7-бап. Дербес деректерді жинау, өңдеу шарттары және дербес деректерді жинаудың, өңдеудің ерекшеліктері Дербес деректер және оларды қорғау туралы Заңы
1. Осы баптың 5-тармағында және осы Заңның 9-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді жинауды, өңдеуді меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
2. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) субъектінің дербес деректерін жинау, өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Дербес деректерді жалпыға бірдей қолжетімді көздерде таратуға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған кезде жол беріледі.
3-1. Субъектінің өзі немесе оның заңды өкілі меншік иесіне және (немесе) операторға, сондай-ақ үшінші тұлғаға осы баптың 3-тармағында көзделген келісімді бермей, дербес деректерді жалпыға бірдей қолжетімді көздерде таратқан жағдайда, мұндай дербес деректерді кейіннен жинау, тарату немесе өзге де өңдеу заңдылығын растау міндеті оларды жинаған, таратқан немесе өзге де өңдеген әрбір тұлғаға жүктеледі.
4. Осы баптың 3-тармағының талаптары орналастыру міндеті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жалпыға бірдей қолжетімді көздерде дербес деректер таратылған жағдайларда меншік иелеріне және (немесе) операторларға, сондай-ақ үшінші тұлғаларға қолданылмайды.
Бұл ретте меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ үшінші тұлғалар ақпаратты жалпыға бірдей қолжетімді көздерде орналастыру кезінде оларды бүркемелеу арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратылуға жатпайтын дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, субъектіге немесе оның заңды өкіліне осы тармақтың бірінші бөлігінің негізінде таратылған дербес деректерге қолжетімділік авторландыру және сәйкестендіру рәсімдерінен өткеннен кейін беріледі.
5. Ақпарат көзіне сілтеме болған жағдайда, осы баптың 3, 3-1 және 4-тармақтарының негізінде жарияланған дербес деректерді үшінші тұлғалардың кейіннен жинауына, өңдеуіне және таратуына жол беріледі.
6. Осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді трансшекаралық беру түрінде дербес деректерді өңдеу, дербес деректерді жалпыға бірдей қолжетімді көздерде тарату, сондай-ақ оларды үшінші тұлғаларға беру субъектінің келісімі болған жағдайда жүзеге асырылады.
7. Дербес деректерді қамтитын цифрлық ресурстарда дербес деректерді жинау, өңдеу ерекшеліктері осы Заңның ережелері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына сәйкес белгіленеді.
8. Дербес деректерді жинау және өңдеу нақты, алдын ала айқындалған және заңды мақсаттарға қол жеткізумен шектелуге тиіс.
Дербес деректерді субъектіге мүліктік залал және (немесе) моральдық зиян келтіру, оның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын шектеу мақсатында жинауға және өңдеуге жол берілмейді.
9. Мазмұны мен көлемі дербес деректерді өңдеу мақсаттарына қатысты артық болып табылатын дербес деректер өңделуге жатпайды.
10. Мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың цифрландыру объектілерімен интеграциялану болмаған, технологиялық құралдарды пайдалана отырып, субъектіні сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жеке басты куәландыратын құжаттардың қағаз жеткізгіштегі көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады.
Жеке басты куәландыратын құжаттардың қағаз жеткізгіштегі көшірмелерін жинаудың, өңдеудің осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген айрықша жағдайлары цифрлық құжаттар сервисі арқылы қалыптастырылатын жеке басты куәландыратын құжаттарды пайдалануға және ұсынуға қолданылмайды.
11. Дербес деректерді жалпыға бірдей қолжетімді көздерден мақсатсыз алу арқылы базаларды және (немесе) цифрлық объектілерді"ы құру немесе кеңейту үшін дербес деректерді жинауға, өңдеуге тыйым салынады.
12. Субъектінің келісімі алынған жағдайды қоспағанда, субъектінің биометриялық деректерін жинау және оны сәйкестендіру жөніндегі технологиялық құралдарды, сондай-ақ жиналған биометриялық деректер мен сәйкестендіру ақпаратын қоғамдық орындарда пайдалану тек қана конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы № 94-V Заңы.
Бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 24 маусымдағы № 326-VIII ҚРЗ
Осы Заң дербес деректер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ дербес деректердi жинаумен, өңдеумен және қорғаумен байланысты қызметтiң мақсатын, қағидаттарын және құқықтық негiздерiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы