741-бап. Клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi
Азаматтар мен заңды тұлғалардың банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдардағы ақшасын олардың келiсiмiнсiз алып қою заңды күшiне енген сот актiсi негiзiнде ғана, сондай-ақ "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі), Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы", "Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жүргiзiлуi мүмкiн.
Мыналарға:
1) мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға және (немесе) электрондық ақшаның электрондық әмияндарындағы электрондық ақшаға;
1-1) табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға материалдық залалдың өтемақысын және мемлекеттік бюджеттен және (немесе) қайырымдылық ұйымдарынан қажетті көмекті есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
2) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін, нысаналы активтерді, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдерін немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
2-1) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдері түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдері немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдері түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға;
2-2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаға;
2-3) жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайға ақы төлеу мақсатында төлемдер мен субсидияларды есепке жатқызуға арналған, ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттағы ақшаға;
2-4) берілген банктік қарыздар бойынша кепіл нысанасы болып табылатын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға;
3) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға;
4) "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға;
5) банктік шоттардағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін трансферттерге;
5-1) инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша, осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
5-2) номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша, осы номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
5-3) қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін банктік шоттардағы ақшаға;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
7) жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға;
7-1) "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімінде ақшаны есепке жатқызу үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотындағы ақшаға;
7-2) өзіне қатысты "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рәсімді қолдану туралы іс қозғалған немесе рәсім қолданылған азаматтың банктік шоттарындағы ақшаға;
8) әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысу шеңберінде қамтамасыз ету шаралары ретінде ақша енгізуіне арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотындағы ақшаға;
9) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілетін материалдық көмекті есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
Осы баптың екінші бөлігі 6) тармақшасының ережесі осы Кодекстің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге жататын талаптар бойынша ақшаны алып қоюға қолданылмайды.
1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы