Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Заңдар / 60-5-бап. Мемлекеттік органдарға қатысты электрондық   құжат пен электрондық цифрлық қолтаңбаға   қойылатын талаптардың сақталуына мемлекеттік   бақылау жүргізу тәртібі Киберқауіпсіздік туралы Заңы

60-5-бап. Мемлекеттік органдарға қатысты электрондық   құжат пен электрондық цифрлық қолтаңбаға   қойылатын талаптардың сақталуына мемлекеттік   бақылау жүргізу тәртібі Киберқауіпсіздік туралы Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

60-5-бап. Мемлекеттік органдарға қатысты электрондық   құжат пен электрондық цифрлық қолтаңбаға   қойылатын талаптардың сақталуына мемлекеттік   бақылау жүргізу тәртібі Киберқауіпсіздік туралы Заңы 

      1. Мемлекеттік органдарға (бұдан әрі – бақылау субъектілері) қатысты электрондық құжат пен электрондық цифрлық қолтаңбаға қойылатын талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган тексерулер нысанында жүргізеді. 

      Тексерулер мерзімдік және жоспардан тыс болып бөлінеді. 

      Бақылау субъектілеріне қатысты мерзімдік тексерулер мынадай ақпарат көздеріне: 

      1) алдыңғы тексерулердің нәтижелеріне; 

      2) есептілік пен мәліметтер мониторингінің нәтижелеріне; 

      3) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын талдау нәтижелеріне; 

      4) "цифрлық үкімет" операторының мәліметтеріне сәйкес жүзеге асырылады. 

      2. Мерзімдік тексерулер уәкілетті органның бірінші басшысы бекіткен мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарына сәйкес жылына бір реттен жиі болмайтын кезеңділікпен жүргізіледі. 

      Уәкілетті орган мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарын тексерулер жылының алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді. 

      Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспары уәкілетті органның интернет-ресурсында тексерулер жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей орналастырылады. 

      Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарында мыналар қамтылады: 

      1) жоспардың бекітілген күні мен нөмірі; 

      2) мемлекеттік органның атауы; 

      3) бақылау субъектісінің атауы; 

      4) бақылау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері; 

      5) тексеру жүргізу мерзімдері; 

      6) тексерудің нысанасы; 

      7) жоспарға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы. 

      Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бақылау субъектісі таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген немесе өкілеттіктері бақылау субъектілері арасында қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады. 

      3. Уәкілетті орган мынадай: 

      1) бақылау субъектісіне қатысты жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен, Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасы талаптарының бұзылуы туралы расталған жолданымдар болған; 

      2) құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жеке және заңды тұлғалар жүгінген; 

      3) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша не зиян келтіру қатері туралы прокурор талап еткен; 

      4) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша, сондай-ақ жойылмауы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылуының нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдар жүгінген; 

      5) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы болған; 

      6) тексеру нәтижелері туралы актінің орындалуына бақылау жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады. 

      4. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезінде: 

      1) осы баптың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексерудің нысанасына сәйкес бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге; 

      2) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін тексерудің нысанасына сәйкес қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) рұқсат алуға; 

      3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға; 

      4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға құқығы бар. 

      5. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізілген кезде: 

      1) уәкілетті органның тексеру жүргізуге келген лауазымды адамдарын: 

      осы бапта белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін, тексеруді тағайындау туралы актіде (мерзімді ұзарту туралы қосымша акт болған кезде онда) көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен; 

      осы баптың 8-тармағында көзделген құжаттар болмаған жағдайларда тексеруге жібермеуге; 

      2) тексеру нәтижелері туралы актіге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы. 

      6. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізілген кезде: 

      1) уәкілетті органның лауазымды адамдарының бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге; 

      2) уәкілетті органның лауазымды адамдарына тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін тексерудің нысанасына сәйкес қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) рұқсат беруге; 

      3) тексеруді тағайындау туралы актінің және тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына тексеру аяқталған күні белгі жасауға міндетті. 

      7. Тексеру тексеруді тағайындау туралы акт негізінде жүргізіледі. 

      Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі: 

      1) актінің күні мен нөмірі; 

      2) мемлекеттік органның атауы; 

      3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы; 

      4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер; 

      5) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері. 

      Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі тексерілген жағдайда тексеруді тағайындау туралы актіде оның атауы мен тұрған жері көрсетіледі; 

      6) тексерудің нысанасы; 

      7) тексеру түрі; 

      8) тексеру жүргізу мерзімі; 

      9) тексеру жүргізу негіздері; 

      10) тексерілетін кезең; 

      11) бақылау субъектісінің құқықтары мен міндеттері; 

      12) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы; 

      13) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы. 

      Тексеру жүргізу кезінде уәкілетті орган тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, ол басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын бақылау субъектісін тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабардар етуге міндетті. 

      Бақылау субъектісіне тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі. 

      8. Уәкілетті органның объектіге тексеруге келген лауазымды адамдары бақылау субъектісіне: 

      1) тексеруді тағайындау туралы актіні; 

      2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын; 

      3) қажет болған кезде құзыретті органның режимдік объектілерге баруға рұқсатын көрсетуге міндетті. 

      9. Тексеру жүргізу мерзімі тексерудің нысанасы, сондай-ақ алдағы жұмыстардың көлемі ескеріле отырып белгіленеді және он жұмыс күнінен аспауға тиіс. 

      Тексеру жүргізу мерзімі он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін. Ұзарту уәкілетті орган басшысының шешімімен жүзеге асырылады. 

      Тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту бақылау субъектісі хабардар етіле отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы акт бұйрығының күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі. 

      Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны уәкілетті орган табыс етілгені туралы хабарламамен бақылау субъектісіне ұзартылғанға дейін бір жұмыс күні бұрын табыс етеді. 

      10. Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдары тексеру нәтижелері туралы акт жасайды. 

      Тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы цифрлық нысанда өз құзыретi шегiнде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттiк органға, екінші данасы бақылау субъектісінде түпнұсқасы бар құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшалардың көшірмелерімен бірге танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар мен басқа да әрекеттер қабылдау үшін қағаз жеткізгіште қол қойғызып немесе цифрлық нысанда бақылау субъектісіне (басшысына не оның уәкілетті адамына) табыс етіледі, үшінші данасы уәкілетті органда қалады. 

      11. Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі: 

      1) актінің жасалған күні, уақыты және орны; 

      2) мемлекеттік органның атауы; 

      3) тексеруді тағайындау туралы актінің (мерзімді ұзарту туралы қосымша акт болған кезде оның) күні мен нөмірі; 

      4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы; 

      5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер; 

      6) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері; 

      7) тексерудің нысанасы; 

      8) тексеру түрі; 

      9) тексеру жүргізу мерзімі мен кезеңі; 

      10) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар және олардың сипаты туралы мәліметтер; 

      11) орындалу мерзімі көрсетілген, Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы талаптар; 

      12) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тарту туралы жазба; 

      13) тексеру жүргізген лауазымды адамдардың қолтаңбасы. 

      Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттар (олар болған кезде) және олардың көшірмелері қоса беріледі. 

      12. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда бақылау субъектісі оларды жазбаша түрде жазады. Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі жасалады. 

      Уәкілетті орган бақылау субъектісінің тексеру нәтижелері туралы актіге ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және он бес жұмыс күні ішінде уәжді жауап беруге тиіс. 

      Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдар және бақылау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті өкілі қол қояды. 

      Бақылау субъектісі бас тарту себебі туралы жазбаша түсіндірме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы. 

      13. Тексеру нәтижелері туралы акт бақылау субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіде немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірілмей табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі. 

      14. Тексеру нәтижелері туралы актінің орындалу мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып, бірақ тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болып айқындалады. 

      15. Тексеру нәтижелері туралы актінің орындалу мерзімдерін айқындау кезінде: 

      1) бақылау субъектісінде бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық мүмкіндіктердің болуы; 

      2) мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндетті қорытындыларды, келісулерді және басқа да құжаттарды алу мерзімдері ескеріледі. 

      16. Тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген мерзім ішінде уәкілетті органға растайтын құжаттармен бірге анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті. 

      Анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат берілмеген жағдайда уәкілетті орган осы баптың 3-тармағының 6) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындауға құқылы. 

      17. Тексеруді жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда бақылау субъектісі уәкілетті органның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған лауазымды адамға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауға құқылы. 

 

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V ҚРЗ. 

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында, ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту және пайдалану кезінде, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау кезінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. 

Қазақстан Республикасының  

Президенті   

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

      Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы