Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / 68-бап. Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңы

68-бап. Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

    68-бап. Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңы 

    1. Құрылыс процесiнiң тиiстi кезеңдерiнде осы бапта белгiленген рәсiмдер орындалуға және талаптар сақталуға тиiс.

      2. Объект құрылысын жүзеге асыруға ниетi бар тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ayдандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарынан жерге тиісті құқық беру туралы шешімді алуға міндетті. Тапсырыс берушінің жерге тиісті құқығы және бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес функционалдық аймағы болған жағдайда, объект құрылысы үшін аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарынан қосымша шешім алу талап етілмейді.

      Объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті жер пайдалану құқығы не жеке меншік құқығы берілген жерде ғана жол беріледі.

      Ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған байланыс құрылысжайларын салуға, оның ішінде ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған орынға жер учаскесінің нысаналы мақсатына қарамастан, жер учаскесінің меншік иесімен жер учаскесін және (немесе) оның бір бөлігін жалдау шарты болған кезде жол беріледі.

      Жер пайдалану құқығы не жеке меншік құқығы берілмей, жануарлардың өріс аудару жолдары ескеріле отырып, республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туризм объектілеріне, сондай-ақ елді мекендерден тыс жердегі туризм объектілеріне және туристерді орналастыру орындарына дейін инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалауға, салуға және оларға қызмет көрсетуге табиғат қорғау ұйымымен жасалған, туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарттың негізінде жол беріледі.

      Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік шарттың негізінде жасалады.

      Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шартта жүргізілетін жұмыстардың атауы, олардың орындалу мерзімдері мен талаптары, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар, бүлінген жерлерді рекультивациялау жөніндегі іс-шаралар және оларды жүргізу мерзімдері көрсетіледі.

      3. Алып тасталды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының жерге тиiстi құқық беру туралы шешiмiнiң қабылданған күнінен бастап құрылыс басталғанға дейiнгi қолданылу мерзiмi жобалаудың және белгiленген тәртiппен жобаны бекiтудiң нормативтiк ұзақтығы ескерiле отырып Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес белгiленедi және рұқсат құжатында көрсетiледi.

      5. Жерге тиiстi құқық беру туралы оң шешiм мүмкiн болмаған жағдайларда, аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өтiнiш берiлген кезден бастап он күн iшiнде өтiнiш берушiге (тапсырыс берушіге) оның сол құрылысты жүзеге асыру ниетiне қайшы келетiн Қазақстан Республикасы заңнамаларының нормаларын (ережелердi, талаптарды, шектеулердi, сервитуттарды) көрсете отырып, уәжді бас тартумен жауап қайтаруға мiндеттi.

      6. Аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының жерге тиiстi құқық беру туралы шешiмi және сәулет-жоспарлау тапсырмасы тапсырыс берушінің белгiленген объектiнi жобалауға тапсырма жасауы үшiн негiздер болып табылады.

      Жобалауға арналған тапсырманы тапсырыс беруші не оның уәкiлеттi адамы (құрылыс салушы) жасайды және оны тапсырыс беруші бекiтедi.

      Жобалауға арналған тапсырма жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзiрлеу жөнiндегi тапсырысты орындауға арналған шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады.

      Жобалауға арналған тапсырма объектiнiң талап етiлетiн параметрлерiн, өзге де бастапқы деректердi қамтуға тиiс.

      7. Көзделiп отырған құрылыс ауданында инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнiнде қызмет көрсетушiлер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының сұратуы бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен объектiнiң құрылысы және кейiннен пайдалануға берiлгенде оның орнықты жұмыс iстеуi үшiн талап етiлетiн, сұратылып отырған (есептемелiк) параметрлерiнде инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосуға техникалық шарттарды ұсынады.

      Берілген техникалық шарттар тұтынушының жазбаша өтініш (өтінім, арыз) беруі арқылы олардың қолданыстағы мерзімі ішінде жаңа техникалық шарттарға өзгертілуі мүмкін.

      Инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсетушілер берген техникалық шарттарға сәйкес әзірленген және кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткен сыртқы инженерлік желілер мен құрылысжайлардың жобалары инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсетушілермен және жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерімен қосымша келісуге жатпайды.

      8. Құрылыс объектiсiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнiнде қызмет көрсетушiлердiң техникалық шарттар берілген кезде инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылым объектiлерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) тапсырыс берушінің қатысуы (үлестiк қатысуы) туралы негiзсiз талаптар белгiлеуiне жол берiлмейдi.

      Белгiлi бiр елдi мекен немесе құрылыс ауданының инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылымын қамтамасыз етудiң сол кездегi деңгейi тапсырыс беруші сұратқан параметрлерде қызметтер көрсетуге мүмкiндiк бермеген жағдайда, қосылатын абоненттердiң қосымша жүктемелерiн жабуға арналған инфрақұрылым объектiлерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) байланысты шығындар туралы мәселелер жеткiзiп берушiлер (өндiрушiлер) мен тапсырыс беруші (тұтынушы) арасында шарт және қайтарымдылық негiздерiнде шешiлуге тиiс.

      9. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары жерге тиісті құқық беру туралы шешiм не тапсырыс берушінің қолында бар жерге құқығы негiзiнде тапсырыс берушіге инженерлiк қамтамасыз ету мен коммуналдық қызметтер көрсету көздерiне қосуға техникалық шарттар және объект құрылысының сәулеттік тұжырымдамасы бар сәулет-жоспарлау тапсырмасын бередi.

      10. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру үшiн қажеттi бастапқы материалдардың құрамы мен көлемi мемлекеттiк нормативтiк құжаттармен белгiленедi.

      Жаңа объект салу немесе қазіргі бар объектiнi реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, жаңғырту, қалпына келтiру) үшiн жер учаскесiн бөлiп беру (телiм беру) талап етiлмейтiн жағдайларда, сондай-ақ бұл мақсаттар үшiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосу қажет болмаса, сәулет-жоспарлау тапсырмасында тиiстi жазба жасалады.

      11. Жобалауға арналған тапсырмаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына және өзге де бастапқы материалдарға сәйкес әзiрленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы мемлекеттiк нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкес келiсуден, ведомстводан тыс кешендi сараптамадан және бекiтуден өтедi.

      Су объектісінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің аумағында объект салу үшін әзірленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілуге жатады.

      Құжаттамаға сараптама осы Заңның 9-1-тарауында белгiленген талаптарға сәйкес жүргiзiледi.

      12. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу басталғанға дейiн тапсырыс берушi мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарға "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабар беруге мiндеттi.

      Егер құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің аумақтарында жоспарланса, жұмыстарды жүргізу шарттары Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілуге жатады.

      Бұл ретте энергия беруші ұйымдардың кәсіпкерлік субъектілерінің белгіленген қуаты 200 кВт-қа дейінгі электр қондырғыларын өздерінің желілеріне технологиялық қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастағаны туралы хабардар етуі талап етілмейді.

      13. Құрылыс процесi осы Заңның 6-тарауының нормаларына сәйкес сәулет-құрылыс бақылауында және қадағалауында болады.

      14. Құрылысы аяқталған объект осы Заңның 11-тарауының нормаларына сәйкес пайдалануға қабылдануға тиiс.

      Салынған объектiнi пайдалануға қабылдаудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген актiсi ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке олардың құрамдастарының сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізу, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркеу үшін негіз болып табылады.

      15. Жаңа объектiлер салуға және қазiргi бар объектiлердi өзгертуге қажеттi құжаттарды ресiмдеу мен берудiң тәртiбi, мерзiмдерi құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында белгiленедi.

      16. Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуеайлақ жабдығының және әуе кемелері ұшуының адамдардың денсаулығы мен жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықтимал теріс әсерлері ескеріле отырып, ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтау үшін әуеайлақ маңындағы аумақта құрылыс салу "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

 

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңы. 

Осы Заң Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың арасында туындайтын қатынастарды реттейді және адамның мекендейтін және тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған.   

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК 

Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы