7-бап. Борышкердiң мәмiлелерiн жарамсыз деп тану және мүлiктi қайтару Оңалту және банкроттық туралы Заңы
1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мәмілелер, егер оларды борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және осы Заңда көзделген негiздер болған кезде оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасасқан болса, жарамсыз деп танылады.
Егер борышкерге банкроттық рәсімі оңалту рәсімін тоқтату нәтижесінде қолданылған болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделгендерден басқа, мыналар:
1) жасалған мәміле бағасының және (немесе) өзге де жағдайлардың, салыстырмалы мән-жайларда ұқсас мәмілелер жасалатын кездегі бағадан және (немесе) өзге де жағдайлардан борышкер үшін айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болуы;
2) мәміленің борышкердің Қазақстан Республикасының заңдарымен, құрылтай құжаттарымен шектелген қызметіне сәйкес келмеуі не жарғыда айқындалған құзырет бұзылып жасалуы;
3) мүліктің өтеусіз (оның ішінде уақытша пайдалануға) не салыстырмалы экономикалық жағдайлар кезінде ұқсас немесе біртекті тауар бағасынан борышкер үшін айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болатын бағамен не беру үшін негіздер болмай, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып берілуі;
4) егер оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін алты ай ішінде жасалған мәміле белгілі бір кредиторлардың талаптарын басқаларының алдында артықшылықпен қанағаттандыруға алып келсе;
5) борышкердің мүлкін сыйға тарту шарттары, егер мұндай мәміле оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін бір жыл бұрын жасалған мәмілелерден айтарлықтай өзгеше болса;
6) осындай мәміле бойынша тиісті құқықтық салдарлар туғызу ниетінсіз, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып жасалған мәміле мәмілелердің жарамсыздығына негіз болып табылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде жасалған мәмілелер анықталған кезде әкімші, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша, анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.
4. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде, егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделмесе, жауапкер мәміле бойынша алынғандардың барлығын қайтаруға, заттай қайтару мүмкін болмаған кезде – қайтарылуға жататын мүлік құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті.
Бұл ретте жауапкер борышкерге талап қою құқығына ие болады, ол осы Заңның 100-бабының 5-тармағына сәйкес қанағаттандырылуға жатады.
5. Осы бапта көзделген жағдайларда мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүлік оның жоғалуына, бүлінуіне не оны кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты өтеусіз берілген кезде, талап етілетін мүліктің бастапқы сатып алушылары жоғалған, бүлінген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде осыған байланысты туындаған залалдың орнын толтыру бойынша борышкер алдында жауаптылықта болады.
6. Бастапқы сатып алушының мүлік құнының орнын толтыруы мүмкін болмаған кезде, борышкердің мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған тұлға сот тәртібімен субсидиарлық жауаптылыққа тартылуға тиіс.
7. Осы баптың талаптары:
1) жобалық қаржыландыру, секьюритилендiру;
2) қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған;
3) шарттары борышкер оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде өзінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы процесінде жасасқан ұқсас мәмілелердің шарттарынан айтарлықтай ерекшеленбейтін кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінде борышкер жасасқан мәмілелерге қолданылмайды.
8. Осы баптың 2-тармағы 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының ережелері мынадай:
1) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғаннан кейін немесе оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге дейінгі бір ай ішінде жасалған;
2) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) борышкерден қаржы саласындағы қызметпен және (немесе) қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензия кері қайтарып алынған күнге дейінгі бір ай ішінде жасалған;
3) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) борышкердің үлестес тұлғасымен немесе оның мүддесі үшін оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге дейінгі алты ай ішінде жасалған;
4) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігі белгілері туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге немесе борышкерден қаржы саласындағы қызметпен және (немесе) қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензия кері қайтарып алынған күнге дейінгі алты ай ішінде жасалған;
5) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша мынадай жағдайлардың бірінде:
оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғаннан кейін немесе оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге дейінгі бір ай ішінде;
борышкерден қаржы саласындағы қызметпен және (немесе) қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензияны кері қайтарып алған күнге дейінгі бір ай ішінде;
борышкердің үлестес тұлғасымен оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге дейінгі алты ай ішінде;
борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігі белгілері туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге немесе борышкерден қаржы саласындағы қызметпен және (немесе) қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензия кері қайтарып алынған күнге дейінгі алты ай ішінде тараптардың ауысуы (әмбебап құқық мирасқорлығы нәтижесінде тараптардың ауысуын қоспағанда) жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәмілеге (мәмілелерге) қатысты қолданылмайды.
9. Бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміленің жарамсыздығы, егер бас қаржылық келісімге және қалған мәмілелерге қатысты оларды жарамсыз деп тануға негіздер болмаса, бас қаржылық келісімнің өзінің және бас қаржылық келісім шеңберіндегі қалған мәмілелердің жарамсыздығына алып келмейді.
Нетто-міндеттеме (нетто-талап) айқындалғаннан кейін бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда, нетто-міндеттеме (нетто-талап) нетто-міндеттемеден (нетто-талаптан) жарамсыз деп танылған мәміленің немесе мәмілелердің нәтижелерін алып тастау арқылы нетто-міндеттемені (нетто-талапты) айқындаған мәміле тарабының қайта есептеуіне жатады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ.
Осы Заң кредиторлардың талаптарын борышкер толық көлемде қанағаттандыруға қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, берешекті қайта құрылымдау рәсімін, оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану, борышкерді банкроттық рәсімін қозғамай тарату үшін негіздерді белгілейді, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы