7-бап. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметін бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы Заңы
1. Цифрлық қаржы активтері нарығын бақылау және қадағалау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметіне қатысты тексеруді және бақылаудың (қадағалаудың) өзге де нысандарын жүзеге асырады.
2. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметіне қатысты тексерулер және бақылаудың (қадағалаудың) өзге де нысандары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасында белгіленген қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына қатысты осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарына сәйкес шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолданады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық қаржы активтері платформасының операторларына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторларына қатысты Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы, бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін шектеулі ықпал ету шараларының мынадай түрлерін қолданады:
1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама жіберу;
2) жазбаша ескерту шығару;
3) жазбаша келісім жасау.
Цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі, сондай-ақ қолданылатын шектеулі ықпал ету шарасының түрін таңдау үшін негіздер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
5. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен мынадай негіздердің кез келгені бойынша шығарылады:
1) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қайта ұйымдастыру немесе тарату арқылы өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдауы;
2) соттың цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы;
3) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының басшы қызметкерлеріне және (немесе) қатысушыларына (акционерлеріне) қойылатын талаптардың сақталмауы;
4) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзуы;
5) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қолданған шектеулі ықпал ету шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамауы;
6) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының есептік тіркеу күнінен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қызметін есептік тіркеуге сәйкес жүзеге асырмауы немесе қатарынан күнтізбелік алты айдан астам кезеңге қызметін тоқтатуы;
7) цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеу;
8) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының жүзеге асырылатын қызмет бойынша деректерді (мәліметтерді) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) ұсынбауы;
9) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) жүзеге асырылатын қызметі бойынша анық емес деректерді (мәліметтерді) ұсынуы;
10) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан операторға қатысты бақылау мен қадағалау жүргізілуіне кедергі жасалуы;
11) есептік тіркеуден өту үшін ұсынылған құжаттарда және (немесе) мәліметтерде анық емес деректердің (мәліметтердің) анықталуы.
6. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен шығарылған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарылған күннен бастап бұл туралы цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді және өзінің интернет-ресурсында тиісті ақпаратты орналастырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен шығару туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген шешіміне шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
7. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің оны цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен алып тастау туралы жазбаша хабарламасын алғаннан кейін қызметтер көрсетуге тыйым салынады.
8. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен шығару туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде:
1) өз атауынан "цифрлық қаржы активтері платформасының операторы" немесе "цифрлық активтердің сауда платформасының операторы" деген сөздерді алып тастау мақсатында атауының өзгеруіне байланысты заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеуді жүргізуге не төлем ұйымын тарату туралы шешім қабылдауға;
2) өздерінің цифрлық платформаларында есепке алынатын және сақталатын барлық деректердің (мәліметтердің), оның ішінде цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері, цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар және өздеріне тиесілі цифрлық қаржы активтері туралы деректердің (мәліметтердің) басқа цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған тәртіппен берілуін қамтамасыз етуге міндетті.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы