас тартады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы